×
509.26
574.75
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.26
574.75
6.46

«Ақнәрдің өлімі жоспарланған»: Марқұмның жақындары видео дәлел ұсынды

«Ақнәрдің өлімі жоспарланған»: Марқұмның жақындары видео дәлел ұсынды
ulysmedia коллажы

Былтыр жұмбақ жағдайда Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған Ақнәр Гүлстанның жақындары баспасөз мәслихатын өткізіп, қанды оқиғаға дейін бірнеше ай бұрын марқұмға қысым жасалғанын айтты, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

«ҚОСЫМША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС АШУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ»

Марқұмның анасы Гүлстан Қамиттің заңды өкілі Инга Иманбай қосымша бірнеше бап бойынша іс қозғау керектігін айтты. Ол қанды оқиғаға дейін, 2024 жылдың сәуірінде түсірілген видеоны негізге алған. Инга Иманбай Ақнәрдің өлімі кездейсоқ емес деді. Оның сөзінше, бейтаныс жігіт сәуірде оған қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасаған. Баспасөз мәслихатында сәуірде түсірілген видео көрсетілді. Онда белгісіз жігіт Ақнәрді диванға итеріп отырғызады. Кейіннен қытай тілінде сөйлеп, терезені ашады. Сол уақытта Ақнәр терезеге қарай ұмтылады. Жігіт кейіннен Ақнәрді ұстап, терезеге жібермейді. Инга Иманбайдың айтуынша, жігіт қытайша Ақнәрға «терезеден секір» деп үгіттеген. Ал Ақнәр өзіне жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасалғаны туралы айтып, сөмкесі мен телефонын қайтаруды, өзін босатуды сұрайды дейді заңгер. Бұл видеоның барлығын іс бойынша қорғануға құқылы куәгер деп танылған Дидар Мұқият есімді қыз түсіріп тұрған.

Өлтіру ұмтылыстары бірнеше рет болған. Яғни, 20 маусым күні болған қайғылы оқиға сол күні кездейсоқ орын алған дүние емес. Алдын ала жоспарланған. Видеоны көретін болсаңыздар, анық бәрі сол жерде айтылып тұр. Дидар [Мұқият] алдап Ақнәрді шақырып алады. Пәтерде бейтаныс бір жігітті дайындап қояды. Ол жігіт Ақнәрға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасайды. Ақнәр ашуланып шығамын деген кезде оның сөздерінен қылмыстық кодекстінің бірнеше бабын көруге болады. Біріншіден, Ақнәрді еркінен айырып отырады олар. Бұл қылмыстық кодекстің 126-бабы. Жыныстық сипаттағы қималдар жасалады Ақнәрға қатысты. Ол қылмыстық кодекстің 121-бабының 1-бөлігі. Сосын, Ақнәрға қатысты Дидар балағат сөздер айтады. Яғни, қылмыстық кодекстің 131-бабы, «қорлау, ар-намысын таптау» арқылы Ақнәрдің ерік-жігерін түсіру, төмендету әрекеттері жасалып жатады. Сонымен қатар, қылмыстық кодекстің 389-бабы «Өз бетімен билік ету». Яғни, Ақнәрдің жеке заттарын алып алған, – деді Инга Иманбай.

ДАУЛЫ ВИДЕО

Гүлстан Қамит Дидар Мұқияттың қорғау тарапы өздерін ақтау үшін видеоның қиындыларын көрсеткен деді. Ол бұнымен келіспеді. Сөзінше, Ақнәрға қатысты сәуірде түсірілген видеоларды қызының тірі кезінде білмеген. Дидар Мұқият бұған дейін де Ақнәрдің туыстарына видео-аудио жіберіп, «Ақнәр өлейін деп жатыр» деген сөздер айтқан.

 13 сәуірде [видеода] болған жігітті де қылмыстық қудалауға алып келіп, одан да жауап алу керек. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғатамыз деп отырмыз біз... Мен ойлаймын, 20 маусымда мына оқиғаны тудырады да, олардың жоспарлары іске асады. Бұл бұрында да секіргісі келген деп, ана видеоларды кесіп, басқа жерлерін беріп қояды. Ол қыз [Дидар Мұқият] менің қызымның бизнесте жүрген қорғаушысы емес. Ол видеолар неге төрт ай бойы ол қызда жүреді? Дидар не үшін видеоға түсіреді? Барлығын солай видеоға түсіріп жүрген, – деді Гүлстан Қамит.

