Қазақстанның бас прокуратурасы «СҚ-Фармация» ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Себебі бюджетке 35,8 миллиард теңге көлеміндегі залал келтірілген болуы мүмкін. Бұл 2009 жылы дәрі-дәрмек сатып алуды орталықтандыру және олардың бағасын төмендету мақсатында құрылған мемлекеттік дистрибьютордың тарихындағы алғашқы тексеріс емес. 15 жыл ішінде бастапқыда ашықтық пен үнемдеуді көздеген құрылым бюрократияның, тапшылықтың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің символына айналды. Бұл ұйымдағы басшылық ауысымы әдетте кезекті даулы жағдайдан немесе қылмыстық істен кейін болып отырды.
Ulysmedia.kz тілшісі «СҚ-Фармацияның» тізгінін кімдер ұстағанын, неге түрлі жанжалға қарамастан бұл құрылым әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанын және сатып алулар ағымында «жоғалып кеткен» миллиардтарға енді кім жауап беретінін анықтап көрді.
СӘТСІЗ БАСТАМА
2009 жылы құрылған «СҚ-Фармация» ЖШС бірыңғай дәрі-дәрмек дистрибьюторы фармацевтика нарығын құтқарушы құрылым ретінде пайда болған еді: орталықтандырылған сатып алу бағаларды төмендетіп, ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс болатын. Алайда бұл құрылым жұмысын бастаған сәттен-ақ әлсіз тұстарын көрсете бастады.
Мәселен, қор құрылғаннан кейін келесі жылы-ақ алғашқы бас директоры Вадим Зверьков отставкаға жіберілді. Бұған Шымкентте болған қайғылы оқиға себеп болды, жаңа туған нәрестелер сапасыз дәрі-дәрмек баламаларының кесірінен ВИЧ жұқтырып алған. Бұл препараттарды бірыңғай дистрибьютор сатып алған болатын.
Оның орнына келген Сыздық Баймұқанов та бір жылға жетпей қызметтен кетті, бұл жолы дәрі-дәрмек тапшылығы мен тендердегі заңбұзушылықтарға қатысты шағымдар толқыны оны орнынан ығыстырды.
Сыздық Баймұқановты Байсен Назарбек алмастырды. Оның басшылығы кезінде, нақты айтқанда, 2013 жылдың мамырында «СҚ-Фармацияның» бас компаниясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өз еншілес ұйымына қарсы бірқатар заңбұзушылықтар мен бірқатар фармацевтикалық компаниялармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасауда өкілеттікті асыра пайдаланды деген себеппен сотқа шағым түсірді.
Сот процесі жалғасып жатқан кезде «СҚ-Фармация» Денсаулық сақтау министрлігінің сенімгерлік басқаруына берілді. Ал бірінші сатыдағы сот шешімімен «Самұрық-Қазынаның» талап-арыздары қанағаттандырылды.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ПЕН «МАФИЯ»
2015 жылы компания тізгінін Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұржан Әлібаев ұстады. Оның фармацевтика саласына ешқандай қатысы болмаған. Бұл қызметте ол шамамен бір жылдай ғана отырды, 2016 жылдың қарашасында сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев елде дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілуі үшін бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тетіктерін түбегейлі өзгерту керек екенін мәлімдеді. Сондықтан 2017 жылдың ақпан айының басында Нұржан Әлібаевтың атына «бұрынғы» деген тіркес қосылғанына таңдануға болмас. Оның қызметтен кетуі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімет отырысында «СҚ-Фармацияны» «мафия» деп атаған мәлімдемесінен кейін болды.
2017–2020 жылдар аралығында компанияны басқарған Максим Касаткин тіпті қылмыстық қудалауға ұшырады.
– Касаткин «КазСибФармацея» ЖШС мүддесін лобби жасау арқылы тендерлік рәсімдер кезінде осы компанияның бәсекелестерінің өтінімдерін заңсыз кері қайтарды. Сонымен қатар «КазСибФармацеядан» дәрі-дәрмек сатып алу денсаулық сақтау министрлігі белгілеген ең жоғарғы көтерме үстеме баға – 15%-дан асып кеткен. Осылайша, 2015–2017 жылдар аралығында «СҚ-Фармация» және «КазСибФармацея» ЖШС басшылығы 1,8 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған, – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ресми хабарламасында.
