Қазіргі таңда Қазақстан үкіметінде 26 адам бар. Оларға бүкіл халықтың маңызды мәселелерін шешу сеніп тапсырылған. Әрине, белгілі бір қызметке тағайындалуда бұрынғы жұмысындағы жетістіктері, білімі және басқа да объективті факторлар ескеріледі. Ал туған жер – онша маңызды емес сияқты көрінеді. Алайда қазіргі үкімет мүшелерінің өмірбаяндарын мұқият қарасақ, белгілі бір заңдылықтар көзге түсе бастайды: Министрлер кабинетіндегі әр төртінші орын иесі – Қазақстанның бір ғана қаласынан шыққан азамат. Ulysmedia.kz министрлердің туған жерін сараптап, жоғары лауазымға тағайындалуда туған жердің қаншалықты рөл атқаратынын түсінуге тырысты.
АУЫЛ
Статистикаға сәйкес, Қазақстан халқының 38%-дан азы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл халқының үлесі жыл сайын азайып келеді. Ал Қазақстан үкіметінің орталық аппараты бұл мәліметтерге қарама-қайшы жұмыс істеп жатқандай. Себебі жыл өткен сайын министрлер кабинетінде ауылдан шыққан министрлер саны артып келеді. Мысалы, 2023 жылы өздерінің ауылдық екенін ашық айтқан министрлер саны бесеу болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш алтыға жетті.
Қазіргі таңда ауылдан шыққан министрлер қатарында: ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, қаржы министрі Мади Такиев және әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бар.
Көпшілігі үшін ауылда өмір сүрген тәжірибе белгілі бір деңгейде артықшылық саналады десек, артық айтқандық емес. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрінің трактордың не екенін, сиырды қай уақытта сауу керектігін білмегені, немесе экология министрінің ауыл маңындағы бейберекет қоқыс төгілген жерлерді көрмегені таңқаларлық болар еді.
Дегенмен кейде бұл министрлер ауылда туғанымен, ауыл өмірінің шынайы проблемаларын үстірт қана білетіндей көрінеді. Мысалы, Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысында дүниеге келген, өмірінің жартысынан көбін сонда өткізген, тіпті сол өңірдің әкімі де болған. Бірақ қуаңшылық мәселесін дер кезінде байқамай қалды. Ал ол болса өзендердің тартылып жатқанын, суармалы су арналардағы жарықтардан ағып кетіп жатқанын өзі де көрген болуы керек.
Оған су мәселесін шешуге көмектеседі деген үмітпен тиісті министрлікті басқару тапсырылды. Бірақ қазіргі жағдайға қарап, елдің су қауіпсіздігі министр мен министрліктің жұмысынан гөрі, Құдайдың мейіріміне көбірек тәуелді сияқты көрінеді.
Кем дегенде, шекарааралық өзендерді көрші елдермен бөлісу туралы министрлік қалай келіссөз жүргізіп жатыр деген сұрақтарға Нұржігітовтің қарамағындағы қызметкерлер тұспалдап, ашық емес жауаптар берумен шектеліп жүр.
НЕ ҮШІН НАҚТЫЛАУ КЕРЕК
Әлеуметтік бағыттағы министрліктерді басқарып отырған Ақмарал Әлназарова, Светлана Жақыпова мен Ғани Бейсембаевтың да ауылдық жерде туған болуы әбден мүмкін. Бірақ олардың ресми өмірбаянында тек туған облыстары көрсетілген де, нақты елді мекені жазылмаған. Бұл олардың ауылдан шыққанын жасыру ма, әлде туған жерін дәл көрсету маңызды емес деп есептей ме — ол жағы белгісіз.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың да өмірбаянында нақты туған елді мекені көрсетілмеген. Ол Ташкент облысында дүниеге келген. Ол да ауылдан шыққан болуы мүмкін. Егер солай болса, онда ол ауыл жолдарымен жүрудің қаншалықты қиын екенін, сондай-ақ мұндай жолдарды ретке келтірудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінуі тиіс. Өйткені ауыл тұрғындары да қалалықтар сияқты осы елдің азаматтары, бірақ жол-көлік проблемаларының кесірінен олар өркениеттің көптеген игілігінен шет қалып жатады.
Дегенмен, көлік министрінің қазіргі көңілі ауыл жолдарына емес сияқты. Президенттен ескерту алғаннан кейін ол белсенді түрде жұмысты жандандырып, кемшіліктерді түзетуге кірісті. Мәселен, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жеделдетілетіні белгілі болды. Сондай-ақ, «Орталық – Батыс» жолының құрылысы басталмақ. Бұл жол ең алдымен Қостанай мен Ақтөбе облыстарының шалғай аудандарында тұратын 70 мың адам үшін ыңғайлы болмақ.
Бірақ бұл жұмыстар неге Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін ғана қолға алынды? Осыған дейін көлік саласының басшылары бұл мәселелерді көрмей келді ме деген сұрақ туады.
БИЛІКТІҢ БЕСІГІ
Дегенмен, үкімет мүшелерінің басым бөлігі — ірі қалалардан шыққандар. Дәлірек айтқанда, бір нақты қаладан. Қазақстандағы 26 жоғары лауазымды тұлғаның алтауы — Алматы қаласының тумасы. Тіпті Алматы — бүкіл Қазақстанды басқарып отыр деп ашық айтуға болады. Бұл қаладан шыққандардың қатарында премьер-министр Олжас Бектенов пен оның үш орынбасары — Мұрат Нұртілеу, Қанат Бозымбаев және Ермек Көшербаев бар.