Бұған дейін, оқиға күні Ақнәрмен бір пәтерде болған Дидар Мұқияттың адвокаты Жандос Палманов қорғауындағы қыздың кінәсіз екенін дәлелдеу мақсатында видео көрсеткен. Адвокат «әлеуметтік желіде тараған видеолар монтаждалған. Оның толық нұсқасы мүлде басқа сипатта болған» деген. Палмановтың сөзінше, қанды оқиға күні пәтерде болған қызар Ақнәрді керсінше сабырға шақырған. Сол кештің басында қыздар ішімдік ішіп, би билеп, көңіл көтерген.

 Қыздар бұған дейін дәмханада кездесіп, жақсы көңілді күймен үйлеріне қайтып, өздерімен бірге тамақ алып кеткен. Келесі күні олардың өз ішіндегі қытай тіліндегі чатында марқұм Ақнәр бір жерге барып ішімдік ішуді ұсынған. Ол: «Кешегі дәмханадан қалған тамақты алып барамын» дейді. Сөйтіп олар менің клиентім Дидар жалдаған пәтерде жиналады. Сол жерде ішімдік ішіп, қыздар арасындағы мәселелерді талқылай бастайды. Бір кезде Ақнәр Гүлстанның көңіл күйі бұзыла бастағаны байқалады. Ол жылап, шашын жұлып, басын қабырғаға ұрады. Сол кезде менің клиентім де, оның құрбысы да Ақнәрді сабырға шақыра бастайды, – деген Жандос Палманов.

Бірақ сот-медициналық сараптама қорытындысында Ақнәр Гүлстанның қанынан этил спирті табылмаған. Жандос Палманов сараптаманың анық-қанығын әлі де зертеу керек деп есептейді. Ол осы мәселе бойынша сарапшыдан жауап алмақ.

 Алғашқы сот-медициналық сараптамаға сәйкес, азаптау мен соққы іздері анықталмаған. Бірақ ағзасынан алкоголь табылмағаны жөнінде... біз бұл бағыт бойынша сарапшыдан жауап алуды сұрадық, – деген адвокат.

«ТЕРГЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ИНТЕРНЕТТЕН БІЛІП ОТЫРМЫЗ»

Ақнәр Гүлстанның туыстары мен заңды өкілі бұған дейін істің жүрмей жатқанын айтып, бас прокуратураға шағым түсірген. Инга Иманбай «өтінішхатқа әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз» дейді. Бірақ ішкі істер министрлігі талаптарды ішінара орындаған. Сөзінше, іс туралы жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отыр.

 Біз сіздер сияқты тергеуге қатысты жаңалықты дәл сіздер сияқты интернеттен біліп отырмыз. Бізге ішкі істер министрінің орынбасары айтады, біз тергеу тобын құрдық дейді. Тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді. Астанадан тергеу тобы құрылды деген сөз, ол Алматыдағы тергеушілер істен шеттетілді деген сөз. Біз соның барлығын интернеттен біліп отырмыз. Ішкі істер министрінің орынбасары айтады, біз жәбірленушілердің әрбір талабын жіті бақылап отырмыз дейді. Бірақ жәбірленушімен де, оның заңды өкілі менімен де жаңа тергеу тобы да, ескі тергеу тобы да хабарласқан емес, – деді Инга Иманбай.

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

28 мамырда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақнәр ісіне қатысты Ұлысмедиа тілшісінің сауалына жауап берген. Ол іс бойынша әлі ешкім күдікті деп танылмағанын, тергеу жүріп жатқанын айтқан.

Ақнәр ісі бойынша тергеу органдарымен жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық іс біздің бақылауымызда. Жәбірленушінің уәждері тергеу барысында тексеріліп жатыр, – деген Әділов. 

АҚНӘРДІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

22 жастағы Ақнәр Гүлстан 2024 жылы Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған. Бастапқыда полиция істі «Өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша қозғаған. Бірақ марқұмның анасы мен туыстары оған қарсы шыққан. Олардың сөзінше, Ақнәрдің денесінде азаптау белгілері болған. Шашы жұлынып, тырнағы сынып, денесінде тістелген іздер табылған. Марқұмның анасы Гүлстан Қамит Ақнәрдің қазасына оқиға болған күні оның жанында болған құрбыларының қатысы бар деп топшылайды.

Серіктес жаңалықтары