2025 жылға арналған жоспар бойынша су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде бірден 4 жаңа су қоймасын салу жөнінде ауқымды жоспар жариялады. Бұл, әрине, маңызды іс. Тіпті бұл мақсатта Ислам даму банкінен несие алу да ұят емес. Ең бастысы – құрылыс нақты мерзімде басталып, уақытында аяқталуы керек, себебі инфляция құрылыс материалдарының нарығын айналып өтпейді. Қазір 2,7 миллиард долларға бағаланып отырған жоба келесі жылы әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Алайда гидротехникалық құрылыстардың мерзіміне қатысты проблема бар секілді. Ulysmedia.kz мемлекеттік сатып алулар порталынан тиісті лоттарды іздеп көргенімен, Қазақстанда жаңа су қоймаларын нақты кім және қашан салатынын анықтау мүмкін болмады.
ЖОСПАР КӨП, САЛЫНҒАНЫ АЗ
2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы гидротехникалық нысанды жөндеу жоспары су ресурстары және ирригация министрлігінің басты құжаттарында үнемі айтылып жүрген мақсат. Министрлік қызметкерлерін түнде оятып жіберсеңіз де, осы жоспарларды мүдірмей айтып беретіндей. Алайда қазіргі күнге дейін нақты не салынды? Не болмаса құрылыс алдындағы дайындық кезеңінде тұрған жобалар бар ма? Себебі 2030 жылға дейін көп уақыт қалған жоқ. Біздің редакцияның ресми сауалына жауап берген министрлік өкілдері көп нысандардың құрылысы әлі де болашақтың еншісінде екенін мойындады.
- 2024 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 68 млн текше метр су жинауға қауқарлы «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар. Сондай-ақ, биыл Түркістан облысы Төлеби ауданы Кемекалған ауылдық округінде 1 млн текше метр суға арналған «Қарақұыс» су қоймасының құрылысы қолға алынды. Бұл жоба осы жылдың соңына дейін аяқталады, – деді cу ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Бұған қоса, министр Нұржан Нұржігітов биыл тағы 4 су қоймасының құрылысын бастау жоспарланғанын бірнеше рет мәлімдеді. Үшеуі еліміздің оңтүстігінде – Талас, Қалғұты өзендерінде және Қараөзек тарамында. Төртінші нысан – Батыс Қазақстан облысындағы Үлкен Өзен өзенінде орналасады. Сонымен қатар министрлік бірқатар су қоймасын жөндеуден өткізуге ниетті. Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы Терс-Ащыбұлақ пен Қарақоныз, Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегіші мен Қосқорған су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, ирригациялық арналарды жаңғырту мен цифрландыруға, жазда халықты сумен қамтамасыз ету және көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға қаржы қарастырылған.
— 2025 жылы жалпы сомасы 173,7 млрд теңгеге 98 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 73%-ға артық. Оның ішінде 6,5 млрд теңге Еуропа қайта құру және даму банкі есебінен, 24,4 млрд теңге Ислам даму банкі есебінен. Сонымен қатар, 70,8 млрд теңге көлемінде көзделген қаражат есебінен жыл соңына дейін топтық су құбырының 12 жобасын аяқтау жоспарлануда. Бұл 423 мың тұрғыны бар 153 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деген болатын бұған дейін үкімет отырысында Нұржігітов.
ӘКІМ БАЯУ ҚОЗҒАЛЫП ОТЫР, МИНИСТР СЫРТ ҚАЛУДА
Жиын маусымның соңында өткен. Бірақ министр Нұржігітов шалыс айтқан жоқ сияқты: су қоймаларының құрылысы басталғаны туралы аймақтық жаңалықтарда да ешқандай ақпарат жоқ. Жоспарланған жобаларға қатысты хабарламаларды су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты еншілес кәсіпорын – «Қазсушар» РМК тарапынан мемлекеттік сатып алу порталынан да таба алмадық. Сондықтан министрлікке “Қазақстан биыл саламыз деген су қоймалары қайда?” деп тікелей сауал жолдадық.
Бұл сұраққа вице-министр Ерболат Ибрайханов жауап берді. Оның айтуынша, ірі нысандардың құрылысын жүргізу жауапкершілігі облыс әкімдіктеріне жүктелген.
— Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат трансферттер арқылы облыстық бюджеттерге бағытталды. Атап айтқанда, елдің 8 өңірі – Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Павлодар, Жамбыл және Түркістан облыстарында осы қаражатты су ресурстарын тиімді пайдалану, су нысандарын қалпына келтіру және сумен қамтамасыз етуді жақсартуға арналған жобаларға игеруі тиіс, – деп нақтылады ол.
Алайда кейбір нысандар бойынша, мысалы, Қалғұты су қоймасы үшін «жоспарланған бастау» – бұл тек жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу ғана. Құрылыс жұмыстарының өзі тек 2026 жылы басталуы тиіс. Сонымен қатар әкімдіктер тарапынан да бұл су қоймаларына қатысты ешқандай ресми хабарландыру шықпаған. Соңғы уақытта гидротехникалық нысандарға байланысты мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған ең ірі лот – Алакөл көлінде жүргізілетін жағалау нығайту жұмыстары және Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының күрделі жөндеуі. Бұл нысандар маңызды болғанымен, Су министрлігі жариялаған жобалар қатарынан емес.