ПАНДЕМИЯ ПРОБЛЕМАНЫҢ БЕТІН АШТЫ
2020 жылы басталған пандемия жүйелі мәселелердің бетін ашты. COVID-19 індетінің қызған шағында «СҚ-Фармация» басшысы болып тағайындалған дағдарыс-менеджер Берік Шәріп бірыңғай дистрибьютор тарихында ең «транзитті» басшы ретінде қалды, ол өз орнында небәрі үш ай ғана отырды. Сонымен қатар, ол «СҚ-Фармацияның» ең «қылмыстық» директоры ретінде де есте қалды.
Оған қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметінше, Берік Шәріп Қытайдан қорғаныш костюмдерін жеткізуді уақытында ұйымдастыра алмаған, салдарынан 2020 жылдың сәуір–мамыр айларында мыңдаған медицина қызметкері коронавирус жұқтырған.
Сол кезде экс-топ-менеджерге ұрлық бабы да тағылуы мүмкін деген қауесет тарады. Расында да, бұл бап біраз уақыт қылмыстық іс материалдарында болған, алайда кейіннен алынып тасталды. Тергеу барысында Шәріптің сапасыз жеке қорғану құралдарын жеткізген «Inkar» ЖШС-нің мүддесін қорғағаны дәлелденді. Нәтижесінде 2000 медицина қызметкері індет жұқтырған. Сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айырды.
LUXURY ЖӘНЕ КӘСІП
Одан кейін компанияны басқаруға 2020 жылдан 2024 жылға дейін басқарған Ерхат Искалиев келді. Алайда ол да бірнеше рет даудың ортасында қалды. 2024 жылдың маусымында Жоғары аудиторлық палата жалпы сомасы 159 млн теңгеге бағаланған мерзімі өтіп кеткен дәрілерді және 10,5 млрд теңгеге вакциналарға артық төлем жасалғанын анықтады. Аудит нәтижесінде «ауыр сыбайлас жемқорлық тәуекелдері» туралы айтылды, соның нәтижесінде Искалиев қызметінен босатылды.
Сонымен қатар, «СҚ-Фармация» басшысының жұртшылық алдындағы бейнесі де қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Искалиев Instagram парақшасында luxury аксессуарларын еш қысылмастан көрсетіп, тіпті ресейлік тележүргізуші Ксения Собчакпен банкетте құшақтасқан суретін жариялаған. Ал оның жұбайы да одан қалыспай, 2021 жылы Астанадағы элиталық мейрамханалардың бірінде қымбат киімді сәнқойлармен бірге өткен шарада көзге түскен.
Бұл жайттардың барлығы елдегі науқастардың дәріге қол жеткізе алмай жүргені туралы мәселе аясында өткір сынға ұшырады.
2024 жылдың 29 шілдесінде компанияны Еркен Жақатай басқаруға кірісті. Ол туралы бұған дейін Telegram-дағы Shishkin.like арнасы жеке бизнеспен байланысы бар деп жазған болатын.
Adata.kz мәліметінше, Еркен Жақатай алты компанияның құрылтайшысы немесе қосалқы құрылтайшысы:
Бұл туралы Telegram-арналарда хабарланды.
2024 жылдың шілде айының басында, «СҚ-Фармация» төңірегіндегі жанжал ушығып тұрған тұста, Еркен Жақатайдың орнына басқарма төрағасы қызметіне Нұрлыбек Асылбеков тағайындалды.
БҰРЫНҒЫ КҮМӘНДІ СХЕМАЛАР ӘЛІ ДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП КЕЛГЕН
Бас прокуратураның тергеуі ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келген жемқорлық схемаларын әшкереледі. Тергеудің басталуына Жоғары аудиторлық палатаның деректері негіз болды: дәрі-дәрмек сатып алуда 35,8 млрд теңге көлемінде ықтимал залал мен медициналық қолғаптарға 5,3 млрд теңге артық төлем анықталған.
Тергеу мәліметінше, заңдағы олқылық сыбайлас жемқорлықтың басты тетігіне айналған: 2020–2023 жылдары өткізілген 1241 лоттың – яғни аукциондардың 50%-дан астамы (1241 лот) бәсекесіз өткен. Көп жағдайда жалғыз қатысушы жеңімпаз болып танылған.
