×
504.34
556.34
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.34
556.34
5.97

Қорғасты қорғайтын кімің бар: кеден бекетіндегі дау-дамай неге бітпей-ақ қойды

Бүгін, 16:32
Қорғасты қорғайтын кімің бар: кеден бекетіндегі дау-дамай неге бітпей-ақ қойды
Ulysmedia.kz коллажы

Елімізде соңғы ширек ғасырда болған ең ірі қылмыстық іс – «Қорғас ісіне» биыл 15 жыл толады. Өтті-кетті, болары болып, бояуы сіңді дегенмен де, әлі ашылмаған жайттар бар екен. Атышулы қылмыстық істің бояуы әлі кеппепті, іс басындағы көзірлер қызметтен кеткенімен, «көңілден» кетпепті. Жаңа Қазақстанда да солардың соны ізі, даңғыл жолы әлі жойылмағанын байқап отырмыз. Тарихи контрабанданың түбіне су құйдық дегенімізбен, 2024 жылы құжаттардағы кіріс-шығыс айырмашылығы жер мен көктей. Анау-мынау емес,  рекордтық 14 миллиард долларға жеткен. Ulysmedia.kz бұл қылмыстық істің түп-тұқиянын, сол кезде іске кімдер қатысқанын түгендеп, кіріс пен шығысты есептеуге тырысты.

ЕСІМІН ТАСҚА ҚАШАҒАН ҚОЖАМЖАРОВ

Жуырда бұл тарихи іске деген қызығушылықты Бас прокуратура қайта оятты, олар «Қорғас ісіне» қатысы бар адамдарға қатысты азаптау туралы айтқанда, Қазақстан қаржы полициясының бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың есімін атады.

Бұл шу қайта көтерілмей тұрып, Қайрат Пернешұлы өзінің заң фирмасын тыныш қана басқарып, өткен-кеткенді еске алып, естеліктер жазып жатқан еді. Алайда наурыз айының соңында ол Қазақстаннан аяқасты кетіп қалды. Мүмкін бұл жай ғана сәйкестік шығар. «Қорғас» арқылы жүк тасымалдау көлемі артқан сайын кедендік статистикадағы алшақтық та арта түскені дәл сол сияқты кездейсоқтық болуы мүмкін.

ЖҰМБАҒЫ КӨП «ҚОРҒАС» ЖОЛДАРЫ

2014 жылғы «Қорғас» ісі бойынша заң алдында жауапқа тартылғандарды санауға бір адамның саусағы жетпейтін. Себебі 45 айыпталушы, 1576 том іс, 600 куәгер, 48 адвокат және 70 томнан тұратын айыптау қорытындысы аз дүние емес. Бұл үкім нәтижесінде кеден мен ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерлері жеңіл дегенде, шартты жаза алып, ауыр қылмысқа барғандары 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Оған дейін үш жыл бойы Қаржы полициясы Қытайдан Қазақстанға бағытталған күрделі контрабанда схемасын тергеп-тексерді. Бұл схемада миллиардтаған қаржы айналып қана қоймай, адамдар да белгісіз жағдайда қаза тапты. Бұл тергеу 2011 жылы басталды, дәл сол кезде Қожамжаров экономикалық қылмыстармен күрес агенттігінің басшысы болатын.

Енді, міне, ол 2014 жылы сотталғандардың азаптау арқылы берген куәліктеріне байланысты жаңа қылмыстық істің фигуранты атанып отыр.

2016 жылдың қыркүйегінде «Қорғас» шекара өткізу бекеті тағы бір дауға ілікті – оның президенті Василий Ни 1 миллион доллар пара алып жатқан жерінен ұсталды.

Ұсталғаннан кейін бірден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мәлімдеме жасап, Василий Нидің өз қарамағындағы инвестициялармен жұмыс бөлімінің басшысы Сайдуллаев арқылы «Хоргос Тюльпан» ЖШС өкілінен 1 миллион доллар параны бопсалау арқылы алғанын хабарлады.

Василий Ниге тағылған айып 2017 жылғы сәуірде алынып тасталды және ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

– Василий Ни мен Махаббат Сайдуллаеваға қатысты іс жабылды, өйткені олардың әрекеті қылмыс деп емес, қылмысқа оқталу ретінде қаралды. Негізгі айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді. Зиян келтірілмеген. ҚР ҚК-нің 65-бабына сәйкес, егер айыпталушы жасаған ісіне шын өкінсе, ешқандай зиян келтірмесе және істі ашуға көмектессе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Заңда солай жазылған, – деп түсіндірді сол кездегі Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай.

2018 жылы Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметі «Базис Алатау» ЖШС-нің екі басшысы Баймұханов пен Нәбиеваның Қытайдың үш азаматын 1 миллиард теңгеге сан соқтырып кеткенін хабарлады.

Олар «Қорғас» ХШСО аумағында инвестициялық нысандар салу және жер телімдерін жалға алу жөнінде келісімшарттар жасасуға көмектесуге уәде беріп, бірақ уәдесінде тұрмаған. Бұл қылмыстық істің немен аяқталғаны белгісіз, өйткені үкім туралы дерек жоқ.

2020 жылы бүкіл әлем ковидтен оқшауланған кезде, «Қорғас» та тыныш жатпады.

Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара формалды түрде жабық болса да, сауда-саттық тоқтамады. Пандемияның бірнеше айында екі ел арасындағы тауар айналымы күрт төмендеп, тұтыну тауарларының жаппай тапшылығына алып келді.

