×
520.93
609.07
6.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
520.93
609.07
6.68

Алакөл: Қазақстанда емдік қасиеті бар көл қалай проблемаға айналды

11.07.2025, 13:08
Алакөл: Қазақстанда емдік қасиеті бар көл қалай проблемаға айналды
ulysmedia коллажы

Қазақстанның басты шипажайы болуы тиіс Алакөл көлі жанжалдың ошағына айналды. Тіпті ел президенті демалушылардың көптеген шағымдарына назар аударды. Ол көл айналасында ұзақжылдар бойы инфрақұрылым құрылысы аяқталмағаны және демалушылар қауіпсіздігі мәселелері шешілмегені үшін кінәлілерді тауып, жазалауды тапсырды. Ulysmedia.kz Алакөлдегі құрылыстарды кім және қашан салу керектігін түсіну үшін мемлекеттік сатып алу порталына үңіліп, неге бұл нәтиже бермегенін зерттеп көрді.

Жергілікті тұрғындар мәселесі

Қазақстан президенті Алакөл жағалауындағы инроқұрылым құрылысы мен демалушыларды күтіп алу жұмыстары тым әлсіз жүріп жатқанын сынап, шенеуніктерді сынай сөйлегеніне бір күн өткенде біз Алакөлдің шығыс жағалауындағы демалыс базасының иелерінің бірімен сөйлестік. Бірақ ол өзінің аты-жөнін атамауды өтінді.

– Мен басында президенттің бәріне сөгіс жариялағанын білмедім, бірақ түскі асқа жағажайға жедел жәрдем, ТЖМ қызметкерлері келді. Ауыл бойынша шенеуніктер жүрді. Мен біз жаққа біреукелген шығар деп ойладым. Әйелім жаңалықтан оқып, айтты. Бұл, әрине, жақсы нәрсе. Мүмкін олар бірнәрсе істейтін шығар. Бірақ олар біздің проблемаларымыздың мәнін түсіне ала ма, білмеймін. Басты мәселе – такси жүргізушілері. Олар мұнда нағыз мафия сияқты. Мен өз қонақтарыма қызмет көрсетуді жақсартқым келеді, оларды станциядан алып, балшыққа, ыстық бұлақтарға апарғым келеді. Өткен жылы мен осылай істеуге тырыстым. Бірақ менің дөңгелектерімді тесіп, өзіме қауіп төндірдім. Бұлай жалғыз маған ғана істеген жоқ, – дейді ол.

Оның сөзінше, Алакөлдегі басты проблемалардың бірі – бейберекет құрылыс.

– Құрылысқа кім және қашан рұқсат бергенін білмеймін, бірақ сіздер осында болдыңыздар, судың жанында қонақүйлер тұр, 20 метр жағажай бар болса жақсы. Сондықтан жолдарды төсеу мүмкін емес. Кәрізбен де проблемалар бар: өткен жылы кәрізді жасай бастады, бірақ өте қиын, өйткені барлық жерде жеке құбырларға тап болады, – дейді кәсіпкер.

Алакөлдің шығыс жағалауында құрылыс кейінгі бес жылда қарқынды жүрген. Бірақ кәсіпкерлер кімнің құрылысқа құжаты бар екенін білмейді. Ulysmedia тілдескен кәсіпкер Астанадағы шенділер тексеру жүргізуі тиіс деп есептейді.

Алакөл мен Қазақстандағы өзге де курорттық аймақтарды вице-премьер Ермек Көшербаевтың тексеретіні белгілі болған. Ол ұзақ жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде жұмыс істеген адам ретінде бұл проблеманың шығу төркінін білуі тиіс.

«Өмірге қауіпті» демалыс

Алакөлге барған қазақстандықтар бірнеше мәселеге шағымданады. Соның бірі демалушылардың өздеріне қатысты.

– Ең сорақысы, кейбір «демалушылардың» әрекеті. Ашық айтсам, олар адам кейпіндегі мал сияқты. Кешіріңіз, бірақ шындығы осы. Ішеді, шылым шегеді, тұқылын, бөтелкесін, түкіріп қақырып жүре береді, – деп жазды журналист Facebook парақшасында Ерболат Мұхамеджан.

Оның сөзінше, демалушылар мәдениетсіз іс-әрекет жасайды. Жергілікті шенеуніктер де оған немқұрайлы қарайды. Аумақты қоқыстан тазартатын бір ғана трактор бар. Оның өзін күніне бір ақ рет тазалауға шығады. Кәсіпкерлер де қоқысты тазалауға енжар қарайды. Полицияның өзін Мақаншы ауданына қарайтын Қабанбай ауылынан табудың өзі қиын.

Алакөлдегі екінші үлкен мәселе – қауіпсіздік.

– Жағажайда бірде-бір мемлекеттік құтқарушы жоқ. Мұнаралар, қалқымалар, қоршаулар, ескерту тақталары жоқ. Адамдар, соның ішінде балалар, скутер мен қайықтардың жанында cуға түседі. Бұл қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, - деп жазды алматылық құқық қорғаушы Саида Тәуекелова әлеуметтік желіде.

Бұған қоса, ол Алакөлді дамытуға қатысты бұрынғы даму жоспарын тапқан. Ол бойынша, жағалауда және көлдің өзінде баяғыда абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Оның сөзінше, Алакөлде прокуратура мен салық қызметі атқаратын жұмыстар шаш етектен.

Кейінгі жылдары Алакөлді абаттандыру мен инфрақұрылымға Абай және Жетісу облысында аз қаржы жұмсалмағаны белгілі. Қай жерде, қандай қандай нысан салынуы керек болған? Ulysmedia бұл сұрақтардың жауабын мемлекеттік сатып алу порталы мен жергілікті мемлекеттік органдардың сайттарынан іздеп көрді.

