2025 жылдың сәуір айының басында ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіру квотасын арттыру туралы шешімі, әсіресе КТК (Каспий құбыр консорциумы) инфрақұрылымына дрон шабуылдары жиілеген тұста, біраз сұрақ тудырады. Ulysmedia.kz бұл жағдайдың Қазақстанға қалай әсер ететінін саралап көрді.
БЮДЖЕТ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕ
Өткен аптада ОПЕК+ елдері мамыр айынан бастап мұнай өндіру квотасын тәулігіне 411 мың баррельге дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге қатысты пікір екіұшты. Бір жағынан, квотаның артуы мұнай бағасының одан әрі құлдырауына алып келуі мүмкін, ал бұл Қазақстан экономикасына теріс әсер етеді. Мұнай сатудан түскен табыс республикалық бюджетте маңызды рөл атқарып отырғандықтан, оның әлемдік нарықтағы бағасы ел үшін аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттік қазына мұнайға тәуелді.
Жыл басынан бері мұнай бағасы шамамен 20 долларға арзандап, қазіргі таңда бір баррелі $64-65 шамасында саудаланып жатыр. Ал Қазақстанның 2025-2027 жылдарға арналған үш жылдық бюджеті мұнай баррелі $75 деңгейінде болады деген есепке құрылған.
Екінші жағынан, Қазақстанды ОПЕК+ квоталарын жиі бұзатын мемлекет деп атауға болады. Тек ақпан айының өзінде мұнай өндіру жоспардан тыс тәулігіне 279 мың баррельге артқан. Бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. Дегенмен бұған ОПЕК+ ешқандай «салқын қабақ» танытпаған. Себебі Қазақстан әрдайым өтемдік жоспар ұсынып, оны орындауға барын салып келеді. Әйтсе де бұл тұрғыда Энергетика министрлігі қиын жағдайда қалып отыр. Өйткені елдегі мұнайды негізінен шетелдік инвесторлар өндіреді, ал олар өндірісті шектегісі келмейді. Сондықтан квоталардың артуын, соның ішінде Қазақстанға да қатысты бөлігін, ОПЕК+-тың белді мүшелері – Сауд Арабиясы мен Ресей тарапынан жасалған белгілі бір дипломатиялық қадам ретінде қарастыруға болады.
СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ҮНСІЗ
Едәуір алаңдаушылық туғызып отырған жайт – Каспий құбыр консорциумы (КТК) инфрақұрылымына дрон шабуылдары. Өйткені Қазақстан экономикасының тұрақтылығы тек мұнай бағасына ғана емес, оның тасымалдану мүмкіндігіне де тәуелді. Бұл ретте Қазақстан Ресейге қатты тәуелді, өйткені еліміздің мұнайы Еуропаға дәл осы елдің территориясы арқылы экспортталады. Сол себепті украин дрондарының шабуылына біздің дипломаттардың еш реакция білдірмеуі таң қалдырады: әңгіме Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне төнетін нақты қатер жайлы болып отыр, ал еліміз бұл соғысқа қатысып отырған жоқ. Оның үстіне Қазақстан мұнайының негізгі импорттаушылары – Еуропалық одақ елдері, ал ЕО – Украинаға басты демеушілердің бірі.
Алайда ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеде ашық пікір білдіруге асығар емес.
– Біз украин тарапымен байланыстамыз. Бұл мәселеге қатысты келіссөздер жүріп жатыр… КТК бойынша ресми мәлімдемені Энергетика министрлігі жасады, ал украин тарапы хабардар. Олармен келіссөздер жүргізілуде, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров наурыз айының соңындағы КТК-ға жасалған дрон шабуылына қатысты пікір білдіре отырып.
