×
507.07
572.53
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
507.07
572.53
6.37

Бірі борышкер, екіншісінде түк жоқ: әкімдіктер тасқыннан кейін елге үй салып беруді кімдерге тапсырған

Бүгін, 10:32
Бірі борышкер, екіншісінде түк жоқ: әкімдіктер тасқыннан кейін елге үй салып беруді кімдерге тапсырған
Ulysmedia.kz коллажы

Жуырда белсенділер «Қазақстан халқына» қорының жұмысына сын айтты. Олар қор қызметінің жабық екенін, ауыр науқасқа шалдыққан балаларға дәрі-дәрмек алуға қаржы бөлінбегенін атап өтті. Алайда былтыр көктемдегі су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынатын үйлерге қаражат қалай бөлініп, қандай мердігерлерге тапсырылғаны жұртшылық арасында одан да көп сұрақ туғызған мәселеге айналды.

Былтырғы тасқынның салдарынан жүздеген отбасы баспанасыз қалған еді. Жақсылық жасауға ниетті қазақстандықтар зардап шеккендерге үй салып беру үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына қаражат аудара бастады. Ал қор су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен меморандум жасасты. Құжатқа сәйкес, жергілікті билік мердігерлерді таңдап, келген залалды бағалап, үй салынатын орындарды анықтауы керек болатын.

Қор осы бағытта бірнеше аймақтағы 627 отбасыға арнап үй салуға шамамен 16 миллиард теңге бөлген. Ulysmedia.kz редакциясы қазақстандықтардың ерікті түрде аударған қаражаты нақты қайда және қалай жұмсалғанын анықтауға тырысты.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Бұланды және Жарқайың аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлердің құрылысына байланысты бес бас мердігермен келісімшарт жасасты. Жалпы қор 144 үйдің құрылысына 3,4 млрд теңге бөлген. Айта кетейік, құрылыс кестесінен кешіккені үшін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровке қатаң сөгіс жариялаған. Редакция құрылыс компанияларының рейтиңін Adata.kz платформасынан зерттеді.

Бірінші мердігер – «Ибис-К» ЖШС. Кәсіпорын 2003 жылы құрылған, негізгі қызмет түрі – тұрғын емес нысандардың құрылысы. «Ибис-К» компаниясының құрылтайшысы – Равиль Тәңкібаев. 2015 жылдан бері компания бюджетке 543,3 млн теңге салық төлеген, мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. 2020 жылы «Ибис-К» ЖШС «Есіл» Өндірістік Орталығы» ЖШС-мен 10,4 млн теңгеге қиыршық тас жеткізу жөнінде келісімшарт жасаған. Алайда салық органдарының талап етуімен бұл келісімшарт 2024 жылы сот шешімімен жарамсыз деп танылған.

Екінші мердігер – 2008 жылы құрылған «МарКан» ЖШС, қызмет түрі – инженерлік-техникалық жобалау. Құрылтайшысы – Құндыз Көптілеуова. Компанияның активтері жоқ. 2024 жылдың қыркүйегіне дейін «МарКан» 12 млн теңге салық төлеген, оның басым бөлігін 2024 жылы аударған. Компанияның 2024 жылдың қыркүйегіндегі салық қарызы – 10 млн теңге, ал «МарКан» директоры Айдос Жүнісовтің берешегі – 3,5 млн теңге.

Үшінші құрылыс компаниясы – «Saianur VIP-Servis» ЖШС. Фирма 2000 жылы тіркелген, қызмет түрі – тұрғын емес ғимараттардың құрылысы. Құрылтайшысы – Әсем Садықова. Активтерінде кепілдегі жүк көлігі бар.

Төртінші мердігер – теміртаулық «Kazakh kazyna» ЖШС. Кәсіпорын 2002 жылы ашылған, қызмет бағыты – тұрғын үй салу. Құрылтайшылары – Рамазан Мұхаметжанов пен Дәурен Сембеков. Компания мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды, меншігінде мүлкі жоқ. 2015 жылдан 2023 жылға дейін салық төлемеген, ал 2024 жылы бюджетке 68,5 млн теңге аударған.

Соңғы мердігер – Қарағанды қаласындағы «Medina building» ЖШС. Компания 2022 жылы құрылған, негізгі қызмет түрі – тұрғын үй сату және салу. Фирманың басшысы әрі иесі Дархан Рахметқали. Компанияның активтері жоқ.

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

«Қазақстан халқына» қоры Құлсары қаласындағы Болашақ шағын ауданында 80 тұрғын үй салу үшін 2,2 млрд теңге бөлді. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айына дейін уақытында аяқталып, 2 млрд теңге төленген. Бір үйдің орташа құны – 28,6 млн теңге. Құрылыс жүргізетін мердігерлерді Атырау облысы әкімінің орынбасары бекіткен. Алты жергілікті компания таңдалған. Adata.kz сервисінің мәліметінше, олардың үшеуінде проблемалар бар.

