Мәскеуде өткен парадтың буы тарқамай, егжей-тегжейі әлі талқыланып жатыр. Бұл жолы қазақстандықтар, тіпті басқа елдердің азаматтары да Жеңіс күніне орай өткен мерекелік концертте қатар отырған Қазақстан мен Қытай басшыларының еркін әңгімелескеніне назар аударды. Қысқа әңгіменің қорытындысы бойынша Ақорда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2025 жылы маусымда Қазақстанға келетінін хабарлады. Сонда Тоқаев оны осылайша бірер минут ішінде қонаққа шақыра салды ма? Қазақстан президенті мен әлемнің ірі державаларының бірінің басшысы арасындағы достық қалай қалыптасты? Бұл мақалада Ulysmedia.kz тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Егер Кремль фотографтарының кейбір кадрларын “дене тілі” психологиясы тұрғысынан қарастырсақ, аудармашыларсыз-ақ Қытай және Ресей басшыларының әңгімесінде негізгі байланыстырушы буын президент Тоқаев екенін байқауға болады.
Фото Ақордадан
Тоқаев сол жақта, ортасында – Си Цзиньпин, ал оң жақта – Владимир Путин отыр. Бұл ел атауларының әліпби ретіне сәйкес, толықтай хаттамаға сай орналастырылғанын атап өткен жөн. Дегенмен Си Цзиньпиннің денесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарай еңкейген, ал Қазақстан президенті тура қарап отырғанымен, оның тізелері Қытай көшбасшысына бағытталған. Владимир Путин тік отыр, Қытай және Қазақстан көшбасшыларының әңгімесіне араласпайды, бірақ оның денесі сәл ғана оларға қарай еңкейген. Бұл оның әңгімеге қосылғысы келгенімен, қалай кірісерін білмей отырғандай әсер қалдырады. Сонымен қатар, Тоқаевтың аяқтары үшбұрыш тәрізді орналасып, Ресей президентін әңгімеге қосылуға шақырып тұрғандай. Яғни, дәл Тоқаев жағдайды реттеп, ықтимал ыңғайсыздықтарды жеңілдетіп, «достық атмосферасын» қалыптастырып отыр.
ҚЫТАЙ ЛИДЕРІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ҚАЛАЙ ИЕ БОЛУ КЕРЕК
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, саясаттанушы Ерсұлтан Жансейітовтің пікірінше, Тоқаев пен Си Цзиньпин арасында шынымен де жылы достық қарым-қатынас қалыптасқан.
Бұл Қытай көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарлары, сондай-ақ Қазақстан көшбасшысының Қытайға сапарлары кезінде айқын көрінді. Олардың арасында «жеке химия» (араластық) бар деп айтуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев – білім бойынша қытайтанушы және Қытай үшін өте маңыздысы ол қытай философиясы мен мәдениетін терең меңгерген, – дейді Жансейітов.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай саяси тұрғыдан да жақындасып жатыр.
Біз халықаралық маңызды мәселелерге қатысты бірдей көзқарастамыз. Қазақстан да, Қытай да бұл мәселелерде БҰҰ мандатына басымдық береді, мұны Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің мәлімдемелері әлденеше рет растаған, – дейді Ерсұлтан Жансейітов.
Әлемнің ең ірі державаларының бірінің көшбасшысының құрметі мен жеке ықыласына жасанды жолмен немесе жалған мақтау арқылы ие болу мүмкін емес. Дегенмен Қытайда үлкендерді құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, білім мен тәртіпті жоғары бағалайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңге әр сапарын ресми және хаттамалық кездесулерден бөлек, университетте өзіне сабақ берген профессор Лю Шициньмен жүздесуге уақыт табатындай етіп жоспарлайды.
Былтыр ҚХР төрағасының Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті. Көп азаматтар Си Цзиньпинге көрсетілген зор құрметке таңғалды – оны қарсы алуға балалар, құрметті қарауыл, тіпті әскери авиация да тартылды.
Алайда мұның бәрі хаттама шеңберінде және сол қытай философиясы дәстүріне сай келе ме дерсің: қонаққа бар мүмкіндігіңді көрсет, әйтпесе ол сенің ниетіңнің салмақтылығын қалай түсінеді?
ДОСТЫҚ ПЕН АҚША
Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы қарқынды өсіп келеді.
