×
544.87
639.02
6.88
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
544.87
639.02
6.88

Кредитке той жасау 60%-ға өскен - сарапшы

Бүгін, 10:15
Кредитке той жасау 60%-ға өскен - сарапшы
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы жылдары тойға несие алу тақырыбы ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың ерекшелену үшін үлкен қарызға батуға дайын екені туралы қызу пікірталастар жүріп жатады. Ал билік болса, халықтың қаржылық сауатсыздығы мәселесін анда-санда көтеріп, тойларға шектеу қоюға талпынып келеді. Соңғы бес жылдан бері отбасылық жиындар туралы әңгіме толастамай тұр. Елімізде «көзбояушылыққа» емес, болашаққа инвестиция құюға деген жаңа беталыс пайда болды ма, жоқ па? Ulysmedia.kz анықтауға тырысты.

ТОЙМЕН КҮРЕС

2019 жылы-ақ Ұлттық банк тұтынушылық мақсаттағы кепілсіз несиелердің шамамен 10%-ын қазақстандықтар той өткізу үшін алатынын мәлімдеген болатын. Бұл несиелердің көлемі негізінен 5–10 млн теңге аралығында болған. Мұның себебі отбасылық қуанышты "жарасымды" етіп өткізуге міндеттейтін ұлттық дәстүр. Алайда бұл талап көбіне халықтың нақты қаржылық жағдайымен сәйкес келмей жатады. Көптеген отбасының бірнеше жыл бұрын алған несиесін әлі күнге дейін төлеп жүргені, ал бұл кезде жастар ажырасып та кетуі мүмкін екені туралы әңгімелер күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайға айналды. Мемлекеттің халыққа бұл мәселеде үн қатуға тырысқанына қарамастан, жағдай айтарлықтай өзгеріп отырған жоқ.

Дегенмен әділдік үшін айта кету керек, бұл талпыныстардың өзі әлсіз әрі нәтижесіз. Депутаттар ақпараттық-ағартушылық жұмыстар қажет екенін жиі айтқанымен, бұл іс-шаралар көбіне тек бір айлық науқанмен шектеліп, сол уақытта ғана БАҚ-та салтанатты тойлардан кейін қиналып қалған ата-аналар туралы аянышты оқиғалар жарық көреді. 2020 жылы бала құқықтары жөніндегі бұрынғы уәкіл екі жылға той өткізуді тоқтатуды ұсынған еді, бірақ бұл бастама пандемияға байланысты көтерілген болатын. Тойларды реттеуге байланысты ең батыл қадамға барғандардың бірі – Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев. Ол былтыр той өткізу кезіндегі ысырапшылдық қалыпты құбылысқа айналғанын айтып, өңір ақсақалдарымен бірге арнайы ереже жобасын әзірлеген. Бірақ бұл ереже Жамбыл облысындағы жағдайды шын мәнінде өзгертті ме – белгісіз. Ал белгілісі – қазақстандықтар тойға бұрынғыдан да көп ақша жұмсап жатыр.

ТОЙ ҚЫМБАТТАЙ ТҮСТІ

2022 жылғы зерттеуге сәйкес, қазақстандықтар үйлену тойларына 20 млрд теңге жұмсаған. Бұл ретте той өткізу құны өңірге байланысты 6-13 млн теңге аралығында болған. Ал 2024 жылы EY консалтингтік компаниясының мәліметінше, үйлену салтанаттарына жұмсалған жылдық жалпы шығын 30 млрд теңгеге жеткен. Той өткізу бағасы да қымбаттаған: 50 адамға арналған салтанаттың өзі кем дегенде 9 млн теңгеден басталады, ал қонақ саны 100-ден асса, шығын көлемі 20-30 млн теңгеге дейін барады.

2025 жылы той үшін нақты қанша несие алынғаны туралы ашық дерек жоқ. Алайда жанама көрсеткіштер арқылы мұндай несиелердің азайғанын байқауға болады. Бірінші кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, жыл басынан бері банктердің тұтынушылық несие портфелі небәрі 3,5%-ға өскен. Ал өткен жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 5,5%-ға жеткен еді. Сондай-ақ жалпы кредиттік берешек алғаш рет 2022 жылдан бері 0,4%-ға төмендеген. Дегенмен, мұны қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы артты деп түсінуге болмайды, бұл жағдайға, ең алдымен, несиені алу мүмкіндігі шектелгені себеп.

