21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың өміріне жасалған қастандық көп нәрсені қайта саралауымыз керектігін көрсеткен оқиға болды. Біріншіден, осыған дейін мемлекеттік орган аумағында ешқашан шенеунікке оқ атылмаған еді. Екіншіден, қылмыстық әрекетке итермелеген себептердің бірі ретінде – этикалық мәселе айтылды: қаскөй бастапқы жауабында Берденов әйеліме тиісті, сол себепті оқ аттым деп айтты. Қалай болғанда да, бұл оқиғаның шенеунік жаңа қызметке кіріскеніне екі-ақ ай болғанда орын алғаны түсініксіз. Шабуыл нысанына айналған шенеунік осы қысқа уақыт аралығында кімге жақпай қалды? Мәселенің мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісі анықтауға тырысты.
ОҚИҒА ІЗІМЕН
Әкім орынбасарына қастандық жасалғаны туралы ақпарат дүйсенбінің кешінде ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желі пабликтерінде қызу талқыланды. Оқиғаға қатысты тараған аздаған деректердің өзі қисынға келе бермейді. Дереккөздердің айтуынша, Шымкент әкімінің орынбасарына әкімдік ғимаратынан шыққан кезде, шамамен кешкі сағат 20:30-да оқ атылған. Белгісіз ер адам Руслан Берденовке бірнеше рет «Сайга-12» маркалы аңшылық қарудан жақын қашықтықтан оқ жаудырған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті шенеунікті сыртта алдын ала күтіп тұрған, ал нысананы көре салысымен, бірнеше мәрте оқ атқан. Оқ оның аяғы мен иығына тиген. Куәгерлердің айтуынша, әкім орынбасарын жеке жүргізушісі құтқарып қалған. Ол жағдайды дереу бағамдап, қызметтік көлігімен күдіктіні қағып өткен. Осыдан кейін күдікті ұсталып, Руслан Берденов шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы түні бойы Берденовтың операцияда болғанын, қазір өміріне төніп тұрған қауіп жоқ екенін хабарлады. Оның әріптесі, блогер Бейбіт Әлібеков: Берденовке үш рет оқ атылғанын, екі оқ денеге тиіп, өкпе мен бауырды зақымдағанын, бірақ қазір жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты. Дәрігерлер Руслан Берденовтің жағдайын «тұрақты ауыр» деп отыр.
АТЫНА САЙ БОЛМАҒАН «ҚАУІПСІЗДІК»
Мұндай оқиғаның қалай болғанын түсіну үшін жағдайды ой елегінен өткізіп көрейік. Кез келген облыс немесе қала әкімдігіне барған адам бас кіреберістің іші-сырты түгелдей дерлік камерамен жабдықталғанын, ғимаратқа кіреберісте металлдетектор, сканер және басқа да заманауи техникалар орнатылғанын жақсы біледі. Ал есік алдында тәулік бойы күзетшілер кезекшілік етеді. Енді сұрақ: осыншама қауіпсіздік жүйесі бар жерде қолына мылтық ұстаған адам қалайша көзге түспеген? Басқа-басқа, «Сайга-12» қалтаға сыйып кететін тапанша емес қой. Бейнебақылау орталығы операторларының негізгі міндеті – мегаполистің маңызды нүктелеріндегі ахуалды бақылау емес пе? Әкімдік күзетшілері қайда қараған? Тіпті, қолына қару ұстаған адамды көрген кездейсоқ жүргінші болса да, күдіктенбеуі мүмкін емес еді ғой. Әрі қарай кеттік. Күдікті жақыннан атса да, өз «миссиясын» орындай алмағаны, яғни оның не қару ұстап көрмегенін, не шын мәнінде өлтіруді мақсат етпегенін аңғартады. Аталған екі нұсқа да дөп келуі мүмкін. Шынын айтқанда, нағыз қастандық жасаймын деген адам үшін мұндай көпшілік алдында, ашық түрде кісі өлтіру әрекетін бір жағынан «ақылсыздық», екінші жағынан «батылдық» деп сипаттауға болады.