«Армандастар-Атырау» ЖШС – мердігердің активі жоқ, тек 1992 жылғы автобусы ғана бар. Компания геологиялық барлау және құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысады. Құрылтайшылары: Нұржан Иманбаев, Талғат Сәлімгереев, Қуат Ұтаров, Жалел Шнашев.

«Кұрылыс-18» ЖШС (KURYLYS-18) – балансында мүлде актив жоқ. 2018 жылы тіркелген, қызмет саласы – тұрғын үй құрылысы. 2025 жылдың мамырына дейінгі салық төлемдері – 4,1 млн теңге. Екі келісімшартқа қол қойған, жалпы сомасы – 1,2 млн теңге. Басшысы әрі құрылтайшысы Әлібек Бағитжанов. 431 964 теңге көлеміндегі атқарушылық өндіріс бойынша борышы бар.

Үшінші мердігер – «АруАзи» ЖШС мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды, меншігінде мүлкі жоқ. 2009 жылы Сәуле Дартаева негізін қалаған. 2021 жылдан бастап басшысы – Талғат Шоқпаров. Қызмет бағыты – тұрғын үй құрылысы. 2017-2019 жылдары салық төлемеген. Тек 2020 жылы – 16 668 теңге, 2021 жылы – 91 261 теңге төлеген. Екі жыл үзілістен кейін 2024 жылы 40 млн теңге салық аударған.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

«Қазақстан халқына» қоры мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған 114 тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойды. Қордың ресми сайтында жарияланған нысан паспортына сәйкес, БҚО әкімдігі сегіз құрылыс компаниясын таңдаған. Солардың бесеуіне қатысты сұрақ туындайды.

«Қалдығайта» ЖШС – тұрғын үй салумен айналысатын компания, 2003 жылы құрылған. Басшысы – Абылай Нұрмұқанбет. 2025 жылғы мамырдағы мәлімет бойынша компания 857 млн теңге салық төлеген. Құрылтайшысы – Ерболат Сарсенғалиев. 2009 жылы кәсіпорын жалған мәмілелер арқылы бюджетке салық төлемеуі салдарынан «ЗападСтройКомфорт» ЖШС-мен бірге қылмыстық іске тартылған. 2023 жылы бұл жағдай тағы қайталанып, БҚО соты «Қалдығайта» мен жеке кәсіпкер арасындағы 35 млн теңгеге жасалған мәмілені жарамсыз деп таныған.

«СК Алаш» ЖШС – 2006 жылы құрылған, қызметі – тұрғын емес нысандар салу. 2022 және 2023 жылдары компания салық төлемеген.

«Profline Construction» ЖШС – тұрғын үй салумен айналысады. Компанияның жалғыз көлігіне, банк есепшоттарына тыйым салынған, сондай-ақ нотариалдық әрекеттерге тыйым қойылған. Adata.kz мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айына дейінгі салық төлемдері – 629,8 млн теңге. Атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі – 25 166 417 теңге, ал салық және кеден төлемдері бойынша қарызы – 12 813 966 теңге. Бұл компаниямен байланысты «ABL-PHARM» атты еншілес кәсіпорын бар. Оны 2014 жылы Дархан Жангиров құрған, қазіргі иелері – Бақытбек Әбілов пен Талғат Қайнекашев.

«Ақсайстройсервис» ЖШС – компанияның мүлкі жоқ, 2025 жылғы мамырдағы салық аударымдары – 239 млн теңге. Қызметі – құрылыс-монтаж жұмыстары. Бастапқыда компанияны Елена Мұқатова құрған, қазіргі құрылтайшысы және басшысы – Қайнар Есмуханов. Еншілес компаниясы – «Фаворит Снаб» ЖШС.

Бесінші мердігер – «Samgau stroi vek» ЖШС – мемлекеттік сатып алуға қатыспайды, активтері жоқ. Қызмет бағыты – тұрғын үй салу. Жалпы салық төлемдері – 12,7 млн теңге. Компанияны 2004 жылы Владимир Вишняков құрған, ал 2024 жылы құрылтайшылар қатарында Тілек Нұрқасым, Нұрия Әлбекова және бұған дейін тонау үшін сотталған Берік Берқалиев тіркелген. Айта кетейік, 2018 жылы Орал қаласының соты оны 3 жыл 6 айға бостандығын шектеген.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Амангелді, Жангелдин және Қостанай аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 100 үй салу жоспарланған болатын. Алайда Қостанай облысының құрылыс басқармасы мұны зардап шеккен тұрғындардың қалауы бойынша «Қазақстан халқына» қорының қаражатына жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге 89 үй салынған деп түсіндірді. Амангелді мен Жангелдин аудандарында бір үйдің құны 29,5 млн теңге болса, Қостанай ауданында – 23,4 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылғы тамызда аяқталған.

