Назарбаев зияткерлік мектептерінде дау болып жатыр. Даудың басы оқушының емтиханға телефон алып кіріп, мұғалімді балағаттағанынан басталған. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі оқушыны мектептен шығарып жіберген. Әуелі бұл жағдайды академиялық адалдық пен педагогтың ар-намысын қорғаудың айғағы деп қабылдауға болар еді. Алайда мәжіліс депутаттары бұл жолы оқушыға жақтап жатыр. Олар ережені бұзған 11-ші сынып оқушысын оқуға қайта қабылдауды, ал педагогикалық кеңесті – бала құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартуды талап етеді. Бұл оқиғада кімдік дұрыс, қандай шешім әділетті болмақ? Бұл сұраққа жауапты Ulysmedia.kz тілшісі сарапшылармен бірлесе іздеп көрді.
“ДАУДЫҢ БАСЫ – ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ”
Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Ирина Смирнова оқушыны оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалғанда оқудан шығару – заңсыз әрі орынсыз шешім деп есептейді.
Оқу аяқталуына екі күн қалғанда оқушыны мектептен шығару оны кепілдендірілген орта білім алу құқығынан айырады. Себебі басқа мектепке ауысу рәсімдерін орындауға уақыт жетпейді. Ал оқу бағдарламаларындағы айырмашылықтар емтихан тапсыруға да кедергі келтіреді. Назарбаев мектебі оқушыны бюджет қаржысына оқытады, ал бұл – негізгі орта білім беру саласы. Яғни мемлекет баланың алдындағы міндеттемесін орындап, мемлекеттік тапсырыс іске асырады. Сондықтан мұндай жағдайда оқушыны шығару ақылға қонымсыз, – деді депутат Мұрат Әбенов.
Депутаттар бұл іске оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев араласуы тиіс деп санайды. Ал педагог мамандығы бойынша білім алған Ирина Смирнова – кезінде «Педагог мәртебесі туралы» заңды жедел қабылдауды талап еткен адам. Бұл жолы, керісінше, мұғалімдер "тәкаппар болмай, жұмысын істеуі керек" деген пікір білдіріп отыр.
Ал депутаттардың сынына жауап берген «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин оқушының төртінші тоқсандағы емтиханға смартфон алып кіргенін растады. Педагог бұл құрылғыны белгіленген тәртіп бойынша тәркілеген. Алайда оқушы мұғалімнің әрекетіне агрессиямен жауап беріп, көпшілік алдында ұстазға балағат сөз айтқан. Атап айтқанда, «ш...ва» деген бейәдеп сөз қолданған.
Біздің мектептерде бәрінің құқығын қорғауға ұмтыламыз. Әсіресе, педагог мәртебесі туралы заңды мемлекет басшысының бастамасымен қабылдағанымызды ескере отырып, мұғалімдердің құқығын қорғау біз үшін ерекше маңызды. Педагогқа құрмет – тиімді білім беру процесінің іргетасы. Сондықтан ар-намысқа қол сұғылған мұндай өрескел оқиғаға бей-жай қарай алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, мектептің педагогикалық кеңесінің бұл оқушыны оқудан шығару туралы шешімі меніңше, толық негізді әрі қисынды, – деп түсіндірді Жанғозин.
Алайда толастар емес. Оқушының атынан сотқа шағымдануға дайын екенін заңгер Жангелді Сүлейменов мәлімдеп, оны қайтадан мектепке қабылдатуды талап ететінін жеткізді.
Қазақстан үшін бұл – білім беру саласындағы алғашқы ірі әрі ашық дау. Әдетте мектептер, тіпті дербес мәртебесі барлары да, даулы жағдайларды жылы жауып қоюға тырысады. Қалай болғанда да, олар оқушыны оқытып бітіруге мүдделі.
Алайда көптеген сарапшының пікірінше, НЗМ-нің 11-сынып оқушысы – «бала» емес. Бұл мектептерге 7-ші сыныпқа дейін қатаң іріктеу арқылы ең мықты оқығандар түседі. Сол кезде-ақ оларға емтихан кезінде телефон алып кіру – бірден нәтижені жоюмен тең екенін түсіндіреді. Телефон сөмкеде жай жатса да ол академиялық адалдықты бұзу саналады.
