×
505.15
550.31
5.89
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.15
550.31
5.89

Сапарбаев – Нәлібаевтар кланы өз географиясын қалай кеңейтіп жатыр

Бүгін, 14:06
Сапарбаев – Нәлібаевтар кланы өз географиясын қалай кеңейтіп жатыр
Ulysmedia.kz коллажы

Көктемнің алғашқы айы Түркістан үшін маңызды оқиғамен есте қалды, өйткені облыс орталығы ерекше мәртебеге ие болды. 3 наурыздан бастап, Қазақстанның ең көне қалаларының бірі заң бойынша елдің рухани астанасы – оның тарихи-мәдени және сәулеттік мұрасының орталығы атанды.

Қала дәрежесінің көтерілуі оның әкіміне де әжептеуір салмақ береді. да әсер етпей қоймады. Белгілі болғандай, былтыр 1 қазаннан бастап бұл лауазымды Әзімбек Пазылбекұлы атқарып келеді. Ол – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ықпалды әкімшілік кланның, яғни Сапарбаев – Нәлібаевтар кланының өкілі.

Елде непотизммен күрес бағытында саясат жүргізіліп жатқан тұста, Сапарбаев – Нәлібаевтар отбасы қалайша мемлекеттік қызметте өз позициясын нығайтып қана қоймай, енді ықпал ету аясын кеңейте бастады? Осы мәселені Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.

ШУЛЫ ТАҒАЙЫНДАУ

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қазан айында 33 жастағы Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалғанда, бұл шешім қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тіпті, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында журналистер Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға: «Сапарбаев – Нәлібаевтар династиясынан шыққан бұл азамат қандай еңбегі үшін қала әкімі қызметіне тағайындалды?» деп төтесінен сұрақ қойды:

Аймақ басшысының реакциясы бір қарағанда тосын сұраққа тосырқай қалғандай әсер берді. Д.Сатыбалды «таңданысын» білдіріп, өзінің қол астындағы шенеуніктің туыстық байланысы туралы алғаш рет естіп отырғандай кейіп танытты:

– Біз оны Түркістан қаласының әкімі қызметіне Сапарбаев пен Нәлібаевтың туысы болғаны үшін емес, қабілетіне қарай шақырдық. Оның тегі де бөлек қой.

Расында да, Сапарбаев – Нәлібаевтар кланының жас буыны арасында фамилия бойынша айырмашылықтар байқалады. Бүгінгі таңда әкесінің атын тегіне айналдыру сәнге айналғандықтан, Қазақстандағы танымал әкімшілік әулеттердің өкілдері осындай қадамға барып отыр. Бұл оларға екі мәселені шешуге көмектеседі: журналистер мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінің назарынан тыс қалу.

Алайда, Пазылбекұлы қоғам назарынан құтылмасын білді ме, аталған кланға қатысы барын мойындағандай болған, бірақ осының өзі оның пайдасына шешілген секілді. Түркістан облысының әкімі Сатыбалды да дәл осы әдісті қолданды:

– Біз оның Сапарбаев – Нәлібаевтар әулетінен шыққанын білген кезде, керісінше қуандық, – деді Түркістан облысының басшысы.

– Өйткені ол өз есіміне кір келтірмей, қызметін жауапкершілікпен атқарып, қаланың дамуына үлес қосады деп сенеміз. Ол беделімізге дақ түсірмейді деп ойлаймын.

Бүгінде ерекше мәртебеге ие қалаға жетекшілік етіп отырған Сапарбаев – Нәлібаевтар әулетінің жас өкілі өзінің текті есімін лайықты түрде арқалап келе жатқанын мақтанышпен айта алады.

НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесінде мықты менеджерлер династиясының қалай пайда болғаны туралы көп ойланудың қажеті жоқ. Оның негізін қалаған – Бердібек Сапарбаев, ол өзіне атасының есімін фамилия ретінде алған. Мәшбек Нәлібаевтың отбасында дүниеге келген Бердібек жеті бауырының арасында бауырын алғаш көтерген әрі жоғары қызметтерге қол жеткізген азамат.