Жергілікті билік құрылыс үшін 19 компанияны анықтады. Adata.kz сервисі арқылы мердігерлерді зерттеу барысында редакция кейбір кәсіпорындардың қаржылық қиындықтары барын және активтері жоқ екенін анықтады.

«QurilisАльянс.kz» ЖШС – мемлекеттік сатып алуға қатыспайды, мүлкі жоқ, 2022 жылдың сәуірінде тіркелген. Жалпы салық төлемі – 7,9 млн теңге. Құрылтайшысы әрі басшысы – Гүлнара Күбегенова. Қызмет бағыты – тұрғын үйлер салу. Жалпы сомасы 91 616 000 теңгеге үш келісімшарт жасалған.

«Статус Трейд» ЖШС – 2010 жылы тіркелген, мүлкі жоқ. Құрылтайшысы – Дулат Бримжанов. Жалпы салық төлемі – 942,8 млн теңге. Қызмет бағыты – құрылыс жұмыстары. Сестриндік компаниялары: «Мюнхен», «Автогараж кооперативі Нұрай».

«Елена Д» ЖШС – құрылтайшысы – Елена Марар. Қызмет түрі – тұрғын емес ғимараттар мен өзге де құрылыс жұмыстары. «Adata.kz» дерегінше, 2024 жылғы қарашада құрылтайшы атқарушылық іс жүргізу тізімінде болған, банк есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынған, нотариалдық әрекеттер жасауға шектеу қойылған. Қостанай облыстық сотының шешімімен «Елена Д» мен ЖК «Север» арасындағы 104,7 млн теңгеге жасалған мәміле жарамсыз деп танылған. Еншілес компаниясы – «NURCOM BUILDING» ЖШС.

«СК Номад Строй» ЖШС – 2009 жылы құрылған. Қызмет бағыты – тұрғын үйлер салу. Құрылтайшысы – Азат Ермағамбетов. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды, активтері жоқ. Салық төлемі – 18,5 млн теңге. Екі еншілес компаниясы бар: «KORPORACIYA AKM KURYLYS» және «СК ФОРТУНА».

«Костанай Элит Строй» ЖШС – активі жоқ, су тасқыны кезінде, яғни 2024 жылғы 29 сәуірде тіркелген. Қызметі – тұрғын үй құрылысы. Жалпы салық төлемі – 3,4 млн теңге, оның ішінде 1,4 млн теңге қарыз бар. Алғашқы құрылтайшысы – Баурат Садықов, екі аптадан кейін меншік иесі Ануарбек Жүсіпов болып өзгерген. Сестриндік компаниялары: «ZEYNEL-СТРОЙ» және «EURASIA SPECIAL CONSTRUCTION».

«Beton Di stroy» ЖШС – активі жоқ, 2024 жылғы наурызда құрылған. Иесі – Даяна Айтқожанова. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Қызметі – тұрғын үй құрылысы. Салық төлемі – 23,6 млн теңге. Сестриндік компаниясы – «HALCYON-MD».

«Алюминстрой» ЖШС – көлігіне тыйым салынған. Басшысы және құрылтайшысы – Абай Мұқанов. Қызметі – тұрғын емес ғимараттар салу. Жалпы салық төлемі – 6,4 млрд теңге. Нотариалдық және тіркеу әрекеттеріне тыйым салынған. Атқарушылық іс бойынша берешегі – 1 113 644 теңге. Сегіз еншілес және бір сестриндік компаниясы бар.

«Arsenal-R» ЖШС – 2021 жылы ашылған, мемлекеттік сатып алуға қатыспайды, активтері жоқ. Қызмет бағыты – тұрғын үй құрылысы. 2025 жылғы мамырдағы салық төлемі – 44,1 млн теңге. Құрылтайшысы – Әсет Тұрлыхан. Қостанай аудандық салық органдары «Arsenal-R» мен ЖК «ZTB Company» арасындағы 24,8 млн теңгеге жасалған келісімді сот арқылы жарамсыз деп таныған.

«KIT.KST» ЖШС – 2024 жылғы қаңтарда құрылған, мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Қызметі – темірбетон және бетон бұйымдарын өндіру. 2024 жылғы қарашадағы дерек бойынша компанияның банк шоттарына тыйым салынған, 2,3 млн теңге берешегі бар, нотариалдық әрекеттерге тыйым салынған. Салық төлемі – 449,5 мың теңге. Сестриндік компаниясы – «METAL-STROY.KZ». Құрылтайшылары – Азамат Исмағұлов, Ануарбек Қасымов және Бауржан Тәшетов. Айта кетейік, Тәшетов бұған дейін Сарыкөл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2017 жылы қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. 2024 жылы ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

«Теплодом Костанай» ЖШС – техникасы да, жылжымайтын мүлкі де жоқ, мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Қызметі – қабырға блоктарын өндіру. 2024 жылғы қарашадағы салық төлемі – 2,9 млн теңге. Құрылтайшысы және басшысы – Бақыткүл Нұрқанова.

