2025 жылы 25 сәуірде YouTube-тағы «Два метра» арнасында актер Шәріп Серіктің сұхбаты жарияланды. Ол лифт ішіндегі қызға шабуыл жасаған видеодан кейін қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап, «аласталған» тұлғаға айналған еді. Сұхбатты танымал блогер және репутациялық кеңесші Әлішер Елікбаев жүргізді. Жобаның мақсаты айқын болатын: актерге өз нұсқасын баяндауға, жария түрде өкінуге және абыройын қалпына келтіруге мүмкіндік беру-тін. Алайда бұл жоспар іске аспады. Жағдай соншалықты сәтсіз өрбіп, енді хейтерлердің қатты сыны тек Шәріпке емес, Әлішердің өзіне де тиіп жатыр. Ulysmedia.kz тілшісі сұхбаттың неге көздеген мақсаттан бөлек кері әсер туғызғанын талдап көруге тырысты.
Сұхбат барысында Шәріп Серік қызбен арадағы жанжал күрделі қарым-қатынастар мен жиі болатын ұрыс-керістің салдарынан туғанын айтты. Сөзінше, екеуінің арасында өкпе-реніш қордаланып қалған, оған қоса қаржылық жайттар да мәселелерді ушықтырып жіберген. Актердің сөзіне сенсек, ол 8 ақпанға қараған түні өз-өзін ұстай алмай, Әлия Бутееваның қолынан дөрекі түрде ұстап қалған. Кейін ұзақ сөйлесіп, татуласуға тырысқан. Алайда бойжеткен бәрібір де оқиғаның видеосы мен денесінің көгерген жерін көрсететін суреттерді жариялап кеп жіберген.
Осы кадрлар тарағаннан кейін Шәріпті барлық жерден жаппай "аластау" басталды: келісімшарттар бұзылып, актер жобалардан шеттетілді, қатысқан фильмі де көрсетілмей қалды. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Осдыан кейін ол сұхбатқа келіп, болған жайтқа қатысты өз нұсқасын баяндамақ болған. Алайда қоғам бұл сұхбатты да түрлі көзқараста қабылдады.
Көпшілік актердің жасаған әрекеттері үшін терең өкініш білдіріп, өз ісінің салдарын толық мойындайды деп күтті. Бірақ көрерменнің бір бөлігі оның сөзін өзін жәбірленуші етіп көрсетуге тырысқандай қабылдады. Әсіресе "ол менің тауымды шақты" деген сөздері жұрттың ашу-ызасын туғызды. Көптеген пікір жазушының ойынша, Шәріп өзінің әрекетінің ауырлығын әлі де толық түсінбеген.
Әлішер Елікбаевтің "бұл менің жаңа курсымның қыздыруы еді", "соңғы 15 жылда мені екі рет "аластады"" деген сарындағы әзілі де сынға ұшырады. Қоғам өкілдері мұндай тұрмыстық зорлық тақырыбына жеңіл-желпі қарауды орынсыз деп санады.
Әлеуметтік желілерде екеуінің сұхбаты жайлы былай жазылып жатыр:
Өз кезегінде gullllzira атты адам былай дейді:
Шәріп Серіктің Елікбаевқа берген сұхбаты бір нәрсені анық көрсетті: көптеген ер азаматтар әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың мәні мен ауыр зардабын әлі де толық түсіне алмай келеді. Кейбір шекаралар бар — сол шектен асқан кезде сөз бостандығы надандық пен қатыгездікті ақтаудың құралына айналып кетеді.
madina_sariyeva оған былай үн қосты:
Әлішер Елікбаев нарцисс, адамның сана-сезімін мұндайларға түсіндірудің түк мән-мағынасы жоқ."
Кейбір пікір жазушылар Әлішердің пікірлердегі реакциясы мен кейінгі жарияланымдары жағдайды одан әрі ушықтырғанын атап өтеді. Даулы жағдайға қатысты айтылған әзілдер мен қоғамды "жалмауыз кемпір іздеген топқа" теңеген айыптаулар көпшілікке бұл мәселенің мәнін мүлде түсінбегендей әсер қалдырған.
Мұндай даудан кейін актерлік мансапты қайта қалпына келтіру мүмкін бе? Соны анықтау үшін біз белгілі қазақстандық режиссер Талғат Жәнібековке хабарластық.
