×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

Репрессия жаңғырығы: Кешірім сұраған «Жас Алаш», өткенін қозғамайтын «Егемен Қазақстан»

Репрессия жаңғырығы: Кешірім сұраған «Жас Алаш», өткенін қозғамайтын «Егемен Қазақстан»
ulysmedia коллажы

31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қоғамда репрессия мен ашаршылыққа қатысты дау көп. Соның бірі – Алашорда қайраткерлерін «халық жауы» деп мансұқтап мақала басқан газеттер төңірегіндегі дау. Бірі сол кезде «компартия пропагандасының үн парағы» рөлін атқарған газеттердің қазіргі «ізбасарлары кешірім сұрауы керек» десе, енді бірі «оның қажеті жоқ» деп есептейді. Бұл басылымдар оқырмандарынан кешірім сұрауы керек пе? Оның маңызы қандай?

Жыл сайын 31-мамыр күні Қазақстанда саяси белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің салдары әлі күнге дейін жалғасып жатқаны туралы айтады. Сол оқиғаларға саяси-құқықтық баға беру керектігін, қатысы бар мемлекеттік органдар мен ұйымдар кешірім сұрау қажеттігін алға тартады. Көп жағдайда бұл талап билікке қарата айтылғанымен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары да бар. Солардың бірі – мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газеті. 1937-1938 жылдары басылым бетінде Алаш қайраткерлерін «халық жауы» деп айыптаған материалдар жарық көрген.

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ҺӘМ «СОЦИАЛИСТІК ҚАЗАҚСТАН»

1937-1938 жылдары советтік «репрессия машинасы» қызып тұрған шақта «Социалистік Қазақстан» газеті де үнсіз қалған жоқ. Мысалы, газеттің 1937 жылғы күзіндегі сандарының бірінде Алаш орда лидері Әлихан Бөкейхеновты айыптаған материалдар кездеседі.

Алаш орданың лидері, Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары, қанішер Әлихан Бөкейханов 1916 жылғы көтеріліс жасағандарға қарсы, қазақ халқының геройы Амангелді Имановқа қарсы жазалаушы әтреттер ұйымдастырып, Торғай облысына жіберіп отырды.

Қазақ еңбекшілерінің тағы бір жендеті, алашордашыл Тынышбаев Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып отырған кезінде бай кулактардың халықты қыратын бандыларын құрып отырды. Бұл мырзалардың қазақ даласына істеген әрекеттері адам айтқысыз сұмдық, нағыз аюандық еді, орта ғасырда болған аюандардың нағыз өзі еді, – деп жазған басылым.

Осы сияқты «Ұлтшыл-фашист жауларды түр тамырымен құртайық», «Буржуазияшыл ұлтшылдардың бірін қалдырмай әшкерелеп, жермен-жексен қылайық» деген сияқты мақалалар жарық көрген.

“Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп. Сурет: inbusiness.kz

«ӨТКЕНДІ ҚОЗҒАП ҚАЙТЕМІЗ»

Ulysmedia тілшісі «Егемен Қазақстан газеті Социалистік Қазақстанның ізбасары ретінде репрессия жылдарында Алаш орда қайраткерлерін айыптап жариялаған мақалалар үшін кешірім сұрауы қажет пе? деп газеттің қазіргі бас редакторы Ғабит Мүсірепке хабарласты.

Оны қайтесің... Кешірім сұрап... Ол енді кезінде айтылды ғой. Бауырым, қайтеміз өткенді қозғап, – деп қысқа қайырды Ғабит Мүсіреп.

АЙЫПТАҒАН «ЛЕНИНШІЛ ЖАС», КЕШІРІМ СҰРАҒАН «ЖАС АЛАШ»

«Социалистік Қазақстан» сияқты «Лениншіл жас» (қазіргі Жас Алаш) газеті де 1937-1938-дегі репрессия жылдарында Алаш орда қайраткерлерін айыптауда аянып қалмаған. «Батыл сын - өзара сын жоқ» (27 қыркүйек, 1937 ж) «Халық жауларының зиянкестігінің зардабын тез жояйық» (29 қыркүйек, 1937 ж); «Үржардағы ұлтшыл-фашистер бандасына сот» (2 қазан, 1937 ж.); «Комсомол ісіне кіріп кеткен жаулардың кейбір зұлымдық тәсілдері мен әдістері туралы» (15 қазан, 1937 ж.) «Халық жауларына қарсы күрес бәсеңдемесін» (30 қазан 1937 ж.) деген секілді тағы да басқа көптеген ұрда-жық мақалалар бірінен соң бірі шыққан.

1938 жылы 6 наурыздағы «Құтырған иттер атылсын» деген мақалада НКВД-ны мадақтап, репрессия құрбандарын фашист, итке теңейді.   

Көп уақыт жасырынып жүріп, социалистік Отанымызға қастық істеген, оны бөлшектеп, фашистік мемлекеттерге таратып бермек болған сұмырайларды Отанымыздың болат семсері – даңқты НКВД орындары қолға түсірді. ... Адам баласының бұл тастандыларына, фашист разведкасының тіміскілеген бұл иттеріне сот процесі басталғанына бірнеше күн өтті, бұл процесс бүкіл совет халқының, бүкіл прогресшіл адам баласының зығырын қайнатты, советтің әділ сотынан олар бұл фашистік жендет сұмырайлардың көздерін тез жоғалтуды талап етіп отыр, –делінген мақалада.