Алайда бұл келіссөздердің қандай деңгейде жүргізіліп жатқаны, нақты мазмұны және КТК мұнай айдау станцияларына тағы да шабуыл жасала ма, ол жағы белгісіз. Бұл өз кезегінде алаңдаушылық туғызады. Дегенмен осы уақытқа дейін дрон шабуылдары Қазақстанға тікелей зиян келтірген емес.
Нұрлан Жұмағұлов, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры. Сурет: ОКҚ
– Кропоткин мұнай айдау станциясын екі ай ішінде қалпына келтіреміз деп уәде берілді (дрон шабуылдарына байланысты станция жөндеуге тоқтатылған – ред.), бірақ бұл қазақстандық мұнайдың тасымалдануына айтарлықтай әсер еткен жоқ. КТК бұл станцияны айналып өтіп, мұнайды басқа бағытпен жіберген, сондықтан ешқандай мәселе туындамаған.
– Тасымал тарифі де өзгерген жоқ, өйткені КТК аясында бірыңғай тариф қарастырылған және бұл оператордың жауапкершілігі, – деп түсіндірді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Алайда басқа мұнай айдау станцияларына шабуыл жасалса, онда жағдай қиындайды. Сондықтан бізді Сыртқы істер министрлігінің үнсіздігі алаңдатады. Бұл шабуылдар Украина тарапынан емес, квота бұзғаны үшін Қазақстанға ОПЕК+ тарапынан ескерту ретінде ұйымдастырылып жатыр деген нұсқа да айтылуда. Бірақ бұл нұсқа шындыққа жанаспайтын секілді. Себебі Қазақстанның мұнай өндіру көлемі, тіпті асыра орындағанның өзінде әлемдік өндірістің 2% деңгейінде. Мұндай көлем мұнай бағасына айтарлықтай әсер ете алмайды.
КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ БАСТЫ МӘСЕЛЕ
КТК-ға шабуыл тағы қайталанған жағдайда біз не істеуіміз керек? Қазақстан Ресейдің тасымал инфрақұрылымына тәуелділікті қалай азайта алады? Себебі өңірдегі геосаяси тұрақсыздық алдағы күндерді болжауға еш мүмкіндік бермей отырғаны анық және сарапшылар бұл жағдайдың немен аяқталатынын білмейді. Бұл тұрғыда күнделікті жаңалықтар көңіл көншітпей отыр. Еуроодаққа Ресейді айналып өтіп, мұнай экспорттау жөніндегі әңгімелер он жылдан бері айтылып келе жатса да, КТК-ға нақты балама инфрақұрылым жоқ.
– Қосымша бағыт бар, бұл – Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры. Бірақ бұл бағыт өте қымбатқа түседі. Атыраудан цистернамен тасып, кейін танкерлерге тиеп, Бакуге жеткізу керек, ол жерде мұнайды цистерналарға қайта құю керек. Сондай-ақ Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы тасымалға тариф төлеуге тура келеді. КТК-мен салыстырғанда бұл маршрут шамамен үш есе қымбат. Сондықтан жүк жөнелтушілер әрқашан ең тиімді жолды таңдайды, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Мұнай бағасына келсек, бұл тақырып дрон шабуылдарынан да күрделірек. Болашақтағы бағаға қатысты болжам жасау қиынның қиыны. Себебі қазір әлемде алдын ала болжап болмайтын жағдайлар көбейген. Олар: Таяу Шығыстағы шиеленіс, Трамптың билікке қайта келуі (ол көптеген елдерге баж салығын енгізіп, мұнай бағасын құлатты), Электромобильдер индустриясының дамуы, Украинадағы соғыстың жалғасуы. Біздің жағдайымызда мұның бәрі бірінің үстіне бір қабаттасып жатыр.
Сондықтан Қазақстан үшін күн тәртібінде экспорттық маршруттарды әртараптандыру мен ішкі мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту ең өзекті міндет болып қалып отыр. Бұл сыртқы факторларға тәуелділікті азайтып, елдің ресурстарынан барынша пайда табуға мүмкіндік береді.