НЕ ҮШІН АТТЫ: ҚЫЗМЕТТІК ӘЛДЕ ЖЕКЕ БАСҚА ҚАТЫСТЫ МА
Ақпараттық кеңістікте қылмысқа түрткі болған жайт қызғаныш еді деген нұсқа кең тарады. Алғашқы сағаттарда мессенджерлер мен Telegram-арналарда бұл оқиғаның тұрмыстық сипатта екені туралы бейресми хабарламалар пайда болды. Берденов күдіктінің әйелімен жақын қарым-қатынаста болғаны туралы да айтылды.
Алайда әкім орынбасарының әріптестері бірден оның «моральдық бейнесін» қорғауға кірісіп, бұл нұсқаны көпшілік алдында жоққа шығарды.
Қазір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде шабуылдың себебі ретінде... күдіктінің әйелімен жақын қатынаста болған деген шындыққа жанаспайтын ақпарат тарауда. Бұл жалған ақпарат, – деп хабарлады Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шенеуніктер оқ атқан адамның жұбайы Берденовпен ешқашан таныс болмағанын жеткізгенін мәлімдеді. Берденовке жақын таныстары мен әріптестері де оқиғаның себептері туралы пікір білдіруге асықты.
Бұл оқиға Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты болуы мүмкін, – деп жазды Бейбіт Әлібеков өзінің Telegram-арнасында.
Ол сондай-ақ зардап шегушіге бұған дейін де қоқан-лоққы көрсетілгенін хабарлады.
Кейін «оқ атқан» адамның аты-жөні белгілі болғанда, Берденовтің кәсіби қызметіне байланысты қастандық жасалды деген нұсқа айқындала түсті.
Дегенмен Ulysmedia.kz редакциясының қолына 21 сәуірдегі ресми анықтама түсті, онда былай делінген:
20:30 шамасында, Шымкент қаласы әкімдігі маңында «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің маманы, 1994 жылы туған Жиенбай Ернар Жиенбайұлы 1985 жылы туған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берденов Руслан Арысбекұлына «Сайга-12» қаруымен үш рет оқ атқан. Күдіктінің айтуынша, оған себеп Берденов оның әйелімен (Алданова Л.С. 1995 жылы туған, жұмыссыз) жақындасуға тырысқан. Берденов ауруханаға жеткізіліп, оған «оң жамбас пен иығынан оқ жарақатын алған» деген диагнозы қойылды.
Әрине, тергеу барысында қандай да бір қорытынды жасау әлі ерте, дегенмен әділдік үшін айта кеткен жөн: Руслан Берденовтің әйелдерге әлсіздігі бар екені туралы әңгімелер бұрыннан айтылып жүрген. Тіпті, сымбатты әрі тартымды ер азамат бірнеше «отбасының» ойран болуына себепкер болған деген сөз де бар.
КӨШІП-ҚОНУҒА ҚҰМАР
Еске сала кетейік, Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне жақында ғана, ақпан айында, тағайындалды. Осы үшін ол депутаттық мандатымен қош айтысты.
Бұл шешімінің себебін ол Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында айтты.
Президент айтқандай, қазір тез әрі дұрыс шешім қабылдай алатын адамдар қажет, – деді Берденов. – Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан ең маңыздысы тиімді жұмыс істей білетін әрі сыннан қорықпайтын адамдар. Айтпақшы, мемлекеттік қызметкерлерде қандай мотивация бар? Бизнес саласында сен тәуекелге барасың, шешім қабылдайсың және пайда табасың. Мысалы, әкім ең көп дегенде 1–2 миллион теңге алады да, 1–3 триллион теңгенің жауапкершілігін көтереді. Оның шешім қабылдағандағы бір қателігі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Зор жауапкершілік жүктелген, бірақ соған сай жалақысын көтерсең, сын айтылады. Банктің топ-менеджері жылына 1 миллион долларға дейін табыс табуы мүмкін. Бірақ министрдің, бюджетке басшылық етіп, әлеуметтік мәселелерді шешетін адамның жауапкершілігі әлдеқайда жоғары. Ал жалақысы керісінше бірнеше есе төмен. Айырмашылық жер мен көктей.
