×
519.57
612.78
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.57
612.78
6.61

Қазақстан қоқысқа көміліп жатыр: елді экологиялық апаттан кім құтқарады

Бүгін, 09:31
Қазақстан қоқысқа көміліп жатыр: елді экологиялық апаттан кім құтқарады
ЖИ / ulysmedia.kz

Қазақстанда қоқыс мәселесі әлі де өзекті. Ел аумағында полигондар көбейіп қана қоймай, кейде өртеніп, маңындағы елді мекендерді улы түтінмен улап жатыр. Ал зауыттар өндіріс қалдықтарынан дұрыс арылғысы келсе де, түрлі кедергілерге тап болуда. Бұл ретте Қазақстандағы заңнама қоқысқа көміліп жатқан ел үшін ешкім жауап бермейтіндей етіп өте шебер құрылған. Бізді баяу өлтіріп жатқан бұл тұйық шеңберден қалай шығуға болады? Бұл мәселені Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көруге тырысты.

ҮЛКЕН БАСТЫҚ БОЛСА ДА ӨКІЛЕТІ ШЕКТЕУЛІ

Экология және табиғи ресурстарвице-министрі Жомарт Әлиевтің жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі бизнес-форумдағы баяндамасын тыңдасақ, Қазақстанда қалдық мәселесі бойынша нақты жоспар бар сияқты.

– Премьер-министр экология министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға 1 қыркүйекке дейін радиоактивті қалдықтардан басқа барлық қалдық түрлерін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, қалдықтарды басқару жобаларын іске асыруды жандандырып, қаржыландырылатын жобалар санын 5 есеге арттыру тапсырылды, – деп еске салды Жомарт Әлиев.

Оның айтуынша, мемлекет қалдықтарды басқару, сұрыптау және қайта өңдеу саласын дамыту бойынша тұтас бағдарлама әзірлеген, сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту қорының қаражатынан мұндай жобаларға жеңілдетілген қаржыландыруды көздеген. Шарттары өте тиімді: 3%-бен 15 жылға несие, тіпті әлі салынбаған қоқыс жағатын зауыттардан энергияны сатып алу тетігі де бар. Қысқасы, инвестор келсең кел – ірі де, ұсақ та – біздегі полигондарға орын жеткілікті! Жомарт Әлиевтің айтуынша, 63 қоқыс өңдеу жобасы қаралуда.

Алайда бұл жобалардың нақты жүзеге асу мерзімі мен олардың Қазақстан даласындағы бейберекет полигондар санын қаншалықты қысқартатыны туралы вице-министр ештеңе айта алмады. Мәселе экология министрлігі экологиялық заңнаманың тек жалпы шеңберін айқындайды. Ал жобаларды жүзеге асырудың 90%-ы жергілікті әкімдіктердің құзырында. Бұл Қазақстанда бұрыннан қалыптасқан, бірақ өте зиянды жүйе: салалар өзара бөліске түседі де, соңында нақты жауапты адам болмайды.

ЕҢ БАСТЫ НӘРСЕНІ ЕСТЕН ШЫҒАРЫП АЛДЫҚ

– Әрине, Қазақстанда заңнамалық тұрғыдан көптеген жұмыс атқарылып жатыр. 2021 жылы күшіне енген экологиялық кодекске өзгерістер енгізілді. «Ластағандар төлейді» қағидасы енгізіліп, қоршаған ортаға әсерді бақылау күшейтілді, қалдықтарды цифрлық есепке алу, қаптама үшін өндірушілердің жауапкершілігі және қайта өңдеуді ынталандыру талаптары енгізілді, – деп заңнаманың артықшылықтарын тізіп шықты Мәжіліс депутаты Ажар Сағандыкова.

Алайда ол сол экологиялық кодексте қалдықтарды өңдеу саласына инвестиция тартуға арналған экономикалық ынталандырулар жетіспейтінін және тұрмыстық қалдықтар саласындағы экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті бақылаудың нақты жүйесі жоқ екенін атап өтті.

Яғни, өте жақсы ережелер ойлап табылған, бірақ олардың орындалуын жүйелі тексеру қажеттігі ескерілмеген. Сондай-ақ, Ажар Сағандықованың айтуынша, кодексте қоқысты сұрыптау мәселесі мүлде қарастырылмаған, ал бұл – қоқыс өңдеу науқанының ең басты тетігі. Сондықтан ол Қазақстанда «жасыл» салықты енгізуді ұсынуда. Мұндай салық енгізілсе, азаматтар экологиялық авоськаны полиэтилен пакеттерге қарағанда жиі таңдауы мүмкін еді. Дегенмен, әзірге алаңдайтын ештеңе жоқ , экология министрлігі тіпті қоқысты қайта өңдеу туралы заңның қабылдану мерзімін де, қашан қабылдануы мүмкін екенін де нақты айта алмай отыр. Ал салық сияқты тар ауқымды нормалар туралы айту тым ерте.

