Кейінгі кезде резонансты істер бойынша соттардың шығарған үкімдері қоғамда да, заң саласының кәсіби өкілдері арасында да қызу пікірталас тудырып жүр. Қазақстан фемидасының «объективтілігі мен бейтараптығына» қатысты түсінік барған сайын күмәнға ұшырап, әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, сот жүйесіне деген сенім деңгейі үнемі төмендеп барады.
Бұл неден туындап отыр? Ulysmedia.kz тілшісі осы сауалды еліміздегі ең танымал адвокаттарға қойып көрді.
МӘКІШ ЕСҚАРАЕВ: «САЯСИ» ІСТЕР ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚАСЫ…
Адвокат Мәкіш Есқараевтың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанның сот жүйесінде, тергеу-сот тәжірибесінде көзге ілінбей қалыптасып келе жатқан бір үрдіс бар — ол «саяси» істер деп аталатын тәжірибе.
Бұл – заңдық емес, саяси сипаттағы ұғым, – дейді адвокат.
Алайда кез келген қылмыстық іске «саяси» деген таңба қойылған сәтте, өкінішке қарай заң нормалары жұмысын тоқтатады.
Мәкіш Есқараевтың пікірінше, мұның айқын мысалын белгілі продюсер Ләззат Көккөзова мен мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ісінен көруге болады. Олар Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға 2018 жылы бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып, сотталған еді.
Бұл қылмыстық істің сотқа жететіндей де, айыптау үкімі шығады дерлік құқықтық перспективасы болған жоқ. Көккөзова мен Қожағапановты Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форум аясында қандай да бір қылмыстық әрекет жасады деп кінәлі деп тануға ешқандай құқықтық негіз болмаған, – дейді Мәкіш Есқараев.
Фактілер мынадай: форум ең жоғары деңгейде өткізілген. Бірнеше рет тексеру жүргізіліп, іс-шаралар Президент әкімшілігі мен Ресей мемлекеттік құрылымдары деңгейінде мақұлданған. Осындай жағдайларда, айыптаушы тараптың барлық дәлелдерін қорғау тарабы жоққа шығарса да, неге айыптау үкімі шықты?
Адвокаттың пайымынша, заңды әрі әділ сот актілері мен үкімдер шығару үшін сот жүйесіне ең қарапайым нәрсе – жігер мен батылдық жетіспейді.
Біздің судьялар – кәсіби деңгейі өте жоғары, заң нормаларын жетік білетін және оны қалай қолдану керектігін тамаша меңгерген адамдар, – дейді ол. – Сондықтан мұндай айыптау үкімдерін олардың заңды білмегендіктен немесе құқық қолдану тәжірибесінен бейхабар болғандықтан шығарып отыр деуге болмайды. Мұны мойындауымыз керек – біздің сот жүйесі миллиардтаған теңге көлеміндегі залал келтірді деген айып тағылған адамдарды ақтап алу үшін, тергеу және айыптау органдарына қарсы барып, «бюджетке залал келмеген» деп айту үшін батылдық таныта алмай отыр.
Есқараевтың пікірінше, бұған ішінара қоғамның өзі де кінәлі. Өйткені кез келген «парақорлық» жайлы істі естіген бойда жұрт еш шүбәсіз «олар – айқын кінәлі» деп кесім шығара салады.
Адвокат Есқараевтың айтуынша, басты проблема – сот жүйесінің кейбір даулы, әділетсіз үкімдер шығарылған қылмыстық істерді сот залынан тыс жерде ашық талқылауға дайын болмауы.
Судьялар үнемі заң нормасына жүгінеді: күшіне енген сот шешімдерін талқылауға құқығымыз жоқ дейді. Бірақ бұл көзқарас түптің түбінде неге апарып соғады? Мұның салдары – біз мұндай үкімдер мен сот актілеріне төзімділік таныта бастаймыз. Ал бұл – аса қауіпті үрдіс. Мұндай жолмен жүре берсек, ақыры автократия мен тоталитаризмге ұрынуымыз мүмкін, – дейді ол.
ДЖОХАР ӨТЕБЕКОВ: СОТТЫҢ ТӘУЕЛДІЛІГІ
Адвокат Джохар Өтебеков те Қазақстандағы сот жүйесі атқарушы билік пен күштік құрылымдарға айтарлықтай тәуелді деген пікірде.
Сот жүйесі айыптауға бейім, сондықтан бізде ақтау үкімдері тым аз, – дейді адвокат Джохар Өтебеков. – Мысалы, Көккөзованы сот қызметі үшін қымбат ақы алғды деп соттады. Бірақ бизнес табыс табуы керек қой. Ол мемлекет оған тым көп төлеп жатыр екен деп алаңдауға міндетті емес. Мердігерді тек тапсырыс беруші – шенеунікпен сөз байласса ғана жазалауға болады. Бірақ Көккөзоваға да, Қожағапановқа да мұндай айып тағылған жоқ.
Өтебековтің айтуынша, Көккөзованың қызметтері тым қымбат бағаланған деген тұжырымның өзі күмән тудырады.