Актер ретінде ол өз бетінше – жалғастыра ма әлде жоқ па - өзі шешеді. Бірақ, менің ойымша, енді оның көрермені бола қоймайды. Қоғам оған қатты ашулы, сондықтан актерлік мансапты жалғастыру мүмкін емес деп есептеймін. Дегенмен, басқа мысал да бар. Ол – Марат Башаров. Ол да дауларға іліккен, бірақ әлі де киноиндустрияда қалай да жұмыс істеп жүр, — деп түсіндірді ол өз пікірін.
Сұхбат жөнінде кәсіби медиасала өкілдері де пікір қосып, өз бағасын берді. Журналист әрі коммуникациялар маманы Дана Саудегерова өзінің постында Әлішер Елікбаев пен Шәріп Серік арасындағы әңгіме форматын журналистік сұхбат деп атаудың қиын екенін атап өтті.
Сұхбат алушы субъективті, бейтарап емес, үнемі эвфемизмдерді қолданады – бұл сұхбатты журналистика жанры ретінде қарастыруға болмайды, — деп жазды ол.
Саудегерованың пікірінше, екеуі көрермендерді бірден ескерту керек болған, яғни Әлішер мен Шәріп дос екенін, сұхбат бастапқыда бейтарап болмайтыны туралы хабарлау әділірек болар еді.
Аудиторияға адал әрі ашық болу — олармен қырғи-қабақ болудан және әзілдеп жүруден әлдеқайда тиімді позиция. Әлішердің стратегиясы қандай екенін білмеймін, бірақ менің оған деген көзқарасым теріс, — деп жазды ол.
Осылайша, медиа мен пиар саласындағы кәсіби мамандардың өздері бұл сұхбатты түсінбей қалды. Көп адам тек Шәріпті емес, сұхбатты ұсыну тәсілін де сынап жатыр. Көптеген журналистер мен коммуникация мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына жауапкершілікпен қарау керектігін айтып отыр.
Көрерменнің көбі Шәріптен сұхбатта өз кінәсін ашық мойындап, болған оқиғаның ауырлығын толық түсінгенін айтатын сөздерді күтті. Алайда оның орнына актер өзін қорғауға тырысты. Ол өз сезімдері мен өзіне қалай зиян тигенін көбірек айтып кетті.
Адамдар осындай жағдайда қарапайым және адал мойындауды күтеді: «Мен қателестім, мен кінәлімін». «Бірақ», «басқалардың да кінәсі бар» деген сөздерді естігенді қаламайды. Сол сөздер қалай айтылғаны да маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтқанда әзіл немесе күлкі орынсыз. Өйткені бұл Қазақстан қоғамы үшін ауыр әрі өте өзекті тақырып.
2024 жылы Қазақстан полициясына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шамамен 100 мың арыз түскен. Оның 80%-ы әйелдерге қатысты болған. Сол жылдың өзінде тұрмыстық зорлықтан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған.
Бұл жай ғана құрғақ сандар емес. Олардың артында тауы шағылған қаншама адамның тағдыры тұр. Мұндай жағдайда зорлық-зомбылық туралы жеңіл-желпі айтқан кезде өкінбеген адамды қоғам жеке қорлау ретінде қабылдайды.
Шет елдердегі осыған ұқсас оқиғаларға қарап, абырой мен беделді қалпына келтіру жолының сирек жағдайда жылдам әрі жеңіл болатынын көруге болады.
Мысалы, Джонни Депп Эмбер Хёрд тарапынан айтылған айыптаулардан кейін тағдырының үлкен сынымен бетпе-бет келді. Оны ірі жобалардан, соның ішінде «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмінен шеттетіп тастады. Осыдан кейін ол ұзақ уақыт бойы сұхбат бермеді, қоғамды сол үшін ашық түрде айыптамады да. Оның орнына ол сот процесіне назар аударып, оқиғаның өз нұсқасын ресми түрде қорғауға тырысты. Тек сот оның пайдасына шешім шығарғаннан кейін ғана киноиндустрияға қайта оралды.
Тағы бір мысал — Крис Браун. Рианнамен болған оқиғадан кейін ол жұртшылық алдында кешірім сұрап, әлеуметтік жобаларға қатысты. Бірақ қоғамның бір бөлігі оны бәрібір қабылдамады.
