×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

Түркиядағы наразылықтар кімнің ойыны немесе Эрдоғанның тағын шайқағысы келгендер нені көздейді?

27.03.2025, 11:21
Түркиядағы наразылықтар кімнің ойыны немесе Эрдоғанның тағын шайқағысы келгендер нені көздейді?
Ulysmedia.kz коллажы

Түркия 2025 жылдың наурыз айының ортасында Стамбул мэрі Экрем Имамоглудың жемқорлық пен терроризм айыптары бойынша тұтқындалуына байланысты ауқымды наразылықтарға тап болды. Бұл оқиға бүкіл ел бойынша ондаған мың азаматтың қатысуымен өткен жаппай шерулерге ұласты. Олар үкіметтің әрекеттеріне наразы екенін білдірді. Осы наразылықтардың артында кімдер тұруы мүмкін екенін Ulysmedia.kz саралап көрді.

НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫҢ МӘНІ

Түркиядағы наразылықтар негізінен ішкі мәселе, яғни халықтың бір бөлігі президент Режеп Тайып Эрдоган мен оның партиясының саясатына наразы. Наразылық акцияларына қатысушылар әділеттілік, демократиялық реформалар мен Имамоглуды босатуды талап етуде. Көпшілігі оны елдегі басты оппозициялық көшбасшы деп санайды. Оппозициялық бағыттағы Республикалық халықтық партия (РХП) наразылық білдірушілерді белсенді түрде қолдап, оларды демонстрацияларды жалғастыруға шақырып отыр.

ҚАРСЫЛАСТАН ҚҰТЫЛУ

BBC-дің хабарлауынша, 2024 жылы Стамбулдағы сайлауда Имамоглу жеңіске жеткеннен кейін, көптеген сарапшы оның саяси мансабы енді қарыштап өседі деген болжам жасаған, Эрдоған да кезінде осылай көтерілген. Сарапшылар Имамоглу Эрдоганның басты қарсыласы болады дегенді жиі айтып жүр. 
Ол РХП-ның съезі қарсаңында тұтқындалды. Бұл жиында Имамоглу 2028 жылғы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынылуы тиіс болатын. Осыған байланысты кейбіреулер Эрдоган өзіне қарсы тұра алатын ықтимал оппонентінен құтылуға тырысып жатыр деген болжам жасады. Жуырда оппозиция Имамоглуды Түркия Республикасының президенттігіне ресми кандидат ретінде ұсынған.

«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ»

Сол арада. дүйсенбі күні Режеп Тайып Эрдоган оппозицияны, әсіресе РХП-ны қоғамдық тәртіпті бұзды деп айыптап, наразылықтарды "зорлық-зомбылық қозғалысы" деп атады. Мен бұған дейін де бірнеше рет айттым, бүгін тағы қайталаймын: біздің азаматтарымыздың тыныштығын арандатушылықпен бұзуды тоқтатыңыздар, – деді Эрдоган.

Ол сондай-ақ Республикалық халықтық партия төрағасы Өзгүр Өзелге сот алдында жауап бересің деп қоқан-лоққы жасады.

Әрине, бұл әрекеттер үшін парламентте – саяси, ал сотта заң жүзінде жауапкершілік болады, – деп мәлімдеді Эрдоган.

МУНИЦИПАЛДЫҚ ЖЕМҚОРЛЫҚ

Алайда мәселе тек Эрдоганға қарсы қоғамдық-саяси күштердің наразылығы ғана емес секілді. Ресми айыптауларға сәйкес, Имамоглуның тұтқындалуы жемқорлық пен ақшаны жылыстатуға байланысты. Прокуратураның айтуынша, Стамбул әкімдігімен байланысы бар муниципалдық компаниялар тендерлерді заңбұзушылықпен жеңіп алып, қызметтерге бағаны өсіріп, түскен қаражатты қалтаға басып отырған.

