×
533.61
621.07
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
533.61
621.07
6.78

Тез әрі артық шусыз: Перизат Қайрат соты қайда асығып бара жатыр

Бүгін, 10:20
Тез әрі артық шусыз: Перизат Қайрат соты қайда асығып бара жатыр
Ulysmedia.kz коллажы

Астаналықтар мұндай қарқынмен өткен сотты бұрын-соңды көрмеген шығар. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 3,5 млрд теңге қайырымдылық қаражатын жымқырды деп айыпталған Перизат Қайратқа қатысты сот отырыстары күн сайын, тек түскі үзіліспен өтуде. Журналистер процессті тек сот ғимаратында көре алады, бірақ өзі өтіп жатқан залда емес, бөлек бөлмеде бақылап отыр. Ал күн өткен сайын бұл істегі асығыстықтың себебі бар екені айқынырақ байқалады.

Судьяның істі мүмкіндігінше жылдам аяқтауға мүдделі болуы, әлде бір маңызды адамды тасада қалдыру әрекеті ме, болмаса басқа себеп пе — бұған жауап беру қиын. Бірақ темпті кім және не үшін күшейтіп отырғаны жауабы жоқ, ашық сұрақ. Бұл жайында біз де, бұл іс бойынша қатыспай, сырттай бақылаушы ретінде отырған адвокаттар да ойланып көрдік. Жауап іздеп көрдік.

ТҮНІМЕН ТЫНБАЙТЫН СОТ

Кәдімгі жағдайда әр сот ісіне алдын ала қаралатын күндердің шамамен кестесі бекітіледі, себебі судьяның да, прокурор мен адвокаттардың да өзге жұмыстары бар. Перизат Қайраттың ісі бойынша да сот отырыстары дүйсенбі және бейсенбі күндері өтеді деп жарияланған болатын.

Алайда бірінші дүйсенбі күні кешке қарай судья бірден шешімін өзгертіп, сот отырыстары енді дүйсенбі мен сейсенбі күндері өтетінін хабарлады. Ал сейсенбі күні процестің дүйсенбіден бейсенбіге дейін жалғасатыны белгілі болды. Бейсенбіде жұма күні де отырыс өтетіні айтылды.

Осы тұста айта кету керек: журналистерге сотты тек Астанадағы сот ғимаратынан бақылауға рұқсат берілді. Бұл өңірлік медианың сот барысын тікелей бақылауына мүмкіндік болмағанын білдіреді. Әсіресе табандылық танытқан бірқатар редакциялар өз тілшілерін арнайы іссапармен Астанаға жіберуге мәжбүр болды. Бірақ көп жағдайда бір күнге ғана. Өйткені елордаға барып-қайту қымбатқа түсетін шаруа.

Сот отырыстарының кестесі күн сайын өзгеріп отырғандықтан, бұл редакцияларға қосымша шығын әкелді. Салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарын әдейі шаршатып, бұл процестен жазатын журналистер санын мейлінше азайтуға тырысып жатқандай әсер қалдырды. Ал қоғам болса, күн сайынғы жаңалықтардан шаршап, бұл істен біртіндеп алшақтап кетсін деген ой жатқандай.

АДВОКАТТАР НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz тілшілері сөйлескен адвокаттар сот отырыстарын күн сайын өткізуге заң бойынша тыйым салынбайтынын айтады. Алайда, олардың айтуынша, әдетте мұндай тәжірибе қолданылмайды.

– Әдетте, судьяның да, өзге тараптардың да бірнеше істі қатар алып жүретінін ескерсек, мұндай тығыз кесте — өте сирек кездесетін жағдай. Бұл тек бір ғана ірі, көп эпизодты іс қаралып жатқан кезде мүмкін. Мысалы, Қорғас немесе БТА банкі ісі секілді. Перизат ісі — күрделі әрі көлемді, бірақ айрықша рекордтық деңгейде емес, – дейді адвокат Жохар Өтебеков.

Ол бұл сот процесін кәсіби тұрғыда бақылап отырмағанын айтады. Десе де, қоғамнан жасыру үшін өтіп жатыр деген конспирологиялық болжамдарға сенбейтінін жеткізді.

– Иә, судья істі тезірек аяқтағысы келіп жатқаны анық байқалады. Бірақ бұның себептері тым жай ғана тұрмыстық болуы да мүмкін. Мысалы, өзіне демалыс жоспарлап қойған болуы мүмкін, – дейді Өтебеков.

