Экономикасының мұнайға тәуелділігі Қазақстанға тағы да кері әсер етуі мүмкін. ОПЕК+ елдері бағаны ұстап тұру үшін өндірісті қысқарту жоспарларынан бас тартты. Мұнай өндіруші елдердің бұндай шешімі нені білдіреді? Ulysmedia.kz жай-жапсарын анықтап көрді.
3 тамызында OПЕК+ ұйымы қыркүйек айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 547 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім ұйымға мүше елдердің 16 минуттық қысқа ғана кездесуі нәтижесінде қабылданды.
Бұл – бұрынғы ерікті түрде шектелген өндірісті толық тоқтату дегенді білдіреді. Сонымен қатар, ұйым кулуарларында тағы бір шектеуді — тәулігіне 1,65 млн баррельді — 2025 жылдың соңына дейін алып тастаутуралы ұсыныс қызу талқылануда. Айта кетейік, бұл шектеуді алып тастау бастапқыда 2026 жылға жоспарланған болатын.
Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?
Қазақстан — OПЕК+ ұйымының мүшесі ретінде бұл өзгерістерден тікелей әсер алады. Жаңа квоталар елдің мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экспорт көлемін ұлғайтып, бюджетке түсетін түсімдерді көбейтуге жол ашады.
Алайда, ұсыныстың тым артып кетуі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдай ел экономикасына кері әсер етуі ықтимал.
Мәселен, Қазақстан 2025 жылға арналған бюджетті $75/баррель деңгейіндегі мұнай бағасына сүйеніп жоспарлаған. Бір ай бұрын, Таяу Шығыстағы шиеленістер салдарынан, мұнай бағасы осы деңгейге жақындаған еді. Алайда OПЕК+ шешімінен кейін жағдай күрт өзгеріп, небәрі бір күн ішінде мұнай бағасы 4%-ға төмендеп, $69,7/баррельге дейін түсті.
Сарапшы не дейді?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдельдиновтың пікірінше, Қазақстан бұл жағдайдан ешқандай пайда таппайды.
– Әрине, мұнай бағасына қысым күшейеді. Бірақ бұл – Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өндірістік жоспарларымен толық сәйкес келеді. Олар алдағы уақытта нарыққа тәулігіне 2 миллион баррельге дейін мұнай шығара алады. БАӘ-де 2025–2026 жылдары аяқталатын ауқымды қаржыландыру бағдарламасы бар. Олар өндіру көлемін тәулігіне 5 миллион баррельге дейін жеткізе алады. Бұл – Қазақстаннан 2,5 есе көп, – дейді сарапшы.
OПЕК+ әлсіреп бара ма? Қазақстанның рөлі мен шектеулі мүмкіндіктері
OПЕК+ ұйымының мұнай өндіруге қойылған шектеулерді алып тастау туралы соңғы шешімі — бұл ұйымның идеясы өзектілігін жоғалтып бара жатқанын көрсетеді. Бұл туралы мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдельдинов мәлімдеді.
– Мен бұрыннан айтып келемін: бұл ұйым – «сақиналар бауырластығы» секілді, ерте ме, кеш пе, ыдырайды. Бұл — жағдайға байланысты пайда болған одақ, сондықтан ұзақ өмір сүре алмайды. Иә, ол мұнай бағасын тұрақтандыру үшін қажет болды. Бірақ әр елдің жағдайы әртүрлі, нарыққа әсер ету мүмкіндігі, сыртқы және ішкі саясаты да өзгеше. OПЕК – тарихи түрде қалыптасқан ұйым, ол сақталып қалуы мүмкін. Ал OПЕК+ – яғни оған кіретін Ресей мен Қазақстан сияқты елдер – өте ала-құла одақ. Ресейде қазір мұнай өндіру бойынша ашық деректер жоқ. Экспорт та санкцияларға байланысты жасырын. Қай көлем қайда кетіп жатқанын болжау қиын. Қазақстанда да жағдай күрделі: біздегі мұнайдың70%-ы шетелдік компаниялармен жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер арқылы өндіріледі. Бұл келісімдерге Энергетика министрлігі де, Үкімет те әсер ете алмайды, – дейді сарапшы.
Қазақстан OПЕК+ квоталарын ұстанғысы келмейді. Қазақстан үкіметі бұған өз бағытын айқындағандай болған. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылдың сәуірінде:
– Біз тек ұлттық мүдделерге сай әрекет етеміз. Теңіз мұнай кен орнында өндірісті ұлғайту жүріп жатыр, біз бұл бастаманы қолдай береміз, – деген болатын.
Ал министрдің орынбасары Әлибек Жамауов:
– Біз OПЕК-ке ашық түрде айттық: біз қысқартуға бармаймыз, өндірісті өз қуаттылығымызға қарай жүргіземіз, – деген.
Бұл мәлімдеме OПЕК Бас хатшысы Хайсам әл-Гайстың Қазақстанға сапарынан кейін жасалды. Қазақстанның әлемдік мұнай өндірісіндегі үлесі бар болғаны 2% ғана екенін ескерсек, Қазақстан бағаға әсер ете алмайды. Егер баға түссе, ештеңе істей алмайды.
Мұнай бар, балама жоқ
Бағаның соңғы айдағы күрт өсімі көбіне нарықтық емес, геосаяси факторларға байланысты болды. Оған АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей мұнайын сатып алатын елдерге қарсысанкция салу туралы мәлімдемелері әсер етті. Бұл ретте ең алдымен Үндістан туралы айтылды. Ол — әлемдегі үшінші ірі мұнай импорттаушы ел және көбіне Ресей мұнайын сатып алуға бейім.Трамп «Үндістен әне-міне Ресей мұнайынан бас тартады» деді. Бірақ Үндістан үкіметі тек Ресейөзге елдерден мұнай сатып алу жоспарын әзірлеуге тапсырма берді.
Қазақстан не істей алады?
Егер болашақта Ресей мұнайына тыйым салынса да, Қазақстан балама ретінде әрекет ете алмайды. Себебі логистика мәселесі шешілмеген. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы, яғни Ресей аумағы арқылы өтеді. КТК арқылы Қара теңізге дейін мұнай жеткізу барреліне 5–6 доллар. Ал баламалы бағыт – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты үш есе қымбат.
– Елде өндірілетін мұнайдың екіден үш бөлігі консорциумға тиесілі. Бұл мұнайға Қазақстан ие емес. Қайда тасымалданатынын да шетелдік компаниялар шешеді. Олар Теңіз жобасы бойынша тұрақтандырылған келісімдер негізінде жұмыс істейді. Мұнайды тіпті Айға жіберсе де, ешкім оларға тыйым сала алмайды, – дейді Олжас Байдельдинов.
Осы себептен, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мұнай экспортын әртараптандыру бойынша нақты қадам жасамады. Көп жағдайда оның барлығы сөз жүзінде қалды. Ал қазір, егер Қазақстан OПЕК+ шектеулерін елемей, өндірісті арттырса да, бағаның төмендеуіне қарсы нақты құрал жоқ.