Соңғы жылдары Түркия саяси аренасында муниципалдық деңгейдегі жемқорлық мәселесі қызу талқылануда. Әсіресе оппозициялық топтар (соның ішінде Әділет және даму партиясының бұрынғы жақтастары да) Стамбул мэрі Экрем Имамоглуды жемқорлыққа қатысы бар деп айыптайды. Алайда дәл осындай айыптаулар 2014–2019 жылдары Анкара мэрі болған РХП өкілі Мансур Явашқа да тағылған. Көптеген бақылаушылар Имамоглу басқаратын компаниялардың су тазалау, құрылыс жобалары мен қосалқы мердігерлік келісімшарттар бойынша тендерлерді өз адамдарына үлестіргеніне сенімді. Сонымен қатар Имамоглу 2022 жылы «лауазымды тұлғаны қорлады» деген айыппен сотталған. Көпшілік бұл істі саяси қысым ретінде бағалады.

Айта кетерлігі, Эрдоганның өзі де 1994 жылдан 1998 жылға дейін Стамбул мэрі болған және бұл қаладағы жағдайды жақсы біледі.

САЯСИ АСТАР

2024 жылғы сайлаудан кейін Республикалық халықтық партия (РХП) мен Демократиялық халық партиясы (DEM) бейресми альянс құрған еді. Осыдан кейін Имамоглуге елде террористік ұйым деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясының (КЖП) ықпалын күшейтуге септігін тигізді деген айып тағылды.

ТІКЕЛЕЙ ҚОҚАН-ЛОҚЫЛАР

Жалпы Эрдоган Түркиядағы жоғары лауазымдарды иеленгелі бері, яғни тәуелсіз саясат жүргізуіне байланысты әлемдік және өңірлік халықаралық ойыншыларға ұнамай келеді.

Мысалы, өткен жылдың шілде айында Израильдің сыртқы істер министрі Исраэль Кац Түркия президенті Режеп Тайып Эрдоган Саддам Хусейннің тағдырын қайталауы мүмкін деген пікір білдірді. Бұл мәлімдеме түрік көшбасшысының Түркияның Израильге басып кіруі мүмкін екенін меңзеген сөзіне жауап ретінде айтылды.

Эрдоган Саддам Хусейннің ізімен кетіп, Израильге шабуыл жасаймын деп қорқытады. Біз оған ол жақта не болғанын және қалай аяқталғанын еске саламыз, – деп қоқан-лоққы көрсетті Кац.

ЖАУАП ҚАЙТАРУ

Бұл мәлімдеме Эрдоганның Түркия Израильге дәл Қарабақ пен Ливияға кіргендей басып кіруі мүмкін екенін айтқанынан кейін жасалды.

Біз Қарабаққа кірдік, Ливияға да кірдік, Израильмен де тура солай жасаймыз. Мүмкін емес ештеңе жоқ. Біз мұндай қадамдарға бару үшін тек мықты болуымыз керек, – деген Түркия президенті сөзінің соңында Палестинаны кез келген жолмен қолдауға дайын екенін тағы да еске салды. 

Бұл екіжақты мәлімдемелер, басқа да факторлармен қатар, елдер арасындағы қарым-қатынастың өте шиеленісті екенін көрсетеді. Алайда мұнда маңыздысы — Эрдоган Түркияны мұсылман әлемінің көшбасшысы ретінде көрсетуге тырысып отыр, ол антиизраильдік риториканы электоратты жұмылдыру құралы ретінде пайдаланады. Бұл әсіресе ел ішіндегі экономикалық дағдарыс, инфляция және наразылық көңіл-күйлері жағдайында өзекті бола түсуде.

ИЕК АСТЫНАН ҰРУ

Израильден бөлек, Ресей президенті Путинді де есептен шығаруға болмайды. Жақында ол Сирияда жеңіліске ұшырады. Түркияда тұрып жатқан шығыстанушы-саясаттанушы Руслан Айсиннің айтуынша, Эрдоган Путинді иек астынан ұрды, ал ол кімге ұнасын?

