×
546.36
630.44
6.7
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
546.36
630.44
6.7

Қазақстан Ресейдің орнына аграрлық көшбасшы бола ала ма

Бүгін, 10:24
Қазақстан Ресейдің орнына аграрлық көшбасшы бола ала ма
Ulysmedia.kz коллажы

Әлемдік агронарық құбылып тұр, ал жақында ғана ауыл шаруашылығы өнімдерінің ең ірі экспорттаушысы болған Ресей жетекші аграрлық держава мәртебесінен тез айырылып барады дейді сарапшылар. Бұл басқа ойыншылар үшін мүмкіндік ашуы мүмкін. Ең басты сұрақ – Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, босап жатқан орындарды иемдене ала ма? Осы мәселеге қатысты Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның Астық одағының ресми өкілі, талдау комитетінің басшысы Евгений Карабановпен бірге саралап көрді.

КӨРШІДЕ ЭКСПОРТТЫҚ КОЛЛАПС

Ресей арқылы экспорт мәселесі онсыз да күрделі еді, биыл Қазақстан үшін нағыз қиын түске айналды. Мұның себебі көршімізді жайлаған табиғи апатта ғана емес. Евгений Карабанов сипаттаған көрініс логистика саласына төнген апокалипсис сценарийіне көбірек ұқсайды.

– Ресей порттарындағы коллапс – бүгінгі күннің шындығы, – дейді ол ашық түрде.

Оның айтуынша, мұндай жағдайға РФ президенті Владимир Путиннің кез келген шетелдік кеменің кіріп-шығуын ФСБ-мен келісуді талап ететін ойланбай қабылданған жарлығы себеп болған. Қазір кемелер рейдте тұрып қалған, ал оны қалай орындау керектігін ешкім білмейді. Тиісті механизм жоқ.

Карабановтың сөзінше, жауапсыз сұрақтар көп: өтінімді кім береді? Қайда? Неше күн бұрын? Қандай құжаттар керек? Ешбір нақты жауап жоқ. Мұндай жағдайдан тек астық емес, мұнай, көмір, кен секілді Қазақстанның негізгі экспорттық салалары да зардап шегіп отыр.

Алайда бұл айсбергтің тек көрінетін бөлігі ғана дейді Карабанов. Ол Ресей қазақстандық астыққа әдейі кедергі жасап отыр деп есептейді. Қазақ бидайы мен жасымық тұқымдарын импорттауға тікелей тыйым салу фермердердің қалтасына ауыр соққы болып жатыр. Ал транзит саясаты мүлде тұншықтыруға ұқсайды: тек «тікелей ауыстырып тиеуге» ғана рұқсат берілген.

– Бұл дегеніміз – астық вагоннан бірден кеме бортына түсуі керек, қойма терминалдарын айналып өтіп, партия жинауға мүмкіндік берілмейді. Бізді бірден ірі тоннажды кемелерден шеттетеді, – деп түсіндіреді Карабанов.

Сарапшының айтуынша, мұның салдары қиын.

– Мысалы, Panamax типіндегі (50 мың тонна) ірі кемемен бір тонна астықты Мысырға жеткізу шамамен 19 долларға түседі. Ал көлемі 3 мың тонна болатын шағын кеме арқылы – 45 доллар. Қарапайым тілмен айтқанда, астық ашық теңізге шықпай жатып-ақ «алтынға» айналады, яғни бәсекеге қабілеттілігін толық жоғалтады, – дейді ол.

Карабановтың сөзінше, Ресей Қазақстанды Орталық Азия, Иран, Закавказье сынды дәстүрлі нарықтарынан ығыстырып жатыр. Бұл біздің тікелей бәсекелестік аймағымыз. Ресей Қазақстаннан осы нарықтарға бағытталған өз астығына транзиттік тарифтерді төмендетуді талап етуде. Ал Қазақстан тарапынан: «Неге Ресей өз астығына салынған экспорттық баж салығын алып тастамайды?» деген заңды сұрақ қойылғанда, Карабановтың айтуынша, ешқандай жауап берілмейді.

– Демек, көршінің қалтасына қол сұғу оңайырақ, – дейді ол.

– Осылайша Ресей бізге есігін жауып қана қоймай, біздің қалтамызға да қол салғысы келеді. Олар өз астығы мен ұнын Орталық Азия мен Ауғанстан нарықтарына қалайда жеткізуді көздеп отыр. Қазір өз ішкі дағдарысы аясында бұл ұмтылысы одан сайын үдей түсуі, тіпті агрессивті сипат алуы мүмкін.

ӘЛЕМДІК НАРЫҚ

Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортындағы көшбасшылық орнын жоғалтуы Қазақстан үшін мүмкіндік ретінде қабылданып отыр. Сақтықпен болса да, үміттенуге негіз бар. Карабанов биылғы бір реттік, бірақ сәтті серпілісті еске салды. Ол тек қана мемлекет тарапынан алыс нарықтарға бидай тасымалдауға жұмсалған көлік шығындарын субсидиялау есебінен мүмкін болды.

