×
520.39
609.58
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
520.39
609.58
6.63

Омбудсмен Нұров Президент әкімшілігінен не үшін көмек сұрады

Бүгін, 15:13
Омбудсмен Нұров Президент әкімшілігінен не үшін көмек сұрады
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz бірнеше мақаласында жазған елордалық Partners Realty компаниясы мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы 2,5 жылдан астам уақытқа созылған текетірес жаңа кезеңге өтті.

16 маусым күні Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігіне хат жолдап, Антикордың Орталық аппаратына қылмыстық істерді тоқтату туралы заңсыз қаулыларды жоюды және оларды бір өндіріске біріктіруді тапсырма беруді сұрады. Оның айтуынша, бұл – ашық әрі әділ тергеу жүргізу үшін қажет.

Сондай-ақ Нұров Павлодар қаласы мен облысы әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларының «Partners Realty» ЖШС қызметіне кедергі келтіру фактілері бойынша арыздар аясында олардың қатыстылығын тексеруді сұрады.

Ulysmedia.kz тілшісі бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау үшін неге тиісті мемлекеттік органдарға емес, тікелей президент әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр болғанын талдап көрді.

КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ

– Сот және құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға, қылмыстық заңнаманы қайта қарауға қарамастан, кәсіпкерлер құқығын қорғаудағы жүйелі проблемалар бизнес қауымдастықтың алаңдаушылығын күшейтіп отыр, – деп түсіндіреді өзінің президент әкімшілігіне жолдаған хатында бизнес-омбудсмен Қанат Нұров.

– Бүгінде көптеген кәсіпкер құқық қорғау органдарының әрекеттерінен қорқатынын ашық айтуда, негізсіз қылмыстық қудалау, қысым көрсету, сондай-ақ қылмыстық құқықты бизнес жанжалдарын шешу құралы ретінде қолдану қаупінен алаңдаулы. Ең бастысы – экономикалық баптар бойынша қылмыстық істердің жеткілікті дәлелсіз-ақ қозғалуы, сондай-ақ кінә дәлелденбей тұрып-ақ мүлікті тәркілеу, есепшоттарды бұғаттау секілді тәжірибенің кең таралуы ерекше алаң тудырып отыр.

Қанат Нұров бизнес өкілдерінің соттарға деген сенімсіздігін бөле-жара атап өтті.

– Кәсіпкерлер сот шешімдерінің бейтараптығы мен болжамдылығына күмән келтіруде, әсіресе, мемлекеттік мүдде немесе билікке жақын бәсекелес құрылымдар қатысқан істерге қатысты, – деп жазады ол.

– Мұның бәрі кәсіпкерлер арасында құқықтық тұрақсыздық сезімін қалыптастырып, инвестицияны тежеп, іскерлік бастамалардың дамуына кедергі келтіруде.

Автордың пікірінше, мұндай жағдайда кәсіпкерлер үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттері (не әрекетсіздігі) кезінде қорғай алатын нақты әрі тұрақты механизмдердің болуы аса маңызды.

– Қылмыстық кодекстің 365-бабы – «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру» – іс жүзінде мүлдем ескерілмей отыр, – дейді Нұров.

– Соңғы үш жылда осы бап бойынша бірде-бір адам жауапқа тартылған жоқ, бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерді қорғауға жеткілікті назар аударылмай отырғанын көрсетеді.

ЖАСЫРЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бюджеттік тендерлерге байланысты заңсыздықтың нақты мысалы ретінде Павлодар қаласындағы жол жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алуда жеңіске жеткен «Partners Realty» ЖШС-нің жағдайын келтіреді.

– Заңды түрде 3 миллиард теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуда жеңіске жеткеннен кейін, Павлодар облысы әкімі мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен конкурс нәтижесі заңсыз түрде жойылды, – дейді Қанат Нұров осы істің мән-жайын сипаттап.

