×
546.36
630.44
6.7
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
546.36
630.44
6.7

"Қағаз" күйіндегі байлық немесе геологиялық барлаудағы былық кім үшін тиімді

30.07.2025, 13:59
"Қағаз" күйіндегі байлық немесе геологиялық барлаудағы былық кім үшін тиімді
Ulysmedia.kz коллажы

Әрбір қазақстандық мектеп қабырғасынан-ақ өз елінің жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай екенін біледі. Алайда жақында Жоғары аудиторлық палата Қазақстан геологиясындағы бірқатар мәселені ашып көрсетті. Бұл елімізге пайдасы шамалы “қозғалыстардың” бұл салада да аз емес екенін аңғартады. Мемлекеттік геологиядағы проблемаларды түсініп, аудит нәтижесін қарапайым тілмен түсіндіруді Ulysmedia.kz пайдалы қазбаларды пайдалану саласындағы заңгерден, Жер қойнауы туралы кодекстің бірлескен авторы Тимур Одиловтан сұрады.

Жұмыс неғұрлым нашар болса, гонорар соғұрлым жоғары ма?

2025 жылдың жазында Жоғары аудиторлық палата геологиялық барлау саласындағы бюджет шығындарына қатысты есеп жариялап, 68 миллион теңгеден астам қаржының тиімсіз жұмсалғанын көрсетті. Бұл қаражатқа Индустрия министрлігіне қарасты Геология комитетінің ведомстволық ұйымы – Ұлттық геологиялық қызмет геологиялық деректерді цифрландырмаған. Бұдан бөлек, Жоғары палатада «қағаз жүзіндегі» ресурстар мәселесі де атап өтілді: мұндайда қорлар алдын ала есептелгенімен, расталмаған, әрі олардың игерілуі де басталмаған. Аудиторлар бұл жағдайға саланың жеткілікті қаржыландырылмауы себеп деп санайды.

Жоғары палата қорытындысының ертесіне-ақ үкімет геологиялық барлауға бөлінетін қаржыны 2025 жылға жоспарланған 7 миллиард емес, бірден 30 миллиард теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Алдағы бірнеше жылда бұл салаға жалпы шамамен 600 миллиард теңге бағыттау жоспарланған. Жер қойнауы туралы кодекстің әзірлеушісі Тимур Одилов мұндай шешімді тиімсіз деп есептейді.

– Жоғары палата қорытындысы – геология саласындағы мемлекеттік жұмысты ұйымдастыруда бейберекетсіздік бар екенін көрсетеді. Осындай жағдайда үкімет: «Оларға қаржыны көбейтейік!» дейді, – дейді Одилов.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда басты мәселе – қаржыландыру емес, Геология комитеті мен Ұлттық геологиялық қызметтің жұмыс тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Себебі қазіргі жүйеде қаржыны көбейту – бюджет қаражатын игеруге құмар адамдарға ғана тиімді, ал Қазақстанға еш пайдасы жоқ.

– Геологиялық барлау – бұл коммерциялық қызмет. Мемлекет коммерциялық қызметпен айналыспауы керек. Бұл салық төлеушілердің ақшасын желге шашу. Мемлекет геологиялық барлауға жеке инвесторлар тартуға жағдай жасауы керек. Біріншіден, инвесторлар келе бастады, олардың саны артып келеді – бұл туралы қаңтар айының соңында президент үкімет жиынында өзі айтты. Екіншіден, «жеке инвестициялар келмейді, сондықтан мемлекет есебінен жер қойнауын зерттейік» деу оңай. Ал іс жүзінде бұл қаржыны жұмсаудың амалы ғана. Себебі 300 метр қазылды ма, 10 шурф жасалды ма, сынамалар алынды ма – мұның бәрін тексеру мүмкін емес. Керн сақталмайды, есептер жарияланбайды, электрондық мұрағат жоқ. Аудиторлар мен инспекторлар мұны растай алмайды. Ал миллиардтаған қаржы нәтижесіз жұмсалып жатыр.

Мемлекеттік геологияда бақылау жоқ: бюджет қаржысы қайда, не үшін және не мақсатта жұмсалып жатыр – бұл сұрақтардың жауабы да, бұл шығындардың инвестициялар мен мемлекет үшін қандай тиімділік беретінін дәлелдейтін механизм де жоқ.

– Мемлекет жол салса, қоғам мен тексеруші орган оның нәтижесін көре алады: жол бар ма, жоқ па, немесе сапасы нашар ма – бәрі көз алдымызда. Ал мемлекеттік геологияның даладағы жұмысының нәтижесі көрінбейді, – деп түсіндіреді Тимур Одилов.

