×
518.21
590.09
6.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.21
590.09
6.3

Қазақ боксының айы қашан оңынан туады: Шерхан Мүтәліп реформасына неліктен күмән көбейді

14.04.2025, 17:00
Қазақ боксының айы қашан оңынан туады: Шерхан Мүтәліп реформасына неліктен күмән көбейді
Ulysmedia.kz коллажы

Бір кездері Қазақстан әлемде бокс державасы саналатын. Бірақ бұл шамамен 15 жыл бұрынғы жағдай еді. Былтыр Париж Олимпиадасындағы сәтсіздік біздің әлемдік аренада бокс державасы ретіндегі орнымыздан айырылғанымызды анық көрсетті. Егер жіберілген қателіктер кейін түзетілген болса, оны Бокс федерациясы халыққа түсіндіріп, қолға алған бастамаларды айтуы керек еді. Алайда баяғы жартас сол жартас күйінде қалған секілді. Ulysmedia.kz қазақ боксының келешегі қандай болатынына талдау жасап көрді, спорт функционерлері алда қандай стратегия ойластыруы керек деген сауалға редакция сараптама жасады.

ДАУРЫҒУ КӨП, ДАУА ЖОҚ

Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін спорт саласы басшыларының қылы да қисаймады. Олар Париждегі сәтсіздікті Токио олимпиадасымен салыстырып, «оның қасында тойға барғандаймыз ғой» деп ақталды. Тіпті «жаттықтырушылар мен спортшыларды сөгуге болмайды», «балалар спортын дамыту керек» деген секілді пікірлер білдіріп, жағдайды жуып-шайып қана қойды. Яғни, проблемалар бар. Бірақ «біз жұмыс істеп жатырмыз» деген ақталу айрандай төгілген абыройымызды қайтармасы анық.

Қазақстанда қоғам назарынан тыс қалып жүрген, яғни көп талқылана қоймайтын спорт түрлері жетерлік, бірақ бокс туралы олай дей алмаймыз. Өйткені бокс – қазақтың жаны. Әлемдік рингте көк туымызды желбіреткен даңқты есімдер аз емес: Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Данияр Елеусінов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Бекзат Саттарханов, Бақыт Сәрсекбаев және тағы басқалары осы сөзімізге дәлел.

Алайда қазір көк туды желбірететін даңқты боксшыларды көрмей отырмыз, әсіресе әуесқой бокс саласында. Бұрын көзіқарақты жанкүйер боксшының рингтегі стиліне қарап, оның Қарағанды немесе Жамбыл мектебінің өкілі екенін дөп басып айтып бере алатын. Ал қазір тек жорамалмен шектелуге тура келеді.

Париж Олимпиадасындағы сәтсіздік жанкүйерлер тарапынан қатты сынға ұшырады. Федерация тарапынан жағдайды терең саралап, оны түзету үшін нақты жоспар ұсынылады деп күтіп отыра беруге әбден болар еді. Алайда олай болмайды. Рас, федерация президенті қоғам наразылығы күшейген тұста реформалар жүргізілетінін мәлімдеді. Бірақ бұл әзірге сөз ғана.

Біз бүкіл жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз және ақталғымыз келмейді. Біз кінәліміз. Федерация да, бапкерлер де. Біз неден қателескенімізді түсіндік және Қазақстан бокс федерациясына үлкен реформа қажет деген тұжырымға келдік, – деген еді сол кезде Шахмұрат Мүтәліп.

Дегенмен федерация ішінде қандай да бір өзгерістер болып жатса, ол жайлы көпшілікке ештеңе айтылмайды. Егер кейбір өңірлік құрылымдар мен бірнеше жаттықтырушының отставкасын реформа деп есептемесек, басқасы белгісіз күйде қалуда. Айта кету керек, Мүтәліп Олимпиада қарсаңында Федерация басшылығына келгенде де, «қазақ боксын дамыту үшін барымды саламын» деп уәде еткен еді.