Сондықтан 11-ші сынып оқушысының смартфонмен емтиханға келуі — кемінде оғаш, ал мұғалім телефонды алуға әрекеттенгенде оған қарсы келуі тіптен оғаш. Ал көпшілік алдында мұғалімді былапыт сөзбен балағаттауы – ақталмайтын әрекет.
Мектеп директоры бұл жерде «сынған терезелер теориясына» сүйенген болуы мүмкін: бір рет кешірсең, екіншісіне жол ашылады. Сондықтан өзгелерге сабақ болсын дегені. Мұғалімге мұндай әрекет жасауға болмайды – әйтпесе мектеп тәртіпсіздікке ет үйреніп кетеді. Бұған қоса, бұл – емтиханның әділдігін қорғаудағы маңызды жағдай, – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Ғазиз Әбішев/Caravan.kz
Ғазиз Әбішев 11-ші сынып оқушысының жасы кемі 16-да екенін еске салады. Сондықтан мұғалімді балағаттаған «кішкентай бала» деуге еш негіз жоқ деп есептейді.
М.Нәрікбаев атындағы университеттің ғылыми жұмыс және зерттеулер жөніндегі проректоры Марат Ақмәди де оқушылардың әдепсіздігін кешіруге болмайды деп есептейді.
Құқық дегеніміз – жақсы-ақ, бірақ ол әрдайым міндетпен бірге жүреді. Оқушы мектеп тәртібін, мұғалімді және сайып келгенде өзін-өзі құрметтеуге міндетті. Әйтпесе біз «шпаргалканы» – табыстың, ал «қатыгез сөзді» – өзін-өзі қорғаудың тәсілі деп қабылдайтын ұрпақты тәрбиелеп шығарамыз, – дейді ол.
Марат Ақмәди/ MNU
Сарапшының айтуынша, академиялық адалдық – білім берудің барлық деңгейінде басымдыққа ие болуы тиіс. Егер бірінші сыныпта бір баланың екіншісінен көшіргеніне көз жұма қарасақ, ертең өскен профессорға біреудің ғылыми мақаласын өзінікі қылып жариялауға болмайтынын қалай түсіндіреміз?
Мектеп басшылығы, шүкір, "пиар үшін бәрін кешіру" спектаклін қойған жоқ. Олар бізге бір қарапайым шындықты еске салды: мектеп тек "баланың құқығы" туралы емес, сонымен бірге жауапкершілік туралы да орын. Академиялық адалдық – бұл жарғыдағы жәй ғана іш пыстырарлық тармақ емес, білімге деген сенімнің негізі. Егер бүгін көшіріп жазуға, тіл тигізуге көз жұмсақ, ертең гугл-кестені "Google аудармашымен" толтыратын, ал сынға "ш...ва" деп жауап беретін мамандарды аламыз, – дейді Марат Ақмәди.
Мұндай тәртіп бұзушылықты кешіруге болмайды деген пікірмен халықаралық «Астана» ғылыми кешенінің басқарушы директоры Серік Ирсалиев те келіседі.
Серік Ирсалиев/ОКҚ
ТӘРТІПСІЗДІКТІ ТЫЙМАЙ, ҚОҒАМДА ІЛГЕРІ БАСПАЙДЫ
Адам өмір жолының басында осындай тәртіпбұзушылыққа барып, ешқандай жазаға тартылмаса, әділетсіз «ақиқатына» сеніп өмір сүреді, – дейді ол.
Айта кетейік, бұл көзқарасты қолдайтындар аз емес. Көптеген қазақстандықтар әлеуметтік желіде дәл осы пікірді жазып, қолдау білдіруде.
НЗМ-НІҢ ӨЗ ЗАҢЫ БАР, МҰНЫСЫ – ЖАҚСЫ
Осы арада депутаттар мен кейбір қоғам белсенділері оқу-ағарту министрі мен балалар құқықтары жөніндегі уәкілді іске араласуға шақырып жатыр.