СОЛТҮСТІК СҰРЫПТАУҒА КӨШТІ

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда полигондарға түсетін 4,8 миллион тонна қалдықтың төрттен бірінен астамы қайта өңделеді. Бірақ шындық мүлде басқаша көрінеді: елордада батарея жинауға арналған қызғылт сары жәшіктердің өзі көзден ғайып болды, ал басқа өңірлер жайлы не деуге болады? Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бизнес-форум аясында Ulysmedia.kz тілшісіне сұхбат берген KazWest қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мустафина бұл бағытта Астана мен Алматының мүлде көшбасшы еместігін мойындады.

– Павлодар, Қостанай, Көкшетау және Петропавлда қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу жұмыстары салыстырмалы түрде жақсы жолға қойылған. Ал ірі қалалар өз стратегиясын іске асырып, экология министрлігінің талаптарына онша мойынсұнбайды, – дейді ол.

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ: ІРІЛІ-ҰСАҚТЫ ТҮЙІТКІЛДЕР

Мустафинаның айтуынша, басты проблема – азаматтар сұрыптап тастаған қалдықтардың қайтадан аралас қоқыспен бірге жиналып кетуі.

– Қалдықтарды жинау – олардың өмірлік цикліндегі ең маңызды кезең. Бірақ бізде тек 80%-ы ғана жиналады, бұл өз кезегінде бейберекет төгілген қоқыс үйінділерінің өсуіне әкеледі. Қазақстанда 2016 жылдан бері барлық қала мен өңірлерге қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу міндеттелген. Рас, бұл талап 142 қала мен ауданда біршама жүзеге асқанымен, әзірге толық енгізілген бірде-бір елді мекен жоқ, – дейді Вера Мустафина.

Басты себеп – қажет жабдықтардың қымбаттығы. Қалдықтарды қайта өңдеу саласында ресми түрде шамамен 2000 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 200-і қауіпті қалдықтармен, 1700-і қауіпсіз қалдықтармен жұмыс істеуге лицензия алған. Алайда олардың көпшілігі тым ұсақ болғандықтан, жеңілдетілген несиелерге қол жеткізе алмайды. Бұл ретте ірі бизнес те қиындыққа тап болуда. Қазақстан заңнамасына сәйкес, қайта өңдеуге арналған қалдықтарды кәсіпорындар алты айдан артық сақтай алмайды – әйтпесе айыппұл салынады. Алайда елде бастапқы сұрыптау да, өнім қабылдайтын жеткілікті тұтынушы да жоқ. Сондықтан кейбір қалдықтарды алты ай ішінде жеткілікті көлемге жеткізу, тасымалдауға тиімді партия қалыптастыру мүмкін емес. Мысалы, қалдықтарды басқару компаниясының өкілі Рустам Алмағанбетов батареяларға қатысты осындай мәселе жиі туындайтынын айтады.

– Біз аймақтардағы инфрақұрылымның қолжетімділігіне қарай батареялар сияқты ерекше қалдықтар үшін ыңғайлы мерзімдер белгілеуді ұсынамыз. Өйткені бір ғана кішкентай батареяны далаға тастасаңыз, ол шіріген кезде радиусы 2 шаршы метр жердегі өсімдікті түгел жояды. Бұл бірден байқалмайды, бірақ кейін балаларымыз шөп те өспейтін жалаңаш далаға тап келеді. Бұл – нағыз экологиялық апат, – дейді Алмағанбетов.

БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС

Енді не істеу керек? Экология министрлігі қоқыс мәселесі 90% әкімдіктердің құзырында десе, ал әкімдер өз кезегінде заңнамалық реттеуде де мәселелері бар «лас» бизнеске араласқысы келмейді. Ал Қазақстан тазарып жатқан жоқ.

– Мен бір жағы көгалды, бір жағы жол мен көлік өтетін үйде тұрамын. Жол жағындағы адамдардың ерте қайтыс болатынын байқаймын. Ал жасыл желекке қараған бетте тұратындар ұзақ өмір сүреді. Өйткені олардың ауасы таза. Мен де ұзақ өмір сүргім келеді. Балаларым мен болашақ немерелерім де ұзақ өмір сүрсін деймін. Сондықтан қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге жарайтынын өткізіп отырамын. Жай апарып тастаймын. Алматыда бұлай жасайтындар көбейіп келеді. Ақша үшін емес, бұл дұрыс екенін түсінгендіктен істейді, – дейді Вера Мустафина.

Дегенмен, экологияның маңызын әлі түсінбегендерді қайта өңделетін қалдықтарға жоғары тариф енгізіп ынталандыру дұрыс емес деп есептейді. Өйткені қайта өңдеуге өткізілетін шыны бөтелкенің қымбат болуы кейінгі өнімнің бәрін қымбаттатады. Осылайша, Қазақстан жасырын түрде «жасыл» салық енгізіп жіберуі мүмкін. Алайда ондай салықты азаматтарымыз көтере ала ма? Бұл үшін шынымен де өте мұқият есептеу қажет.

Серіктес жаңалықтары