Сол себепті 2020 жылдың шілдесінде сол кездегі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Астанада өткен арнайы жиында Қаржы министрлігіне және уәкілетті органдарға ҚХР-дан Қазақстанға келетін тауарларды шекара маңындағы көлік-логистикалық орталықтарда ауыстырып тиеу арқылы тауар айналымын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұл тапсырма ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың мансабының аяқталуына түрткі болды.

Ол ұсынған уақытша схема бойынша «Нұр жолы» өткізу пунктінде көлік қозғалысын ұйымдастыру басталды. Бұл нүктеде Д.Назарбаеваның отбасына тиесілі Eurotransit Group холдингіне кіретін «Eurotransit Cargo» ЖШС белсенді жұмыс істеді. Нәтижесінде 8 күдікті сотқа тартылды: олардың жартысы – қызмет бабын асыра пайдаланған шекара қызметінің офицерлері, қалғаны – монополиялық тасымал схемасын ұйымдастырып, 4,3 миллиард теңге табыс тапқан кәсіпкерлер.

2025 жылдың ақпаны. Антимонополиялық орган «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының еншілес компанияларының заңсыз қызметін тоқтатуға қол жеткізді. «Хоргос-Коммерц», «Хоргос-Энерго» және «Хоргос-Сервис» ЖШС-тері монополист ретінде танылып, сот шешімімен бұрынғы форматтағы қызметін тоқтатты.

КІРГЕН ІЗ БАР, ШЫҚҚАН ІЗ ЖОҚ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кедендік статистикалардағы сәйкессіздіктерге алғаш рет 2022 жылы назар аударды. Ол Қазақстан мен Қытайдың есептері арасындағы айырманы «контрабанда» деп атаған еді.

– Ол жақта болып жатқан нағыз бейберекет тірлік баршаға белгілі. Көліктер дұрыс тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді, Қытай кеден органдарымен салыстырғанда нақты статистикадағы айырмашылық миллиардтаған долларды құрайды. Белгілі бір «уәкілетті операторлар» бар, олар қол сұғылмайтын мәртебеге ие. Ел салық түрінде ондаған миллиард теңгеден қағылып жатыр. Бұл жағдаймен келісе алмаймын. Бас прокуратураға, Қаржы министрлігіне, Қаржылық мониторинг агенттігіне және өзге де мүдделі органдарға кеденде тәртіп орнату үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырамын, – деді мемлекет басшысы 2022 жылдың 11 қаңтарында.

Осыдан кейін Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті аталған айырмашылықтың себебін кедендік статистиканы қалыптастырудағы әдістемелік ерекшеліктермен түсіндірді. Айта кетейік, осы әдістемелік ерекшеліктер әлі күнге дейін жетіспеушілікті ақтаудың ресми уәжі ретінде қолданылып келеді.

2021 жылғы деректер бойынша Қытайдан Қазақстанға импорт – 8,3 млрд доллар, ал Қытайдың Қазақстанға экспорты жөніндегі ресми статистикасы – 14 млрд доллар. Айырма – 5,7 млрд доллар. Тоқаев осы айырмашылықты «контрабанда» деп атаған.

Сол жылы Қазақстаннан Қытайға экспорт – 9,9 млрд доллар, ал Қытайдың статистикасында – 11,3 млрд доллар. Мұндағы айырмашылық – 1,4 млрд доллар.

2021 жыл бойынша жалпы тауар айналымы Қазақстан статистикасында – 18,2 млрд доллар, Қытайда – 25,3 млрд доллар. Яғни, айырмашылық – 7,1 млрд доллар.

Мұндай деректерден қандай қорытынды жасалды? Түрліше. Бірақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл айырма рекордтық 14 млрд долларға жетті.

Алайда «Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандамен шұғыл күресу қажет» деген мәлімдемелер жасалмады. Керісінше, біз бұл мәселені ашық айтпай, сауда қарым-қатынасын дамытып жатырмыз. Ал екіжақты ынтымақтастықтың артуы статистикадағы айырмашылықтың да өсуіне ықпал етуі мүмкін.

ЖҮК АҒЫНЫ ЖЫЛ САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ

2025 жылдың 28 қаңтарында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесті. Қытай дипломаты 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 9%-ға өсіп, 43,8 млрд долларға жеткенін мәлімдеді.

Осы кездесуден сәл бұрын «ҚТЖ» 2024 жылғы «Қорғас» арқылы жүк тасымалдау статистикасын ұсынды. Бұл сауда қақпасы арқылы 8730 жүк пойызы өткен, бұл былтырмен салыстырғанда 12,5%-ға көп.

– Орта есеппен тәулігіне 22 пойыз өткізіліп отырған, ал өңдеу уақыты 12 сағаттан 6–8 сағатқа қысқарды. Жалпы жүк көлемі 12 млн тоннадан асып, жыл ішінде шамамен 11%-ға артты. 2016 жылы «Қытай–Еуропа» бағыты іске қосылғаннан бері «Қорғас» арқылы 85 бағыт бойынша 18 елге 40 мыңнан астам пойыз өткен. «Алашанькоу» өткізу пунктімен бірге бұл өткел Қытайдың Еуропаға бағытталған бүкіл теміржол жүк ағынының 40%-ын қамтамасыз етіп отыр, – деп хабарлады «ҚТЖ» ұлттық компаниясы.

Жалпы, бұл статистикаларды негізге ала отырып, жүк ағынының өсуі кедендік есептегі алшақтықты да арттырады деуге болады. Алайда бұл айырмашылықты Президент Тоқаев секілді «контрабанда» деп ашық айтуға бүгінде ешкімнің батылы жетпей отыр.