Сонымен қатар, Алматы тумаларының қатарында цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те бар.
Ал Алматы облысынан шыққан тағы бес министр — қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, қаржы министрі Мәди Такиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев және экология министрі Ерлан Нысанбаев.
Жалпы алғанда, үкімет құрамына қарасаңыз, «оңтүстіктің лебі» сезіледі. Мысалы, екі министр — Аида Балаева мен Нұржан Нұржігітов — Жамбыл облысының тумалары.
Үкіметте Қызылорда облысынан шыққан бірден үш адам бар: Ғалымжан Қойшыбаев, Ақмарал Әлназарова және Ғани Бейсембаев. Бұл өңірдің кеңінен ұсынылуы нені білдіреді — бір кездері астана осы жерде орналасқаны себеп пе, әлде сол кездегі саяси амбициялар бүгінге дейін сақталып отыр ма? Мүмкін, бұл болашаққа берілген сұраныс шығар: Қызылордада экология, жұмыссыздық пен қылмыс сияқты өзекті мәселелер жетерлік. Ал оларды шешу үшін орталыққа бұл аймақты жастайынан білетін адамдар қажет.
ШЫҒЫС, БАТЫС ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ
Министрлер кабинетінің тағы үш мүшесі — Шығыс Қазақстанның тумалары. Олар: Саясат Нұрбек пен Ербол Мырзабосынов (екеуі де Семейден) және Ержан Сәденов (Шығыс Қазақстан облысынан).
Батыс Қазақстанның мүддесін үкіметте тек вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ғана “қорғап” отыр.
Ал солтүстік өңірдің атынан Павлодар тумасы, бірінші вице-премьер Роман Скляр мен Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бар. Айта кетейік, Айдарбек Сейпелұлы туған жерімен байланысын үзбеген, тіпті қазіргі қызметімен тоғысып жатқан тұстары да жетерлік. Оның туыстарының көбі СҚО-дағы ірі агроқұрылымдарды басқарады, әрі олар мемлекеттен қомақты қолдау алып отыр.
Алайда, Сапаровтың өзі бірнеше рет агробизнеске араласпайтынын, туыстарының жетістігіне ықпал етпейтінін мәлімдеген.
Орталық Қазақстаннан үкіметке кіргендер — Қарағанды облысының тумалары: еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, индустрия министрі Ерсайын Нағаспай және Сауда министрі Арман Шаққалиев. Жеке атап өтуге тұрарлық тұлға — Өзбекстанда туған көлік министрі Марат Қарабаев.
БҰРЫН БҰЛАЙ БОЛҒАН ЖОҚ
Байқау қиын емес: қазіргі үкімет құрамында Қазақстанның көптеген өңірлерінен шыққан азаматтар жоқ. Соның ішінде ресурсы мол Атырау мен Маңғыстау облыстары, халқы ең тығыз орналасқан Түркістан облысы, тіпті Астана қаласының тумалары да кабминде кездеспейді.
Ал бұрын жағдай мүлде басқаша болатын. Мысалы, үкіметті Ақмола облысының тумасы Асқар Мамин басқарған кезде, оның орынбасары — Жезқазғаннан шыққан Жеңіс Қасымбек болды. Министрлер арасында тіпті Ресей Федерациясында туған екі азамат та болды.
Алайда, қоғам белсендісі Владимир Дворецкийдің пікірінше, қазіргі Кабминде алматылықтардың көп болуы — қалыпты жағдай.
- Алматы ұзақ уақыт бойы Қазақстанның астанасы болды. Бүгінде де бұл — елдегі ең ірі қала. Мұнда ақша, университеттер, интеллигенция, ғалымдар, билік өкілдері, байланыстар мен табысқа ұмтылған адамдар ең көп шоғырланған, — дейді ол.
Сонымен қатар, Дворецкий басқа өңірлерден шыққандардың да билікке келу мүмкіндігі бар екенін айтады. Оның дәлелі — қазірдің өзінде үкімет құрамында әртүрлі аймақтан шыққан министрлердің болуы.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішев те осыған ұқсас пікір білдірді, бірақ белгілі бір ескертпесі бар: елдің басқа өңірлері дамыған сайын министрлердің туған жері көрсетілген карта да өзгереді.
- Министрлердің жас шамасы — 30 жастан жоғары. Олар туған кезде Алматыда қабілетті ашуға мүмкіндік көп болатын: жақсы мектептер, алдыңғы қатарлы университеттер және тағы басқа. Оның үстіне, қала өзі де елдің басқа бөліктерімен салыстырғанда әлдеқайда ірі болатын. Бірақ егер бүгінгі табысқа ұмтылып жатқан жастарға қарап талдау жасасақ, география сәл өзгеше болар еді, — дейді Әбішев.
Әрине, келесі Кабминнің толықтай астаналықтардан құралатынын күтудің қажеті жоқ. Бірақ саясаттанушылардың болжауынша, алдағы 20–30 жылда Астана үкімет құрамындағы жоғары лауазым иелерінің саны бойынша Алматыны басып озуы мүмкін.