– Бұл бізге бұрын логистика қымбат болғандықтан қол жеткізу қиын немесе тіпті мүмкін болмаған нарықтарға шығуға жол ашты, – деп атап өтті ол.

– Марокко, Алжир, Вьетнам, Еуропалық Одақ елдері, Италия, Норвегия, Испания, Португалия, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорт жасалды.

Зерновой одағының есебінше, бұл жылдың экономикалық нәтижесі феноменалды болған: мемлекеттік субсидияланған әрбір 1 теңге 4 теңге қосымша табыс әкелген.

– Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қосымша 150–160 миллиард теңгеден кем емес табыс табуға мүмкіндік берді, – дейді Карабанов нақты сандарды келтіре отырып.

– Бұл даусыз дәлел: егер логистиканың шектен тыс қымбаттығы мәселесі шешілсе, қазақстандық өнім жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті әрі сұранысқа ие.

Оның айтуынша, бұл тәжірибе күмәнданушыларға ең жақсы жауап әрі қазақстандық аграршылар үшін үміт оты. Алайда бұл нарықтарда тұрақтап қалуға, тіпті Ресей босатқан орындар есебінен агрессивті түрде кеңеюге іштегі іргелі мәселелер кедергі келтіріп отыр. Солардың бірі ветеринариялық жүйенің күйреуі.

– Бұл ең басты әрі ең ауыр тежеу, әсіресе мал шаруашылығы өнімдерін – ет, сүт, тірі мал экспорттауға қатысты, – дейді ол.

– Бізде ветеринария жүйесі түгелге жуық күйреп қалған. Зертханалардың жабдықталу деңгейі өте төмен, ауыл шаруашылығы жануарларымен жұмыс істеуге қабілетті білікті мамандардың жетіспеушілігі өте өткір тұр. Сапалы әрі тиімді ветеринариялық препараттармен қамтуда да қиындықтар бар. Ал ұсақ және орта шаруашылықтар үшін қолжетімді ветеринарлық қызметтер аутсорсинг жүйесі мүлде жоқ.

Маман бұл мәселеге мысал ретінде жұбайының жағдайын келтіреді, ол ешкі фермасының иесі.

– Ешкілердегі маститтің себебін анықтау үшін әйелім сүтті адамға арналған зертханаға тапсыруға мәжбүр.

Астық одағы өкілінің айтуынша, халықаралық ветеринарлық-санитарлық стандарттардың ең қатаң талаптарына сай келмейінше, әсіресе өнім қауіпсіздігіне ерекше мән беретін әрі біз үшін аса тартымды Қытай нарығына мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау туралы ұмытуға болады.

– Қытай Коммунистік партиясы өз халқын жақсы көреді әрі олардың денсаулығына қатты алаңдайды... Бізді ол жаққа ешкім жібермейді, – дейді Карабанов үмітке орын қалдырмай.

– Кемінде әр макроөңірде – Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыста – бір-бірден қуатты референттік зертхана болмайынша, қатаң бақылаудағы өркениетті жеке ветеринариялық қызметтер дамымайынша, жабдықтау мен шұғыл көмек жүйесі жолға қойылмайынша – ет экспорты жайлы арман тек әдемі ертегі күйінде қала береді, ашылып тұрған «мүмкіндіктер терезесіне» қарамастан.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СОҚЫРЛЫҚ

Одан бөлек, сарапшы тағы бір маңызды кемшілікті атап өтеді: ұзақмерзімді, нақты есептелген экспорттық кеңею стратегиясының болмауы бар.

– Нарықтарды зерттеу бойынша жүйелі жұмыс жоқ – олардың нақты сыйымдылығы, төлем қабілеттілігіне ие сұраныс құрылымы, негізгі бәсекелестердің әрекеті зерттелмеген, – дейді ол.

– Қандай жоғары табысты өнімдер, нақты қай өңірлерге алдымен жеткізілуі тиіс екені де анықталмаған. Бұл жерде біздегі ресурстарды, климаттық мүмкіндіктер мен логистикалық жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген саясат болуға тиіс. Қай салаға қаржы бөлу керек? Қай өнім қандай нарықта сатылады, сол нарықтардың көлемі мен төлем қабілеттілігі қандай?

Бұл үшін ауқымды маркетингтік зерттеулер қажет, – дейді сарапшы.

Карабановтың айтуынша, керісінше, бейберекет қабылданған шешімдер теңгерімсіздік пен орынсыз шығындарға әкеліп отыр.

