Базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті шешімге арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов әдеттегідей дәстүрлі түрде цифрлар мен арнайы терминдерге көбірек сүйенді. Қаржы саласына аса қанық болмасаңыз, реттеуші ұйымның басшысы бәрін бақылауда ұстап отырғандай әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ солай ма?
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстандағы жағдай аса алаңдататындай емес. Наурызда жылдық инфляция 10 пайызға жеткен, бұл – Ұлттық банк жылдың соңына қарай болжайтын 10–12 пайыздық дәлізге сәйкес келеді. Оның айтуынша, көктемнің алғашқы айы тұрақтану белгілерімен ерекшеленген: ақпандағы инфляция 1,5 пайыз болса, наурызда 1,3 пайызға ғана өскен. Айырмашылық аса көп емес, бірақ Ұлттық банк үшін бұл – оң сигнал. Алайда инфляция құрылымына қарасақ, Сүлейменовтің "тұрақталу" туралы сөздерімен келісе қою қиын. Наурызда ақылы қызметтер бағасы бір жылда 14,3 пайызға (ақпан – 14,1%), азық-түлік емес тауарлар – 9,1 пайызға (8,7%), азық-түлік – 7,6 пайызға (6,5%) қымбаттаған. Демек, инфляция баяулады деген Ұлттық банк мәліметі қарапайым халыққа әсер ете қойған жоқ.
Сонымен қатар, 2024 жылдың соңындағы “дүрліге тұтыну” белсенділігінен кейін, 2025 жылдың басында сұраныс тарихи орташа деңгейге қайтты. Тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалыпқа келуіне бөлшек сауда көлемінің және ірі сатып алулардың азаюы дәлел. Мәселен, ақпанда бөлшек сауда 5,1 пайызға өскен, ал 2024 жылғы қазанда бұл көрсеткіш 19,3 пайыз болған еді. Халық арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, соңғы үш айда ірі сауда жасаған азаматтардың үлесі 27,3 пайыздан 19,9 пайызға дейін азайған. «Бұл да тұтынушылық сұраныстың қалпына келе бастағанының белгісі» дейді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысының осы сеніміне селкеу түсірмей-ақ қойғың келеді. Алайда бұл "қалыпқа келу" халықта тамақ пен коммуналдық қызметтен басқаға ақша қалмағанын да білдіруі мүмкін. Halyk Finance сарапшыларының мәліметінше, былтыр инфляциядан жоғары жалақы өсімі экономикадағы небәрі 9 пайыз жұмыс істейтін үш салада ғана тіркелген. Ел бойынша жалдамалы жұмысшылардың 64 пайызы орташа жалақыдан төмен табыс табады.
Ал инфляциялық күтім бойынша, халықтың алдағы бір жылға арналған болжамы 13,7 пайыздан 12,6 пайызға дейін төмендеген. Алайда ұзақ мерзімді болжам – бес жылға – өзгеріссіз: 13,5 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Бір қарағанда бұл да жағымды өзгеріс сияқты: халық болашаққа сенімдірек қарай бастаған. Алайда Ұлттық банктің өз сауалнамасында басқа да мәліметтер бар: мысалы, респонденттердің 54,2 пайызы баға бір жыл ішінде бұрынғыдан да жылдам өсті деп санайды. 67 пайыздан астамында мүлде жинағы жоқ, ал 74,6 пайызы наурызда болашаққа бір тиын да шетке шығара алмаған.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Тимур Сүлейменов бір сәттік девальвация болмайтынын, доллардың 600 теңгеге жету сценарийі аса ықтимал емес екенін мәлімдеді. Дегенмен бұл мәселеде Ұлттық банктің ықпалы шектеулі екенін мойындады.
Егер мұнай бағасы күрт түссе, әрине біздің экономикамызға, мемлекеттік кірістерге, теңге бағамына әсер етеді. Ол сөзсіз. Бірақ соған біздің ықпалымыз жоқ. Соған тек дайындалуымыз керек. Соған дайындалып жатырмыз, – деді ол.
Сондай-ақ, шот ашу мен қызмет көрсетуге байланысты банктер белгілейтін комиссиялар көлеміне шектеу қою – басқа елдердегідей бізде мүмкін емес болып шықты.
Біздің құзыретімізде ондай мүмкіндік жоқ. Бұл – нарық. Бізде 21 банк бар, әрқайсысының есеп жүргізу, шот ашу, басқа да қызметтері бойынша комиссиясы банк пен клиент арасындағы қатынас аясында белгіленеді. Егер комиссия ұнамаса, басқа банк іздеуге болады. Бұл – реттелетін қызмет емес, жылу немесе су жүйесі сияқты емес. Банктер нарық аясында жұмыс істейді, сондықтан олардың қызметтері сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады, – деді Сүлейменов.
Есесіне, Ұлттық банктің айырбастау бағамы көрсетілетін тақтайшаларды көшеден алып, тек ғимарат ішіне кіргізуге неге шешім қабылдағанын түсіндірді.
Ұлттық банктің жол қауіпсіздігіне, қаланың келбетіне қандай қатысы бар деушілер бар. Бірақ заңнамаға сәйкес, бұл функция әкімдіктер мен ІІМ-де емес, бізде бекітілген. Бұл заңды мен жазған жоқпын, сондықтан түсініктеме беру қиын, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Бір жағынан, айырбас пункттеріндегі тақтайшаларды жою туралы Сүлейменовтің уәждері қисынды көрінуі мүмкін. Бүгінде 90-шы жылдар емес, курстарды онлайн көруге болады, елде долларсыздану деңгейі де жоғары. “Дүкендер мен шаштараздар бағаларын көшеге ілмейді” дейді ол. Бірақ Ұлттық банк басшысы Қазақстан қалаларында жаяу жүруді ұмытқан сияқты – дүкендер, сұлулық салондары, тамақтану орындары мен басқа да нысандар көшеге баға ілетін жарнаманы әлі күнге дейін кеңінен қолданады.
Осыдан кейін конспирологиялық жорамал ойға еріксіз оралады: айырбастау бағамы тақтайшаларын алып тастау туралы шешімнен кейін доллар күрт қымбаттады. Ұлттық банк төрағасы девальвацияның болу ықтималдығы төмен дейді, бірақ қазіргі өсім – шарықтау шегі болмауы да мүмкін. Бәлкім, Ұлттық банктің таблоларды құрту жөнінде шешімі шынымен де "қауіпсіздікке" байланысты болар. Адамдар көшедегі валюта бағамын таблодан көріп, жүйкесіне салмақ түсіп кетпесін дейтін секілді.