Түркия Сирияда Башар Асад билік құрған кезеңде де, қазіргі уақытта да сириялық мәселемен белсенді айналысуда. Атап айтқанда, Түркияның қорғаныс министрлігі Сирияның Қорғаныс министрлігін қайта ұйымдастыру, реформалау және жаңғырту жұмыстарымен айналысатынын мәлімдеді, яғни елді қазіргі заманға сай қару-жарақпен қайта жабдықтауға көмектеспек. Ал Израильдің Сирия аумағында ондаған шақырымдық буферлік аймақтар жасап жатқанын ескерсек, бұл екі ел арасында тікелей әскери қақтығыстарға әкелуі мүмкін.

ТЕЖЕУШІ КҮШ

Ресей президенті үшін қолайсыздық тудыратын тағы бір жайт — Эрдоганның Украина мәселесіндегі айқын ұстанымы. Жуырда ол Түркияның «Украинаның егемендігі мен шекара тұтастығын» мойындайтынын тағы да растады. Бұған дейін де Түркия Қара теңіздегі кеме қатынасы мәселесінде қорғаныс жүргізіп жатқан елді қолдаған еді. Осылайша, түрік көшбасшысы өзін Ресейге қарсы тежеуші күш ретінде ұсынуда.

Сондай-ақ Путин үшін бас ауруына айналып отырған тағы бір мәселе — Түркияның Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиядағы берік ұстанымы.

«АРАБ КӨКТЕМІ» СЦЕНАРИЙІ МЕ?»

Түркиядағы наразылықтардың тасасында халықаралық күштердің тұруы мүмкін бе деген күрделі мәселе де жоқ емес. Бір жағынан, сыртқы күштердің түрік саясатына араласуы – жаңалық емес. 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс әрекеті кезінде Эрдоган Фетхуллах Гүленнің жақтастарын айыптаған еді, бұл оның күдігін одан әрі арттырды.

Екінші жағынан, Түркиядағы наразылықтардың объективті ішкі себептері бар. Экономикалық қиындықтар, бағаның өсуі, авторитарлық басқару әдістеріне деген наразылық – бұлардың бәрі Эрдоганның позициясын әлсірететін нақты факторлар. Ал бұл жайттар қазіргі наразылықтармен сәйкес келіп отыр. Алайда шетелдік арнайы қызметтердің де бұл наразылықты пайдаланып, оның билігін әлсіретуге тырысуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Егер Эрдоган Батыс пен басқа сыртқы күштер үшін тым қолайсыз тұлғаға айналса, онда Түркияда «Араб көктемі» сценарийін жүзеге асыруға тырысуы әбден мүмкін.
Әрине, тікелей әскери араласу аса ықтимал емес. Керісінше, бұл – экономикалық қысым, санкциялар және оппозицияны қолдау арқылы іске асырылатын ықпал болмақ. Қазіргі кезде біз соны көріп отырмыз.

ҮНСІЗ ҚАЛҒАН МАҢЫЗДЫРАҚ

Сонымен қатар соңғы жылдары Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас шиеленісті. Бұған себеп — Эрдоганның АҚШ пен Ресейге қатысты көпвекторлы саясат ұстануы.
Эрдоганның Ресеймен қарым-қатынасты жандандыруы, С-400-ді сатып алуы және Таяу Шығыс мәселесінде тәуелсіз ұстанымы біраздан бері түрік саясатына ықпал етіп келген АҚШ үшін өте ауыр. Эрдоганды шайқалту Грекия мен Израильге жасалатын қысымды азайтып, Ресей мен Түркия арасындағы байланыстарды әлсіретуі мүмкін. 

Израиль де өзіне жылы шырай танытатын адамның Түркия басшылығына келгенін жөн көреді, өйткені Эрдоган Тель-Авивтің Газа секторындағы саясатын қатты сынап жүр. Алайда бұл ел тарапынан да тікелей араласу екіталай – көбінесе бұл үкіметтік емес ұйымдар мен медиалар арқылы жанама қолдау болуы мүмкін.

Еуропалық Одақ екіұшты позиция ұстануда: бір жағынан, Брюссель Эрдоганның авторитарлық тенденцияларын сынайды, екінші жағынан, елдегі тұрақсыздық пен миграциялық дағдарыстан қауіптенеді.

