Қазір Үкімет шетел компанияларын Қазақстанның пайдалы қазбаларын игеруге белсенді түрде тартып жатыр. Тәуелсіздіктен кейін жасалған мұнай келісімшарттарын еске алсақ, жаңа инвесторлар да біздің жер қойнауымыздан шаш-етектен пайдаға кенеліп, ақыр соңында өзіміз жүген ұстап қалмаймыз ба деген сұрақ туындайды. Ulysmedia.kz бұл материалда осы мәселеге тереңірек үңілді.
ЖАЙЫЛЫП ЖАСТЫҚ, ИІЛІП ТӨСЕК БОЛАМЫЗ БА
Жуырда сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Кувейтте өткен министрлер жиынында Парсы шығанағындағы елдерді Қазақстанның табиғи байлығын игеруге шақырды. Ол елімізде шамамен 46 трлн доллар тұратын 5 мыңнан астам кен орны бар екенін айтты. Майлы жілікке кім қызықпайды, мұндай дархан ұсынысқа Таяу Шығыс елдері елең етпей қалмасы анық.
Соңғы жылдары шетелдік инвестиция тарту үкіметтің салық мөлшерлемесін көтеруден кейінгі негізгі міндеттерінің бірі. Бұл – президент тапсырмасы. Осы бағытта жұмыс жүргізілуде: былтыр ғана Қазақстанға Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия, Канада және Аустралиядан 15 шақты компания келді. Мақсаты – геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, кейін жер қойнауын игеру. Яғни кім не тапса, соны өзі игереді және сатады. Бұл қандай келісімшарттармен жүзеге асады деген сұрақ туындайды?
Болашақ келісімшарттар мен Қазақстанның өндірілген шикізатты сатудан алатын үлесі туралы үкімет әзірге ашық айтпай отыр. Дегенмен тартылған инвестиция сомалары жайында ақпарат бар.
2024 жылы өткен аукциондардың нәтижесінде бюджетке түскен жалпы қаражат 5,7 млрд теңгеден асты. Бұдан бөлек, биыл 29 қаңтарда өткен 21 кен орнын аукционда жеңіп алғандардың қол қойған бонусының жалпы сомасы 20 млрд теңге, – деп хабарлады жауапты министрлік.
Инвесторлар өз шығынын шикізатты өндіру мен сатудан артығымен қайтарады және келісімшарттар негізгі табыстың басым бөлігі шетелдік компанияларға түсетіндей жасалуы мүмкін. Қазақстанда бұл кен орындарын игеруге қажетті мамандар да, технология да жоқ. Мұндай жағдай тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да болған. Қазақстан сол кездері шетелдіктерді мұнай өндіруге шақыруға мәжбүр болды және олар қырық жылға таяу уақыт бойы табыстың басым бөлігін алып отыр.
КЕЛІСІМШАРТТАР КІМГЕ КӨБІРЕК ТИІМДІ
Мұнай өндіретін шетелдік компанияларға қатысты Өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) құпия сақталады. Депутаттар бұл келісімдердің шарттарын жария етуді талап еткенде, үкімет «екінші тараптың келісімінсіз құқығымыз жоқ» деп жауап берді. Ал екінші тарап, әрине, келіспейді. Мүмкін шындық ешкімге ұнамайтын болғандықтан шығар. Себебі бұл жағдайда үкіметке ӨБК мерзімін ұзартудың мәні туралы немесе бұл келісімдерді халықаралық соттардағы құқықтық қиындықтар мен инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне қарамастан бұзу қажеттігі жөнінде нақты сұрақтар қойылуы мүмкін.
Дегенмен ірі мұнай кен орындарындағы Қазақстанның мұнай сатудан алатын үлесіне қатысты деректер кейде жария болып жатады. Мысалы, халықаралық журналист-тергеушілер консорциумы (ICIJ) Қашаған кен орнындағы шетелдік компаниялармен болған сот процестері туралы материалында Қазақстан бұл кен орнындағы мұнай сатудан бар-жоғы... екі пайыз ғана алады деп көрсеткен. Тергеушілер арбитраж құжатынан үзінді келтірген:
Қазақстан Республикасы, сондай-ақ кез келген ықтимал айыппұл көлемі контексте қаралуы керек деп мәлімдейді, өйткені қазіргі кезде Мердігер [NCOC] мұнай өндіруден түскен таза табыстың 98%-ын алады.