Алайда Гарвард университетінің зерттеушісі Сағит Бәкіровтің пікірінше, НЗМ жүйесіне министрлік өкілдерінің немесе басқа да шенеуніктердің араласуына жол беруге болмайды.
НЗМ – автономды білім беру жүйесіне жатады. Бұл – жобаның табысты болуына әсер еткен негізгі факторының бірі. Себебі бұл мектептерге министрлік немесе басқа да тетіктер арқылы ықпал ету мүмкін болмады. Ендігі жерде де осы автономия сақталуы аса маңызды, – дейді ол.
Сағит Бәкіров/Ulysmedia.kz
Сарапшының айтуынша, мектептің ішкі тәртібі мен жарғысын өрескел бұзу оқиғалары тек Қазақстанда емес, кез келген елде болады.
Егер оқушы тарапынан мұндай әдепсіз қылық жасалып, оның жазасы ретінде оқудан шығару тәртібі белгіленсе, мектеп әкімшілігі дәл солай әрекет етуі керек еді. Себебі ереже – бәріне ортақ. Ол баланың кім екені, ата-анасы кім деген мәселе мүлде маңызды емес. Егер бала тәртіп бұзса, тиісті жаза да қолданылуы тиіс. Мәселен, АҚШ-та мұндай жағдайлар әр мектептің ішкі тәртібіне байланысты әртүрлі шешіледі. Бірақ бастысы – оқушы мен оның ата-анасында бұл шешімді даулауға мүмкіндік болуы керек: сотқа беру, апелляциялық комиссия арқылы немесе өзге де жолмен даулауына болады. Бірақ сырттан қысым жасап, мектепке шешім қабылдауға мәжбүрлеу деген болмауы керек. Себебі білім сапасының негізгі өлшемі – академиялық құндылық пен автономия, – дейді Сағит Бакиров.
Бәкіров бұған дейін Назарбаев Университетінің басқарушы директоры қызметін атқарып, елімізде білім беру реформалары мен «Педагог мәртебесі туралы» заңның дайындық жұмыстарына қатысқан. Оның пікірінше, мұғалімді құрметтемей, биік академиялық деңгейге жету – өте қиын.
БОЛАШАҚҚА САБАҚ
Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері – тек Қазақстан емес, әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің болашақ студенттері. Сондықтан оларға жай ғана «орта білім алу құқығы бар бала» деп қарауға болмайды.
Әрине, НЗМ шығарған бұйрықтың заңдылығын немесе оқушыны оқудан шығару шешімінің құқыққа сәйкестігін даулау мүмкін. Егер оқушы жағындағы заңгерлер Конституциялық құқықтарды алға тартып, жазалауды әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында ғана шектеп, бірақ оқудан шығармай қоюды талап етсе, саяси қысымның күшеюі жағдайында мектеп сотта жеңіліп қалуы да мүмкін, – дейді Бәкіров.
Олжас Жораев/фото жеке архивінен
МОРАЛЬ МЕН ПЕДАГОГИКА ЖАҒЫНАН МЕКТЕП ДҰРЫС ІСТЕДІ
Моральдық әрі педагогикалық тұрғыдан мектептің әрекеті дұрыс! Академиялық адалдық қағидалары шынайы сақталатын кез келген жоғары оқу орнында мұндай студент еш ойланбастан оқудан шығарылар еді, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, қазіргі таңда Вашингтонда тәуелсіз зерттеулер жүргізіп жүрген сарапшы Олжас Жораев.
Ал ҚБТУ түлегі, халықаралық математика олимпиадаларының жүлдегері, «Пифагор» қосымша білім беру мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов та мұғалім беделі – талқыланбайтын құндылық болуы тиіс деген пікірмен келіседі.
Асан Жолдасов/ОКҚ
Бізде де осындай оқиғалар болады. Біз де оқушыны оқудан шығарамыз. Өйткені мұғалімдерге ондай қатынасқа жол беруге болмайды», – дейді ол.