БОКС ТА ЖОҚ, БОҚ ТА ЖОҚ

Шахмұрат Мүтәліп, Қазақстан боксы федерациясының президенті. Фото: kfb.kz

БОКС ТА ЖОҚ, БОҚ ТА ЖОҚ

Шахмұрат Мүтәліп 2024 жылдың ақпан айында Қазақстан бокс федерациясының басшысы қызметіне кірісті. Мүтәліп туралы ресми деректер аз. Оның өмірбаяны «америкалық арманды» еске салады: небәрі жеті жылдың ішінде шпал өндірісінің дәнекерлеушісінен Алматы облысындағы ірі кәсіпорынның бірінші вице-президентіне дейін көтерілген. Алайда Қазақстан Америка емес, сондықтан мұндай жылдам мансаптық өсу сыртқы ықпалсыз мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты ақпарат кеңістігінде Шахмұрат Мүтәліптің артында ықпалды адамдар тұр деген сыбыстар тарады.

Жалпы олигархтардың спорт федерацияларын басқаруға ұмтылуы әдеттегі құбылыс. Бұл – олардың әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін, беделге қызмет ететін салық іспетті. Олар федерацияларға тек ұйымдастырушылық тәжірибе мен байланыс, ықпал ғана емес, сонымен қатар қаржы да әкеледі. Мысалы, Болат Өтемұратов – теннис федерациясын ұзақ жылдар басқарған тұлға, кейбір мәліметтерге сәйкес, теннистің дамуына 100 миллион доллардан астам қаржы салған. Соның нәтижесінде қазақстандық теннисшілермен әлем аренасында санаса бастады, ел ішінде көптеген корттар, бапкерлер мен болашағынан үміт күттіретін жас теннисшілер пайда болды. Алайда Ш.Мүтәліп «басқа салмақ дәрежесіндегі» функционер секілді.

БІЗ ЖАҢА ЛЕП ӘКЕЛЕМІЗ

Ал Шахмұрат Мүтәліп мүлде басқа «салмақ дәрежесіндегі» ойыншы секілді. Ол – «Integra Construction KZ» компаниясының негізгі бенефициары.

Бұл құрылыс компаниясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Қазақстан темір жолының» құрамынан бөлініп шыққан, бірнеше рет атауын да, құрылтайшыларын да өзгерткен. Қазір ол теміржол жолдарынан бастап, метро, тұрғын үй мен спорт нысандарына дейін салатын құрылыс компаниясына айналды. Мемлекетпен бірге тендерлік жобаларға белсенді қатысады. Ең ірі жобалары: Түркістан облысындағы мұз сарайы, теміржол вокзалдары, автожолдар, Астана әуежайындағы нысандар, Қорғас шекара маңындағы арнайы экономикалық аймақ.

2019 жылы «Integra Construction KZ» Астанадағы LRT құрылысындағы қытайлық мердігерді алмастырып, «Жайлы мектептер» жобасын орындаушылардың бірі болды.

2019 жылы Integra Construction компаниясының жұмысы гүрілдеді. Сол кездері компания бюджетке 12 млрд теңге салық төледі. Ал, жалпылай алғанда, мемлекет қазынасына төленген салық түсімдері 40 миллиардқа сәл ғана жетпей тұр.

 

Бизнес базасындағы мәліметтерге сүйенсек, Мүтәліп сонымен қатар бірнеше елде филиалы бар «Management&Construction LTD» құрылыс компаниясының да басшысы.

Дегенмен Шахмұрат Мүтәліп Қазақстанның ең бай адамдарының тізімінде жоқ. «Integra Construction KZ» компаниясы болса, Forbes журналының Қазақстандағы елу ірі компания тізіміне небәрі екі рет, яғни 2017 және 2018 жылдары ғана енген. Сондықтан былтыр Мүтәліп федерацияны басқаруға келгенде бокссүйер қауым алаңдаушылық білдірді. Өйткені жаңа басшыны бизнес саласында да, бокс әлемінде де ешкім жөнді танымайтын. Қазіргі таңда бұл алаңдаушылықтардың негізсіз болмағаны байқалып отыр.