Бұл жағдай үш компанияға «КФК Медсервис плюс», «Ақниет» және «Стофарм» ондаған жыл бойы лоттарды өзара бөлісуге, жалған сауда өткізуге және бағаларды 600%-ға дейін көтеруге мүмкіндік берген. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, тек 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл компаниялар «СҚ-Фармациядан» 62 млрд теңге алған.
«Отандық өндіруші» туралы миф те кезекті ірі алаяқтыққа айналған. Бірыңғай дистрибьютор өздерін қазақстандық зауыттар ретінде көрсеткен 36 жеткізушімен 315 млрд теңгеге 92 келісімшарт жасаған. Жоғары аудиторлық палатаның аудиті бұл жеткізушілердің кем дегенде 8-і (йод, шприц, қолғап өндірушілер) жалған компания болғанын дәлелдеді. Олар өнім өндірмей, импортталған тауарды қайта орап сатқан.
Алаяқтықтың айқын белгілері:
шикізат сатып алудың болмауы;
энергия тұтынудың тұрмыстық деңгейде болуы;
көрсетілген өндіріс көлемдерінің шындыққа жанаспауына байланысты.
Сонымен қатар, тергеу деректеріне сүйенсек, бұл жағдайды «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» одан әрі қиындатқан. Сарапшылар препараттарды тіркеуді әдейі кешіктіріп, 210 күн орнына 1270 күнге дейін созып, осылайша бәсекелестерге кедергі келтіріп отырған.
Тергеу барысында мүдделер қақтығысы анықталды: «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» қызметкерлері сол уақытта коммерциялық фармкомпанияларда да жұмыс істеген.
НЕГЕ ХАЛЫҚ ҮШІН ІСТЕМЕЙДІ
Денсаулық сақтау министрлігінің есептеріне сүйенсек, «СҚ-Фармация» тарапынан болған жүйелі іркілістер ең осал топтарға ауыр соққы болды. 2022–2024 жылдары компания МӘМС шеңберінде қарастырылған 164 өмірлік маңызды дәріні жеткізе алмады. Онкологиялық аурумен ауыратындар, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар емін үзіп алды, несиеге белшесінен батып, өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмекті сатып алу үшін мүлкін сатуға мәжбүр болды.
Ахуалды одан әрі күрделендірген тағы бір дерек – Жоғары аудиторлық палатаның зерттеуі. Онда дәрі-дәрмек қоймаларында артық тауар қалдықтарының көлемі 2,8 млрд теңгеден асқаны, ал мерзімі өткен препараттардың 279,5 млн теңгеге шығын ретінде есептен шығарылғаны анықталды.
Бұған қоса, баға манипуляциялары да жағдайды ушықтырған. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен өндіруші бағасына 172%-ға дейінгі үстеме мен «отандық өндіріс» ретінде көрсетілген импорттық препараттар арқылы алыпсатарлық үшін кең мүмкіндік туған.
Shishkin.like мәліметінше, зауыттан 28 теңгеге шыққан аспиринді «СҚ-Фармация» 76 теңгеге сатып алған, ал тіркелмеген дәрілер бойынша үстеме 2000%-ға дейін жеткен.
Бұл мәселелерді мойындағанымен, Денсаулық сақтау министрлігі монополист компаниямен қоштасуға асығар емес. 2024 жылдың шілдесінде өткен брифингте вице-министр Ержан Нұрлыбаев күмәнді келісімшарттарды бұзуды «жүйені тұрақсыздандыру қаупі» деп атады. Кейін министр Ақмарал Әлназарова да «децентрализация одан бетер дәрі тапшылығын тудырады» деп, бұл ұсыныстан бас тартты.
Министрлік жағдайды жақсарту үшін бірнеше әлсіз қадамдар жасалатынын мәлімдеді:
Алайда Мәжіліс депутаттары бұл жартылай шараларға сенбейді. Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек “Ондаған миллиард теңге залалдың орнын кім толтырады?” деп сұрақты тікесінен қойды.
Бас прокуратура тергеу аясын кеңейтіп, назарын Инфекциялық препараттар орталығына аударды. Тергеу нұсқасына сәйкес, орталық жалпы сомасы 166,4 млн теңгеге жалған зерттеулер жүргізген.
Яғни, арада 15 жыл өтсе де, «СҚ-Фармация» денсаулық сақтау жүйесіндегі қара тесік күйінде қалып отыр, және бүгінде ол қажет пе, жоқ па деген сұрақ бұрынғыдан бетер өткір қойылып отыр.