2021 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы орта есеппен 30%-ға артқан, тек былтыр бұл қарқынды өсім 9%-ға дейін баяулады. Айта кету керек, бүгінде Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық деңгейі өз тарихындағы ең жоғары деңгейде тұр. Тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті. Мысалы, былтыр ол шамамен 44 миллиард долларды құрады, – дейді Ерсұлтан Жансейітов.
Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтің айтуынша, Қытай бірнеше жылдан бері Қазақстанның басты сауда серіктесі ретінде Ресейден озып келеді. Сондай-ақ Қытайдың Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді инвестициялары да арта түскен.
Қытай Қазақстандағы ең ірі бес инвестордың қатарына кіреді. 9 миллиард долларға бірлескен жобалар іске асырылды, ал кейбір бағалау есептері бойынша, игеру сатысында тағы 14 миллиард долларға жобалар бар. Кейінгі жылдары көптеген әлемдік ойыншылар біздің өңірге инвестиция салуда түрлі қиындықтарға тап болып жатса, Қытайдың Қазақстанды ажырамас бөлігі ретінде қарастыратын «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық жобасы бар екенін атап өткен жөн, – дейді ол.
Қытай Қазақстанның көлік және логистика саласына, энергетика мен минералды ресурстарды игеруге, қайта өңдеу және басқа да салаларға белсенді түрде инвестиция салып келеді. Сондықтан Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының тіпті қысқа, бейресми әңгімеде де талқылайтын мәселелері көп.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзсіз артықшылығы – бірнеше шет тілін, соның ішінде қытай тілін еркін меңгеруі. Бұл оның басқа елдердің көшбасшыларымен әрбір кездесуді тиімді пайдалануға және кейбір мәселелерді аудармашысыз талқылауға мүмкіндік береді, – дейді Жұмабек Сарабеков.
Си Цзиньпиннің 2025 жылғы маусымда Қазақстанға сапарының егжей-тегжейі әзірге белгісіз, бірақ саясаттанушылардың пікірінше, екі ел басшыларының талқылайтын тақырыптары аз емес.
Мысалы, Қазақстанда АЭС салу мәселесі. Біздің ел осы ауқымды құрылысқа бас мердігер болатын компанияны әлі таңдаған жоқ. Қытай – үміткерлердің бірі. Бұған қоса, жоғарыда аталған көлік және логистика салалары да екі тарап үшін маңызды.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қытай үшін ыңғайсыз, бірақ Қазақстан үшін маңызды мәселелер де көтерілуі мүмкін.
Қытай Қазақстан аумағынан өтетін Ертіс пен Іле өзендерін игеріп жатыр. Бұл өзендердегі су ағынының азаю қаупі жоғары. Соның салдарынан еліміздің кейбір аймақтары айтарлықтай зардап шегуі мүмкін. Біз осы өзендердің су ағынын реттеу туралы келісімдер жасағымыз келеді. Бірақ Қытай мұндай тақырыптар бойынша өте күрделі келіссөз жүргізуші, – дейді Жұмабек Сарабеков.
Кездесуде кейбір қазақстандық шенеуніктерге жағымсыз тақырыптар да көтерілуі мүмкін:
Көп жылдар бойы кедендік органдардың статистика деректері арасында айырмашылық мәселесі бар. Көптеген сарапшылар мұны көлеңкелі импорт пен кедендегі жемқорлық схемаларының көрсеткіші деп санайды, – деп еске салады Сарабеков.
Айта кету керек, қазақстандықтардың барлығы Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз жақындасуды қолдамайды – халық арасында Қытай Қазақстанның құнарлы жерлерін басып алуынан қорқатындар әлі де бар.
Алайда саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан басшысы, тәжірибелі дипломат ретінде, ел мүддесін әрдайым тактикалық тұрғыда қорғай алады.
Әрдайым Қазақстан мен Қытайдың әртүрлі деңгейдегі мемлекеттер екенін есте ұстау қажет. Қытай Қазақстанды халық саны мен жалпы әлеуеті бойынша шамамен 80–100 есе басып озады, сондықтан Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз көпвекторлы саясатын құруы керек. Әрине, Қытай – біздің стратегиялық серіктесіміздің бірі, бірақ біз дәстүрлі түрде ешбір саяси блокқа қосылмай, Ресей, Еуропа, түркі әлемі, Орталық Азия және Қытаймен салмақты қарым-қатынас орнатамыз.
Ерсұлтан Жансейітовтің айтуынша, Қытай біздің ел үшін объективті түрде басымдыққа ие, себебі екі елдің тоғысатын мүдделері көп, бірақ Қазақстан көпвекторлы саясатын үнемі баса көрсетеді.