Абай облысы: шенеуніктердің шапшаң қимылы және қаржы есептеудегі қиындықтар

Алакөлдің курорттық аймағы Жетісу облысының Ақши және Көктұма ауылдары мен Абай облысының Мақаншы ауданында орналасқан. 2024 жылға дейін Мақаншы ауданы болмаған. Ол Үржар ауданының құрамына кірген.

Абай облысы әкімінің сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Мақаншы ауылына әкімнің орынбасары Серік Төленбергенов барған.

– 2028 жылдан бері жағалауда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айта кеткен жөн. Осыған байланысты облыстық бюджеттен 658 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде:

  • Арбат алаңын жөндеуге 108,9 миллион теңге;
  • Жаңа қоғамдық аймақ салуға 171, 6 миллион теңге;
  • Жағажайды абаттандыруға 107, 5 миллион теңге.

Бірақ мемлекеттік сатып алулар порталында Алакөлде бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілгені туралы дерек бар. 2023 жылы Үржар әкімдігі арқылы Алакөл жағалауына дейін жол салуға 118, 4 миллион теңге бөлінген. Құрылысқа жауапты «Аз и Мур Строй» компаниясы жауапты болған.

 

Бұған қоса, Алакөл жағалауындағы көшелерді жөндеуге 129 миллион теңге бөлінген. Тендерді «Сенім Строй» компаниясы ұтып алған.

2023 және 2024 жылдары облыс Қабанбай ауылын сумен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлген. Шығыс Алакөлдің демалыс орындарының барлығы осы ауылда орналасқан.

2023 жылы 1, 3 миллиард теңге тендер жарияланған. Ол бойынша Қабанбай ауылын сумен қамтамасыз ету және су мұнарасын салу жұмыстарын аяқтау көзделген. Құрылысқа Alyans XXI компаниясы жауапты болған.

2024 жылы Ер Қабанбай ауылында су құбырларын тартуға және су мұнарасын салуға тағы да 570, 4 миллион теңге бөлінген. Тендерді «Карат Z» компаниясы ұтып алған.

Мақаншы ауданы әкімдігінің сайтында аудандағы 18 елді мекеннің 10-ында су құбыры жүйесі тартылғаны айтылған. Оның 8-інің жұмысында шешілмеген мәселелер бар. Ал Қабандай ауылындағы сумен қамтамасыз ету жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оның құны 1,7 миллиард теңге жеткен.

Бұған қоса, 2025 жылы Мақаншы ауданының әкімдігі Қабанбай ауылы мен Алакөл жағалауындағы қоғамдық алаңды абаттандыруға 153,2 миллион теңге бөлген. Тендерді «Озон-93» компаниясы жеңіп алған.

Алакөл жағалауына жақын жердегі жолды жөндуге қатысты құны 142,3 миллион теңге тендерді «Ярус» ЖШС компаниясы жеңіп алған.

Жетісуда Алакөлге бөлінген миллиардтар және үнсіздік

Президент Тоқаев сынына үкімет бірден реакция білдіріп, мәселеге жауаптыны бірден анықтады. Сынға Абай облысының әкімдігі де шапшаң қимылдады. Аймаққа әкімнің орынбасарын жіберді.

Жетісу облысының әкімдігі айтылған сынға қатысты ешқандай үн қатқан жоқ. Шенеуніктер олардың орынан мемлекеттік сатып алулар үн қатады деп шешкен тәрізді. Облыс шын мәнінде Алакөлді дамытуға қыруар қаржы жұмсаған.

2023 жылы кәріз-тазарту жүйесінің құрылысына жалпы құны 6,3 миллиард теңге болатын тендер жариялаған. Оны «Tolagai–2050» компаниясы жеңіп алған.

Бұл компания Қазақстанда өте танымал. Компанияның еншісінде бірқатар проблемалық нысандар бар. Ақсай су бөгеті, Алматыдағы Сайран көлін тазарту тағысын тағылар. Компания құрылтайшыларының қатарында өз кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Ақбота Назарбаева болған.

Кәріз жүйесі ақыр соңында салынды ма, жоқ па өте қызық сұрақ. Бірақ Ақши ауылының тұрғындары кәрізді жиі тазалайтындарын айтады.

2024 жылы Көктұма ауылына су құбырын тартуға тендер жарияланған. 885,8 миллион теңгенің конкурсын «Карат Z» компаниясы жеңіп алған.

Бұған қоса, 2024 жылы Ақши ауылына электр линиясын тартуға байланысты 8,6 миллиард теңгеге тендер жариялаған. Оны «АСПМК-519» ЖШС жеңіп алған.

2025 жылы Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекітуге қатысты ауқымды жұмыс басталған. Дамба салуға байланысты тендердің бірінші кезеңі мамыр айында өткен. 15, 7 миллиард теңгенің конкурсын «Қаратас Майнинг» компаниясы жеңіп алған. Бұл Алакөлге қатысты Жетісу облысындағы ең үлкен жоба.

Алакөлде дамалушылардың жағдайын жасауға мемлекет ақшаны аямайтын көрінеді. Бірақ бұл миллиардтардың қайда кеткенін сұрайтын да кез келген сияқты. Ең бастысы қазақстандықтар қашан Алакөлге барып, комфорты жағдайда суға шомылып, ем қабылдайды? Жергілікті шенеуліктердің салғырттығынан Алакөлде қайғылы жағдай осыған дейін болған. Бір жыл бұрын заңсыз дельтапланда ұшамын деп екі адам қаза тапқан.

 

Серіктес жаңалықтары