Мақалада сондай-ақ Energy Insight & Analytics (EXia) аналитикалық компаниясының мәліметтері келтіріледі. Олардың есебіне сәйкес, 2016-2023 жылдар аралығында Қазақстан Қашаған жобасы бойынша пайда бөлу механизмі арқылы 1,1 млрд АҚШ долларын алған. Жалпы осы кезеңде EXia мәліметтері бойынша, Қазақстан Қашағаннан мұнай сатудан, салықтар, роялти және басқа төлемдерді қоса алғанда, 5,4 млрд АҚШ долларынан астам табыс алған. Осы аралықта NCOC арқылы сатылған мұнай көлемі шамамен 55 млрд долларды құраған.
Өз кезегінде Halyk Finance сарапшылары былай дейді:
Республиканың мұнай өндіруі әлемдік энергетикалық баланста маңызды орын алады, әлемдік өндірістің шамамен 2%-ын құрайды. Алайда жан басына шаққандағы көмірсутек экспортынан түсетін табыс Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда өте төмен – 2,5 мың доллар. Мысалы, Әзірбайжанда бұл көрсеткіш 3 мың доллардан асады, Сауд Арабиясында – 15 мың доллар, Норвегияда – 37 мың доллар, БАӘ-де – 64 мың доллар, ал Катарда – 321 мың доллар.
ИНВЕСТОРЛАР ОЛЖАДАН ҚАҒЫЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ
Қазақстанның мұнайдан түсетін табысын арттыру үшін ел басшылығы ештеңе істемей отыр деуге болмайды. 2024 жылдың қаңтарында президент Тоқаев үкіметке Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған бойынша шетелдік инвесторлармен келісімшарттарды ұзарту жөніндегі келіссөздерді жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ ӨБК-ні (өнімді бөлу туралы келісімдерді) Қазақстан үшін тиімдірек шарттармен қайта жасасу жолдарын қарастыруды тапсырды. Өйткені өткен ғасырдың соңынан бері елде технология да, маман да көбейді, яғни теориялық тұрғыдан Қазақстан мұнайды шетелдіктерсіз де өндіре алады деген үміт бар.
Бұған қоса, пайдалы қазбаларды өндіру бойынша мұндай келісімшарттардың талаптарын қайта қарау тәжірибесі жоқ емес. Мысалы, француздық Orano компаниясы қатысатын «Катко» БК-сының уран өндіруге арналған лицензиясы 2017 жылы 2039 жылға дейін ұзартылды. Бұл пролонгация шартында 2022 жылдан бастап қазақстандық тарапқа кірістің 60%-ы тиесілі болатыны көрсетілген. Канадалық Cameco компаниясымен бірлескен «Инкай» кәсіпорнының келісімшарты да 2016 жылы 2045 жылға дейін ұзартылып, «Қазатомпромның» үлесі 40%-дан 60%-ға дейін өсті. Алайда мұндай мысалдар сирек кездеседі.
Үкіметтегі дереккөзіміздің хабарлауынша, 2023 жылдан бастап келісімшарт мерзімі аяқталуға жақын шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздерді жандандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл келіссөздердегі басты тақырып – шикізатты сатудан түсетін табыстағы Қазақстанның үлесін ұлғайту. Дегенмен мұндай өзгерістерге шетелдік компаниялар аса құлықты емес сияқты. Ranking.kz аналитикалық есебіне сәйкес, былтыр тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30%-ға қысқарған. Бұл жағдайдың басты себебі: 2023 жылы шетелдік инвесторлар Қазақстандағы жобаларын дамытуға 6,5 млрд доллардан астам қаржы құйған болса, былтыр олар өз активтерін ел экономикасынан шығарумен ғана шектелген.
Қазақстанның жер қойнауын өз бетінше игере алмауы тек мамандар мен технологиялардың жоқтығынан емес. Мұнда қаржылық фактор да үлкен рөл ойнайды. Кен орнын барлаудан өндіріске дейін жеткізу ондаған миллиард доллар инвестицияны талап етеді. Егер үкімет президенттің тапсырмасын орындай алмай, жаңа жер қойнауын пайдаланушылармен елдің қаржылық мүддесі бірінші кезекте ескерілетін келісімшарттар жасай алмаса жағдайымыз қиын. Әсіресе шикізат қайтарымы өте төмен болу қаупі жоғары кезде мұндай шығынды ел көтере алмайды және бұл жағдай әлі де ұзақ уақытқа жалғасуы мүмкін.