Соңғы жылдары энергетика саласында көп жоспарлар жасалды. Бірақ олардың көбінде болашақ туралы нақты, қарапайым түсіндірме бола бермейтін. Ал бұл жолы бәрі басқаша болды: ұрансыз, тек нақты сандармен, құбырлар қайда тартылатыны айтылып, ең бастысы – мұның бәрі қарапайым адамға не үшін керек екені түсіндірілді.
Ерлан Аккенженов Үкімет отырысында және кейінгі брифингте осыны айтты. Ол энергетика саласындағы күрделі жағдайды қарапайым етіп түсіндіруге тырысып бақты, деп жазады Ulysmedia.kz.
Трибунада газ туралы сөз қозғалды. Оның сөзінше, елдегі газбен қамту деңгейі – 62,4%. Бұл дегеніміз – 12,6 миллион адам үйінде көмір пеші немесе қатты отынмен жағатын қазандықтың орнына көгілдір отын жағып отыр деген сөз. 2024 жылға арналған бюджет пен «Самұрық-Қазына» қорынан 112,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат 84 жобаға жұмсалады. Осы жобалардың арқасында тағы 71 елді мекенге газ тартылады.
Алайда газдануға қатысты сандар әдемі көрінгенімен, мұның құны қандай деген сұрақ туындайды. Министр Ерлан Ақкенженов осы жерде «Әлеуметтік әмиян» туралы еске салды. Батыс Қазақстан облысы мен Шымкентте 9,4 мың отбасы осы жоба аясында 24%-ға дейін газға жеңілдік алған. Пилоттық жоба сәтті деп танылып, енді оны бүкіл ел бойынша енгізу жоспарда бар.
Ақкенженов газ бәрі үшін ұзақ уақыт бойы арзан бола алмайтынын да ашық айтты. Себебі қазір әрбір 1000 текше метр газға ұлттық оператор 10 мың теңгеден астам субсидия төлейді. «Әлеуметтік әмиян» – газ қымбаттаған жағдайда жәрдемге мұқтаж адамдарға бұл ауыртпалықты жеңілдету амалы.
Бірақ елді одан әрі газбен қамту үшін, сонымен қатар әлеуметтік әлсіз топты қолдау үшін газдың өзі қажет. Көп газ керек. Сондықтан министрлік жерасты қорына назар аударып отыр. Жоспарда 535,5 миллиард текше метр газ потенциалы бар 15 жаңа учаске бар. Chevron және басқа да ірі инвесторлармен әріптестік – бұл жоспардың салмақты екенін көрсетеді.
Алайда газды өндіру жеткіліксіз – оны тұтынуға дайын өнімге айналдыру керек. Сол себепті 2030 жылға дейін Кашағанда, Қарашығанақта және Жаңаөзенде төрт жаңа газ өңдеу зауыты іске қосылады деп жоспарланған. Себебі жаңа кен орындары мен жаңа зауыттарсыз бүкіл газдандыру мен транзит жоспары тек қағаздағы әдемі жоспар күйінде қалуы мүмкін.
ТРАНЗИТТІК БАҒЫТ
Қазақстанда газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанымен, елдің солтүстігі мен шығысы әлі де қамтылмай отыр. Бұл — газдандыру картасындағы екі үлкен ақтаңдақ. Кейінгі брифингте министр Ерлан Аккенженов осы мәселеге қатысты екі ықтимал жолды атап өтті.
Бірінші жол — Ресейден газ әкелу. Жылына 10 миллиард текше метрге дейін газ жеткізуге болады. Бұл бағытта шекараға дейінгі құбыр дайын, қысым берілген.
Екінші жол — «Сарыарқа» газ құбырын ары қарай жалғастыру. Яғни жобаның үшінші және төртінші кезеңін іске асырып, құбырды Ақмола облысы арқылы Шығыс Қазақстанға дейін тарту. Министрдің айтуынша, бұл екі жоба бір-бірімен бәсекелес емес, керісінше, қатар жүзеге асады.
Ал ресейлік газды Қытайға транзиттеу мәселесі одан да қызық. Қазір Ресей бұл газды Моңғолия арқылы өткізу идеясын ұсынуда. Бірақ Ақкенженов ашық айтып отыр: Қазақстан аумағы арқылы өтетін маршрут – ең тиімді жол. Бұл жай ғана логистика емес, стратегиялық келіссөздер мен шешімдерді қажет ететін маңызды қадам.