Біріншіден, банктер тұтынушылық несие беруді қатайтты. Енді бір адамға екі-үш немесе одан да көп несие алуға мүмкіндік жоқ. Несие бюросының мәліметінше, еңбекке қабілетті әрі банкке төлем жасау мүмкіндігі бар халық саны 9,2 млн адам. Ал қазірдің өзінде несие алушылар саны 9 млн-ға жуықтап тұр.

Екіншіден, елде өмір сүру деңгейі төмендеп, көңіл-күй нашарлап барады.

АҚША БОЛМАСА...

«Стратегия» қоғамдық қоры халықтың әлеуметтік көңіл-күйін тұрақты түрде бақылап, сауалнама жүргізіп отырады. Әлеуметтенушылардың айтуынша, қазақстандықтардың жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады. Бұл тұрғындардың «Отбасыңыздың материалдық жағдайын қалай бағалайсыз?» деген сұраққа берген жауаптарынан байқалады.

– Жауап нұсқалары: өте жақсы, жақсы, орташа, нашар және өте нашар. Әдетте, «орташа» деп жауап бергендер ең көп болады. Алайда қазір «өте жақсы» және «жақсы» деп бағалағандар үлесі азайып барады. Сонымен қатар «нашар» және «өте нашар» деп жауап бергендер үлесі 2%-ға өсті, – дейді Қордың әлеуметтанушысы Ольга Симакова.

Оның айтуынша, бұл 2% өсім алғаш қарағанда аз болып көрінуі мүмкін, алайда халықтың өз қаржылық жағдайына қатысты теріс бағалауы 2023 жылдан бері үнемі өсіп келеді.

– Егер динамикаға көз жүгіртсек, халықтың қаржылық жағдайын теріс бағалағандар үлесі мұндай деңгейге тек 2021 жылы, яғни эпидемиядан кейінгі күйзеліс кезеңінде ғана жеткен. Сол жылы локдаун да әсер етіп, көптеген адамның материалдық жағдайы күрт нашарлады. Сол кезде «нашар» және «өте нашар» деген жауаптар 10%-дан 26%-ға дейін өсті. 2023 жылы жағдай қалыпқа келіп, бұл көрсеткіш 11%-ға дейін төмендеді. Ал қазір біз қайтадан өсімді байқап отырмыз. Локдаун жоқ, ауқымды күйзеліс те жоқ, соған қарамастан халықтың материалдық жағдайы біртіндеп төмендеп барады, – дейді Ольга Симакова.

Сарапшының пікірінше, көзбояушылық үшін жасалатын қымбат тойларға деген әуестік терең тамыр жаймаған, сондықтан ол да уақыт өте келе басылады.

– Бұл алтынға қызығушылық секілді – бір күні міндетті түрде қызығушылық та азаяды. Қазірдің өзінде «электронды АХАЖ» қызметі танымал бола бастады – адамдар жай ғана өтініш жолдайды, олар онлайн түрде неке қияды, дайын куәлікті жібереді. Жас буын мұндай рәсімдерге сабырмен қарай бастады. Сонымен қатар, жасы үлкен буынның да көзқарасы өзгеріп келеді. Олар тойға тек көптен бері көрмеген жақындарын көру үшін барады. Яғни дастарханда не тұрғаны емес, дастархан басында кім отырғаны маңызды бола бастады. Туыстар әр аймақта тұратын заманда мұндай жиындар бәрінің бас қосуына жалғыз мүмкіндік деуге болады. Бұл қашан тұрақтылыққа айналатынын айту қиын, бірақ адамдар бұл артық сән-салтанаттан біртіндеп шаршай бастайды. Қоғамдағы құндылықтардың өзгеріп жатқаны да соның белгісі, – деп түйіндеді әлеуметанушы.

Алайда ондаған миллион теңгеге жасалатын тойлардан жаппай бас тартуға қоғам әлі жете қойған жоқ. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қатысқандардың 60%-дан астамы отбасының қаржылық мүмкіндігіне сай келмейтін тойларға қарсы екенін білдірген. Дегенмен, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 35,7%-ы тіпті ол үшін несие алуға тура келсе де «екі жүзге жуық қонақты қуантуды» отбасының міндеті деп санайды.

Айта кетейік, биыл тіркелген некелер саны күрт қысқарған: өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, 4,5 мыңға аз. Мұндай көрсеткіш бұрын байқала бермейтін. Дегенмен, қазақстандықтар отбасы құрудан тойдың қымбаттығына бола бас тартып жатқан жоқ деп сенгіміз келеді.

Серіктес жаңалықтары