×
512.1
583.64
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.1
583.64
6.5

Сотталушыларға сұралған ұзақ мерзім, күдіктілерді ақтауға тырысқан авдокаттар – жарыссөз қалай өтті

02.06.2025, 22:47
Сотталушыларға сұралған ұзақ мерзім, күдіктілерді ақтауға тырысқан авдокаттар  – жарыссөз қалай өтті
Ұлысмедиа коллажы

Кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың ісі бойынша бүгін сот тергеуі аяқталып, жарыссөз болды. Ulysmedia.kz тілшісі күн бойы жарыссөз қалай өрбігенін жүйелеп, оқырман назарына ұсынады.

АДВОКАТТАРДЫҢ ӨТІНІШІ

Бүгінгі сот барысында Тоқтаубаевтардың адвокаты олардың бұрынғы жауабын дәлел ретінде танымауды сұрады. Тергеу барысында сотталушыға қысым көрсетілгенін айтты. Прокурор бұған қарсы болса да, аталған өтініш хатты судья басы ашық қалдырды.

Сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты оның оң қолы сынғанын жеткізді.

Қолына спица салынған. Оны уақтылы алып тастауға, ота жасауға қаражаты жоқ. Уақытын өткізіп алды. Бейнежазбадан қараған кезде сотталушылардың бірін ұрған кезде қатты соққы емес, итерген. Әскентай қанша кішкентай болса да ұрғанынан құламаған. Осыны іске тіркеуді сұраймын, – деді адвокат.

Сот Ержан Жанұзақов оның бұл өтінішін сотқа тіркеді.

Дархан Әскентайдың адвокаты сотқа жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовты шақыруды, одан онлайн жауап алуды өтінген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

ПРОКУРОРДЫҢ ЖАРЫССӨЗДЕГІ СӨЗІ

Прокурор Дана Сәрсембай жарыссөзде Абзал Шынасылдан жеті рет жауап алынғанын, ол күдікті ретінде берген жауабын есіне салды. “Ол Шерзатқа пышақ сұғып алдым” деген сөзін есіне салды. Сот барысында қорғануға құқығы бар Жақсыкелдінің және сотталушылардың бірінің Абзалдың төбелестен кейін пышағын жуғанын айтқанын жеткізді.

Тәуелсіз сараптама сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне келтірілген зақым Шерзаттың өлімімен тікелей себептік байланыста болатын денсаулыққа ауыр зиян екені көрсетілген. Демек сараптамалар Шерзаттың өлімі Шынасылдың ұрған соққысынан екенін нақты көрсетіп тұр. Сарапшы Халимназаров жарақат тереңдігі 12 см, ал Шынасылдан алынған пышақ жүзі 9,5 см. Алынған жарақат аталған пышақтан болуы мүмкін бе деген сұраққа ол “адамның денесінің терісі серпінді болғандықтан, аталған пышақтың жүзі сабының түбіне дейін кіргенін айтуға болады, пышақ қатты күшпен салынған” деп жауап берді, – деді Дана Сәрсенбай.

Дана Сәрсенбай Шынасыл сотты шатастыру үшін әртүрлі жауап беріп отырғанын айтады. Прокурор сотта Шерзатты пышақты Шынасыл салды деген айпытау толық дәлелденді деп мәлімдеді.

Сотта Шерзатқа пышақпен соққы жасаған Шынасыл екені толықтай дәлелдемелермен көрсетілді. Шынасыл Абзал Шерзатқа келтірген бір жарақат Шерзаттың өлімімен тікелей себептік байланыста болған. Оны екі сарапшы да көрсетті, – деді ол.

ПРОКУРОР ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ АРЫЗЫН НЕГЕ ҚОЛДАМАДЫ

Прокурор Дана Сәрсенбай жарыссөзде жәбірленушілердің басқа да сотталушылардың әрекеттерін "топ болып адам өлтіру" бабымен істі қайта саралау туралы өтінішін неге қолдамағанын айтты.  

