×
525.87
614.37
6.72
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
525.87
614.37
6.72

Мақсаты жоқ миллиардтаған шығын немесе Қазақстанға киберспорт не үшін қажет

Бүгін, 10:20
Мақсаты жоқ миллиардтаған шығын немесе Қазақстанға киберспорт не үшін қажет
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылы Астанада өтетін «Болашақ ойындары» үшінші халықаралық мультиспорттық турнир халықаралық қауымдастықтың назарын аударатыны сөзсіз. Алайда Қазақстанда бұған дейін өткізілген «ауқымды шаралар» тәжірибесі олардың уәде етілгендей дамуға серпін беруден гөрі, кейін түрлі мәселелер мен көңіл толмайтын жайтқа айналғанын көрсетіп отыр. Ulysmedia.kz алдағы ірі бюджет шығындарын ескере отырып, бұл жолғы іс-шара қазақстандықтарға қандай нәтиже әкелуі мүмкін екенін анықтауға тырысты.

ЖОҚ НӘРСЕНІ ДАМЫТУ

Астанада өтетін «Болашақ ойындары 2026» турниріне Қазақстанның туризм және спорт министрлігі ерекше ынтамен дайындалып жатыр. Бұл әрекетке қызығуға да болар еді, алайда аталған жарыстан елге нақты пайда тиеді деу қиын. Көбіне бұл имидждік жобаға ұқсайды, ал оған жұмсалатын қаржы аз емес. Себебі министрлік үшін басты мақсат – артта қалмау.

– Қазіргі уақытта әлем бойынша киберспорт қозғалысына қызығушылық өте жоғары. Біздің негізгі міндетіміз осы цифрландыру саласын дамытып жатқан алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болу. Екіншіден, бізде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Киберспорт федерациясы бар. Бұл спорттық шара киберспортты дамытуда жаңа серпін береді деп сенеміз, – деді туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, ойындардан кейін киберспортты жаңа деңгейге көтеру үшін арнайы академия құрылуы да мүмкін.

– Қазір жастар бұл бағытқа қатты қызығады. Мәселен, үш ай бұрын, мамырда Астанада ірі турнир өтті, оған деген қызығушылық жоғары болды. Билеттер екі-үш күннің ішінде сатылып кетті... Басты мақсат әлемдік үрдістен қалмау және халықаралық спорт ареналарында тұрақты түрде болу. Бәлкім, сіздер біздің кибератлеттердің жетістіктері мен халықаралық жарыстарда алып жатқан жүлделері туралы естіген боларсыздар. Сондықтан біз бұл қозғалысты барынша қолдауға тырысамыз, – деді вице-министр.

Дегенмен, бар мәселе мынада: алға сүйреу үшін алдымен сүйрейтін нәрсе болуы керек. Ал киберспорт Қазақстанда әлі толыққанды дамымаған. Тіпті федерацияның өзі министрліктің қолдауы болмаса да өмір сүріп келеді деуге болады.

Вице-министр атап өткен мамырдағы турнирде қазақстандық киберспортшылар болған, бірақ олар Бразилия мен Ресей құрамаларында өнер көрсеткен. Яғни турнирді өткізген Қазақстанның өзі бірде-бір толыққанды ұлттық құраманы ұсына алмаған. Тіпті Моңғолияның өз азаматтарынан құралған командасы болды. Олар жүлде алмағанымен, қатысқанының өзіне назар ауды.

Киберспорттық команданы ұстау арзан емес, ал Қазақстанда бұл одан да қымбат. Себебі жергілікті интернет сапасының нашарлығынан командалар шетелде тұруға мәжбүр. Осы себептен қазақстандық ұжымдар сирек пайда болады да, көп ұзамай тарап кетеді, ал үздіктері шетелдік клубтарға кетіп қалады.

Сондықтан қажетті инфрақұрылымсыз киберспорт академиясын құру шынайы пайда әкеледі деу қиын. Мүмкін, тек бір-екі шенеунік жаңа қызметке ие болар, ал бюджет шығындарының тізімінде тағы бір жаңа баған пайда болары анық.

ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ – БЕЛГІСІЗ

2026 жылғы Болашақ ойындарының бюджеті әзірге нақты емес. Жүлде қоры үшін 10 миллион доллар бөлінетіні ғана белгілі. «Қазспортинвест» мемлекеттік компаниясының президенті Әлібек Хасеновтың айтуынша, бұл қаражаттың бірде-бір теңгесі мемлекеттік бюджеттен алынбайды, толығымен демеушілер есебінен жабылады.

Жүлде қорының көлемі әзірге күмән тудырмайды – 2024 жылы Ресейде өткен алғашқы ойындарда да дәл осы мөлшерде болған. Ал келесі, 2025 жылғы ойындарды өткізетін Біріккен Араб Әмірліктері әлі өздерінің жүлде қорын жариялаған жоқ, бірақ оның бұдан да көп болу ықтималдығы бар. Сондықтан Қазақстанға да «басқалардан кем болмау» үшін жүлде қорын арттыруға тура келуі мүмкін.

Жалпы алғанда, Әмірліктерден кейін мұндай халықаралық шараны өткізу тәуекел жасайтын идея. Арабтар бұл ойындарды салтанатты әрі жоғары деңгейде өткізетініне күмән жоқ, олар артық шығыннан қашпайды. Осыған байланысты Қазақстан да абыройын түсірмес үшін қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр болуы мүмкін. Сол себепті, әзірге туризм және спорт министрлігі ойындарды ұйымдастыру мен өткізуге кететін жалпы шығын көлемін нақты атай алмай отыр.

– Ойындардың жалпы бюджеті туралы айтуға әлі ерте. Қазіргі кезде біз Қазанда өткен ойындардың тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар Абу-Дабиде өтетін ойындардың нәтижесі мен бюджетіне де қараймыз. Қазіргі уақытта бюджет бойынша өтінім қаржы министрлігімен бірлесіп пысықталуда, – деді вице-министр Серік Жарасбаев.

Қазандағы ойындарды өткізу үшін Ресей федералдық бюджеттен шамамен 6 млрд рубль бөлген. Қазіргі бағаммен бұл 33,5 млрд теңге. Әмірліктердің қанша қаржы бөлетіні әзірге белгісіз.

Алайда вице-министрдің айтуынша, Қазақстан бұл шараны салтанатты түрде өткізумен қатар, шығынды мүмкіндігінше азайтуға тырысады.

– Жүктеме бірдей етіп бөлінеді: коммерциялық құрылымдар, демеушілер және мұндай ауқымды халықаралық жобаны қолдауға дайын инвесторлар арасында. Сондықтан бұл біріккен, жиынтық бюджет болады. Бізге республикалық бюджеттен бөлінетін бөлікті анықтау үшін біраз уақыт қажет. Одан кейін демеушілерді тарту басталады. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдастыру комитеті де ойындарды өткізуге өз бюджетімен қатысады. Бұған дейін өткен ойындар көрсеткендей, халықаралық компаниялар да белсенділік танытып, шет қалмаған, – деді вице-министр.

P.S.

Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанда өткен ірі халықаралық шаралар жиі жемқорлық дауларына, мақсатсыз жұмсалған қаржыға және кейін бос тұрған инфрақұрылымға айналып кеткен. Мұндай жағдайлар EXPO-2017, Универсиада, Азия ойындары кезінде де болған. Олардан кейін инновация, жасыл технологиялар немесе спорт саласында айтулы серпін байқалмады. Ал соңғы Көшпенділер ойындары төрешілер дауына байланысты есте қалды.

Болашақ ойындарына орай жаңа нысандар салу әзірге жоспарланбағаны жақсы жаңалық. Бұл жемқорлық тәуекелін төмендететін фактор. Дегенмен, бұл жарыс тек спорт министрлігі үшін ғана емес, цифрлық даму министрлігі үшін де сын болмақ. Себебі жарыс бүкіл әлемге онлайн көрсетіледі. Ал бұл кезде қазақстандық интернет сапасы сыр берсе, ел абыройына нұқсан келуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары