Қазақстандықтар алаңдамай жүре берсе болады, деп сендіреді ауыл шаруашылығы министрлігі. Министрлік мәліметінше, ел өзін қажетті азық-түлікпен дерлік толық қамтамасыз етіп отыр, сондықтан бағаның өсуіне еш негіз жоқ. Алайда инфляция министрлікпен "келіспейтін" секілді. Ulysmedia.kz азық-түлік қауіпсіздігі үшін күресте бағаның өсуі неге отандық ауыл шаруашылығын жеңіп келе жатқанын саралап көрді.
МИНИСТРЛІКТЕГІ “МОЛШЫЛЫҚ”
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қазақстандықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша ведомствоның атқарған жұмысының нәтижелерін жария етті. Министрлік статистикасына сенсек, елде қымбатшылық түгілі аштық қаупі де жоқ.
– Біз өзімізді азық-түлік тауарларымен іс жүзінде толық қамтамасыз етіп отырмыз, негізгі тауарлар бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан 100%-ға дейін, тіпті одан да жоғары. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – осының бәрі ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ететін көлемде өндіріледі, – деді вице-министр.
Сонымен қатар, отандық өнім өндірісінің қарқыны тоқтаусыз. 2024 жылы агроөнеркәсіптік кешен өнім көлемін орта есеппен 5%-ға арттырды. Бұл өсім қант, күнбағыс майы, шұжық, балық, ірімшік пен сүзбе сияқты көптеген тауарларға қатысты. Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында кейбір бағыттар бойынша өсім 10–15%-ға жетті. Осы деректер ауыл шаруашылығы министрлігіне бағаның өсуі күтілмейді деп сенімді айтуға негіз береді.
– Бүгінгі күні бағаның өсуіне себеп болатын қандай да бір объективті не субъективті алғышарттар жоқ, өйткені біз қазіргі уақытта өндірісте қолданылатын негізгі компоненттердің барлығын өзіміз өндіреміз. Бұл тауарлардың бағасы тұрақты. Сондықтан бағаның өсуі туралы айтатын болсақ, біз әзірге ондай үрдісті байқап отырған жоқпыз, – деп атап өтті Ербол Тасжүреков.
Алайда министрлік бағаның өсуін байқамаса, бұл ондай үрдіс мүлде жоқ деген сөз емес. Себебі ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикасынан бөлек, басқа да сандар бар.
АРЗАН САТУ ТИІМДІ МЕ
2025 жылдың басында блогер жүргізген тәжірибеде бір жыл бұрын сатып алынған азық-түлік себеті бүгінде 21%-ға қымбаттағанын көрсетті. Әділдік үшін кейбір азық-түлік бағасының сәл төмендегенін де айту керек, бірақ бастысы – түпкілікті чек сомасы.
Бұл ретте ұлттық статистика бюросының ресми деректері де азық-түлік бағасының өсу қарқыны күшейгенін көрсетіп отыр. Егер 2024 жылдың наурызында жылдық азық-түлік инфляциясы 6,6% болса, 2025 жылдың наурызында ол 7,6%-ға жеткен.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің нарықтық экономикаға деген көзқарасы біртүрлі екенін түсіну үшін жақында Алматыда ерте піскен картоптың экзотикалық жеміс-жидектермен бірдей бағада сатылғанын еске түсіру жеткілікті. Жыл басында картоп бағасы барлық өңірде күрт көтерілген еді. Мұндай жағдайларға түсініктеме беруде ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын бір "сиқырлы" себепке сілтеме жасайды – «маусымдылық». Яғни, өз өніміміз піспейінше, импорттық өнім тұтынылады.
– Қыстың басында Пәкістаннан ерте піскен картоп келіп түсті, ол жақта ауа райы мен климат жағдайлары жаңа өнім алуға мүмкіндік береді. Кейін өзбек картобы біздің нарыққа шықты. Маусым айының басынан бастап өз өнімімізді жинай бастадық... Бұл – маусымаралық кезеңде экспорт-импорт алмасуының тұрақты процесі. Бұл – табиғи нарықтық механизм, – деп түсіндірді Ербол Тасжүреков.
Алайда статистика деректеріне қарасақ, сұрақтар туындайды. Мысалы, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан 18 мың тонна картоп сатып алған. Жалпы сома – 3,6 млн доллар. Дәл осы кезеңде Қазақстан шетелге 17,9 мың тонна картоп экспорттаған. Яғни көлемі бірдей деуге болады, бірақ экспорттан түскен пайда – небәрі 1,6 млн доллар.
