×
519.58
609.36
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.58
609.36
6.63

Қайрат және оның командасы немесе тергеушілер Қожамжаровтың ізіне түсе ала ма

Бүгін, 09:03
Қайрат және оның командасы немесе тергеушілер Қожамжаровтың ізіне түсе ала ма
Ulysmedia.kz коллажы

Он жыл бойы бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың ең жақын серіктері – Олеся Кексель мен Талғат Татубаевтың есімдері Қазақстандағы ең шулы сыбайлас жемқорлық істерімен байланысты болды. Алайда тағдырдың тәлкегі осы: бүгінде олар өздері азаптау деректері бойынша қылмыстық қудалаудың ортасында қалды. Кексель мен Татубаев тергеген атышулы істерді, соның ішінде журналистер Сейітқазы мен Әсет Матаевтарды қудалау және «А» санатындағы лауазымды тұлғаларға қарсы процестерді еске түсірсек, бұл істердің басым бөлігінде «ақтаңдақтар» көп болғаны, сондай-ақ шығарылған үкімдердің кейін күшін жойғаны анық байқалады.

Қожамжаровтың командасы қозғаған даулы істердің хронологиясын Ulysmedia.kz тілшісі саралап шықты.

ҚАЙРАТ ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

Қазақстанның бас прокуратурасы билік дәліздерінде бір аптадан бері сыбырлап айтылып жүрген жайтты ресми түрде растады – 2016–2018 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроны басқарған Талғат Татубаев 2025 жылғы 3 шілдеде азаптау фактісі бойынша күдікке ілініп, ұсталды.

48 сағаттан кейін тағы бір жаңалық жарияланды – Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель де осы іс бойынша күдікті деп танылды. Формалды түрде оларды ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы біріктіріп тұр. Ал шын мәнінде Қайрат Қожамжаровтың ең жақын айналасында жылдар бойы қызмет еткен жандар екенін білеміз. Қожамжаров – атышулы, бірақ кейіннен күйреген істермен байланысты тұлға ретінде ел есінде қалған бұрынғы бас прокурор.

Олеся Кексель мен Талғат Татубаевтың қызметіндегі жоғарылауы Қайрат Қожамжаровтың есімімен тығыз байланысты. Татубаев Қожамжаровтың жай ғана серіктесі емес еді. Оның мансап жолы Қожамжаровтың қызметтік бағытын қайталайды: Қарағандыдағы тергеушіден бастап бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығына дейін – үнемі бастығының ізімен жүріп отырды.

Кексель болса Қожамжаровтың ең "жария" жобасы. Ұлттық бюро мен бас прокуратурадағы маңызды лауазымдарға олардың тағайындалуы Қожамжаровтың сол кезеңде осы органдарды басқаруы немесе тікелей бақылауында болуы кездейсоқтық емес.

Құқық қорғау органдарында Қожамжаровтың қамқорлығындағы тұлға ретінде танылған Татубаевты қаржы полициясы департаментінің басшысы, антикор жетекшісі және бас прокуратурадағы қылмыстық қудалау қызметінің басшысы ретінде көрдік, әрдайым қамқоршысының қанатының астында немесе тікелей қолдауы арқылы.

Ал Кексель болса, Қожамжаров дәуірінде бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарып, ең резонансты істер бойынша тергеу жүргізді. Олар бірге "Қожамжаров командасын" қалыптастырды. Бұл команда антикоррупциялық жүйеде тек ресми лауазымдармен шектелмейтін ықпалға ие болған.

КЕКСЕЛЬДІҢ АТЫШУЛЫ ІСТЕРІ: РЕЗОНАНС, ҚЫСЫМ ЖӘНЕ АҚТАЛҒАН ҮКІМДЕР

Олеся Кексельдің тергеушілік мансабы бірінен соң бірі шулы процестермен өрілген жол секілді, әрқайсысы жанжал мен тергеу тәсілдеріне қатысты сұрақтарды артынан қалдырып отырды. Ол жетекшілік еткен немесе қадағалаған резонансты істердің қатарында – бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовке қатысты тергеу де бар. 2015 жылы бұл іс аясында куәгерлер Жанарыс Қабдолдаев пен Берік Нүрекин тергеу барысында қысым жасалғанын мәлімдеген еді. Алайда Кексель бұл айыптарды түбегейлі жоққа шығарып, куәгерлердің Ахметовтер әулетіне адалдығымен түсіндірген.

Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс – оның мансабындағы ең көзге түскен істердің бірі болды. Бірақ мұнда да шу болған: Бишімбаев 2018 жылғы қаңтарда өткен сотта Кексельдің оны адвокатсыз кездесулерге шақырып, мойындауға итермелегенін айтты. Сот бұл шағымға назар аудармады.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты тергеу де тергеу тобы тарапынан қысым көрсетілді деген мәлімдемелермен қатар жүрді. Бөлек атап өтерлік іс – денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты іс. 2017–2018 жылдары тергелген бұл іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, ал 2020 жылы Пак толық ақталды. Айыпталушы 2019 жылы әділдікке жетпей, өмірден өтті.

Кексель жүргізген істер бойынша айыпталушылар мен куәгерлер тарапынан қысымға қатысты шағымдар бірнеше рет айтылған. Тағы бір айқын эпизод – 2019 жылы «Energo» ЖШС директоры Ерлан Нәбиевтің Кексель мен оның қарамағындағыларды азаптауға қатысы бар деп тікелей айыптауы. Бұл шағым бойынша сотқа дейінгі тексеріс басталғанымен, сол кездегі сенатор Қайрат Қожамжаров көпшілік алдында Кексельді қорғап, бұл айыптарды жала деп атады, ал Кексельдің өзін «өте таза, жоғары деңгейдегі кәсіби маман» деп сипаттады. Іс тоқтатылды.

ТАТУБАЕВ, «ҚОРҒАС ІСІ» ЖӘНЕ МАТАЕВТАР ІСІ

Талғат Татубаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасы, кейінірек бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы болып тұрған кезде, жиі оппозициялық көзқарастағы адамдар мен сыншыларды қудалауға байланысты атышулы істердің ортасында болды.

Қытаймен шекарадағы контрабандаға қатысты атышулы «Қорғас ісі» Қожамжаровтың бақылауымен тергеліп, нәтижесінде 45 адам – негізінен ҰҚК мен кеден қызметінің өкілдері сотталған еді. Алайда кейін бұл резонансты іске қатысты ауыр жайттар анықталды.

Басты куәгер кеденші Медет Жамашев 2012 жылы айуандықпен өлтірілді. 2024 жылғы сот отырысында тікелей орындаушылар Ержан Қасымбаев пен Айбек Үтепов өз істерін қаржы полициясының сенімді агенті әрі Қожамжаровтың жақын серігі саналатын Талғат Махатовтың тапсырысы бойынша жасағандарын айтты. Қасымбаевтың сөзінше, Махатов бұл қылмысты ұйымдастырып қана қоймай, кейін өзінің байланыстарымен мақтанып, «ағам Қайрат Қожамжаров бас прокурор болды» деп ашық айтқан.

Кісі өлтіруге Жамашевтың ҰҚК-ге берген жауабы мен Махатовтың марқұмның әйелімен болған жеке қатынастары себеп болғаны айтылды. 2023 жылдың соңы – 2024 жылдың басында «Қорғас ісі» қайта тергеле бастаған кезде Қожамжаровтың бұрынғы бағыныштылары – Улан Мәдиев, Кенжебай Жұмабеков, Сергей Потанин тарапынан бірқатар мойындау түсініктемелер берілді. Олар тергеу барысында күдікті әйелдерді зорлауға дейін барған жүйелі азаптау фактілері туралы баяндады.

Іс материалдарында Мәдиев пен Татубаев «Қорғас контрабандасынан пайда көрген тұлғалар» ретінде аталып, ал Қожамжаров бұл қылмыстық схемалардың басты бенефициары ретінде көрсетілді.