Ол ең жоғары мемлекеттік қызметтерді иеленіп, түрлі салада еңбек етті. Еңбек жолының айтулы кезеңі ел басқарумен тікелей байланысты. Бердібек Машбекұлы түрлі жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі болды.

Бірақ сын айтушылар оның мансап жолында жоғарылаған сайын өз туыстарын да ұмытпай, оларды мемлекеттік қызметте жетістікке жетуге көмектескенін сөз ететін.

Ал өзі бұл әңгімелерді жоққа шығарып, тіпті мұндайға теріс көзқараста екенін айтып жүретін. Бірде ауылды басқарған бұрынғы әкімнің қызы сол ауылға басшы болғанда, оны көпшіліктің көзінше қызметінен босатып, «әкімдік әкеден қалған мирас емес» деген де еді.

АҒАЙЫНДЫЛАР ЖОЛЫ

Дегенмен, дәл сол уақытта оның туған бауыры – Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарып отырғаны Бердібек Сапарбаев үшін мәселе болған жоқ.

Айтпақшы, Қызылорда облысы көптеген себеппен Сапарбаев – Нәлібаевтар әулетінің «меншікті аймағы» саналды. Біріншіден, бұл – олардың туған жері. Екіншіден, облыс орталығындағы бір көше мен олардың туған ауылы Бердібек Сапарбаевтың күш салуымен әкесі Машбектің есімімен аталады. Үшіншіден, олар бұл өңірде қызықты дәстүр қалыптастырды, яғни облыс әкімі креслосын бір-біріне «кезекпен» табыстау.

Бұл әулеттен шыққан алғашқы әкім Бердібек Машбекұлы болды. Ол Қызылорда облысының әкімі қызметін 1995 жылы атқарған. Мансап жолында жоғарылаған сайын, облыс әкімі лауазымына оның інісі Нұрлыбек Нәлібаев та біртіндеп жақындай түсті.

Сапарбаев Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған кезде, оның кіші інісі Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болды. Осылайша ол да біртіндеп жоғарылады. 2007–2008 жылдары Нәлібаев Қызылорда облысы әкімінің аппаратын басқарды.

Ал Сапарбаев министр креслосына ие болғанда (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне кіріскенде), Нәлібаев Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының әкімі қызметіне келді.

2014 жылы Бердібек Сапарбаев ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Оған дейін, 2013 жылы, Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының әкімі болды.

2020 жылдың тамыз айында Н.Нәлібаев пен Қазақстандағы тұңғыш әйел-әкім Гүлшара Әбдіқалықова арасында елеулі келіспеушіліктер пайда болды. Сол кезде БАҚ-та Қызылорда облысы тұрғындарының атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған анонимді хат жарияланды. Хаттың тақырыбы «Қазақстандағы алғашқы әйел-әкімге кім кедергі келтіруде?» деп аталған еді.

Мәтіннің мәні мынада болды: облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арасында шиеленіс туындаған. Себеп – «Қызылорданың ханы» әйел әкімге бағынғысы келмеген. «Ол неге сонша батыл?» – деп сұрақ қойды хат авторлары. Және өздері жауап бере кеткен: «Өйткені ол саяси салмағы ауыр Бердібек Сапарбаевтың туған інісі».

2022 жылдың 7 сәуірінде Нәлібаев өз мақсатына ақыры жетті – сол күні ол Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды.

ӘКЕГЕ ТАРТЫП ТУҒАНДАР

Қызылордалықтар жасырмай, ашық айтатын: Сапарбаев – Нәлібаевтар бұл өңірде тым көп. Жаңақорған ауданында, яғни олардың әулетінің шыққан жерінде, халық барлық басшылық лауазымды Бердібек пен Нұрлыбек Машбекұлының туыстары иеленген деп сенімді түрде айтатын.

Бұл әулеттің өкілдері тек мемлекеттік қызметте ғана емес, бизнес саласында да үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, Бердібек Сапарбаевтың ұлы – Жансұлтан Бердібекұлы небәрі 34 жасында жеке компанияларда да, квазимемлекеттік секторда да елеулі қызметтер атқарған.