АТЫ БАР ДА, ЗАТЫ ЖОҚ РЕФОРМА

2024 жылы басшылыққа Шахмұрат Мүтәліп келгенде үміт оты жылт еткен. Ол өз сөзінде:

Маған артылған жауапкершілікті сезіне отырып, қазақстандық бокстың дамуы үшін, спортшыларымыздың мүддесін жан-жақты қорғау үшін, сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының ел ішінде де, шет елдерде де беделін арттыру үшін барымды саламын, – деп уәде берген.

Бұл Париж олимпиадасына жарты жыл қалғанда айтылған әңгіме еді. Жоғарыда айтылғандай, кейінірек Мүтәліп федерация жұмысына талдау жүргізіп, реформалар жасайтынын мәлімдеген. Бірақ бұл уәде берілгеннен бері де жарты жыл өтті, алайда федерация жұмысында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Бұдан бөлек, Мүтәліптің қазақ боксының бұрынғы даңқын қалай қайтарамын деп отырғаны да белгісіз. Бұрын бизнеспен айналысып, көпшілікке көзайым болмаған Мүтәліп қазір де сол қалпынан айныған емес, яғни баяғы жартас – сол жартас. Оның үнсіздігін жұмыс нәтижесінің болмауымен байланыстыруға мәжбүрміз.

Федерация сайтындағы ең соңғы жаңарту тек басшылық бетіндегі өзгеріске қатысты. Жұмыс жоспары 2023 жылмен шектелген, ал жаңалықтар бөлімі 2021 жылдан бері жаңартылмаған. Боксымыздың жетістіктері де сол 2021 жылмен аяқталады. Бірақ, сөзсіз, федерацияда сайтқа жауапты адам бар, ол тіпті жалақы да алып отыр. БАҚ беттерінде де федерация басшысы тарапынан «қателіктер мен кемшіліктерге» жасалған талдау немесе реформалар жоспары туралы еш мәлімет жоқ. Ал ақпараттық вакуум ешқашан бос қалмайды – қазақ боксы төңірегіндегі ақпараттық кеңістік біртіндеп «Мүтәліп федерацияға боксты дамыту үшін емес, басқа мақсатпен келді» деген сыбыстармен тола бастады. Оның үстіне, 2024 жылдың тамызында ел президенті спорт саласындағы жағдайды сынға алып, былай деген:

Қазіргі жағдайға қарасақ, спорт функционерлері спортты дамыту емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен ғана айналысады. Олар нақты нәтижеге емес, есепке жұмыс істейді. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі тіркеледі. Бұл отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің имиджіне де орасан зор зиян келтіреді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды.

ФЕДЕРАЦИЯ ЖОСПАРЫН БІЗ ЖАСАП БЕРСЕК ҚАЛАЙ БОЛАДЫ

Дегенмен бокс федерациясы ештеңе бітірмей құр отыр деп айыптау да артық болар. Мысалы, 2024 жылғы Азия чемпионатында федерация Абылайхан Жүсіповтің жекпе-жегі бойынша наразылық хатын жолдады. Ол қабылданып, Жүсіпов чемпион атанды. Ал жақында Бразилияда өткен World Boxing-2025 кубогының бірінші кезеңінде қазақ боксшылары үш алтын медаль жеңіп алды. Мұны да федерацияның жетістігіне жатқызуға болар еді. Алайда бұлар жекелеген жағдай. Дәл сол жарыста Орталық Азияда үнемі екінші орында жүретін Өзбекстан бес алтын медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Бұл кездейсоқ жеңіс емес. Өзбекстанда спорт саласында, соның ішінде бокста жүйелі реформалар шамамен 2013 жылдан басталған. Соңғы жылдардағы өзбек боксшыларының жетістігі – сол реформалардың нақты нәтижесі.

