Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
СОТТАЛУШЫЛАРДЫ ВИДЕОҒА ТҮСІРГЕН КІМ
5 мамырдағы сот отырысы айыпталушы тарап өкілдерінің наразылығынан басталды. Сотталушылардың ата-аналары адвокат Мейірман Шекеевпен бірге еріп келген мобилографты шығарып жіберуді талап етті. Олар сотталушылардың тик-токта сот залынан күліп шығып бара жатқан сәтін сол жігіт түсірді деп санайды. Алайда мобилограф жігіт мұны жоққа шығарды. Судья сотқа қатысып жатқан журналист, мобилографтарға ескерту жасады.
ӨЗІН ТҮСІРУГЕ ТЫЙЫМ САЛҒАН КУӘГЕР
Осыдан кейін куәлердің бірі, Талғар қаласының тұрғыны Сәкен Әкежанов тыңдалды. Ол өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Әкежанов оқиға болған күні мылтық дауысын естігенін, бір адамды бір топ адамның соққыға жыққанын көргенін айтты. Бірақ олардың кім екенін білмеймін деді.
Айыпталушылардың өкілдері куәнің тергеу кезіндегі жауабына сілтеп, «оқиға болған күні бір топ адам соққыға жығылған адамның қолындағы затты тартып алып, өзін сол затпен ұрды» деген жауапқа тоқталды. Әкежанов адвокаттардың «ол мылтыққа ұқсас зат па?» деген сұрағына «білмеймін, байқаған жоқпын» деп жауап берді.
«ҚАН, ОҚ ЖӘНЕ КІЛТ»
Бүгінгі сот отырысында жауап берген куәлердің бірі Данияр Жанболатұлы оқиға болған жерден қан, оқ және кілтті көргенін айтты.
Ол оқиға болған күні «Қамажай» дүкеніне барған. Сол жерде марқұм Шерзат Полаттың достарын көрген. Олардың бірінің басы жарылған.
– Біз сол жерге келгенде көршілеріміздің бірі ешнәрсеге тиіспеңдер деді. Полиция келген кезде кілт пен оқ сол жерде жатты. Оны кімдердің алғанын көрген жоқпын, – деді Данияр Жанболатұлы.
Ал оның ағасы, іс бойынша тағы бір куә Дарын Жанболатұлы оқиға болған күні «Қамажай» дүкенінің алдында жерде екі жігіттің жатқанын көрген. Сөзінше, кейіннен оларды туыстары көлікке отырғызып, алып кеткен.
– Жерде екі адам жатты. Олар екеуін көтеріп, бірін көлікке отырғызды. Екінші адамның қайда қалғанын көрген жоқпын... Екі оқты әйел адам алып, сол көлікке мініп кетті, – деді ол.
МЫЛТЫҚ АТУДЫ БҰЙЫРҒАН БЕЛГІСІЗ АДАМ
Наргиза Незамединова оқиға болған күні қызыл қалпақ киген, арықтау келген адамның Шерзатты ұрып жатқанын көргенін айтты. Сөзінше, төбелеске қатысқандар арасында әйел адам болған.
– Шерзаттың анасы «балам, балам!» деп оның денесін жауып жатты. Олар айқайлағанына қарамады. Ұруларын жалғастырды... Мен жақындағанда Шерзат тірі болды. Көлікке салғанда демалып жатты, – деді Незамединова.
Наргиза оқиға болған күні «[мылтықты] ат» деп айқайлаған адамды көрген. Бірақ мылтықтың дауысын естімеген, «ат» деп айтқан адамның түрін нақты аңғармаған.
– Ол «ат» деп айтты. Сосын жәй тұрды. Сосын мен үйден жүгіріп шықтым. Одан кейін оны көрмедім, – деді ол.
Бұған дейін сот процесінде айыптау актісін оқыған прокурор мылтықты кімнің әкеліп, оқты кімнің атқаны тергеуде анықталмағанын айтқан.
Ал айыпталушы тараптың куәлері, оқиға орнында сотталушылармен бірге болған Эльмира Нұрбекова мен Әділ Тілеубекұлы мылтықты атқан марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев екенін айтқан.
