×
510.59
578.91
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.59
578.91
6.37

Шығыс пен Батыс түйіскен нүкте: Қазақстан қалай орта державаға айналып келеді

Бүгін, 17:11
Шығыс пен Батыс түйіскен нүкте: Қазақстан қалай орта державаға айналып келеді
Ұлысмедиа коллажы

Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси ахуалдың күрделенуіне байланысты түркі елдері арасындағы ынтымақтастықтың ерекше маңызға ие болғанын ашық айтты. Алайда ол саяси және экономикалық барлық келісім шеңберінде белгіленген нормалар қатаң сақталуы тиіс екенін қадап тұрып ескертті.

Мемлекет басшысы орта дәлізді Шығыс пен Батысты жалғайтын стратегиялық көлік көпіріне айналдыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағытта нақты шараларды қолға алған. Атап айтқанда, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, транзиттік процестерді оңайлату, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу бекетін ашу да жоспарға енгізілген.

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерді «Солтүстік – Оңтүстік» бағытын қоса алғанда ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырды. Оның пікірінше, бұл қадам түркі кеңістігінің ірі транзиттік торап ретіндегі орнын едәуір нығайтады.

Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесуде де Тоқаев екіжақты күн тәртібіндегі басым бағыт – сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық екенін атап өтіп, Қазақстан тарапынан ашық әрі сындарлы диалогқа әзірлік барын жеткізді.

Будапешттегі сапары барысында президент Қазақстан өзін «орта держава» ретінде қарастыратынын тағы бір мәрте аңғартты. Яғни, еліміз Шығыс пен Батыспен тең дәрежеде ішкі және сыртқы сын-қатерлерді талқылауға әзір екенін білдірді.

Ulysmedia.kz осы жаңа мәртебе аясында Қазақстанның нақты әлеуеті қандай екенін саралап көруге тырысты.

«Орта держава» ұғымының нақты әрі бірізді анықтамасы жоқ. Өйткені бұл термин саяси лексиконға салыстырмалы түрде жақында енген. Алайда әдетте бұл ұғым ұлы державалар қатарына жатпайтын, дегенмен аймақтық және жаһандық күн тәртібінің қалыптасуына әсер ете алатын ықпалы мен ресурсы бар мемлекеттерге қатысты қолданылады.

«Болашақ» және Ұлыбританияның Chevening бағдарламаларының түлегі, қазіргі таңда PhD кандидаты әрі Вашиңтондағы мемлекеттік саясат пен басқаруды талдау қауымдастығының мүшесі Олжас Жораевтың пікірінше, күрделі геосаяси ортада орналасқан Қазақстан үшін өзін «орта держава» ретінде көрсету – ұтымды әрі тиімді стратегия. Бұл тәсіл Қазақстанға ірі державалармен тікелей текетірестен бойын аулақ ұстап, бар ресурсын ұлттық мүдделерді ілгерілетуге барынша жұмсауға мүмкіндік береді деп есептейді сарапшы.

Бүгінде «орта держава» санатында жүрген елдерге көз жүгіртсек, оларда бірқатар ортақ сипат бар екенін байқауға болады. Әдетте бұл – тұрақты экономикасы бар, әлемдегі 20–40 ірі экономиканың қатарына кіретін, айтарлықтай халқы бар және белгілі бір әскери әлеуетке ие мемлекеттер. Алайда бұл топтың өзі біркелкі емес: Канада мен Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдермен қатар оған Түркия, Индонезия немесе Бразилия сынды қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер де енеді.

Сарапшылардың пікірінше, орта державаларға тән негізгі сипаттамалар мынадай:

Айтарлықтай, бірақ үстем емес әлеует. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі, ал әлем бойынша тоғызыншы орын алатын алып аумаққа ие ел. Ел аумағы көмірсутек пен пайдалы қазбаларға бай. Қазақстан стратегиялық шикізат өндірісін белгілі бір дәрежеде реттей алады, дегенмен қазір жер қойнауын пайдаланушы салаларда шетелдік инвестицияға тәуелді. Соған қарамастан, Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі 293 миллиард долларды құрады. Бұл – Азия бойынша 18-орын. Ел экономикасы өсімін жалғастырып келеді: Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2025 жылы өсім 4-4,5% шамасында болады. Алайда Қазақстанның әскери қуаты мен экономикалық салмағы ірі державалармен салыстыруға келмейді.

Ынтымақтастыққа бейімділік. Орта державалар, әдетте, көпжақты халықаралық институттарды нығайтуды, жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуді және халықаралық құқықты сақтауды қолдайды. Өйткені олар өздерінің қауіпсіздігі мен өркендеуінің кепілі дәл осы ұстанымдарда деп біледі.

Геосаяси орыны. Қазақстанның Ресей, Қытай, Орталық Азия және Каспий теңізі арасында орналасуы елге ерекше геостратегиялық мән береді.