Руслан Берденов бизнесті жайдан-жай айтып отырған жоқ. Оны депутаттық мандатына қарамастан, көбіне кәсіпкер ретінде атайтын. Kompra.kz базасының дерегінше, Берденов бірнеше компанияның құрылтайшылары қатарында болған.
Алайда қазіргі Шымкент қаласы әкімінің орынбасарының бизнестегі «серпілісі» Aq Niet Group холдингінен басталған, оған Europharma және Arzan Pharm дәріхана желілері, сондай-ақ жеткізу қызметі бар Emart «үй жанындағы» дүкендер желісі кіреді. Дегенмен Берденов ешқашан фармацевтикалық бизнестің иесі болған емес. Бізге белгілісі – Europharma және ArzanPharm брендтерімен жұмыс істейтін «Aqniet Group» ЖШС-нің бақылау кеңесінің төрағасы әрі жалғыз акционері олигарх Қайрат Итемгенов.
Ол туралы алғаш пандемиядан кейін ақпараттар пайда болды. Бірден «Форбс» тізімінің 17-орынына тұрақтап, 430 миллион доллар капиталмен Эдуард Огай, Дінмұхамед Ыдырысов секілді бизнес алыптарын артта қалдырды. Фармбизнесінен бөлек, Итемгеновтің басқа да активтері бар: мысалы, Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешені, «KBI Energy» ЖШС, «Satti Logistics» ЖШС, Алматыдағы Novotel Living және Ibis Style брендтеріндегі қонақүйлер кешені, Мәскеудегі Mövenpick және Pana қонақүйлері бар.
СЕРІКТЕС ПЕ, ӘЛДЕ КӨКЕСІ МЕ
Фармацевтикалық бизнеске келгенге дейін Итемгенов «Самрұқ-Энерго» аппаратына жетекшілік еткен. Алайда 2017 жылы Итемгенов өз қызмет аясын кеңейтіп, фармацевтикаға бет бұрады, ал 2018 жылы Дінмұхамед Ыдырысовтан Akniet Pharmaceuticals фармацевтикалық компаниясын сатып алып, оның жалғыз иесі әрі бақылау кеңесінің төрағасы атанады. Бұрынғы басшыдан Итемгеновке «мұраға» құнды кадр – Руслан Берденов қалады. Ол 2011-2018 жылдары компанияның бас директоры болған, кейін жаңа қожайынның сеніміне ие бола білгендіктен, «Akniet Pharmaceuticals» ЖШС-нің бақылау кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалады.
Берденов бұл тандемнің тарихын бір сұхбатында айтып берген: Akniet Pharmaceuticals компаниясына (1996 жылы Шымкентте құрылған) ол 2012 жылы компанияның іргетасын қалаушы әрі жалғыз акционері Марат Оразалиевтің шақыруымен келген. Компания сол кезде әрі қарай ауқымын кеңейту мақсатында инвестор іздеген.
Маратпен мен компанияға келмей тұрып-ақ таныс едім, – деп еске алады Берденов. – Біз жиі кездесіп тұратынбыз, бірде ол инвестор іздеп жүргенін айтты. Мен бұл туралы бауырым Арманға жеткіздім. Арман сол кезде Ordabasy group-тың негізін қалаушы Дінмұхамед Ыдырысовтың кеңесшісі болатын. Олар да инвестиция салудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып жүрген. Осылайша екі болашақ серіктес кездескен еді. Келісім аяқталып, белгіленген KPI-лар орындалған соң, маған компаниядағы менеджерлік үлес берілді, оны біз бауырымның үлесімен біріктірдік.
Ол сондай-ақ 2014 жылға дейін компанияда сатылым тек бөлшек сауда арқылы ғана жүзеге асқанын айтты.
Кейін басқа дәріханаларға да жеткізіле бастады. Сол тұста «СК-Фармациямен» жұмыс басталды, әуелі шағын көлемде, кейін ірі жобалар, эксклюзивті келісімшарттар пайда болды, – деп еске алады Руслан Арысбекұлы.