БРИФИНГ ЖӘНЕ ЫҢҒАЙСЫЗ СҰРАҚТАР
Презентация аяқталғаннан кейін, журналистердің брифингке келудегі басты себебі басталды – қысқа, бірақ өткір сұрақтар легі қойыла бастады. Бірінші көтерілген тақырып – Атырау мұнай өңдеу зауытының ресейліктерге сатылуы мүмкін деген әңгіме. Бұл туралы энергетика министрі қысқа ғана жауап берді:
«Министрлікке ешқандай құжат түскен жоқ. Мәмілені растай алмаймын».
«Татнефть» туралы қауесет сол күйі қалды, нақты жауап айтылмады.
Келесі сұрақ – жанармай бағасы. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздықты ескерсек, орынды сұрақ: егер мұнай бағасы күрт өссе немесе түссе не болады? Министр:
«Тікелей байланыс жоқ. Баға ел ішінде қалыптасады, үш мұнай өңдеу зауыты ішкі сұранысты қамтып отыр», – деп сендірді.
Шынында да, Brent бағасы мен Қазақстандағы бензин бағасының графиктері үнемі бір-біріне сай келе бермейді. Бірақ жүргізушілер арасында әлемдік бағаға қарап үйреніп қалған көзқарас әлі сақталған сияқты.
«Жасыл» энергетика тақырыбы да назардан тыс қалмады. Қаңтарда іске қосылған «Гиперборея» жел электр станциясының арқасында Қарағанды облысы ұлттық ЖЭК картасында өз орнын алды. 2024 жылы жаңартылатын энергия көздері 7,6 млрд киловатт-сағат өндірген – бұл жалпы көлемнің 6,43%-ы. 2025 жылдың соңына дейін тағы тоғыз станция іске қосылып, 455 мегаватт қуат қосылады. Сонымен қатар, 1810 мегаватт болатын жаңа жобаларға рекордтық аукцион өткізу жоспарланған.
Бірақ кез келген әдемі стратегия тариф мәселесіне келіп тіреледі. Жақында электр энергиясы тарифінің өзгеруі халық арасында көп талқыланды, ал күн мен желден өндірілген қуаттың жетістіктері назардан тыс қалды. Ақкенженов бұл туралы жасырмай, нақты айтты:
- ЖЭО мен желілердің тозуы 60%-дан асты, ал жөндеуге қаражат болмады. Тарифтің өсуі жөндеу қорын 44%-ға көбейтіп, 327 миллиард теңге қосты. Соның арқасында биылғы жылыту маусымы үзіліссіз өтті, – деді ол.
Соңғы сұрақ – Ұлттық қор мен «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры туралы.
Журналистер: «Болашақ ұрпақтың қаржысын неге пайдаланамыз?» – деген сұрақ қойды.
- Өйткені бұл – 124 мың адамның өмір сапасына жасалған инвестиция. Арзан әрі экологиялық таза отын, жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары, деді министр.
Ұлттық қордан бөлінген қаражат құбырларға айналады, ал бұл – Жетісу тұрғындары үшін маңызды. Министр бұл жобалардың коммерциялық тиімділігіне ғана емес, әлеуметтік маңызына назар аудару керек екенін айтты. Өйткені мұндай жобаларды Excel кестесіне сыйғызу мүмкін емес, деді министр.
ҚОРЫТЫНДЫ ОРНЫНА СТРАТЕГИЯ
Энергетика министрінің жаңа (немесе кезекті) тағайындалғанына қарамастан, оның журналистермен сөйлесу стилі нақты әрі ашық болғаны сезілді. Сылдыр судың орнына – фактілер, жалпылама уәделердің орнына – сандар мен мерзімдер. «Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз» немесе «жоспарлар жүзеге асады деп сенеміз» деген сөздер айтылмады. Оның орнына нақты бағыттар, қаржы көлемі, мерзімдер, тіпті тарихи даулы тақырыптар – тарифтер мен активтердің сатылуы – ашық түрде көтерілді. Мұндай байланыс форматы сақталып қалса екен деген үміт бар.
Әрине, презентация мен шынайы жағдайдың арасында бюрократия, қаржыландыру және саяси шешімдерге толы кең алқап жатыр. Бірақ ең маңыздысы – министрлік бұрын бытыраңқы болып көрінген жобаларды біртұтас логикалық тізбекке біріктіре алды: ұңғымадан тақтаға дейін, бензин бағасынан ЖЭО реформасына дейін, жел электр станцияларынан МӨЗ-ге дейін. Бұл дегеніміз – стратегия бар, және ол жәй шашыраңқы жобалар жиынтығы емес, нақты бағытталған жоспар.
Ал енді сол жобаларға дұрыс қадам жасау – алдағы айлар мен жылдардың басты міндеті.