– Айқын әрі ауыр мысал – май зауыттарының тағдыры. Оларды майлы дақылдар өндірісінің қарқынды дамуына үмітпен көптеп салды. Алайда бүгінде олар шикізаттың тапшылығынан небәрі 40 пайыз ғана жүктелген. Ұн тарту саласында да осындай жағдай: сыртқы нарықта төлем қабілеті бар сұраныстың жоқтығынан диірмендердің жүктемесі 60 пайыздан аспайды.

БЮРОКРАТИЯЛЫҚ БАТПАҚ

Спикердің айтуынша, жаңа Салық кодексі де сала өкілдеріне қосымша қиындық әкеледі.

– ҚҚС-тың 16 пайызға дейін өсуі жай ғана құрғақ сан емес, бүкіл тізбек бойынша әсер ететін қосымша тәуекел факторы, – дейді ол.

– Бұл тізбектің әр кезеңіндегі (ЖЖМ, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар, қымбат ауылшаруашылық техникасы) баға өсімі ұлғая береді. Соңында фермердің өзіндік құны күрт артып, онсыз да аз маржа жойылады.

Сарапшының сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларының көпшілігі ұсақ фермерлер үшін тек әдемі, бірақ қолжетпес ертегі болып отыр. Себептері: құжат рәсімдеу кезіндегі бюрократия, күрделі бизнес-жоспарлар мен үш жылдық қаржылық есеп талап етілуі, өтімді кепілзаттың болмауы (ауылшаруашылық техникасы мен ауылдағы құрылыстар банктерде құны жоқ болып саналады, ал қалалық жылжымайтын мүлік көпшілікте жоқ).

– Фермердің негізгі функциясы – жермен жұмыс істеу, өнім өндіру. Ал кабинеттерді аралап, субсидия жинау емес, – дейді Карабанов.

Оның айтуынша, фермер анықтама жинап жүргенде, егіс немесе орақ үшін аса маңызды уақыт қайтып келмеске кетеді. Бұдан да сорақысы – бағаны нүктелік реттеу. Мысалы, әлеуметтік нан бағасын жасанды түрде ұстап тұру – ұн мен астықтың өз бағасы өсіп жатқанда.

– Бұл ерте ме, кеш пе не үзіліп түсетін, не жарылып кететін серіппе секілді. Ал оның салдары банкроттар толқынына, тұтас салалардың күйреуіне немесе бағаның күрт шарықтауына алып келуі мүмкін.

МҮМКІНДІК БАР, ҚОЛДАУ ЖОҚ

Сарапшының пікірінше, Ресейдің ауыл шаруашылығы саласында экспорттық көшбасшылықты жоғалтуы бұл тағдырдың тартуы емес, қазақстандық агросектор үшін дайындық пен жедел әрекетке қабілеттілікке берілген сынақ.

Карабановтың айтуынша, бұл мүмкіндікті көру ғана емес, оны нақты пайдалану үшін әңгіме мен бір реттік акциялар емес, мемлекеттің нақты, жүйелі әрі шұғыл шаралары қажет.

– Бәсекеге қабілеттілік үшін қажет қымбат технологиялар – фермалардағы роботтар, GPS-навигация, пилотсыз комбайндар – 50 не 100 гектар жер өңдейтін жеке фермер үшін қолжетімсіз, – дейді ол.

Оның пікірінше, жалғыз жол – сервис-жабдықтау кооперативтері. Бірақ ондай кооперативтерді жаппай құру үшін нақты мемлекеттік қолдау қажет: тек жеке шаруашылықтарға емес, дәл осы кооперативтерге арналған жеңілдетілген несиелер мен лизинг, бастапқы кезеңге салық демалысы, оларды құру мен тіркеу рәсімдерін түбегейлі жеңілдету.

– Ғылым мен практиканың үйлесімі қажет, – дейді Карабанов.

– Шындықтан алыс, ауылдың нақты қажеттіліктеріне қатысы жоқ абстрактілі диссертацияларды қаржыландыруды тоқтатын кез келді. Аграрлық ғылым фермерлердің дәл қазіргі қолданбалы мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Велосипедті қайта ойлап табудың, геномды нөлден ашудың қажеті жоқ – оны сатып алуға не лицензия алуға болады. Біз соларды сауатты түрде қолдануды, оларды құрғақшылыққа, ауруларға және жергілікті жағдайларға төзімді өз өсімдік сорттарымыз бен мал тұқымдарымызды шығару үшін бейімдеуді үйренуіміз керек.

Сарапшының пікірінше, мемлекетке негіз болатын аграрлық саясат қалыптастыру үшін тәуелсіз, кәсіби сараптамалық агенттіктерден экспорттың нақты «жол картасын» тапсырыспен әзірлеу қажет. Ал баға мен тарифті нүктелік реттеу тәжірибесінен түбегейлі бас тарту керек немесе бүкіл тізбекті үйлестіре отырып реттеу керек.

Серіктес жаңалықтары