Сот – ақиқат пен әділеттіліктің орыны. Әрбір өтініш адам тағдырына кері әсерін тигізуі мүмкін. Процес қоғамда қызу талқыланып, тікелей эфирде көрсетілгенін ескеріп, әрбір өтініш шынайы әрі заңды негізде болуы керек деп есептейміз. Кейбір жекелеген адамдардың негізсіз мәлімдемелері арқылы процесті ток-шоуға айналдыру әрекеті орынсыз. Сот отырысында біз жан түршігерлік, қоғамға қатты әсер еткен бейнежазбаны көрдік. Анасының «қой өлтіресіңдер» деген жанайқайы, «скорая» деп айқайлаған ағасының дауысы менің де көңіліме қатты тиді. Маған адами сезімдер қыз бала болған соң жат емес. Бірақ мемлекет мүддесін білдірген соң біз эмоцияға берілмей, заңға бағынуымыз керек. Ешқандай сыртқы факторлар бізге әділ шешім қабылдауға әсерін тигізбеуі тиіс. Бұл жағдайда тіпті қылмыс жасаған адам болса да оның Конституциялық құқығы, мүдделеоі сақталуы керек. Сондықтан әркім өзі жасаған қылмысы үшін жауап беруі тиіс, – деді прокурор Дана Сәрсенбай.

Бұған дейін Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.

ПРОКУРОРЛАР СОТТАЛУШЫЛАРДЫ ҚАНША ЖЫЛҒА СОТТАУДЫ СҰРАДЫ

Жарыссөз барысында прокурор Дана Сәрсембай Думан Ысқақты (кәмелетке толмаған) қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша 1,5 жылға соттауды, Дархан Әскентайды, Шыңғыс Белғожаевты, Нұрбол Тоқтаубаевты, Дидар Қалиахметті 293-баптың 7 бөлігімен кінәлі деп танып, оларды 7 жылға соттауды сұрады.

Прокурор сонымен қатар өздеріне тағылған айыптар бойынша Нұрқияс Ілиясовты 9 жылға, Азамат Тоқтаубаевты 15 жылға (өтелмеген жазасын қосқанда), Равиль Сәкиевті 20 жылға, ал Абзал Шынасылды 23 жылға соттауды өтінді.

ОЛАР “ШОКТА” БОЛМАҒАН

Жарыссөз барысында прокурор Дана Сәрсембай Шерзат ісіндегі екі әйел – қорғануға құқығы бар Дана Жақсыкелді мен Эльмира Нұрбекова бойынша жеке қаулы шығаруды өтінді. Жарыссөз барысында екі әйел сотта көп нәрсені жасырып қалғанын айтты.

Олар “шок” жағдайда болмаған. Олар қасақана үнсіздік танытқан. Оны көліктен алынған видеолар дәлелдейді. Абзалдың оларға көлікте «ауыздарыңнан ештеңе шықпасын» дегені естілді. Бірақ сот барысында екеуі мұны айтпады. Аталған мән-жайлар тиісті процесуалдық шешім жасауды талап етеді. Жеке қаулы шығару керек деп санаймыз, – деді прокурор.

ОЛАРДЫ “КӨШЕ ЗАҢЫ” ДА ТОҚТАТА АЛМАДЫ

Прокурордан кейін мінберге жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев шықты. Шекеев онсыз да құлап, қансырап жатқан баланы анасының көзінше ұрғандарын түсіне алмағанын айтты.

Оларды “көше заңы да” тоқтата алмады. Тоқсаныншы жылдары бандиттер де бұлай істемеген. Жағаңды ұстатады. Егер Мамедованың бейнежазбасы сотталушылар «ол жерде болмадым» дей салар ма еді. «Біз кінәлі емеспіз» дегені жәбірленушілердің жүйкесін тоздырып, қоғамның ашуын туғызды. Бұларға осы жағдай қалыпты ма дейсің, – дейді адвокат.

Мейірман Шекеев Шерзаттың әжесінің 2024 жылдың 4 қазанында Нұрқанатты жасырын түсірген видеоны көрген соң өзіне жылап тұрып айтқан сөзін келтірді.

