×
526.5
611.64
6.72
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
526.5
611.64
6.72

Дау, куә, күмәнді сараптама: АЭС-ке қарсы белсенділер сотында не айтылды

Дау, куә, күмәнді сараптама: АЭС-ке қарсы белсенділер сотында не айтылды
ulysmedia коллажы

Алматының Алмалы аудандық сотында былтыр АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес адамның ісі бойынша сотта күдіктілерден жауап алу басталды. Олар өздеріне тағылған айыппен келіспеді. Күдікті Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраковқа «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» және «жаппай тәртіпсіздікке дайындалу» баптары бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДАУМЕН БАСТАЛҒАН СОТ ЖӘНЕ «РЕНЖУЛІ» СУДЬЯ

17 шілдеде өткен сот процесі даумен басталды. Істі қарап жатқан судья Ернар Қасымбеков сотқа қатысушылардың бірінші телефоны шырылдағаны үшін залға түсіп, бірнеше адамды процестен шығарып жіберді. Оның бұл әрекетінде қатысушылардың кейбірі қарсылық білдірді.

– Қиын қылыпсың, шықсам шығамын. Бюрократизм. Назарбаевтан әулие емессің. Жазықсыз отыр балалар. Жаламен отыр. Ертең көремін, ертең осы балалардың орнында сен отырасың, – деді залдан шығарылған адамдардың бірі.

Судья Ернар Қасымбеков қарғап, қарсы сөз айтудың қажеті жоқ деді. Ол «істі мен қарамасам, басқа судья қарайды. Бәрібір бір шешім шығуы керек» деді.

ЕШНӘРСЕ БІЛМЕЙТІН КУӘ

Іс бойынша куә Майгүл Әлімқұловадан жауап алынғаннан кейін, судья сотталушылардан жауап алуға көшті. Куә «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» туралы да, іс туралы да ешнәрсе білмейтінін айтты. Ол сотқа не үшін шақырғанынан да бейхабармын деді. Тек АЭС референдумы қарсаңында күдікті Жанат Қазақбайға жалға кеңсе бердім деді.  

Адвокат Ғалым Нұрпейісов айыптаушы прокурордан куәні қандай мақсатпен шақырғанын түсіндіруді сұрады. Бірақ оның сөзін судья бөліп тастады. Ол прокурор оған жауап беруге міндетті емес деді.

«САРАПТАМАДА КӨРСЕТІЛГЕН СӨЗДЕР МЕНІКІ ЕМЕС»

Осыдан соң Жанат Қазақбайдан жауап алынды. Ол өзіне тағылған айыппен келіспеді. Тергеу кезінде жасалған филологиялық сараптама қорытындысы шындыққа жанаспайды деді. Сөзінше, сараптамада көрсетілген сөздер оған тиесілі емес. Кейбір сөздер тұтастай ойдан құрастырылған болса, енді бірінде оның сөздері бұрмаланған.

Жанат Қазақбай «заңсыз митинг өткізуге ешкімді шақырмадым» деді сот залында. Ол референдум қарсаңында жалға кеңсе алып, тәуелсіз бақылаушылар дайындауға ат салыспақ болған. Бірақ бақылаушыларды дайындауға келіскен адам келмей қалған. Осыдан кейін ол жоспары жүзеге аспаған. 

Жанат Қазақбай іске дейін өзге күдіктілерді сырттай танығаны болмаса, қоян-қолтық, жақын араласпағанын айтты. 

– Екі сараптама бар. Олардың барлығы өтірік. Қазір ақ дәлелдеп беремін. Енді митингіге [келетін болсақ]. Митингіге мен шақырсам да, заңсыз ұйымдастырсам да ол қылмыстық кодексте жоқ. Қылмыстық кодекспен мені жазалай алмайды. Әкімшілік кодекспен жазалайды. Айыппұл сала ма, 15 тәулікке қамай ма... Мен бірақ шақырған жоқпын ешкімді, шақырмаймын да. Айналамдағылардың барлығы біледі. Мен ешқандай митингіге шақырмаймын. Ол ешнәрсе шешпейді. Басқа заңды жолы бар, – деді ол.