Алайда осы бір баланың құқықтары үшін болған күрестің ең маңызды жағы – моральдық тұрғыдан қате болған оқиға арқылы басқа балалар қандай сабақ алады? Білім саласындағы мамандардың болжауынша, егер ересектер мұндай мінез-құлықты қабылдамай, тиісті түрде қатаң әрекет етпесе, онда дөрекілік жасаған оқушының сыныптастары, НЗМ мен Қазақстанның кез келген мектебіндегі оқушылар «мұғалімді қорлауға болады», «ережелер тек депутаттар қолдауы жоқ оқушыларға қатысты ғана», ал «мұғалім – жай ғана қызметкер, ол оқушының смартфонын емтиханда тартып ала алмайды» деген түсінік қалыптасады.
МИНИСТРЛІК НЗМ-ГЕ ТЕКСЕРУ ЖІБЕРЕДІ
Дау-дамай әлі де басылар емес. Министрліктен жағдайға қатысты өте сақ пікір берілді:
Білім министрлігі педагог мәртебесіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетті қатаң айыптайды, – деді мемлекеттік қызметкерлер.
Алайда, депутаттар мен қоғамдық белсенділердің келесі нысанасы кім боларын білмегендей, тілдерін жұмсартып:
Сонымен қатар, бұл оқиғада оқушы өз қателігін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді НЗМ бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз, – дейді.
Гуманизмнің басым болуы үшін Алматыдағы мектепке балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаментінен тексеру жіберілді.
Назарбаев университетінің докторанты, мемлекеттік басқару сарапшысы Сабина Садиева министрліктің ұстанымын түсініксіз деп бағалайды:
Мұндай мектепте, әсіресе НЗМ сияқты жерде емтиханда шпаргалка қолдануға кешірім жасау керек пе? Мұғалімді қорлау кешірілетін нәрсе ме? – деп таңданысын білдірді.
Сабина Садиева/әлеуметтік желіден
Сарапшы таңғалады: қалайша этикалық нормаларды бұзған оқушының жағына депутаттар шығып жатыр, ал олар өздерінің қызметтік міндеттеріне сай заң мен тәртіпті қорғауы тиіс емес пе?
Назарбаев интеллектуалдық мектептері әлі де принципиалды ұстанымда тұр. Себебі, егер мұндай дөрекілік медиа қысымынан кешірілсе, мұғалім мәртебесіне қатысты барлық заңның құны болмайды. Немесе біз бәріміз ережелерді сақтайтын, сөз мәдениетін ұстанатын және жемқорлыққа төзбейтін қоғамда өмір сүреміз немесе жай диплом таратып, барлығын көрсетпей-ақ қоямыз, – деп қорытындылады Сабина Садиева.
Біз осы жағдайға қатысты пікірін білу үшін білім беру саласының бұрынғы министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовпен де байланысқан болатынбыз.
Асхат Аймағамбетов/ҚР БҒМ
Ол жауап ретінде 2020 жылы академиялық адалдықты енгізудің қаншалықты күрделі болғанын еске салды:
Біз ҰБТ кезінде “смартфон табылса, емтихан нәтижелері жойылады” деген норма енгіздік. Сол жылы 2500 емтихан нәтижесі жойылды. Ал 2019 жылы тек 25 нәтиже ғана жойылған еді, себебі сол кезде ережелер жұмсақ болды, абитуриенттің тек смартфон әкелгенін емес, шынымен де көшірме жасағанын дәлелдеу қажет болды. Пандемияға қарамастан, Қазақстанның 4 қаласында менің отставкамды талап еткен митиңдер өтті. Бірақ біз өз ұстанымымыздан айнымадық, өйткені бұл білім сапасын арттыру үшін қажет еді, — деп еске алады Аймағамбетов.
Ғани Бейсембаев соңында ұстаздардың абыройын қорғай ала ма? Әлде әлі де аморфты гуманизмге сүйеніп қала бере ме? Қалай болғанда да, Ulysmedia.kz бұл оқиғаның жалғасын бақылайды, себебі ол Қазақстандағы жалпы орта білім реформасының жаңа басы болмақ немесе дөрекіліктің барлық деңгейде рұқсат етілгенінің ресми мойындалуы ретінде қарастырылуы мүмкін.