– Бұл әрекеттердің заңсыз екені сот шешімімен танылғанына қарамастан, мердігерге көрсетілген қысым тоқтаған жоқ. Сонымен қатар, заңсыз араласу, процессуалдық құқықтарды теріс пайдалану, мердігерді негізсіз "адал емес жеткізуші" деп тану, сот шешімдерін орындауды созбалаңға салу сынды фактілер тиісті тергеу мен құқықтық баға берусіз қалып отыр. Уәкілдің айтуынша, қазіргі уақытта «адал емес жеткізушілер» тізіміне енгізу туралы шешімнің өзі сотта дауласып жатыр.

– Бұл фактілер бойынша 2022 жылғы 22 қарашада тіркелген қылмыстық іс тек формалды түрде тергеліп отыр. Оның үстіне, хаттамаларды қолдан жасау, бақылау материалдарының жоғалуы сияқты ауыр заңбұзушылықтар құқық қорғау органдары тарапынан ескерусіз қалған. Павлодар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті, облыстық және Бас прокуратураның әрекетсіздігі алаңдаушылық туғызып отыр, – деп жазады Қанат Нұров.

Оның айтуынша, бұл жағдай Павлодар қаласы мен облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тарапынан орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасыру әрекетін көрсетеді және бұл ел Президентінің құқықтық мемлекет құру бағытына қайшы келеді.

ПРЕЗИДЕНТ БАҒЫТЫНА ҚАРСЫ КІМДЕР?

Ulysmedia.kz порталына берген түсініктемесінде Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты кәсіпкерлерге әкімшілік ресурс арқылы жасанды түрде кедергілер жасалып жатқанына қатты алаңдайтынын мәлімдеді.

– «Partners Realty» ЖШС-нің жағдайы – өте айқын мысал, – деді хатшылық жетекшісі Әлімжан Шүкенов.

– Павлодар қаласындағы жол жөндеу конкурсында толықтай заңды түрде жеңіске жеткен адал кәсіпкерге жұмыс істеуге мүмкіндік берілмей отыр. Кәсіпкер сотқа қайта-қайта жүгініп, өз адалдығын дәлелдеуге мәжбүр. ҚР Қылмыстық кодексінің 365-бабы – «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» бойынша қозғалған қылмыстық іс формалды түрде тергелуде. Бұл іске облыс әкімі араласқандықтан, заңды қадағалауы тиіс барлық органдар – прокуратура, Экономикалық тергеу департаменті, тіпті Бас прокуратура да бұл айқын заңсыздыққа ешқандай әрекет етпей отыр. Біз бұған қатты алаңдаулымыз және дәл осы себеппен Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр болдық.

Бизнес-омбудсмен институты бұл жағдай жекелеген оқиға емес деп санайды. Бұл жағдайда кәсіпкер принципшілдік танытып, әділет үшін күресуден бас тартпаған.

– Ал елімізде қанша кәсіпкер жергілікті билік өкілдеріне қарсы шыққысы келмей, үнсіз шегінеді? Олар ертеңгі күнінен қорқады, өзімен ешкім жұмыс істемей қоя ма деп алаңдайды. Сондықтан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл президент әкімшілігі бұл үрдіске назар аударып, Антикордың орталық аппараты мен Бас прокуратураға заңды кәсіпкерлікке кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты тексеру жүргізуді тапсырады деген үмітте.

Президент Әкімшілігінің жауабын бұл іске қатысы бар барлық тарап – бизнес-омбудсмен де, Partners Realty басшылығы да асыға күтуде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет кәсіпкерлікті қолдау маңызды екенін айтып, мемлекет бизнестің бақылаушысы емес, тірегі болуы тиіс екенін мәлімдеген еді. Кәсіпкерлікке заңсыз араласу – жол беруге болмайтын әрекет және бұл нарықтық экономиканы дамыту қағидаттарына қайшы, – деп еске салды өз хатында Қанат Нұров.

Серіктес жаңалықтары