×
519.51
611.83
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.51
611.83
6.6

"Соққы" тек Қазақстанға тиді: экономистер Трамптың әрекеті туралы не ойлайды

Бүгін, 18:00
"Соққы" тек Қазақстанға тиді: экономистер Трамптың әрекеті туралы не ойлайды
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп бүкіл әлеммен “ерегісуін” қояр емес: кеше ол бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға да қатысты кедендік баж салығын 25%-ға көтеретінін жариялады. Бұл шешім отандық бизнеске қаншалықты әсер етеді және қазақстандық шенеуніктер бұл оқиғадан қандай сабақ алуы керек? Бұл жайында Ulysmedia.kz экономистер пікірін сұрап көрді.

“СОҚҚЫ” ТЕК ҚАЗАҚСТАНҒА ТИДІ

Қазақстан халқы астана күні демалысқа шыққан сәтте, АҚШ президенті жұмыс істеп жатты. Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, тамыз айынан бастап АҚШ-та сатылатын қазақстандық тауарларға 25 пайыздық кедендік баж салығы салынатынын хабарлады.

- Бұл тарифтер сауда тосқауылдарын жою үшін қажет екенін түсініңіз. Сауда дисбалансы - біздің экономикамызға, тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге төнген елеулі қауіп, - деп жазды Трамп Тоқаевқа.

Вашингтон мұндай мазмұндағы хаттарды басқа елдердің президенттеріне де жіберген. Кейбіріне Трамп одан да жоғары баж салығын енгізетінін ескерткен. Алайда Орталық Азия елдері ішінен әзірге мұндай хат алған жалғыз мемлекет - Қазақстан. Бұл АҚШ-тың елімізге деген ерекше көзқарасы ма? Бұл мақтануға себеп пе, әлде алаңдауға негіз бар ма?

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Трамптың тарифтік саясаты ел экономикасына айтарлықтай әсер етпейді деп мәлімдеді. Себебі Қазақстан АҚШ-қа негізінен шикізат – мұнай, уран, тантал және тағы басқа өнімдерді экспорттайды. Бұл тауарлар стандартты тарифтік шектеулерден шығарылған. Сонымен қатар, министрлік қазіргі таңда АҚШ тарапына мәселені шешудің бірнеше нұсқасын ұсынғанын хабарлады.

- Қазіргі уақытта америкалық тарап қазақстандық ұсыныстарды қарастырып жатыр және келіссөздердің қашан өтетіні туралы хабарлайды. Қазақстан да өз ұлттық мүддесін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту үшін АҚШ-пен одан әрі келіссөздерге дайындалып жатыр, делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

ЖАҺАНДЫҚ САУДАДА БӘРІНЕ ӘСЕР ЕТЕДІ

R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, АҚШ тарапынан енгізілген жоғары баж салығы Қазақстанға мүлде әсер етпейді деп кесіп айтуға болмайды.

- Кедендік баж салығының кез келген өсуі - сауда белсенділігінің төмендеуіне әкеледі, бұл жалпы алғанда бүкіл әлемдік экономика үшін теріс фактор. Себебі әлемде бірде-бір ел, тіпті АҚШ сияқты экономикасы қуатты елдің өзі де өзіне қажетті барлық тауармен 100% қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан барлық елдердің экономикалары бір-бірімен тығыз байланысты, сол себепті бұл сауда шектеуі бізге де азды-көпті әсер етеді, - деп болжайды Байғанов.

Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың шамамен 5%-ы, яғни шартты түрде алғанда 100 миллион доллардың көлеміндегі өнімдер кедендік баж салығына ілінеді. Бұл жаһандық экономика ауқымында өте аз сома, дейді қаржыгерлер. Бірақ жекелеген қазақстандық компаниялар үшін бұл жағдай айтарлықтай жағымсыз.

- Сауда балансына қарағанда, кедендік баж салығынан босатылған шикізаттан бөлек, біз АҚШ-қа шамамен 16–17 миллион долларға фосфор тыңайтқыштарын, 12 миллион долларға ферросилиций, сондай-ақ аз мөлшерде бидай желімі мен басқа да тауарларды экспорттаймыз, міне, осы өнімдер баж салығына ілінеді. Енді бұл компаниялар не басқа нарықтарға бейімделуі керек, не осы көтерілген салықпен сауданы жалғастыруға тура келеді, - деп түсіндіреді Байғанов.