Ол түрлі лауазымдарда – «Қазақмыс» корпорациясында қызмет етті, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде жетекшілік тәжірибе жинақтады, сондай-ақ «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-ның басқарушы директоры болды. Алайда қанға сіңген әдетпен ол да мемлекеттік қызметке ауысуды жөн көрді.

Алдымен министрдің кеңесшісі болып, кейін Ұлттық экономика министрлігінің басқармаларының бірін басқарды. Одан кейін Нұр-Сұлтан (Астана) қаласы әкімдігіне ауысып, Есіл ауданы әкімінің орынбасары, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Қазіргі уақытта оның нақты немен айналысып жүргені белгісіз, бірақ қаржылық қиындық көрмейтіні анық – оның жұбайы Chalethome атты люкс деңгейіндегі бутиктің негізін қалаған. Жансұлтан Бердібекұлы өзіне өзі қожа, Инстаграмда коуч мамандығы бойынша  спорт пен йогамен айналысуға қатысты кеңес береді.

Сонымен қатар өзінің туған қарындасы Ақботамен бірге Farabi Hall серіктестігінің құрылтайшыларының қатарында. Бұл компания жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады.

БӘРІМІЗ БІРІМІЗ ҮШІН

Бердібек Сапарбаевтың тағы бір бауыры – Қызылорда облысындағы ең табысты кәсіпкерлердің бірі. Әлібек Машбекұлы – «Жаңақорғангаз» ЖШС-нің құрылтайшысы, бұл компания жанармай және басқа да бөлшек саудамен айналысады. Сондай-ақ ол «Нәлібаев Әлібек Машбекұлы» жеке кәсіпкерлігін басқарады, бұл кәсіп дәнді және бұршақ дақылдарын өсірумен айналысады және «Игілік» шаруа қожалығын иелік етеді.

Әлібектің ұлы Бақытжан Нәлібаев «Жаңақорған – Өрлеу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі әрі құрылтайшысы. Бұл кооперативтің құрылтайшылары арасында оның туған қарындасы Асылзат та бар. Бақытжан сонымен қатар «Жаңақорған-Құрылыс-2010» ЖШС-ін басқарады, бұл компания инженерлік құрылыс нысандарын салумен айналысады.

Әлібек Нәлібаевтың тағы бір қызы Жамал Жаңақорған аудандық білім бөліміне қарасты «Арнайы балабақшаны» басқарады. Қызығы, бұл балабақша мемлекеттік сатып алу порталында жанармайды және отынды бір ғана көзден – «Жаңақорған Ойл» ЖШС-нен сатып алады.

Бұл компания да Нәлібаевтар отбасымен белгілі бір деңгейде байланысы бар. «Жаңақорған Ойл»-дың қазіргі басшысы Мырзалиева Гүлбазар Нұралиевна, ал бұрын бұл компанияны Нұрали Мырзалиев басқарған. Айғаным Мырзалиева, яғни «Жаңақорған – Өрлеу» кооперативінің құрылтайшыларының бірі, Гүлбазардың туған әпкесі болуы мүмкін. Ал кооперативтің басқа екі құрылтайшысы ретінде Жамал Нәлібаеваның туған інісі мен апасы көрсетілген.

Сапарбаев – Нәлібаевтар отбасындағы бесінші бала – Батырбек Нәлібаев «Жаңақорған Ақ Шуағы» ЖШС-ін басқарады, бұл компания санаторий-курорттық қызметпен айналысады. Осы ЖШС арқылы ол Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» шипажайына иелік ететін көрінеді.

Алайда Сапарбаев – Нәлібаевтар әулетіндегілердің бәрі әкім не кәсіпкер емес, мысалы, Пазылбек Нәлібаев ұзақ жылдар ІІМ жүйесінде қызмет атқарған, ал қазір Экология министрлігіне қарасты «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» басшысы. Оның ұлы Әзімбек – дәл осы мақаланың басында сөз болған Түркістан қаласының қазіргі әкімі. Ол Сапарбаев – Нәлібаевтар әулетінің ықпалын Қызылорда облысынан тысқары жерде кеңейтуге толық мүмкіндік алған тұлға.