“Мейірман, мылтықты менің балам шынымен алып шыққан ба? Онда оның біреуін сол жерде дәлдеп тұрып атқаны дұрыс болар еді ғой. Атқысы келсе балам тигізер еді. Мүмкін менің Нұрқанатым сол кезде біреуін тоқтату үшін атса, Шерзатым тірі қалар еді ғой. Иә, Нұрқанатым онда түрмеге отырар еді. Бірақ ол тірі болар еді. Бәрібір күндердің күнінде тірі келер еді ғой. Сотталушылар қанша жылға сотталса да, тірі келеді. Ал мен екі баламнан айырылдым” деп өкініп жылағаны қабырғаны қайыстырды, – дейді Шекеев.

Адвокат соттан сотталушыларды тағылған баптары бойынша ең ауыр жазаға тартуды, олардан материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап етті. Мейірман Шекеев күдіктілердің ішіндегі кәмелетке толмаған Думан Ысқақты кешірім берілетінін мәлімдеді.

СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ АДВОКАТТАРЫНЫҢ ЖАРЫССӨЗДЕ АЙТҚАНЫ

Шерзат Полат сотындағы жарыссөзде сотталушы Равиль Сәкиевтің адвокаты Мәди Бөленбаев өз қорғауындағы күдіктіні тек бір бап бойынша соттауды сұрады. 

Равиль Сәкиевтің Нұрқанат Ғайыпбаевты өлтіру пиғылы болмаған. Оны бұрыннан таниды. Арасында бас араздығы жоқ. Әскентайдың жоғын жоқтайтындай оны бұрын танымаған. Онымен еш араласпаған. Нұрқанат оқ атқаннан кейін ашуланып, екі-үш рет тепкенін сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген жауаптарында да, сот тергеуі барысында да айтып көрсеткен. Қазір осы іс-әрекеті үшін шын жүректен өкінеді. Жәбірленуші Жұмабике Қадыровадан осы әрекеті үшін кешірім сұрайды, – деді адвокат.

Адвокат Сәкиевтің бұзақылық жасағанын мойындайды. Бірақ басқа баптар бойынша айыптауларды алып тастауды соттан сұрады. Азаматтық талапты қараусыз қалдыруды өтінді. Сотта Равиль Сәкиевтің Нұрқанат Ғайыпбаевты “өлтіруге оқталды” деген айыптау дәлелін таппады деп есептейді.

Равиль Сәкиевті қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, қылмыстық жауапкершілікпен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, өкінетінін ескеріп, аталған бап бойынша ғана жаза тағайындауыңызды сұраймын, – деді ол.

Қаржаубай Нұрымовтар тарапы сотталушы Равиль Сәкиевтен 150 млн теңге талап еткен еді. Адвокат мұны “еш негізсіз” деп таныды.

“АҚТАУДЫ СҰРАЙМЫН”

Сотталушы Шыңғыс Белғожаевтың адвокаты Марғұлан Сәдібеков 293-бабының 3-бөлігі емес, 1-бөлігі бойынша ғана соттауды өтінді. Белғожаевқа ҚК 293-бабының 3-бөлігі (қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) бойынша айып тағылған. Адвокаты оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сонымен қатар, жәбірленушілер тарапы талап еткен материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттемеуді өтінді. Сөзінше, сонша сома сұрарлықтай жәбірленушілер тарапы тиісті дәлелді келтірмеген. 

Думан Ысқақтың (ҚК 434-бабы бойынша – қылмыс туралы хабарламау бойынша айыпталған) адвокаты Жалқын Қабылов 11 сынып оқушысы Думан Ысқақ полицияның тергеуі барысында қорғануға құқығы бар куәгер болғанын, алайда Қаржаубай Нұрымовтың үйі өртеніп, іс резонансты сипатқа ие болғаннан кейін күдікті статусына ауыстырылғанын айтты. “Бұл баланың кінәсі жоқ” деген Қаржаубай Нұрымовтың соттағы сөзін есіне салды.