– Мылтық ұстаған адам сұр машинадан шықты. Сақалды, кепка мен қара шалбар, сұр киім киген Нұрқанат Ғайыпбаев жоғары жаққа қарай атты. Одан кейін қаңғыған оқ тиіп кетпесін деп ол жерден кетіп қалдық, –деген Әділ Тілеубекұлы сотта берген жауабында.
«ҚЫСЫМ КӨРГЕН» СОТТАЛУШЫ
Бүгінгі сот барысында айыпталушы Әскентай Дарханның қорғау тарапы сотқа өтінішхат түсірді. Ол Әскентайға тергеу кезінде қысым жасалғанын айтып, оқиға болғаннан кейін оны қараған дәрігерлерден жауап алу үшін сотқа шақыруды сұрады. Сот өтінішхатты ашық қалдырды.
– Марқұм Шерзат Полат Әскентай Дарханның бет тұсына соққы жасаған дерегі бойынша Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасында медициналық тексеріс өткізілген... Талғар аудандық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктер күдікті Әскентай Дархан тергеу кезінде толыққанды жауап бере алмаған. Сонымен қатар, Әскентай Дарханның денсаулық жағдайын ескермей, барлық сот тергеуі амалдарын заңсыз әрі қысыммен өткізген. 28 күн бойы ешқандай ем көрсетпеген... Көзінің астындағы сүйегі сынып, көзі іріңдеген Әскентай Дархан Талғар аудандық полиция бөлімінен Қонаев қаласының полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына ауыстырылған кезде Әскентай Дарханға бірінші болып Қонаев қаласының ауруханасына алып барып, медициналық көмек көрсеткен уақытша ұстау изоляторының басшысын сотқа шақыруды, куә ретінде қосымша жауап алуды сұраймын, – деді адвокат Ержанов
ТЕРГЕУДЕГІ ЖӘБІРЛЕНУШІ МЕН КУӘГЕР ҚАЙШЫЛЫҒЫ
Түскі үзілістен кейін жәбірленуші деп танылған марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен іске куәгер ретінде қатысып жатқан Самат Абдықадыр арасындағы тергеуде болған беттестіру кезіндегі видео көрсетілді.
Видеода Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні жанжалға қатысушыларға Самат Абдықадыр нұсқау жасап, «делайте» деп айтты дейді.
– [Нұрқанатпен сөйлесіп тұрғанда] осының ауызынан шықты, «мен шалмын ғой, мен төбелеспеймін, мен үшін жігіттер төбелеседі» деді. Мен төбелес болатынын сезіп, магазинге кіріп, телефонмен звондап жатқанымда мынау [Самат Абдықадыр] «делайте» деді. Кіргенімде аналар төбелес бастап жіберді, – дейді Қаржаубай Нұрымов видеода.
Бірақ бейне жазбада Самат Абдықадыр оны жоққа шығарады. Төбелеске қатысушыларды танымайтынын, ешқандай нұсқау бермегенін айтады.
– «Делайте» деген сөзді мен мүлде айтқан жоқпын. Себебі ол адамдарды мен мүлде танымаймын және де камерадан қарасаңыздар да болады. Біз дүкеннің ішінде тұрған кезде «кабан» автокөлігі біздің артымыздан келіп қойып кетті. [Мен «кабанмен» келген жігіттермен] амандасқан жоқпын. Ешқайсысын танымаймын да мен олардың, – дейді Самат Абдықадыр.
Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Олардың бірі кәмелет жасына толмаған. Олардың басым бөлігі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы жараланған. Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.
Оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгелдей өртеніп кетті. Кейіннен полиция өрт әдейі қойылғанын хабарлады. Наурызда бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
Былтыр қарашада марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев Азат ауылының шетінде өлі күйінде табылды. Полиция дерегінше, ол өзіне қол жұмсаған. Бірақ Ғайыпбаевтың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Азат ауылында қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып, ұлы мен інісінің ісін әділ тергеуді талап етті. Осыдан соң оның үстінен «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды. Кейіннен «Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Адвокаттары Қаржаубай Нұрымов інісінің жаназасы болған күні полицияның арнаулы жасағы мінген көліктің дөңгелегін жарып тастағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлады. Онымен қатар Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты заңсыз митингіге шақырып, бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ал қарындасы Салтанат Нұрымоваға «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Автор: Есдәулет Қызырбек