Жалпы алғанда, қазіргі жағдай аса күрделі. Алдағы оқиғалар Эрдоган ел ішіндегі ықпалын қаншалықты сақтап қала алатынына және Батыстың қандай қадамдар жасайтынына байланысты болмақ.

“ЖАҚСЫ КӨШБАСШЫ”

Бұл тұрғыда алғашқы қолдау «нөмірі бірінші державадан» – АҚШ-тан келді: Вашингтонда Трамп жаһандық қауымдастыққа айқын сигнал жолдады:

– Жақсы ел, әрі оның көшбасшысы да жақсы, – деді ол Түркия президенті Режеп Тайып Эрдоган туралы пікір білдіріп.

Айта кетерлігі, қазіргі жағдайға байланысты Еуропа елдерінің және Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары әлі нақты пікір білдірген жоқ. Ал осы арада Руслан Айсиннің пікірінше, «Эрдоганның ерекшелігі – ол тығырыққа тірелгендей көрінген ең қиын жағдайлардан да жол тауып шыға алады. Тіпті Имамоглуның тұтқындалуын да ол халықаралық жағдаймен өте ұтымды түрде сәйкестендіріп жасады. Сондықтан Вашингтонда ешкім қарсы шықпады».

«МОССАД» ТА ЖАЙ ЖАТҚАН ЖОҚ

Саясаттанушылардың пайымдауынша, қоғамға Эрдоган өзінің басты қарсыласын түрмеге жапты деген біржақты түсінік әдейі таратылып отыр. Басқа факторлар ескерілмей, барлығы Эрдоган Имамоглудан қорқып, оны залалсыздандыруға шешім қабылдады деген қарапайым пайыммен шектеледі. Алайда бұл – мәселеге үстірт қарау. Себебі жағдай әлдеқайда күрделірек.

Сонымен қатар либералды құрылымдар Эрдоганды және оның саясатын авторитарлық әрі исламшыл сипатта көрсетуге тырысады, ал бұл Батыста әрдайым теріс қабылданады.

Алайда Экрем Имамоглуға қатысты жемқорлық ісінен бөлек, оның тұтқындалуын саяси тұрғыда ақтайтын бір жайт – түрік барлау қызметі Имамоглудың айналасындағы элита өкілдерінің бір бөлігінің Путинмен және кейбір израильдік саясаткерлермен жасырын келіссөздер жүргізуге дайын екені жөніндегі дәлелдерді тапқан.
Имамоглуның тұтқындалуы қарсаңында Түркияда шұғыл түрде Стамбул мэріне бағынышты құрылыс секторымен байланысы бар «Моссад» (Израильдің барлау қызметі) ұяшықтары әшкереленді. Бұл – найзағайдай жарқ еткен күтпеген оқиға болды.

ӘРТҮРЛІ КҮШТЕР

Соңғы апталарда Түркия жаппай наразылықтарға тап болып отыр, бұл Режеп Тайып Эрдоган билігінің тұрақтылығына күмән келтіруде. Бұл оқиғалар мынадай орынды сұрақтарды тудырады: наразылықтарды кім ұйымдастырып отыр, елді тұрақсыздандыруға қандай күштер мүдделі, Эрдоган мен оның басты қарсыласы Экрем Имамоглу шын мәнінде қаншалықты қолдауға ие?

Бұл материалда біз ел ішіндегі күштерді – солшыл және күрд қозғалыстарын, секуляристік топтарды, либерал оппозицияны кеңінен қозғамаймыз. АҚШ үшін Эрдоган – қолайсыз серіктес: ол көпвекторлы саясат жүргізеді, Мәскеу және Пекинмен ынтымақтасады, НАТО-ны кеңейтуге кедергі келтіре алады (Швеция мен Финляндия жағдайындағыдай). Алайда Эрдоганның биліктен кетуі Таяу Шығыс пен Қара теңіз аймағында хаосқа алып келуі мүмкін.

Эрдоган Ресей, Қытай және араб елдерімен күрделі, бірақ прагматикалық қарым-қатынас орнатқан. Батыс оны амалсыз қабылдайды, алайда НАТО-дағы рөліне байланысты онымен санасуға мәжбүр.