Қамажай дүкенінің алдында болған оқиға түсірілген бейнежазбада болған оқиғаларды Думан көрсетті. Жауабында ешқандай қайшылық болмады. Тергеу мен соттағы жауаптарында еш өзгеріс жоқ. Ол шындығын айтқан. Ол мұнда дәлелденді. Оқиғаны көрмеген Ысқақ сотталушы болып отыр. Ол пышақты да көрмеген. Осыны назарға алсаңыз, құрметті сот. Судья тәуелсіз! Заң талабы шеңберінде шешім қабылдайды. Ысқақтың әрекеттерінде 434-бапта көрсетілген қылмыс құрамы жоқ екені де сотта анықталды. Осының негізінде сізден әділетті шешімді қабылдап, Думан Ысқақты ақтауды сұраймын, – деді адвокаты.

Ал сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Алмас Мырқасымбаев өз қорғауындағы сотталушы Дидар Қалиахметке айыптау үкімі дәлелін таппады деп, оны ақтауды сұрады.

Ол бірде-бір адамға жан немесе тән азабын келтірмеген. Сол себепті одан жәбірленушілер талап еткен талапты алып тастауды сұраймын, – деді Мырқасымбаев.

Ал екінші адвокаты Гаухар Баймұханова төбеелес кезінде пышақ, мылтық алып шыққандар жәбірленушілер екенін айта келе жаңаша қылмыстық іс қозғауды өтінді.

Дүкеннен пышақты бірінші болып алып шыққанын ескере келе, Шерзат Полатты, Нұрқанат Ғайыпбаевты, Қаржаубай Нұрымовты қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша көрсетілген қылмыстық құрамның болуына байланысты қылмыстық іс қозғау туралы жекеше қаулы шығаруды сұраймын. Аталған қаулыны Алматы облысы прокуратурасына жолдауды өтінемін, – деді ол.

Адвокат сол түнгі жанжалдың сылтауы мен себебін зерттеп, жанжалға қатысушылардың әрекеттерін, басқа мән-жайларды анықтау керек деп есептейді. 

Ағалы-інілі Тоқтаубаевтардың адвокаты Гүлмира Бабажанова сөз сөйлеп, екеуіне тағылған айыпты жеңілдетуді, әйтпегенде тіпті ақтауды сұрады. 

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс барысында пышақтың екі соттталушыда болғаны көрсетілмеген. Сол себепті адвокат “қару қолдану арқылы” Тоқтаубаевтар қылмыс жасады деген айыптау негізсіз екенін айтады.

Мемлекеттік айыптаушының менің қорғауымдағы Азамат Тоқтаубаевқа 15 жыл сұрады. Тоқтаубаевқа былтыр 7 жыл бас бостандығын айыру жазасы (басқа іс бойынша) тағайындалды. Алайда сот үкімі заңды күшіне енбей тұрған кезде, яғни 2024 жылдың қазан айында жаңа қылмыс жасаған. Осыған байланысты заңға сәйкес, алдыңғы үкім заңды күніне енбей тұрып жасалған жағдайда жаза қылмыстар жиынтығы негізінде тағайындалуы тиіс. Бұл жағдайда үкімдер жиынтығы емес, қылмыстар жиынтығы негізінде жаза тағайындалады. Себебі екінші қылмыс бірінші үкімнің заңды күшіне енгенге дейін жасалған. Сол себепті 15 жыл – тым қатал жаза әрі заң талаптарына сәйкес келмейді. Соттан жаза мөлшерін әділ тағайындауыңызды сұраймын, – деді адвокат Бабажанова.

Ол сонымен қатар моральдық зиянды өтеу талабын қатаң заң шеңберінде қарауды өтінді.

Құрметті сот, бұл іс қоғамның назарында. Бірақ әділ шешім эмоциямен емес, дәлелмен шығуы керек. Біз сізден заңға сүйене отырып, ҚР ҚПК 393-бабы негізінде Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың әрекеттерін ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігінен 1-бөлігімен қайта саралауды немесе қылмыстық құрамның болмауына байланысты оларды ақтауды сұраймыз. Азамат Тоқтаубаевқа қатысты “ұрлық” бабы бойынша айыптаудың дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімі шығаруды сұраймын, – деді адвокат.