«МЫНАУ САЯСИ ҚУДАЛУ»

Ulysmedia тілшісі сөйлескен күдіктілердің бірі Айдар Мүбәраков тағылған айыппен келіспейді. Ол қамауда не үшін отырғанымды білмеймін дейді. Сөзінше, өзге сотталушыларды танымайды. Тергеу кезінде танысқан. 

– Мынау саяси қудалау. Мен АЭС-ке қарсы [әлеуметтік желіде] перепост істедім. Ол менің жеке пікірім. Енді 2,5 миллион қазақ АЭС-ке қарсы дауыс берді ғой. Соларды да соттау керек пе бірге. Мынау енді сүмдық. Мен бұндаймен келіспеймін. Сондықтан мен ақталу үшін бүкіл күшімді саламын, – деді Айдар Мүбәраков. 

«БІРДЕ-БІР АЙҒАҚ ЖОҚ»

Нұрлан Жаулыбаев та сотта сөйлеген сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамады. “Іс толықтай өтіріктен құрастырылған” деді. Оның сөзінше, полиция жұмыс істеп жатқан жерімнен ұстап алып кеткен. 

– Мынау отыз парақтан құралған айыптау актісі бар ғой. Бірде-бір жөнді факті жоқ. Бірде-бір айғақ жоқ мынада. Сауатсыз тергеуші. Солай аутыға болады. Мынаның ішінен не табуға болады бізді айыптайтындай. Мына прокурор өткенде оқыды бізге. Минтингі, митингі деп, – деді ол. 

Нұрлан Жаулыбаев абақтыда жатып денсаулығы нашарлағанын айтты. Сөзінше, қамауда микроинсульт алған. Ол соттан оқиға болған күні қайда болғанын анықтау үшін телефонына детальизация жасауды сұрады. Оның бұл өтінішін адвокаттары да қолдап, сотқа өтінішхат түсірді. Прокурор оған қарсы шықты. Судья өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. 

Адвокат Ғалым Нұрпейісов филологиялық сараптамада қарама-қайшылықтар бар деді Ulysmedia тілшісіне. Оның сөзінше, істің саяси астары бар. Адвокат іс бір адамның куәлігі мен аудио жазба негізінде құрастырылған дейді.

– Филологиялық сараптамадағы қарама-қайшылықтардың өзі дәлел. Осы сотта біз оны зерттейміз. Өзіңіз көресіз, – деді ол.

Нұрпейісовтің сөзінше, филологиялық сараптаманы сот шешімімен жеті жылға сотталған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісіне сараптама жасаған сарапшы Мырзаходжаев жасаған.

«ҮЙІМНЕН МАСКА КИГЕН ЖИЫРМА АДАМ ҰСТАП АЛЫП КЕТТІ»

Ulysmedia тілшісі сөйлескен Алматы тұрғыны Гүлмира Түркебаев іс бойынша күдікті деп танылған Нұрлан Жаулыбаев ұсталған күні үйінде жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Жаулыбаевты ұстауға маска киген жиырмаға жуық адам келген. Ол Нұрлан Жаулыбаев «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» дегенге сенбейді.

– Мен екінші қыркүйек күні бұл кісіні үйіме алып келдім. Үйімде жатып, жұмыс істеп жатқан кісі болатын. 29 қыркүйекте бұл кісіні алып кетеді. Сонда не үшін бір кісіні жиырма адам алып кетеді? Сонда мен ана жерде шок болдым. Не үшін, не үшін? десем, ешкім ешнәрсе айтпайды. Сотқа барғанда, полицияға барғанда белгілі болады дейді. Мен ана жерде құладым да қалдым, – деді Гүлмира Түркебаева Жаулыбаев ұсталған күнді есіне алып.

РЕФЕРЕНДУМ МЕН АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды.

АЭС салуды жақтайтындар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупі барын айтқан. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деген уәж келтірген.

Биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Кейіннен іле-шала екінші станцияны салу бойынша консорциумға Қытайдың көшбасшылық ететіні белгілі болған.

Серіктес жаңалықтары