Алайда ол Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбекованың қорғаушылары мұндай ауыр әрі тығыз сот кестесіне неге келісіп отырғанын түсінбейтінін айтты. Сол сияқты сұрақты адвокат Сәлімжан Мусин де қойып отыр.

– Сот отырысының күн сайын өтуі — дайындық үшін өте қиын. Әдетте біз кемінде бір күн үзіліс сұраймыз. Өйткені істің барысын бағамдап, қорғану тактикасын қорғауындағы адаммен ақылдасып алу керек, – дейді адвокат Сәлімжан Мусин.

Ол соттағы асығыстықтың себебін талқылаудан бас тартты.

– Объективті тұрғыдан алғанда, сот кез келген жұмыс күнінде өте алады. Бірақ субъективті тұрғыда қарасақ иә, процесс шектен тыс жылдам өтіп жатқандай әсер қалдырады. Мұнда қорғау тарапының ұстанымы маңызды. Егер олар үндемесе, демек, оларға бәрі ыңғайлы, – дейді Мусин.

Айтпақшы, Перизат Қайрат пен оның анасының адвокатының әрекеті тек заңгерлерге емес, күн сайын сот процесіне қатысып жүрген журналистерге де түсініксіз.

Сот залынан репортаж жасап жүрген тілшілердің айтуынша, адвокаттар әдетте БАҚ арқылы өз қорғауындағы адамдардың ұстанымын жеткізуге тырысады. Бұл біз үшін де даулы әрі түсініксіз жайттарды нақтылау мүмкіндігі. Мысалы, айыпталушылар істе кінәсіз екенін мәлімдеп отырса да, неге сот отырысын жабық түрде өткізуді өздері сұрады? Бұл сауалдарға адвокат Асланбек Дәулетияров мүлдем пікір білдіруден бас тартты.

Журналистер тіпті мәртебесі бойынша пікір беруге аса сақ қарайтын прокурорлардан бірнеше ауыз сөз алса да, айыпталушылардың қорғаушысынан бір ауыз жауап ала алмады.

БӘРІ БІРЕУДІ ҚОРҒАП ОТЫР МА

Сот процесінің жабық түрде өткеннен түрлі нәрсеге күдік тудырды. Тек журналистердің емес, кәсіби заңгерлердің де.

Адвокат Сергей Уткиннің айтуынша, бұл іс басынан-ақ күмән тудырған. Соның ең бастысы — соттың жабық форматта өтуі. Сот шешіміне сәйкес, журналистер жәбірленушілер мен кейбір куәлардың жауабын тыңдай алады. Ал айыпталушыларды тергеу мен дәлелдемелерді зерттеу жабық есік жағдайында өтеді.

– Егер айыпталушылар өздеріне тағылған 3,5 миллиард теңге көлеміндегі жымқыру айыбымен келіспесе, олар сот процесінің ашық өтуіне мүдделі болуы керек еді. Алайда шын мәнінде дәл солар сот отырыстарын жабық форматта өткізуді сұрап отыр. Бұл, меніңше, белгілі бір жасырын келісімнің бар екенін көрсетеді. Қомақты қаржы біреулерге кеткен болуы мүмкін, ал оларды қоғамнан жасыруға тырысып жатыр. Бұл мақсатқа судья енгізген шектеулер – айыпталушылардың жауабын, іс материалдарын жабық ұстау арқылы қол жеткізіліп жатыр, – дейді адвокат Сергей Уткин.

Негізі, жымқыру схемасындағы басты бенефициар Перизат Қайраттың өзі берген жауаптар мен іс бойынша жиналған дәлелдер арқылы белгілі болуы мүмкін.

Тергеу мен прокурорлар қанша тырысқанымен, Перизат Қайраттың бренд сөмкелері, әшекейлері, шетел сапарлары мен тісіне орнатылған винирлерін есептегенде, жалпы сомасы бір миллиард теңгеге де жетпейді. Ал іс бойынша көрсетілген ұрланған қаражат 3,5 миллиард теңге. Сол кезде бәрінің көкейінде “қалған 2,5 миллиард теңге қайда кетті?” деген ең қисынды сұрақ туады.

Куәгерлердің айтуынша, орасан зор қаражат әртүрлі жеке кәсіпкерлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Бірақ сол қолма-қол ақша аспанға ұшып кеткен жоқ қой? Демек, біреулер оны алған.

КІМ?