2018 жылы компанияның 100%-ы Қайрат Итемгеновке сатылды, барлық іс жаңа командаға тапсырылды. Сол уақытта мен АҚШ-қа қоныс аударып, бауырыммен бастаған жобаларды қолға алмақ болдым. Бірақ мені қайта командаға шақырды. Келіскен соң қайта оралдым.
Бәлкім, бұл шешіміне Берденов те, Итемгенов те өкінбеген шығар. Себебі бірнеше жылдан кейін олар қонақ үй-ресторан бизнесінде де серіктес болып, Қазақстан мен Мәскеуде бірқатар нысанды ашты.
БАС ТІГУ МЕ, БӘС ТІГУ МЕ
2023 жылдың наурызында Руслан Берденов Respublica партиясынан депутаттық мандат алды. Ол кезде Берденов Итемгеновтің Aq Niet Group компаниялар тобының бақылау кеңесіндегі жалғыз орынбасары ғана емес еді, бұл топқа Europharma және Arzan Pharm дәріханалар желісі, Arzan Market супермаркеттері, Emart үй жанындағы дүкендер желісі мен «Таза» табиғи өнімдер бренді кіретін. Сонымен қатар ол Aq Niet Group портфеліндегі бірнеше өзге компаниялардың да иесі немесе үлескері болған. Мәселен, Руслан Берденов Шымкенттегі Pana бутик-отелінің қосалқы құрылтайшысы болды. 2023 жылы бұл қонақ үй 5 млн теңге салық төлеп, алғаш рет 2,4 млн теңге пайда көрді. Сол жылдың соңында Берденов пен Итемгенов Мәскеуде де Pana қонақүйін ашты.
Берденов Түркістандағы ұлттық тағамдар мейрамханасы «Sandyq»-тың да үлескері болған. Компания екі жыл ішінде бюджетке 23 млн теңге салық төлеп, шамамен соншалық табыс тапқан. Бір сұхбатында топ-менеджер танымал блогерлер ашқан Salam Bro, Marmelad Bar, Zheka’s diner house сияқты ресторан жобаларына да инвестор екенін айтқан. Бұдан бөлек, Берденов «Jide» бренді аясында аң терісінен киім тігумен айналысқан. «Jide» ЖШС 2021 жылдан бері жұмыс істейді, бірақ пайдаға шықпаған, бюджетке жарты миллион теңгеден аз салық төлеген. Сондай-ақ Берденов Шымкенттегі Berrusso жиһаз дүкенінің жалғыз құрылтайшысы ретінде көрсетілген, алайда компания 2021 жылдан бері салық төлемейді. Оның кәсіпорындарының қатарында Esentai Mall-дағы «Бори Групп» ЖШС бутигі және астық саудасымен айналысатын «Golden Grain Trade» ЖШС бар (2022 жылдан бері 873 мың теңге салық төлеген, бірақ пайда таппаған). Соңғысын ол KazGrain ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Зейнолла Абдуманаповпен бірлесіп іске қосты.
Осындай ауқымды бизнес-жобалар портфелімен Руслан Берденов Мәжіліске қадам басты. Ел заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметке өткенде ол бұл бизнестерден бас тартуы тиіс болатын.
Берденовке жасалған қастандық оның халыққа қызмет ету жолындағы өзіндік принциптеріне, ішкі құндылықтарына әсер етуі мүмкін бе? Ол бұған дейінгі ұстанымынан бас тарта ма, әлде өз жолын жалғастыра ма, оны жақын арада білеміз. Былтыр жазда «Абу Даби Плаза» төбесінде суперқаһарманның плащымен тұрған Берденов бейнесі көпшілік ойын сан саққа жүгірткен. Кейін ол мұны басталып, аяқталмаған бір жоба ретінде түсіндірген еді. Сол суперқаһарман Берденов өз биігіне қайтадан шыға алар ма екен, әлде ол да «басталып, аяқталмай қалған сол жолғы жобадай» сиырқұйымшақтанып кетер ме екен, көпшілікті мазалайтын сұрақ – осы.