Қазақстан экономикалық ауқымы, халық саны, әскери және технологиялық әлеуеті тұрғысынан әзірге ірі державалардан қалып келеді. Дегенмен, геостратегиялық орны, алып аумағы және белсенді көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында мемлекет орта державаға тән мінез-құлық пен амбицияны көрсете бастады: халықаралық бастамалар көтеріп, мемлекетаралық диалогқа дәнекер болып жүр, келіссөз алаңдарын ұсынып, инвестицияға ашық екенін көрсетіп келеді, – дейді Олжас Жораев.

ОРТА ДЕРЖАВАНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

Сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты ерекшеліктер ретінде көпвекторлы бағытты, прагматизмді және мүдделер тепе-теңдігін сақтауға ұмтылысын атап көрсетеді.

Қазақстан әлемдік саясаттағы барлық негізгі ойыншылармен байланыс орнатуға саналы түрде ұмтылып, бір ғана геосаяси полюске тәуелді болудан қашады.

Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) мүшесі. Алайда тығыз қарым-қатынасқа қарамастан, Қазақстан бірқатар халықаралық мәселелерде өз егемендігі мен шешім қабылдарда дербестігін сақтап отыр.

Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі инвесторы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасының авторы. Қазақстан Қытай инвестицияларына және транзиттік әлеуетін дамытуға мүдделі, алайда шамадан тыс тәуелділіктен сақтанып, экономикалық байланыстарды әртараптандыру стратегиясын алға тартады.

Сонымен қатар, Қазақстан Батыс елдерімен де саяси-экономикалық қарым-қатынасты белсенді дамытып отыр. Шетелдік инвестициялар тарту, жаңа технологияларды енгізу, демократиялық институттарды нығайту – осы бағыттағы негізгі басымдықтар. АҚШ пен Еуропалық Одақ Қазақстан үшін маңызды сауда және экономикалық серіктестер саналады.

Орталық Азия шеңберінде де Қазақстан аймақтық ықпалдастық пен өзара іс-қимылға басымдық береді. Ел ортақ экономикалық және қауіпсіздік кеңістігін құруға ұмтылып, аймақтық бастамаларда көшбасшылық рөлін атқарып келеді.

Оған қоса, Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) мүшесі ретінде мұсылман елдерімен байланысын нығайтып, ұстамды ислам мен конфессияаралық диалогты ілгерілетуге күш салып отыр.

Орта держава мәртебесі – ресми атақ емес, бұл – аналитикалық ұғым. Ол тек сыртқы белсенділікке емес, ең алдымен ішкі экономикалық қуатқа сүйенеді. Сол себепті шетелдік сараптамалық орталықтардың Қазақстанды аталған санатқа қосқанын эйфориямен қабылдауға болмайды. Бұл атауға іс жүзінде сай болу үшін амбицияны нақты әрі жүйелі ішкі қадамдармен бекіту қажет, – дейді Олжас Жораев.

ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ СЫНАҚТАР

Қазақстан орта держава ретіндегі рөлін тиімді атқаруға кедергі келтіретін бірқатар ішкі және сыртқы сын-қатерлерге тап болып отыр.

Елдің екі алпауыт көршісі – Ресей мен Қытайдың ортасында орналасуы белгілі бір шектеулерді туғызады. Астана бұл мүдделер арасында үнемі тепе-теңдікті сақтап, қандай да бір тарапқа шамадан тыс тәуелді болудан аулақ жүруі тиіс.

Украинадағы соғыс пен әлемдегі геосаяси қарсыластықтың ушығуы Қазақстанға қауіпсіздік пен сыртқы саясат тұрғысынан елеулі сын-қатерлер төндіріп отыр.

Экономикалық даму көрсеткіштеріне қарамастан, Қазақстан экономикасы әлі де көмірсутек шикізатын экспорттауға қатты тәуелді. Мұнайдың әлемдік бағасындағы құбылмалылық бюджетке және экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторларды дамыту – елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен ықпалын қамтамасыз ететін негізгі міндеттердің бірі.

Орта держава шикізат шылауы бола алмайды, оған экономикалық болмыс қажет. Бұл – технологиялық кәсіпкерлікті қолдау, инновациялық секторды дамыту, адами капиталға стратегиялық түрде басымдық беру деген сөз. Бізге жай ғана салалар емес, артында креативті экспорттық әлеует пен орнықтылық тұрған экономикалық мағыналар қажет, – дейді Harvard Kennedy School-дың Mid-Career Master of Public Administration (MC/MPA) бағдарламасының магистранты Сағит Бәкіров.

Сағит Бәкіров/Ulysmedia.kz

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан саяси аренада белгілі бір бедел мен ықпалға ие. Алайда ел ішіндегі мәселелер Қазақстанның халықаралық қауымдастық тарапынан мықты әрі толыққанды ойыншы ретінде мойындалуын тежеп отыр. Сондықтан, алдымен ішкі саяси және экономикалық реформаларға басымдық беру қажет, дейді Сағит Бәкіров. Ал бұл үшін кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат керек.