«Экспо-транс» ЖШС – 2004 жылы тіркелген, активі ретінде тек көлігі бар, ол да тыйымда. Қызмет бағыты – тұрғын үй құрылысы. Құрылтайшысы және басшысы – Қайрат Бижанов.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақстан халқына» қорының қатысуымен «Солнечный-2» шағын ауданында 100 үй салуға 2,7 млрд теңге бөлінді. СҚО құрылыс басқармасы үй құрылысына 10 құрылыс компаниясын бекіткен, олардың тізімі «Қазақстан халқына» қорының сайтында жарияланған. Алайда «Adata.kz» сервисінің деректеріне қарағанда, таңдалған бес мердігерге қатысты күмән тудыратын жайттар бар.

«NQDS» ЖШС (North Qazaqstan Development Company) – 2013 жылы тіркелген, қызмет саласы – сәулет. Активтері жоқ, 2024 жылдың желтоқсанындағы салық төлемі – 77,9 млн теңге. 136 келісімшарт жасалған, жалпы сомасы – 171,3 млн теңге. Құрылтайшысы – Жабай Наскенов. 2024 жылдың қарашасында 8,4 млн теңге көлемінде салық берешегі болған, бірақ 6 желтоқсанға дейін қарыз өтелген.

«СКО Монтажник и К» ЖШС – активтері жоқ, мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. 2024 жылғы 24 сәуірде тіркелген, салық төлемі – 848,8 теңге. Қызмет түрі – тұрғын үйлердің құрылысы. Басшысы әрі құрылтайшысы – Сафуан Нұрмұқанов. Еншілес компаниясы – «Проф-Инвест Строй» ЖШС.

«ПетроАльянс» ЖШС – активтері жоқ, қызметі – тұрғын емес нысандардың құрылысы. 2024 жылдың желтоқсанындағы салық төлемі – 18,7 млн теңге. Құрылтайшысы – Алексей Котов.

«Ash stroy» ЖШС – тұрғын үйлер салумен айналысады, мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. 2024 жылдың қарашасында салық қарызы 8,4 млн теңге болған, тіркеу және нотариалдық әрекеттерге тыйым салынған. Құрылтайшылары: Игорь Гришанов, Қайрат Қадралин, Әміржан Шәкей – соңғысының 16,3 млн теңге қарызы бар, оған елден шығуға тыйым салынған. Компанияның бір еншілес және 17 сестриндік серіктестігі бар.

«Петроремстрой» ЖШС – қызмет саласы: құрылыс-монтаж жұмыстары. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды, активтері жоқ. 2018 жылы бюджетке 522 мың теңге төлеген, содан кейін төрт жыл бойы салық төлемеген. Жалпы салық төлемі – 9,7 млн теңге, оның ішінде 2024 жылы – 9,1 млн теңге. Компанияны 2017 жылы Флора Гукасян құрған. Құрылтайшылары – Роман Подкорытов пен Айнар Сабит. Басшысы – Евгений Фефелов, оған 34,4 млн теңге қарыз үшін елден шығуға уақытша тыйым салынған.

ЭПИЛОГ

Су тасқыны салдарынан адамдар баспанасыз қалған кезде шұғыл шешім қабылдау қажет болғанына күмән жоқ. Аз уақыт ішінде зардап шеккендерге тұрғын үй салу керек болды. Құрылысшыларды таңдау бойынша конкурс өткізуге уақыт болмады.

Алайда активтері жоқ, берешегі бар компанияларға тұрғын үй құрылысын сеніп тапсыру – үлкен тәуекел-тін. Ресурсы жоқ мердігерлер сыртқы ұйымдарды тартуға мәжбүр болды, бұл құрылыс сапасы мен құнына әсер етуі мүмкін. Жергілікті билік осындай маңызды істі тапсырар алдында мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы құрылысшылардың рейтиңіне назар аударуы тиіс еді.

Халықтың ақшасына иелік ететін құрылым ретінде «Қазақстан халқына» қорының бұл іске қатысты ұстанымы да сұрақ тудырады. Қор басшысы Болат Жәмішев өз өкілеттігінің аяқталуына байланысты қызметінен кеткенін мәлімдеген. Алайда оның кетуіне су тасқыны салдарын жоюға бөлінген қаражат себеп болмағанына кім кепіл?

Ulysmedia.kz редакциясы бұл мәселеге байланысты облыс әкімдіктеріне халық ақшасының нақты қалай пайдаланылғаны туралы түсініктеме беруін сұрап сауал жолдады.

Серіктес жаңалықтары