БІРІ ЖАРИЯЛАП, ЕКІНШІСІ САЛЫП ЖАТЫР
Жөндеуден өтеді делінген Көксарай мен Қосқорған су қоймалары мемлекеттік сатып алу порталында әзірге көрінбейді. Есесіне, мүлде күтпеген жерден порталда Шымкент қаласы арқылы өтетін Бадам өзеніндегі бөгеттердің құрылысына қатысты хабарландырулар пайда болды. Шымкент қаласының «Қала келбетін дамыту басқармасы» бұл мақсатқа 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлмек.
— Бадам өзеніндегі бағыттаушы бөгет пен су деңгейін түсіруші құрылымдар тасқын мен жағаны шайып кетуден қорғауға арналған. Жоба мақсаты – өзен жағалауларын нығайта отырып, су тасқыны кезінде халық тұратын аумақтар мен суармалы жерлерді су басу қаупінен, сондай-ақ көпір өткелдерін шайылудан қорғау, – делінген осы құрылысқа қатысты барлық лоттардың техникалық сипаттамасында.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімдігі гидротехникалық құрылыстың бірнеше кезеңін қатарынан қаржыландыруды шешкен.
Шымкентте танымал HYDROLIFE-2050 компаниясы төрт конкурстың үшеуін жеңіп алды. Ол өңірде көптеген бөгет салған, дегенмен ЖШС-нің негізгі қызмет түрі – жүк автокөлігімен тасымалдау. Бір таңқаларлығы Бадам гидроузлы ресми түрде қанағаттанарлық жағдайда деп есептеледі. Онда оны неге шұғыл жөндеу қажет болды? Сонымен қатар, мемлекеттік “Қазводхоз” компаниясы елдің түрлі өңірлерінде ұсақ жөндеу жұмыстарына тендерлер өткізіп жатыр. Ақмола облысында бөгетті таспен бекітуге – 11,7 млн теңге, ескі гидрозатворларды ауыстыруға – 12 млн... “Қазводхоздың” ең ірі өтінімі – Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов су қоймасын жөндеуге арналған 2 лот, жалпы сомасы 65 млн теңгеден аз.
ҚҰЖАТ ҚАЙДА БОЛСА ЖҰМЫС СОНДА
Бұл жағдайға қатысты парадокс туралы “Қазводхоз” қызметкерлерінің бірі аноним түрде хабарлады.
— Қазір айтылып жатқан барлық гидротехникалық нысан 2019 жылы немесе одан бұрын жөндеуге жоспарланған, алайда 2024 жылға дейін бұл жобаларды іске асыруға бөлінген қаржы өте аз болды. Нәтижесінде барлық сметалық есептеуді қайта тексеру қажет, ал бұл оңай емес, өйткені олар бұрын бекітілген, – дейді су саласының маманы.
Сонымен қатар, ол елде гидроинженерлер өте аз қалғанын, сондықтан жаңа сметалар зорға әзірленетінін, ал салынған жобалар ақырында көбіне сапасыз болып шығатынын мойындап отыр. Ведомствода “қағаз жүзіндегі” жоспарлардан басқа ештеңе жоқ деген болжамды су ресурстары вице-министрі де жанама түрде растайды. Ол 2025 жылға жоспарланған 4 су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама жуырда ғана аяқталғанын, ал кейбір жобалар бойынша бес жыл бұрынғы құжаттарды қайта көтеруге тура келетінін атап өтеді.
— Ақмола облысында Есіл өзенінде Есіл контрреттегішін салу жобасы бойынша 2019 жылғы 2 сәуірде техникалық-экономикалық негіздемеге (ТЭН) оң қорытынды алынды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп жатыр. Контрреттегіштің көлемі – 833,0 млн м³, суармалы жер көлемі – 94,1 мың га. Жобаны іске асыру 2025–2028 жылдарға жоспарланған, – дейді ол.
Сұрақ мынада: елде мұндай “ескірген” су қоймаларының сметалары қанша? Кейін стратегиялық нысандарды асығыс түрде, президенттің тапсырмасын орындау үшін ғана салуға тура келмей ме? Бұл құрылыс қаншалықты сапалы болмақ?
ЖАРТЫ ЖЫЛҒА ШЫДАМАҒАН БӨГЕТ
Жуырда Батыс Қазақстан облысының Ақбұлақ ауылының тұрғындары Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. 2022 жылы оларға бөгетті “АқсайСтройСервис и К” компаниясы 106,4 млн бюджет теңгесіне жөндеп берген. Дегенмен бөгет жарты жыл да шыдамаған. Екі жылдан бері ауыл тұрғындары малды қалай суарамыз деп әкімдіктерден әділдік іздеуде. Неліктен бөгет бірінші көктемге шыдамады – ешқандай тергеу жүргізілген жоқ. Егер 106,4 млн теңге ел ауқымында салыстырмалы түрде үлкен сома болмаса, қазір су қоймаларына бірнеше есе көп қаражат бөлінуде. Шын мәнінде, бұл нысандарға ешкім жеке жауапкершілік алмайды: әкімдіктер мемлекеттік сараптамасыз жобаларды қаржыландыра алмайды, ал су министрлігі тек жұмысты үйлестіреді және кейін салынған су қоймаларын “Қазводхоздың” балансына қабылдауға міндеттеледі.