Соттың алғашқы күнінде-ақ Перизат Қайрат: «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры бұрынғы Nur Otan партиясының және Бауыржан Байбектің қолдауымен құрылды деп мәлімдеді.

Ол осы сотта аты аталмауға тырысып жатқан жұмбақ тұлға ма? Теориялық тұрғыда – иә. Бірақ, екінші жағынан, оның есімі бір рет болса да аталып кетті. Ал бұрынғы Nur Otan, қазіргі Amanat партиясында одан бөлек те ықпалды адамдар көп. Оның үстіне, Перизат Қайраттың әрбір партия қызметкерімен әлеуметтік желіге бірге түскен суреттері жетерлік.

АТЫ АТАЛМАУЫ ТИІС АДАМ

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл қорға миллиондаған қаражатты ірі банктер мен коммуналдық кәсіпорындар жай ғана көңіл қалауымен аударуы екіталай екенін жазуда. Керісінше, кәсіпкерлерге қаражатты міндетті түрде Перизат Қайраттың ұйымына аудару "жоғарыдан ұсынылған" болуы мүмкін дегенге көбірек сенім бар.

Алайда қазіргі таңда сотта куәлік берген барлық жәбірленуші бірауыздан: "Biz Birgemiz" қорына ақшамызды әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп аудардық", – дейді.

Қай жарнама туралы айтып отыр және нақты қандай жарнамаға сенгендері – әзірге сот залында қозғалып жатқан жоқ.

Айта кетейік, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорының Instagram парақшасында небәрі 12,5 мыңнан аз адам жазылған.

Жекеменшік жоба үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ дәл осы Перизат Қайрат ісінде жәбірленуші ретінде танылған “Асар-Уме” қорының жазылушылары 1,1 миллион.

Сонда Астанадағы бірінші автобус паркінің қызметкерлері тікелей Перизат Қайраттың жеке парақшасын бақылап отырған ба? Онда 520 мың жазылушы бар, қайырымдылық туралы жазбалармен қатар люкс өмір салтын көрсететін суреттер аралас жарияланған. Әдетте мұндай контентті жас қыздар ұнатады. Бірақ шамасы, “Алматы Тазалық” қызметкерлері де киім бутиктеріндегі селфилер мен миллиондаған гүл шоқтарының фотосын тамашалағанды жөн көрген сияқты.

Айтпақшы, “Biz Birgemiz” қорының өзі әлеуметтік желіде кімдерді бақылағаны да қызық.

Қор бар болғаны бес парақшаға жазылған. Олар: Перизат Қайраттың өзі, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева және Астанадағы “Абу-Даби Плаза” сауда орталығы. Әдетте ұйымдар расымен де өз қызметі үшін маңызды тұлғаларға ғана жазылады. Бірақ, екінші жағынан алғанда, ізім-ғайым жоғалған 2,5 млрд теңгенің шартты түрде алғанда бенефициары шынымен осылай өзін ашық көрсетер ме еді?

Перизат Қайрат өзінің жазбаларында Асхат Оралов, Ерлан Қарин, Арман Қырықбаев секілді жоғары лауазымды шенеуніктерге алғысын білдіріп отырған. Сонда қамқорлықты сол алғыс білдірілгендер арасынан іздеу керек пе? Әлде бұл жұртқа арналған сөздер, ал нақты адамдарға тек қолма-қол ақша беріп отырған ба? Соттың өздері талап еткен жабық форматта өтуіне байланысты, бұл сұрақтың жауабы ешқашан жария болмауы мүмкін.

ШЫНДЫҚТЫ БІЛУГЕ БОЛА МА

Адвокат Сергей Уткиннің айтуынша, кейбір адамдар бұл қор туралы шынайы және толық ақпаратты білуі мүмкін.

– Мен бұл қорға ақша аударған адамдардың бәріне азаматтық талап арыз беруді ұсынамын. Себебі сол арқылы жәбірленуші мәртебесін алуға және қылмыстық істің материалдарымен танысуға құқық пайда болады. Егер олардың арасында журналистер, сарапшылар болса, олар сол құжаттарды талдап, заңмен қорғалатын құпияны ашпай-ақ, тергеу мен үкімнің әділеттілігі жайлы өз пікірін қоғамға жеткізе алар еді, – дейді заңгер.

Олай болмаған жағдайда, адвокаттың сөзінше, қоғам тек сот айтқан шындықпен шектеледі. Ал бұл соттың барынша үнсіз қалғысы келетінін бәріміз көріп отырмыз.

Серіктес жаңалықтары