Израиль үшін Анкарада биліктің ауысуы Палестинаға қатысты риториканың жұмсаруы мүмкін деген үміт ұялатады. Сонымен бірге Эрдоган ауылдық өңірлер мен діни сенімді ұстанатын азаматтар арасында (40–45%) тұрақты электораттық қолдауға ие.

Имамоглу Батысқа бейілді саясаткер ретінде сипатталады, алайда оның билікке келуі ел ішіндегі ұлтшыл және исламшыл топтармен қақтығысқа алып келуі мүмкін. Ол қалалық жастар, секуляристік топтар мен бизнес-элитаның бір бөлігі арасында танымал. Оның басты артықшылығы – Стамбулдағы жергілікті сайлаудағы жеңісі, бірақ әзірге ұлттық деңгейде нақты саяси бағдарламасы жоқ.

ҰҚСАС ПАРАЛЛЕЛЬДЕР

Наразылықтар Түркияда, әсіресе «либералды» Стамбулда белсенді өтіп жатқанына назар аудартқымыз келеді, ал «консервативті» Анкарада ондай қарқын байқалмайды. Бұл тұста тақырыптан сәл ауытқи отырып, Алматы мен Астананың жағдайымен белгілі бір параллель жүргізуге болады.

Стамбул – Түркияның қаржы, сауда және мәдениет орталығы. Елдің жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігі дәл осы қалада қалыптасады. Мұнда оппозициялық көңіл-күй басым (мысалы, Республикалық халықтық партия мен зайырлы күштерді қолдау байқалады). Анкара – әкімшілік-саяси орталық, билік партиясының тірегі саналатын бюрократияның ордасы. 

Тарихи тұрғыда Стамбул мен Анкара – Түркияның екі маңызды қаласы ретінде әрқашан күрделі қарым-қатынаста болған. Бұл олардың мәртебесінің, экономикалық рөлінің және саяси ықпалының айырмашылығымен байланысты. Дәл осындай қайшылықты Алматы мен Астана арасынан да көруге болады.

Стамбул (Алматы) – космополитизм, жаһандану және либералдық құндылықтармен ұштасады.
Анкара (Астана) – этатизмнің (мемлекеттік бақылау), ұлтшылдықтың және консервативтік саясаттың бейнесі.
Алматы – қаржы және іскерлік орталық ретінде қалып отыр, бірақ саяси ықпалдан айырылып барады. Бұл қалада оппозициялық және либералдық көзқарастар әлдеқайда күшті.
Астана –орталықтандырылған билік құрылымының символы. Мұнда мемлекеттік институттар мен билікке адал элита шоғырланған.

ОСАЛ ТҰСТЫ ІЗДЕУ

Түркиядағы наразылықтар – ішкі проблемалар мен сыртқы қысымның үйлесімінен туындаған құбылыс. АҚШ, Батыс, Израиль, және біршама дәрежеде Ресей де Эрдоганның әлсірегенін жек көрмес еді деп ойлаймыз.

Түркия президентінің ел ішіндегі мықты позицияларын ескере отырып, кейбір халықаралық күштердің қазіргі жағдайды пайдаланып, Эрдоганның табанды жігерін сынап көруге, сонымен қатар болашақ ұлттық көшбасшыны анықтауға тырысып жатқанын байқауға болады. Бұл мақсат наразылықтар арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін, ал қазіргі сәтте мұндай үміткер ретінде Экрем Имамоглу қарастырылуда. Оның үстіне, Режеп Тайып Эрдоганның президенттік өкілеттігі 2028 жылы аяқталады (егер бұл мерзімге дейін кезектен тыс сайлау жарияланбаса).

Қазіргі таңда Эрдоган армияны, полицияны бақылауда ұстап отыр және халықтың жартысына жуығының қолдауына ие. Сондықтан оның позициясы тұрақты көрінеді. Алайда жоғарыда аталған және бізге беймәлім басқа да факторлар Түркияны сыртқы қысым алдында әлсіретуі мүмкін.