Ол 2017 жылы қабылданған Жер қойнауы туралы кодекс әзірленген кездегі мемлекеттің рөлі нақты төрт қадамнан тұратынын еске салады:

Заңнаманы өзгерту – жеке компаниялардың жұмыс істеуіне және қаржылануына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою және жаңаларын енгізбеу. Бұл Жер қойнауы туралы кодекс арқылы іске асқан;

Мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту – компаниялардың геологиялық барлау жұмыстарын жылдам әрі арзан жүргізуіне көмектесетін жағдай жасау. Атап айтқанда:

  • кеңестік зерттеулердің карталары мен материалдарын цифрландыру;

  • Қазақстанның цифрлық картасында археологиялық қорымдар, табиғи қорықтар, елді мекендер сияқты маңызды нысандарды көрсету, мұндай жерлерге геологиялық барлау қателікпен жүргізілмеуі үшін;

  • кернохранилищелер салу – бұрғыланған керн үлгілері сақталатын деректер банкі, мұнда инвесторлар келіп, оларды өз бетінше зерттеп, қағаздағы ақпаратты тексере алады;

  • бар барлық геологиялық мәліметтерді жүйелеу, жинақтау және талдау – яғни бұрынғы материалдар мен жеке компаниялардың жаңа зерттеулерін тұрақты салыстыру арқылы пайдалы қазбалар бойынша жаңа деректер қалыптастыру.

Тимур Одиловтың айтуынша, осы инфрақұрылымдық 4 қадам толығымен жүзеге асырылып, жүйелі жұмыс жолға қойылған соң ғана мемлекеттік геология өз бетінше нақтылау және жаңарту мақсатында геологиялық зерттеулерге кірісуі тиіс. Ал Қазақстанда бұл қадамдардың екіншісі де толық аяқталған жоқ. Міне, осындай жүйесіздік – бардақ, оны түзету керек, әрі оны жөндеуге ғана қаржы бөлу қажет. Ал қазір бұл мәселелерді шешпестен, геологиялық барлау жұмыстарына қаржы бөлу мақұлданып отыр.

– Кеңестік геологиялық барлау деректерін цифрландыру үнемі кейінге шегеріледі. Бұл жұмысты бірнеше рет президент те, премьер-министрлер мен министрлер де тапсырған. Мұндай жұмыстардың кешенді жоспарлары қабылданған. Бірақ әлі күнге дейін мүдделі инвесторлар қағаз архивтермен танысу үшін ресми хат жазуға мәжбүр. Ал ол жерде учаскенің бос емес екені немесе барлық мәліметтің берілмегені анықталады. Саладағылардың көбі бұл цифрландыру әдейі тежеліп отыр деп есептейді. Себебі монополистер осы қызметті коммерцияландыру үшін мүмкіндік сақтап қалғысы келеді, – дейді Тимур Одилов.

«Қағаз жүзіндегі» байлықтар

Жоғары аудиторлық палата өз есебінде кейбір пайдалы қазба қорлары тек қағаз жүзінде ғана бар екенін көрсеткен. Біз бұл мәселені Тимур Одиловтан нақтылап сұрадық: әңгіме қандай кен орындары жайлы болуы мүмкін? Сарапшының пікірінше – кез келгені туралы. Кеңес заманында кен орындары жөніндегі мәліметтер медаль мен сыйақы үшін қолдан жасалған болса, қазір дәл сол үшін және мемлекет геологиялық барлауға бөлген миллиардтарды ақтау мақсатында бұрмалануда. Оның айтуынша, бұл жалған мәліметтердің ауқымы өте үлкен, әрі болашақта бүкіл елдің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

– Екі жыл қатарынан Шығыс Қазақстанда литийдің ірі қоры, ал Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөлде сирек жер металдарының ірі кен орны ашылды деген жаңалық айтылып жүр. Бұл ақпарат тіпті Мемлекет басшысына да баяндалды. Бірақ шын мәнінде бұл тек болжамдар, олардың қатесі 90 пайызға дейін жетуі мүмкін. Яғни бұл кен орындары, әсіресе айтылған ауқымда, мүлде жоқ. Бұл жай ғана біршама сәтті болжамдар, мемлекеттік аппараттағы біреулер оларды ғаламдық деңгейге дейін «үрлеп» жіберген. Мұның не үшін жасалып жатқаны түсініксіз, бірақ әлемдік қауымдастық пен бизнестің алдында бәрін осылай негізсіз әсірелеп көрсету – орынсыз, – дейді Тимур Одилов.