Сонда валюта жоғалта отырып, картоппен алмасудың мәні неде? Бұл жерде бір қорытынды өздігінен туындайды: қазақстандық фермерлерге өз өнімдерін ішкі нарыққа қымбатқа сатқаннан гөрі, сыртқа арзанға сатқан тиімдірек сияқты. Бұл абсурд емес, себебі фермерлер жыл сайын логистиканың күрделілігі мен қымбаттығын, сатып алу бағасының тым төмендігін, өңдеу кәсіпорындары мен сақтау қоймаларының жетіспеушілігін айтып келеді. Бұл тек картопқа ғана емес, басқа да өнімдерге қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жаңа көкөніс қоймалары салынып жатыр. Алайда фермерлер бұл қоймалардың егіс алқаптарының жанынан емес, тұтынушыларға жақын жерлерден салынып жатқанын айтады. Соның салдарынан шағын шаруа қожалықтары өнімдерін арзанға делдалдарға тапсырып, мемлекеттен берілетін субсидия арқылы ғана пайда табуға мәжбүр.
Ал қолданыстағы қоймалар жайлы да сұрақ көп. Олардың қаншасы халықаралық стандарттарға сай? Мысалы, мұздату технологиясымен жабдықталғандары қанша?
Жыл басында Алматыдағы ірі сауда желілерінде төмен бағадағы картоп сатылды. Ол бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорынан бөлінген өнім еді. Алайда бұл «әлеуметтік» өнімнің сапасы нашар болғаны соншалық, кей дүкендерде оның жартысы қоқысқа тасталды. Бұл не көкөніс сақтау жүйесіндегі ақау, не болмаса азық-түлік қауіпсіздігіне бөлінген миллиардтар дұрыс пайдаланылмай отыр деген сөз.
ИНВЕСТОР ТАРТУ
Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы министрлігінде жоспарлау ісі ақсап тұрғаны байқалады. Былтырғы қант қызылшасына қатысты жағдайды еске түсірсек жеткілікті. Жамбыл облысының фермерлері рекордтық өнім алғанымен, оны өңдеуге өткізуде қиындыққа тап болды. Министрлік бұдан белгілі бір қорытынды шығарған сияқты.
– Өткен жылы зауыттар жұмыс істеген кезде, олар өнімді толық өңдеуге барынша күш салды деуге болады. Бұл жағдай инвесторлар үшін жақсы белгі болды. Қазіргі таңда бізде екі әлеуетті инвестор бар. Оның біреуімен инвестиция тарту туралы келісімге де қол қойылды. БАӘ-ден келген компания Алматы облысында жылына 500 мың тонна өнім өңдейтін қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Алдағы бір жарым-екі жылда бұл зауытты іске қосуды көздеп отырмыз. Жаңа өндірістік қуаттарға сай өнім көлемі мен қант қызылшасының егіс алқаптары да кеңейтіледі. Осылайша біз импортқа тәуелділіктен толығымен дерлік арылып, тіпті экспорттық әлеуетке де ие болуымыз мүмкін, – деп жоспарымен бөлісті вице-министр.
Сондай-ақ, ол қазіргі жұмыс істеп тұрған Тараз және Көксу қант зауыттарын жаңғырту бойынша «белсенді жұмыс» жүріп жатқанын айтты. Демек, ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер қант өндірісіндегі импортты алмастыруға үн қататынын және 2024 жылы 1,2 млн тонна қант қызылшасын жеткізетінін алдын ала болжай алмаған. Зауыттарды жаңғырту жұмыстары тек болған жағдайдан кейін қолға алынған.
Бәлкім, бұл инвесторларға шикізаттың жеткілікті екенін көрсетуге бағытталған әдейі жасалған қадам болар. Бірақ мәселе басқада, фермерлер келесі жылдары да қант қызылшасынан жоғары өнім беруге дайын ба? Әсіресе егістік көлемін арттыруға ниетті ме? 2024 жылғы қиындықтарды ұмытпаған шаруалар қант қызылшасынан бас тартып, проблемасы аз дақылдарға көшіп кетсе, жаңа зауыттар, оның ішінде инвестор салғандары – тағы да шикізат жетіспеушілігінен жарты қуатта жұмыс істеуі мүмкін.
Жалпы, Дүниежүзілік банктің терминологиясы бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігі халықтың өнімге қолжетімділігіне, сатып алу қабілетіне, азық-түліктің физикалық бар-жоғына, сапасы мен қауіпсіздігіне байланысты. Бұл анықтамада үкімет шоғырланған импортты алмастыру туралы ештеңе айтылмаған.
Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі үшін күрес көбіне белгілі бір өнімдердің импортына тыйым салумен қатар жүреді, бұл отандық өндірушіні қорғау үшін жасалады. Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да тыйым салына бастады. Импортқа тыйым – отандық агроөнеркәсіптің бәсекелестікке қабілетін төмендетіп, сапалы әрі арзан өнім өндіруге ынтасын жояды. Ал экспортқа тыйым – фермерлердің табыс табуына кедергі. Мұның екеуі де Қазақстанда бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын қалыптастыруды тежейді.
Мысал ретінде Скандинавия елдерін келтіруге болады. Финляндия мен Норвегия азық-түліктің 60%-дан астамын импорттайды. Соған қарамастан, олар азық-түлік қауіпсіздігі бойынша әлем елдерінің үздік ондығынан түспейді.