Мел Гибсон өз дауларынан кейін басқа жолды таңдады — ол жай ғана көлеңкеге кетіп қалды. Бірнеше жыл бойы сұхбат бермей, жұрт алдында ақталмай, кейінірек жаңа жобалар арқылы қайта оралды.
Бұл оқиғаларға назар аударғанда бір нәрсе айқын байқалады: даудан кейін сенімді қайта қалпына келтіру үшін тек «мен бәрін түсіндім» деп айту жеткіліксіз. Уақыт және нақты әрекеттер қажет. Репутацияны бір сұхбатпен қалпына келтіру мүмкін емес — тек өзіңмен жұмыс істеп, нақты өзгерістер жасаған кезде ғана жағдайды сәл де болсын ретке келтіре алуың мүмкін.
Сұхбат жарыққа шыққаннан кейін Қазақстанда әлі күнге дейін репутацияны қалпына келтірудің нақты жолдары түсініксіз екені байқалды. Тек эфирге шығып, өз нұсқаңды айтып, бәрі болған жайтты ұмытады деп күту жеткіліксіз.
Сұхбат жөнінде өз пікірін журналист Динара Тұрсынова да білдірді. Ол мұндай сұхбаттар тек зорлық-зомбылық құрбандарына зиян келтіріп қана қоймай, бұл құбылыспен күресудегі қоғамдық күштерді бұзатынын айтады.
Медиалар немесе блогерлер зорлық-зомбылықты ақтау үшін алаңға айналатын болса, олар заңға, моральдық нормаларға және адамгершілікке қарсы шығады, — деп жазды ол өз Facebook парақшасында.
Тұрсынова «аластау мәдениеті» осындай жағдайларда тек қудалау емес, зорлық-зомбылықтың нормализациясынан қоғамды қорғау деп есептейді.
Зорлық-зомбылықты ешқашан ақтауға болмайды. Қандай да бір жағдайларда да емес. Бұл әрекетті жасаған әр адам бұзылған өмірлер үшін кінәлі. Әрбір мұндай сұхбат — бүгін үнсіз отырған, айыптаудан қорқып, сөз айтпайтын барлық жәбірленушілерге соққы. Бұл барлық зорлаушыларға сигнал: оларды қолдайтындар бар және, қажет болса, оларды да ақтап алады (ақша үшін, иә, ақша үшін, иә), ал жәбірленушілерге: «Сенің сөзіңе ешкім сенбейді, сені айыптайды» дегісі келеді. Бұл қорқынышты.
Тұрсынова атап өткен «аластау мәдениеті» тек кек алу немесе қудалау емес. Бұл зорлық-зомбылықтың нормализациясынан қоғамды қорғау тәсілі. Бұл біздің шекарамыз бар екеніне сигнал. Біз әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың ақталуына жол бермейміз. Басқа адамға қол көтерген адам қайтадан қолдау таппайды, — деп ескертті журналист.
Қорытындылағанда, жай ғана «кешіріңіз» деп айту қазір жеткіліксіз. Жұртшылық тек адам өз кінәсін түсініп, өзгергенін ісімен дәлелдегенін қалайды. АҚШ-тағы дағдарыс жағдайлары бойынша сарапшы Джуди Смит, ол ең ірі даулармен жұмыс істеген, осыны былай түсіндіреді:
Егер сіз жаман іс жасаған болсаңыз, дереу ашық мойындауыңыз қажет. Өзіңізді ақтауға немесе кінәні басқаға жабуға тырыспаңыз.
Егер қателік жасасаңыз, ашық түрде айтқаныңыз жөн. Бұл әрекетті неғұрлым тезірек жасасаңыз, соғұрлым сіздің қандай да бір құрметіңізді сақтап қалу мүмкіндігі жоғары болады.
Кешірім шынайы болуы керек.
Әлеуметтік желілерде бірқатар пост жазып, шын жүректен кешірім сұрау мүмкін емес. Шынайы кешірім — бұл жүректен айтып, зиян тигізгеніңізді мойындап, өзіңізді ақтауға тырыспау.
Сөзден кейін әрекет болуы керек.
Тек сөз жеткіліксіз. Сіз өзіңіздің қателігіңізді түсінгеніңізді және өзіңізбен жұмыс істеп жатқаныңызды ісіңізбен көрсетуіңіз керек.
Қарапайым сөзбен айтқанда: мойындап, кешірім сұрау, өзгеруді бастау. Сөз арасында «бірақ» деген сөзді қосқан жараспайды.