Сол кезеңде Алматы қаласы Наурызбай ауданының прокуроры Виктор Тихоновқа қатысты қолдан жасалған іс те қозғалды. «Қожамжаров командасының» басшылығымен тергелген бұл іс бойынша Тихонов 2018 жылы сотталып, 2023 жылы ҚР Жоғарғы соты оны толық ақтап шықты. Кейін Тихонов «Қорғас» ісі бойынша куәгердің көзін жоюға Қожамжаровтың бағыныштыларының қатысы болуы мүмкін екенін меңзеді.

Қожамжаров дәуіріндегі тағы бір даулы іс – Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсетке қатысты іс болды. Қожамжаров Бас прокурор болып тұрған тұста қозғалған бұл іс бопсалау айыбымен 2017 жылы айыптау үкімімен аяқталды. Алайда 2023 жылы ҚР жоғарғы соты Сейітқазы мен Әсет Матаевты толық ақтады. Бұл шешім бұрынғы қудалаудың заңдылығына үлкен күмән тудырды.

2024 жылы KazTAG агенттігінің журналисі Қожамжаровтан осы іс пен Тихонов ісіне қатысты тікелей сұрақ қойды. Қожамжаров нақты жауап бермей, ол кезде шыққан сот шешімдеріне сілтеме жасады. Ал жоғарғы соттың ақтау үкімдеріне қатысты пікір білдіруден жалтарып, «қорғанудың түрлі тәсілі бар» деген жалпылама жауаппен шектелді.

ҚОЛ СҰҒУҒА БОЛМАЙТЫН ШЕФ ПЕ, ӘЛДЕ СОҢҒЫ ШЕБЕ ПЕ?

Қайрат Қожамжаровтың есімі «Қорғас ісі», Тихонов пен Матаевтарға қатысты ақтау үкімдері, азаптау мен кісі өлтіру фактілерін ашқан қайта тергеулермен тығыз байланысты болғанына қарамастан, ол үнемі әділет жүйесінің қолы жетпейтін аймағында қала берді. Telegram-арналар тіпті оны «қол сұғуға болмайтын» тұлға деп атап, Қожамжаровтың артында Қазақстан элитасына қатысты ауқымды компроматтар бар екенін, солардың өзіне қорған болатынын меңзеді.

Сондай-ақ Қожамжаров Ленинград университетінің заң факультетінде бірге оқыған Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің қамқорлығы туралы да қауесеттер тарады.

Мемлекеттік жоғары лауазымдардан кеткеннен кейін Қожамжаров, өз айтуынша, жеке заң кеңсесін ашып, көлеңкеде тыныш өмір сүріп келеді. Ол соңғы рет 2023 жылдың қарашасында Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасына берілген құдайы асында көзге көрінген. 

…2025 жылғы 3 шілдеде азаптау бабы (ҚР ҚК 146-бап) бойынша ұсталған Талғат Татубаев пен дәл сол бап аясында күдікті деп танылған Олесия Кексельге қатысты қудалауды көптеген сарапшы тергеу органдарының Қожамжаровқа оның бұрынғы командасы арқылы жол табуға жасаған батыл әрекеті ретінде бағалап отыр.

Қазіргі уақытта азаптау ісі аясында жалғасып жатқан тергеулер Қожамжаров дәуіріндегі атышулы істерді қарау кезінде қолданылған әдістермен тікелей байланыстырылады.

Басты сұрақтар ашық күйінде қалып отыр: бұрынғы «қамқорлық көргендер» айғақтар мен жеке жауапкершілік қысымына шыдай алмай, кезінде бар билікке ие болған “шефтерін” сатып жібере ме және Қазақстандағы антикоррупциялық фронттың «қол сұғылмайтын генералын» ақыры жауапқа тарту мүмкін бола ма?

Бақылаушылар бір пікірге тоқайласады: бұл қараңғы істегі шындықты іздеу процесі Қожамжаровтың «аңызға айналған» командасына тағылып отырған сол азаптау мен заңсыздық әдістерін өзі қайталамауы тиіс.

Серіктес жаңалықтары