Оның айтуынша, осындай дабыралы мәлімдемелерге негіз болған деректер – бір-бірінен алшақ орналасқан бірнеше ұңғыманың бұрғылануы, шамамен жасалған есептеулер мен болжамдар. Алайда нақты кен орны табылды деп жариялау үшін көптеген ұңғыма бұрғыланып, іздеу аумағы біртіндеп тарылуы тиіс. Нәтижесінде шекарасы айқындалып, жыныс құрамы нақты талдануы қажет. Содан кейін ғана есептеулер, модельдер жасалып, бірнеше жылдан соң нақты кен орны ашылғаны жайлы айтуға болады. Мұндай ұзақ мерзімді зерттеулердің нәтижесінде кен орны мүлде болмауы да мүмкін немесе оның көлемі тым шағын, экономикалық жағынан тиімсіз болуы ықтимал. Бұл зерттеулерді мемлекет емес, жеке инвесторлар жүргізуі керек.

Ал қазір жеке инвесторлар, әсіресе шағын компаниялар Қазақстанға келуге қорқады. Бірақ бізге дәл сондай шағын компаниялар керек. Себебі әлемдік статистика бойынша, барлық пайдалы қазбалар кен орындарының 60 пайызына дейін дәл осы шағын компаниялар ашады. Ірі компаниялар баяғыда келген, іздеп те, жұмыс істеп те жатыр.

Жаңа ӨБК-лерге жол бермеу үшін не істеу керек?

Сонымен қатар, қазақстандықтарда елдің жер қойнауына қатысты тарихи үрей бар. Біз шетелдік инвесторлардың мұнай кен орындарына келіп, Өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) жасасқанын, олардың әлі күнге дейін құпия күйде екенін ұмытқан жоқпыз. Тимур Одиловтың айтуынша, сирек кездесетін металдар бойынша дәл сондай ӨБК тарихының қайталануы мүмкін емес. Себебі соңғы 30 жылда Қазақстан заңнамасы түбегейлі өзгерген.

– ӨБК 1990-жылдары жасалды, ол кезде ӨБК туралы бөлек заң болды және басқа заңнама жүйесі әлі дамымаған еді. Тіпті Салық кодексі де болған жоқ. Біз мемлекет ретінде көп жетістікке жеттік, тәжірибе жинадық, қазір заңдар бизнес кірісі мен табысына қатысты барлық мәселені толық қамтиды. Сондықтан жаңа жобаларға ӨБК жасау заң жүзінде мүмкін емес, – дейді Тимур Одилов.

Сонымен қатар сарапшы аса алаңдатарлық жағдай қалыптасқанын тіркеп отыр:

– Қазақстанның ресурстық секторы соңғы 30 жылда бірнеше тірекке сүйеніп тұрды. Біріншісі – біршама тұрақты заңнама. Ол дамып отырды, институционалдық қағидалар сақталды. Егер бірдеңе нашарласа, ол жаңасына ғана қатысты болатын, ал қолданыстағыға емес. Яғни, құқықтық қағидалар белгілі бір деңгейде сақталып отырды. Бұл бізге Қазақстанға көптеген инвестор тартуға мүмкіндік берді. Ал қазір көптеген нормативтік актілер ешқандай талқылаусыз қабылданып жатыр, құпия сақталады, сарапшылармен және мүдделі тараптармен кез келген диалог еленбейді. Бұл өте қауіпті жағдай. Біз қоғамның шешімдер қабылдауға және заңнаманы өзгертуге қатысу құқығын бекітетін Орхус конвенциясын бұзып отырмыз.

Екіншісі – арзан электр энергиясы. Үшінші тірек – барлық басқа салалардағы арзан тарифтер. Қазір бұл үш құрамдас бөлік те нашарлап барады. Болашағы бар жаңа кен орындары тереңіректе және оларды игеру қиынырақ, ал жер бетінде табылғанның бәрі әлдеқашан өндірілген. Бұл Қазақстанда жер қойнауын пайдаланумен айналысу барған сайын қиындай түсетінін білдіреді, – деп болжайды Тимур Одилов.

Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда мемлекеттік органдардың міндеті – жеке инвесторлар қағаз жүзінде емес, нақты жобаларға келетіндей барынша жағдай жасау. Олар ашық әрі жауапты ортада жұмыс істеуі, қауіпсіз жағдайда жұмыс орындарын ашуы, тәжірибе алмасуы және заңда белгіленген барлық салықтарды дұрыс төлеуі тиіс. Сондықтан осы салада нақты өзгерістерді жүзеге асыру мәселесі қаншалықты ұзаққа созылса, Қазақстан халқы үшін қандай да бір үміт арту соншалықты қиындай береді.

Серіктес жаңалықтары