Сот үкімімен қамауда отырғанына бір жылға жуықтаған журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашарлады. Бұл жөнінде оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты. 2024 жылы желтоқсанда Қызылордадағы N60 мекемеге ауыстырылған журналист түрме киімін киюден бас тартқаны үшін тәртіптік изоляторға қамалған. Соңғы рет 19 сәуірде карцерге 4 айға қамалған.
«ЖАМБАСЫНДА ЕТ ТЕ ҚАЛМАҒАН»
Адвокат Ғалым Нұрпейісов маусымның 23-24-і күні Қызылордаға барып, Думан Мұхаммедкәрім кездесіп қайтқан. Ол журналистік денсаулығы нашарлағанын айтады.
– Денсаулығы жақсы емес, емделу керек. Түрме бастығымен сөйлескенімде ол 30 маусымда Думанды ауруханаға емдеуге алып баратындарын айтты. Қазір Думанға дәрі берсе де, оған ол көмектеспейді. Дәрігерлер укол салайын десе, Думанның жамбасында етте қалған жоқ. Ол өзі де айтып жатыр «мен шал болдым, отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын» деп, – дейді адвокат.
Нұрпейісовтің айтуынша, Думанды күніне тек бір сағатқа ғана далаға шығарады. Карцердің іші өте ыстық, ауа алмаспайды.
– Мен карцерге кіре алмадым. Өйткені онда кіретін менің құқығым жоқ. Бірақ Думаннан сұрадым. Карцер кішкентай бір бөлме. Кішкентай терезе. Ішінде ауа алмаспайды, ыстық... Бір орындық, бір төсек. Төсек түнгі 10-да ашылады, таңғы 6-да жабылады, – дейді Нұрпейісов.
«СОТ ІСІНЕ АРАЛАСА АЛМАЙМЫЗ»
Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспей бірнеше рет аштық жариялап, денесін тілген. Ол соттың ашық өтуін талап еткен. Бірақ журналистің ісін қараған Қонаев қаласының соты процесті «қауіпсіздігіне алаңдаған куәлердің өтініші бойынша» жабық өткізуге шешім шығарған. Думан Мұхаммедкәрім жазаны жұмсарту туралы өтініш жазудан да бас тартқан.
Жақында Думанның әкесі Алмас Тілепов ұлының сотын жабық өткізген судья Қойшыбаевтың үстінен дисциплинарлық сотқа шағым түсірген. Бірақ «сот ісіне араласа алмаймыз» деген қысқа ғана жауап алған.
Алмас Тілеповтің сөзінше, ұлы адвокаты арқылы түрмеден хат жолдаған. Онда Думан әке-шешесінен өзін Алматы облысындағы түрмеге ауыстыру бойынша шағымдануды тоқтатпауды сұраған.
– Оны таксафонмен [бізбен] сөйлестіріп, қанша айтқанмен біздің де жасымыз келді. Өзі жалғыз ұл. Осындай жалған жаламен сотталады деген ешкімнің де ойында жоқ болатын. Міне биыл үшінші жылға кетті ол. Біз алаңдап отырғаннан кейін Ғалым мырза барып, хабарын алып, кішкене көңіл-күйіміз орнына түсті десек те болады. Енді сондай бір қалпағымызды аспанға атып, алақайлайтындай емес, әйтеуір бір хабарын алып келді. Ұлымыз аман. Оған да шүкір дедік, – дейді Алмас Тілепов.
«ҰЛЫМНЫҢ КАРЦЕРДЕ ҚУ ЖАНЫ ҚАЛДЫ МА БІЛМЕЙМІН»
Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Қалимаш Рымбекқызы «ұлымның карцерде қу жаны қалды ма білмеймін. Қызылордаға ауыстырылғалы көрмедім» деп налыйды. Ол Думанның туған күніне қарсы (9 шілдеде) Қызылордаға бармақшы болып, билет те алған. Бірақ ұлы түрмеден жолдаған хатында «келмей ақ қойыңыз, бәрібір кездестірмейді» деген.
– «Анашым, сіз билет алып қойыпсыз. Менің туған күніме келейін деп жатқан көрінесіз. Сіз келмей ақ қойыңыз» деп жазыпты. Мен ұлымды Талдықорғаннан кеткелі 8-9 ай болды ғой, содан бері көрген жоқпын. Мен ұлымды көргім келеді. Сұраймын. Құшақтағым келеді. «Сізге жүрегіңізді ауыртып не керек. Мына ыстықта келмей ақ қойыңыз» депті. Содан мен кеше билетті өткізіп тастадым. Туған күніне дайындалған нәрсенің барлығын қойдым, – дейді ол.
ЖУРНАЛИСТ, БЕЛСЕНДІ, «САЯСИ ТҰТҚЫН»
Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Іске журналистің шетелде тұратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.
Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.