Журналист, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы. Сурет: Азаттық радиосы.

«Жас Алаш» газеті 2011 жылы 90 жылдығын атап өткенде басылымның бас редакторы болған Рысбек Сәрсенбайұлы газетке басылған осы мақалалар үшін оқырманнан кешірім сұраған. Рысбек Сәрсенбайұлы Ulysmedia тілшісіне кешірім сұраудың маңызын былай деп түсіндірді:

Газеттің өткен тарихындағы, сондағы әріптес ағаларымыздың жіберген қателіктері үшін кінәсіз, жазығы жоқ азаматтарды «халық жауы» деп айыптау кезеңдері бастан өтті ғой... Сол айыптаулары үшін кешірім сұрағанмын. Ең алдымен кешірімді коммунистік партия сұрауы керек еді. Өйткені сол саясатты жүргізген коммунистік партия ғой. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, НКВД-сы бар, прокуратурасы бар солар кешірім сұраулары керек еді. «Кешегі ұрпақ үшін бүгінгі ұрпақ жауап бермейді. Әкесі үшін баласы жауап бермейді» десе де, соның қателік екенін мойындау керек ең алдымен. «Жас Алаш» газеті 1921 жылдан бері шығап келеді. 30-шы жылдардағы айыптаулар, кінәлаулар, халық жауы деу соның барлығы сол газетте жарияланды. Баяндамалар, сөйлеген сөздер жарияланды. Мақалалар шықты бір-бірін айыптаған. Ал соның салдары қуғын-сүргінге ұшыратты. Адамдар ату жазасына кесілді. Жер аударылды. Ол үлкен қателік. Ал енді оны мойындамау, «өткеннің ісі бізге қатысы жоқ» деу дұрыс болмайды. Тазарау керек. Тазарғанда ғана, қателікті мойындағанда ғана соның алдағы уақытта қайталанбасына кепілдік болады. Мысал үшін, бүгін де қаншама қиянат, озбырлық жасалып жатыр. Бүгін кешірім сұрауы керек қазіргі билік. Ал онсыз қанпезерлік, жала жабу, азаптау жалғасады, – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Саясаттанушы Дос Көшім. Сурет: .dalanews.kz

«МЕМЛЕКЕТ АРХИВТЕРДІ АШУЫ КЕРЕК»

Саясаттанушы Дос Көшім кешірім сұраумен мәселе шешілмейді дейді. Ол бірінші кезекте мемлекет құпия архивтерді ашуы тиіс деп есептейді.

Ең бірінші мемлекеттік архивтердің барлығы ашылу керек. Сол архивтер арқылы біз сол коммунистік партияның шындығында жасаған қылмысын, тоталитарлық режимнің қылмысын көрер едік. Сонда халық айтар еді «мынандай биліктің жүйесі орнаса, бізде осындай ақыр заман болады екен ғой» деп. Қазіргі біздің жастарымыз «Совет үкіметін неге жамандай бересіңдер, ол сендерге не істеді? Бәрі жақсы болды ғой сол уақытта» дейді. Ең үлкен қасірет осы екі бағыт. Жүйеміз және соны басқарған коммунистік партия. Біз оны айтатын болсақ, Назарбаевқа да тиіп кетеді. Қазіргі президентке де тиіп кетеді. Бәрі коммунистік партияда болды. Менің әкем де коммунистік партияда болды. Бірақ біз оны бөліп алуымыз керек. Жәй коммунистік партияның ішінде болғандар. Сосын сол коммунистік партия арқылы елді уысында ұстап отырғандар. Солардың алып келген зардаптарын біз аша алмай отырмыз. Оны ашқызбай отыр. Қазір де бәріне Назарбаев кінәлі дейді ғой. Менің ойымша, Назарбаев емес, жүйе. Сондықтан Назарбаев кеткенімен жүйенің өзгермегенін көріп отырмыз. Себебі жүйе өзгерген жоқ. Назарбаевты жамандай беріңдер дейді де жүйе. Бірақ бізге тиіспеңдер дейді. Бұл 60-шы жылдағы Хрущевті еске түсіреді. Бәріне кінәлі Сталин деп шығарды ғой. Бірақ тоталитарлық жүйені сақтап қалды, – дейді Дос Көшім.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Сурет: Ақорда

«ЕКІ МИЛЛИОН ҚҰЖАТ ҚҰПИЯСЫЗДАНДЫРЫЛДЫ»

2020 жылы Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған. Ол үш жыл жұмыс істеп, 2023 жылы қызметін аяқтаған. Комиссия төрағасы, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 2024 жылы желтоқсанда «ARA media» You Tube арнасына берген сұхбатында 2 миллионнан астам құжат пен іс құпиясыздандырылғанын айтқан.

Жеті жүз мың істен тұратын материалдардың қорлары бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігінің жабық қорларынан жинақталған. Енді бұның барлығы тиісті зертеу жұмыстары өткеннен кейін зерттеушілерге, бәріне қол жетімді болады. Құпиясыздандырылды дегеннен кейін олармен танысуға, жұмыс істеуге рұқсат болады, – деді Ерлан Қарин сұхбатта.

1930-1933 жылдары Қазақстанда ашаршылықтан 1,5 миллион адамның қаза болғаны туралы айтылады. Қоғамда ашаршылықты «геноцид» деп тану қажеттігі туралы ауық-ауық айтылады. 1937-1938 жылдары болған жаппай репрессия төңірегінде де дау көп. 

Серіктес жаңалықтары