Қызмет – бұл стандартталмаған өнім. Бұл салада баға ауытқуы кең. Біреу үшін ол қымбат көрінуі мүмкін, енді біреу үшін – қалыпты. Сондықтан Көккөзова мен Қожағапанов ісі бойынша үкім – бұл бизнеске берілген тағы бір айқын белгі: мемлекеттің тендерінен аулақ жүр деген ескерту, – дейді ол.
МҰРАТ АДАМ: СУДЬЯЛАРДЫҢ ӨЗІ КІМ
Адвокат Мұрат Адамның пікірінше, Қазақстан сот жүйесінің кемшілігі кадр мәселесіне келіп тіреледі.
– Негізгі мәселе – соттарда ешқандай тәуелсіздік жоқ. Көп жағдайда ол жаққа кездейсоқ адамдар тап болған. Құқық үстемдігі мен әділдік үшін бәріне қарсы тұра алатын нағыз принципшіл судьялар өте аз. Бүгінде судьялар, – дейді адвокат Мұрат Адам, – аз жағдайда төрағалардың, ал көбіне – прокурорлар мен тергеу органдарының әмірін бұлжытпай орындайтын орындаушыларға айналып кеткен. Олар кім екенін, қандай мәртебесі барын, прокурор мен тергеуші оларға заң жүзінде ешкім емес екенін мүлде ұмытқан.
Адвокаттың айтуынша, тергеу органдары кей істерде процес басталғаннан үкім шыққанға дейінгі барлық сот сатыларында толық бақылау жүргізіп отырады.
Мұның бәрі не үшін? Тергеу кезінде заң өрескел бұзылғанын қорғаушы айтып жатқанда, сот оны естімесін, байқамасын деген оймен жасалады. Өйткені заңбұзушылықты мойындау – дәлелдердің жарамсыз екенін мойындауға, ал бұл өз кезегінде ақтау үкіміне алып келеді. Бар мәселе – осы! – дейді Мұрат Адам.
«СУДЬЯ БОЛАМ» ДЕГЕНГЕ ЕСІК АШЫҚ
Оның пікірінше, судьяларды іріктеу жүйесі де ешқандай сын көтермейді.
Қазір судьялардың көбі Жоғарғы сот кеңесінің жанындағы Әділет академиясының бір жылдық магистратурасын бітірген түлектер. Бұл кәдімгі «судья болғың келе ме?» деген курстар іспетті! Ең сорақысы – заң бойынша бұл магистратураға жоғары заң білімі жоқ адам да түсіп кете алады. Сонда бізде ветеринар не қаржыгер де судья бола бере ме?! Бұл не масқара? Бізге қандай судьялар келіп жатыр өзі?
Мұрат Адамның айтуынша, сот жүйесін ашық етуге тиіс болған реформа шын мәнінде ештеңені өзгертпеген.
Мұның бәрі – көзбояушылық! Кезекті «Қазақфильм»! – дейді ол ашына. – Қайдағы ашықтық?! Мысалы, Шерзатты қараған істі бастапқыда онлайн көрсетеміз деп мәлімдеді. Ал кейін судья «сотқа қысым жасамаңдар» деп шешімін өзгертіп, жұртты теріс пікір білдірсеңдер жауапкершілікке тартыласыңдар деп қорқытты. Сонда сот ашық өтеді дегенде не ойладыңдар? Халық не, бәріне риза болады деп ойладыңдар ма? Халық әртүрлі, пікір де әртүрлі. Онда бәрінің аузын жаппақсыңдар ма? Бір қылмыстық істі сынағаны үшін бүкіл елді қамайсыңдар ма?!
ОЛЕГ ЧЕРНОВ: ЖАРИЯЛЫЛЫҚ – КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ПА
Соттардағы жариялылық мәселесін адвокат Олег Чернов та көтеріп отыр.
ОЛЕГ ЧЕРНОВ: «АШЫҚТЫҚ БОЛСА – ӘДІЛДІК БОЛАР ЕДІ»
Адвокат Олег Черновтың пікірінше, заңбұзушылықтарды тіркеп, жолын кесу үшін сот процесін ашық жүргізу аса маңызды.
Жоғарғы сот төменгі сатылардағы заңсыздықтарды көруі үшін жариялылық керек. Мысалы, Бишімбаев ісінің онлайн көрсетілімі қоғам мен адвокаттар тарапынан оң қабылданды. Бірақ сол бір іс – жалғыз ғана тәжірибе болып қалды, – дейді ол.
Қазір Чернов өзі қатысып жатқан сот процесін әлеуметтік желіде көрсетуге рұқсат ала алмай жүр.
Мен онлайн-трансляция жүргізуге өтініш беремін – бас тартады. Тіпті өзімнің соттағы сөзімді видеоға түсіруге рұқсат етпейді. Судья: «Өзіңді түсіре бер, бірақ ешқайда жүктемей-ақ қой» дейді. Бұл – жариялылықтың жоқтығын ашық көрсетеді.