Сонымен қатар ол ең алдымен осы кедендік салық салынған қазақстандық тауарларды сатып алатын америкалық тұтынушылар зардап шегетінін айтады. Ал бұл қаншалықты ауыр тиеді, оны Трамптан сұрау керек дейді. Сарапшының пікірінше, Қазақстан тек бір жағдайда ғана – егер билік «айна шараларын» енгізуді ұйғарса ғана шығынға ұшырауы мүмкін.

- Қазақстан АҚШ-тан шамамен 2 миллиард доллар көлемінде тауар импорттайды. Олардың басым бөлігі — авиациялық салаға арналған бөлшектер, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар. Импорт құрылымында жеңіл көліктер мен техникалар, сондай-ақ тауық еті де бар. Бұл тізімдегі жалғыз өзіміз өндіре алатын әрі баж салығын енгізуге тиімді өнім – ол тауық еті, себебі қазір Қазақстанда да құс еті өндірісі жақсы жолға қойылған, — дейді Арман Байғанов.

ТРАМПТАН ҮЛГІ АЛУ КЕРЕК

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Қазақстан Трамптың баж салығына бола үрейге бой алдырмауы керек, керісінше, одан үлгі алуы қажет.

Пушкин айтпақшы: «Оның үлгісі - өзгелерге сабақ». Біз де үйренуіміз керек. Қазір Қазақстан ДСҰ, ЕАЭО секілді көптеген ұйымдардың мүшесі. Бұл жаман емес. Бірақ біз өз нарығымызды шетелдік өндірушілерге ашып қойдық, ал біздің кәсіпорындар оларға бәсекелес бола алмайды. Қысқа мерзімде бұл тұтынушыға тиімді, ол арзан тауар сатып алады, оның қай елден екені маңызды емес. Бірақ ұзақ мерзімде бұл өте қауіпті. Себебі отандық бизнес дегеніміз, жұмыс орындары, ол дегеніміз қазақстандықтардың жалақысы. Бұл біздің төлейтін салықтарымыз. Ал импорт басқа елге кетіп жатқан ақша, - дейді Расул Рысмамбетов.

Трамп болса, бизнесін елге қайтару туралы уәдесін толық орындап жатыр. Экономистің айтуынша, кедендік баж салығы ең алдымен АҚШ-тың импорт тауарларын тұтынатын азаматтарына ауыр тиеді. Алайда ұзақ мерзімді перспективада бұл америкалық бизнестің дамуына серпін беруі мүмкін.

- Америка – импортты жаңа доллар шығару арқылы қолдай алатын ел. Қазақстанда ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ біз кедендік баж салығын көтерудің тәжірибесін мұқият зерттеп, сабақ алуымыз керек, дейді ол.

ДОЛЛАР ТЕК А0Ш АҚШАСЫНА АЙНАЛА МА 

Айта кетейік, баж салығын көтеру тек Қазақстанды ғана емес, одан да көп зардап шегетін елдерді қамтып отыр. Бұл елдердің арасында Трамптың жаңа тарифтік саясатына қарсы қатаң ұстаным білдіріп жатқандар бар. Мәселен, Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва егер АҚШ тарапынан тарифтік қысым күшейсе, БРИКС елдері өзара есеп айырысуда доллардан бас тартып, балама валюталарға көшуі мүмкін екенін тұспалдап жеткізді. Мұндай жағдайда, теориялық тұрғыда, доллардың құны айтарлықтай төмендеуі мүмкін.

Қазақстандық экономистер мұндай сценарийді жоққа шығармайды, бірақ оны алыс болашақтың ықтималдығы деп санайды. Ал қазіргі таңда, Ulysmedia тілшілерінің және Арман Байғанов пен Расул Рысмамбетовтің айтуынша, доллар әлі де халықаралық валюта ретіндегі басты рөлін сақтап отыр және әлемдік саудадағы өз орнын баяу ғана, өте сақ түрде босатып келе жатыр.

Серіктес жаңалықтары