НҰРҚИЯС ІЛИЯСОВТЫҢ АДВОКАТЫ НЕ ДЕЙДІ

Сот жарыссөзінде сотталушы Нұрқияс Ілиясовтің адвокаты Нұрлан Қилыбаев тергеу кезіндегі қысым сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының объективтілігіне үлкен күмән туғызады деп мәлімдеді. 

Не себепті Қаржаубайдың пышақ алып шыққан, Ғайыпбаевтың мылтық алып шыққаны ескерілмейді. Шерзат Полат сонымен бірге төбелеске достарын әкелген. Мұның бәрі тергеуде “қолдау үшін” деп жазылған.Демек олар жақтан “қолдау” үшін келеді де, ал айыпталушылар “өлтіру, пышақ салу үшін” келеді. Бұл дұрыс емес. Нұрқияс Ілиясовтың “бұзақылық жасайын, сөз байласып қылмысқа барайын” деген пиғылы болмаған. Құрметті сот, Ілиясов бұл жағдайда өз басын қауіптен арашалау үшін әрекет еткен. Оның әрекеттерінде айыптау тарапы айтқан қылмыстық құрам жоқ. Керісінше, істі талдай келе Ілиясовтың ісінде тек 108-бап бойынша қылмыстық құрам бар, – деді ол.

ДАРХАН ӘСКЕНТАЙДЫҢ АДВОКАТЫНЫҢ СӨЗІ

Жарыссөзде сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов жәбірленушілердің сотта берген жауабы қарама-қайшы болды деп мәлімдеді. “Жауаптары жалған, ешқандай дәлелін таппады, осыған байланысты Дархан Әскентайдың бетінен ұрды деп жауап берген жәбірленуші Нұрымовтың үстінен қылсыстық кодексің 420-бабымен қылмыстық іс (көрiнеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма) қозғау туралы жекеше қаулы шығаруыңызды сұраймын” деді адвокат. Ержанов Нұрымовтың “бетімнен Әскентай ұрды” деген сөзі дәлелін таппады деп есептейді. Ол Әскентайды сот ақтайды деп сенетінін айтты.

ӘБЕНОВ БӘРІНЕН “АСЫП ТҮСТІ”

Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі кезінде Абзал Шынасылдың адвокаты Әбенов “бәрінен асып түсті”. 

Абзал осыдан алты жыл бұрын әкесінен айырылған. Төбелеске қатысқаннан басқа бұл баланың тәрбиесі дұрыс па деймін. Кейбір айтылған сөздерге ұялып отыр. “Кейбір жерін айтпай кетші” дейді. Бірақ мен жасырып қалмайын дедім. Бір-екі сағатқа демалып келейін деп, Эйфория мейрамханасына барған. Алдында мұны жанармай бекетінде алдында оны жабылып ұрмақ болған. Сол үшін ол қалтасына ас пышағын салып барған. Тағдыр айдап Шынасыл Қамажай дүкенінің алдына барды, – деді жарыссөзде адвокат Әбенов.

Адвокат Абзал Шынасылдың ешкімді өлтірерлік пиғылы болмағанын айтады. Сөзінше, Абзал Шынасыл тергеу барысында жанындағыларға алданып, “Шерзатқа пышақ салдым” деп айтқан. 

Біздің бәріміз қолында қандай ұзын пышақ болғанын көріп отырмыз (Қаржаубайдың – авт.) Бірақ сараптамаға қандай пышақ берді? Оны үлкен теледидармен көргенде де көрініп-ақ тұр. Неге ол адам жасырып қалды? Неге пышақты жоқ қылды? Соған қарағанда сол пышақ мүмкін Қаржаубайдың қолында жүргенде бір-бірімен итерісіп, “папа кедергі болма” деп сүйреп жүрген кезде нақақтан нақақ абайсызда тиіп кетуі де мүмкін. Оны неге біз жоққа шығарамыз? Неге сараптамамен тиянақты жауабын алмаймыз? – деді адвокат Әбенов.

Ол Шынасылды айыптау актісінен “бұзақылық” бабын қалдырып, “адам өлтіру” бабын алып тастауды соттан сұрайды.

Жарыссөз 3 маусым күні сағат 10.00-де жалғасады.

Серіктес жаңалықтары