Адвокаттың сөзінше, осындай екіжүзділік пен таңдамалы тәсіл – сот жүйесінің ашықтыққа дайын еместігінің дәлелі.
Егер онлайн трансляция жүргізу тәжірибесін бастадыңдар ма – онда бірізді болыңдар. Қатысушылар мен адвокаттарға трансляция жасауға мүмкіндік беріңдер. Бірақ, жоқ. Бұл нені білдіреді? Демек, сот жүйесі өз ішінде болып жатқан былықты сыртқа шығарғысы келмейді.
«ЗАҢҒА ҚАРАМАЙТЫН СОТТАР»
Қорғау тарапы әрқашан заңбұзушылықтарға назар аударады. Егер тергеуші заңмен белгіленген мерзімнен тыс тергеу амалдарын жүргізсе – ол толығымен заңсыз. Мұндай дәлелдерді сот қабылдамауы керек. Бұл – қылмыстық-процессуалдық заңнамада анық жазылған. Егер айыпталушының кінәсі бар болса да, дәлелдер заңсыз жиналса – оларды жарамсыз деп тану керек. Демек, мұндай жағдайда сот ақтау үкімін шығаруға міндетті. Бірақ тәжірибе мен заңның арасында алшақтық өте үлкен.
Оның пікірінше, сот процестерін ашық жүргізу тергеушілерді, прокурорларды заңды дұрыс сақтауға, сапалы жұмыс істеуге мәжбүр етер еді.
Өкінішке қарай, соттар мұндай жариялылыққа дайын емес.
ВИТАЛИЙ ВОРОНОВ: «АЙЫПТАУ – ҚОРҚЫНЫШТАН ТУЫНДАЙДЫ»
Адвокат Виталий Воронов Қазақстандағы ең үлкен мәселе – елде әділ сот төрелігінің мүлде болмауы деп есептейді.
Сот билігінің жалғыз иесі – судья. Бірақ ол жай ғана «элемент» болмауы керек. Ол – парадан аулақ, тәуелсіз, бейтарап, кәсіби заңгер, – дейді Воронов. Алайда шындық мүлде басқа. Судьялар көбіне өзінен жоғары тұрған әріптестерінің – сот төрағалары мен коллегия басшыларының шешімдерінен қателік жіберіп қалмауға тырысып, өз үкімін қайта қараудан қорқып өмір сүреді.
РЕФОРМА БАР, НӘТИЖЕ ЖОҚ
Қазақстанда сот реформасы жүріп жатыр дегенмен, сыбайлас жемқорлық әлі де жойылған жоқ, – дейді адвокат.
Ол еліміздегі сот жүйесін жайлаған басты «дерттерді» былай тізіп шықты:
тергеу органдары тарапынан процессуалдық емес ықпал жасау;
прокурорлық қадағалаудың әлсіздігі;
қорғау тарапының құқықсыздығы;
адвокатураның әлсіз ұстанымы.
Мұның бәрі бұрын да болған, қазір де бар, және әлі күнге дейін ешқайда кеткен жоқ, – дейді ол.
АЙЫПТАУ – ӘДІЛДІККЕ ҚАРАМА-ҚАРСЫ
Айыбын мойындау қайтадан «дәлелдің патшасына» айналып кетті. Ал кінәсін мойындамаған адамның үстінен жеткілікті әрі сенімді дәлелдер болмаса да, айыптау үкімі шығып жатады. Бұл – соттарда орнығып қалған айыптау бағытының белгісі, – дейді Воронов.
Оның айтуынша, соттар көбіне:
тергеудегі кемшіліктерді өздері толықтырады;
күмән туындаса – оны айыптау жағына бұрады.
Көп жағдайда судья үшін кінәсіз адамды соттай салу – оңайырақ. Өйткені ақтап шықса, өзіне «жемқор» деген күдік түсіп кетуі мүмкін, – деп түйді адвокат.
СУДЬЯҒА ЖАЗЫҢЫЗ
Барлық осы оқиғалардағы ең қызығы — Қазақстанның Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің ұстанымы. Ол адвокаттардың бір ауыздан айтып жүрген осы “соттағы заңсыздықтар мен тәртіпсіздік” көрінісін көріп отыр ма? Әлде сот жүйесінің басшысы сот залдарында болып жатқан процестерге мүлде басқа көзқараста ма?
Еске салсақ, Мерғалиев 2022 жылдың желтоқсанында Жоғарғы соттың төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейінгі 20 жыл бойы әртүрлі инстанцияларда және өңірлерде судья қызметін атқарған. Оны жеке адвокаттық кеңседе қарапайым заңгерден бастап, сот жүйесінің ең жоғары лауазымына дейін жеткен жолы деп айтуға болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша өз ойын ашық білдіре алады деп сенуге негіз бар.
Ulysmedia.kz осы өткір тақырыпқа қатысты түрлі пікірлерді жариялауға өз алаңын ұсынуға дайын, оның ішінде сот жүйесі өкілдері мен тікелей Асламбек Амангелдінұлының өз көзқарасын білуге қашан да әзір.