×
540.78
618.65
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
540.78
618.65
6.71

Мешіттегі харассмент: әйелдің қауіпсіздігі кімнің жауапкершілігінде?

Бүгін, 11:47
Мешіттегі харассмент: әйелдің қауіпсіздігі кімнің жауапкершілігінде?
Фото: baribar.kz. Коллаж: Ulysmedia.kz

Зерттеуші, халықаралық заңгер Әйгерім Құсайынқызы қоғамдағы харассмент мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2023 жылы жүргізілген “Faith & Gender in Central Asia” атты зерттеу деректеріне сүйенген зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы мешіттегі харассмент пен дін кеңістігіндегі гендерлік теңсіздік туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, қоғамдық құлшылық орындары әйелдер үшін қауіпсіз аймақ болудан қалған.

- Сұралған әйелдердің 61%-ы мешіт секілді кеңістіктерде өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтқан. Бұл кеңістіктерде әйелдің еркіндігі емес, оның ер адамға кедергі келтірмеуі маңыздырақ болып отыр, – дейді Құсайынқызы.

Зерттеушінің айтуынша, қауіп-қатер мешіт ішінде ғана емес, оның жалғасы интернетке көшкен.

- Жәбір көрген әйел туралы әлеуметтік желіде жазылған пікірлердің басым бөлігі оны кінәлауға бағытталған. Бұл – виктимблеймингтің классикалық үлгісі, – дейді ол.

Институционал зорлық пен үнсіздік

Құсайынқызы мешітті Құдайдың үйі деп бағалағанымен, ондағы үнсіздік жәбір көрген әйелді емес, тәртіпті қорғауға қызмет етіп отырғанын айтады. Оның пікірінше, имамдар мен дін өкілдері мұндай оқиғаларды жабық ұстауға тырысады.

- Қоғам тыныштығы әйелдің қауіпсіздігінен маңызды саналады. Бұл институционал зорлықтың бір түрі, – дейді ол.

Зерттеуші мешіттегі харассментті оқшау жағдай емес, қоғамдағы билік пен жыныстық теңсіздік арасындағы құрылымдық қатынастың айғағы деп санайды. Оның сөзінше, «мешітке баруға әйелдің құқығы бар, бірақ оның қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді».

Жүйенің бейнесі – Павлодардағы мешіттегі оқиға

Әйгерім Құсайынқызы өзінің биыл шілде айында Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешітіне барған кездегі оқиғаны мысалға келтіреді.

- Мешіттің кіреберісінде күзетші бізді тоқтатып: “Ер адамдар намаз оқып жатыр. Кедергі келтірмеңіз. Үлкен залға кіруге рұқсат жоқ”, – деді. Мен сәулет өнерін көру үшін келгенімді айттым. Бірақ күзетші “Имам камерадан қарап отыр. Ерлер залына әйел кірсе, мен өзім ұрыс естимін” деп ақталды, – дейді ол.

Бұл оқиға зерттеушінің жүйемен бетпе-бет келуіне себеп болған.

- Мен бұл жерге Құдайдан емес, адамнан рұқсат сұрауға мәжбүр болдым. Себебі мен сәулетке қызығып келіп, жүйенің шекарасымен беттестім, – деп жазды ол.

Ақтөбедегі харассмент пен кибербуллинг

Зерттеушінің айтуынша, оның ақтөбелік туысы мешітте намаз оқу барысында харассмент пен сталкингке, қазір болса кибербуллиң мен виктимблеймингке ұшыраған.

- Әйелдің шекарасы жиі бұзылады, ал дауысы жиі тұншықтырылады. Бұл – тек дін мәселесі емес, бұл – құқық, қауіпсіздік және теңдік мәселесі, – дейді ол.

Мешіт кімге ашық, кімге жабық кеңістік?

- Мешіт қасиетті кеңістік болуы тиіс. Бірақ егер сол жерде әйел өзін қорғауға мәжбүр болса, егер оның сенімі қорған емес, қауіп көзіне айналса – бұл кеңістіктің кім үшін екенін қайта сұрау қажет, – дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Ол мешіттің «үй» болуы үшін әйелдің орнын, еркіндігін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

ҚМДБ үн қатуы тиіс

- ҚМДБ-дан лайықты жауап күтеміз. Себебі кейде үнсіздік “келісім” деп қабылданады. Әсіресе, еркектің қалауы әйелдің құқынан жоғары тұратын патриархал қоғамда, – деп түйіндейді зерттеуші.

Серіктес жаңалықтары