Ішкі жүйе сапалы болуы тиіс. Бұл – мемлекеттік аппарат бастамаларға тұсау болмай, керісінше катализаторға айналған кезде керек. Яғни, шенеуніктердің айқын мақсаты, жауапкершілігі мен тиімді нәтиже көрсетуге деген уәждемесі болуы шарт. Олар қателесуден қорықпай, тиімді қимылдауы қажет. Бұл жай реформа емес, басқару мәдениетін түбегейлі өзгерту – мәдени трансформация. Формализм азайып, бастама көбейгені, автономия мен жеке жауапкершілік артқаны жөн, – дейді Сағит Бәкіров.

Сарапшылардың айтуынша, адами капиталға инвестиция салу мен «жұмсақ күш» стратегиясын дамыту да – кем емес маңызды бағыттар. Олжас Жораевтың пікірінше, Қазақстан тек капитал үшін ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен – әсіресе жас әрі білімді азаматтар үшін тартымды елге айнала алады. Бұл өз кезегінде инновациялық және технологиялық серпіліске серпін береді.

Бұл үшін сапалы ағылшын тіліндегі білім, бәсекеге қабілетті ғылым және мәдени-гуманитарлық жобалар қажет. Олар ел ішіндегі дамуға да, халықаралық әріптестікке де бағытталуы тиіс. Келімсектерден қорқудың қажеті жоқ – керісінше, бүкіл жастарды біріктіріп, даму жолында жігерлендіретін өз «қазақстандық арманымызды» қалыптастыруымыз керек, – деп атап өтті Олжас Жораев.

Олжас Жораев/Ulysmedia.kz

БОЛАШАҚ ПЕН СТРАТЕГИЯЛАР

Геосаяси ықпал қайта бөлініп жатқан жаңа дәуір жағдайында Қазақстан үшін орта держава мәртебесін нақтылап, ең кемі аймақтағы ықпалды ойыншыға айналу аса маңызды. Ол үшін мықты экономикасы, әртараптандырылған саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстары болуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, ел бірнеше бағытта стратегиялық күш-жігерін жұмылдыруы қажет. Халықаралық аренада – әлемдік және өңірлік негізгі ойыншылармен теңгерімді қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, түрлі салада жаңа мүмкіндіктер іздеу. Бұл – сауда байланыстарының географиясын кеңейту, инвестицияны әртүрлі көздерден тарту, саяси диалогты нығайтуды қамтиды.

Сонымен бірге, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекшілік рөлін сақтап, өңірлік интеграция, қауіпсіздік, су ресурстары мен экология саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуі тиіс. Ортақ диалог алаңдарын құру және мәселелерді бірлесіп шешу – бүкіл өңірдің ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

Орта держава ретінде қалыптасу жолында Қазақстанның болашағы – адами капитал, білім, ғылым мен инновацияларды дамытуға тікелей байланысты. Білімге негізделген экономикаға көшу елдің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырып, шикізаттық тәуелділіктен арылуға жол ашады.

Бұдан бөлек, экономика мен азаматтардың әл-ауқатын көтерумен қатар, құқықтық жүйені реформалау, жемқорлықпен күрес, адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғамды дамыту бағыты да үзіліссіз жалғасуы қажет. Сарапшылар атап өткендей, тәуелсіз соттар, түсінікті әрі сенімді «ойын ережелері», қабылданған халықаралық міндеттемелердің орындалуы болмаса, экономикалық не дипломатиялық жетістіктер уақытша әрі формалды сипатта болып қалады.

Орта держава болу – әлемге қызық болу деген сөз. Ал ол үшін біз өзімізге де қызық болуымыз керек. Яғни, тиімді басқарылатын, өсу идеяларына орын бар елге айналуымыз керек. Қауіпсіз ел болуымыз қажет. Көшеде қылмыс жоқ, полиция дұрыс жұмыс істейтін, заң үстемдік ететін мемлекет болуымыз керек, – дейді Сағит Бәкіров.

2024 жылдың мамырында Касым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына жазған «Орта державалар: мультилатерализм қағидаттарын ілгерілету» атты мақаласында былай деп жазды: «Халықаралық институттар дағдарысқа ұшыраған шақта, шешуші рөл дәл осы орта державаларға тиіп отыр.» Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде халықаралық қауымдастықта табиғи орта держава ретінде қабылданып үлгерген. Алайда жетекші ұстанымды нығайту үшін бүкіл ұлттың ішкі өзгерістер жолында бірігуі қажет. Тек сонда ғана Қазақстан ел ішінде де, өңірлік деңгейде де тұрақтылық, қауіпсіздік пен өркендеуді қамтамасыз ете алады.

Серіктес жаңалықтары