Ал қазақстандық бокстағы қордаланған мәселелер бәріне белгілі. 2024 жылдың жазында «Бей в кость» телеграм-арнасының авторы жанкүйерлер мен сарапшылардың ортақ пікірін қорытындылап, не нәрсені өзгерту қажет екенін атап өткен еді.

Нәтижесінде реформа жоспары да дайын:

  • Жарыстарға қатысу үшін айқын әрі ашық іріктеу жүйесі қажет. Іріктеу ережелері міндетті түрде көпшілікке жариялануы тиіс. Сонымен қатар қазақстандық боксқа рейтингтік жүйе енгізу мүмкіндігін қарастыру керек (бұған дейін іріктеу турнирлері ірі жарыстарға дейін іс жүзінде өткізілмейтін).
  • Ұлттық құрама бапкерлеріне команда құрамында өз шәкірттерінің болуына тыйым салу керек.
  • Боксшылардың Олимпиадаға дайындығына жан-жақты талдау жасап, қателіктермен жұмыс жүргізу қажет.
  • Инфрақұрылымға талдау жүргізу керек. Елде қанша бокс мектебі, балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі бөлімшелер, спорт залдары бар, соны нақтылау қажет. Балалар қандай жағдайда жаттығады (әжетхана, душ бар ма, жоқ па). Баламен, жасөспірімдермен жұмыс істейтін бапкерлердің біліктілігі қандай? Қандай нәтиже бар: мемлекет тарапынан нақты бір БЖСМ (ДЮСШ)-ке қанша қаржы бөлінді және ол мектеп қанша жүлдегер мен жеңімпаз тәрбиелеп шығарды?
  • Қазақстанда қанша білікті маман бар екенін анықтау үшін аудит жүргізу. Олардың көпшілігінің бейінді білімі бар ма? Федерация әр аймақта бапкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған курстар мен оқыту семинарларын ұйымдастыруы қажет.
  • Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстар санын көбейту. Көптеген бапкер өз шәкірттері үшін жарыстардың аздығына шағымданады. Бұл жағдайды өзгерту – ҚБФ-ның басты міндеттерінің бірі.
  • Федерация жұмысын ашық ету қажет. Қазіргі уақытта ҚБФ сайтында бұл ұйымның миссиясы, стратегиялық даму жоспары және аймақтық филиалдарды кім басқаратыны туралы өзекті ақпарат жоқ.
  • Әрбір облыстық бокс федерациясының жеке сайты болуы тиіс. Онда шынайы, үнемі жаңартылып отыратын және өзекті ақпарат жариялануы керек: қай залдарда, қай спорт кешендерінде бокс секциялары бар, бәрі көрсетілуі тиіс.
  • Федерация Кубогын қайта жаңғырту қажет. Бұл турнир ұзақ жылдар бойы өткізіліп келген. Қазір оны қайта форматтап, әр облысқа әр салмақта 3-4 боксшыдан қатыстыруға рұқсат беру керек. Негізгі шарт – олар өз облысының немесе қаласының тұрғыны болуы қажет. Ешқандай легионерлер болмауы тиіс. Осылайша боксшылар үшін тәжірибе жинақтау мүмкіндігі артады және аймақтарда боксқа деген қызығушылық болады.

Міне, осындай жоспар, ең болмағанда мәселенің мәнін түсініп, оны шешудің жолдарын көрсететін бағдарлама федерация тарапынан шықса, құптарлық болар еді. Алайда әзірге мұндай құжат жоқ. Сондықтан қазір қазақстандық бокстың болашағы бұлыңғыр. Жағдай өзгереді деп сенеміз.

Автор: Игорь Клевцов

Серіктес жаңалықтары