×
538.03
629.23
6.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.03
629.23
6.74

"Жаңа Мюнхен келісімі": Трамп пен Путин кездесуі немен аяқталуы мүмкін

Бүгін, 11:03
"Жаңа Мюнхен келісімі": Трамп пен Путин кездесуі немен аяқталуы мүмкін
ulysmedia коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин бүгін, 15 тамызАляскада кездеседі. Бұл осы кездесу кейінгі уақыттары әлемде болып жатқан маңызды геосаяси оқиғалардың қатарына кіретіні сөзсіз. Трамп пен Путиннің кездесуі нені көрсетеді? Екі ел арасындағы сммитке Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатыспауының сыры неде? Ulysmedia.kz  осы және өзге де сұрақтар жөнінде қазақстандық саясаттанушылардың пікірін біліп көрді.

ӨТКЕНГЕ ОРАЛУ (ТАРИХТЫ ҚАЙТАЛАУ)

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Трамп пен Путин жеке кездесіп, әлем мен Украинаның тағдырын жекедара шешкісі келеді дейді. Оның сөзінше, тарихта болған осыған ұқсас кездесулер мен келісімдер жақсылықпен аяқталмаған.

– Трамп пен Путин көзқарастары жағынан бір-біріне ұқсайды. Олар көбіне XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы империялық категориялармен ойлайды және үшінші елдің тағдырын екеулеп шешу қалыпты нәрсе деп есептейді. Бұл кездесу тарихтағы 1938 жылғы Мюнхен келісіміне ұқсай бастады. Ол кезде Еуропа елдері «бейбітшілікті сақтау» үшін Германияға Чехословакияның бір бөлігін берген еді. Тарих көрсеткендей, бұл ешқандай жақсылыққа алып келмеді, – дейді Досым Сатпаев.

Досым Сатпаев, фото livingasia.online

Саясаттанушы Замир Қаражанов та Досым Сәтпаевтың пікірімен келіседі. Ол Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлдеқашан екі елдің арасындағы қақтығыс шеңберінен шығып кеткен. Бұл соғыс Еуропа қауіпсіздігінің базалық принциптеріне әсер еткен.

– Бұл соғыс Еуропаның қауіпсіздігінің негізгі қағидаларын шайқалтты. Мұның айқын дәлелі – жыл сайын өсіп жатқан Еуропа елдерінің қарулануға бөлетін шығындары. Себебі бұрын сенім мен келісімдерге негізделген қауіпсіздік архитектурасы бұзылды. Қазір әлемде «кім күшті, соның айтқаны болады»деген ұстаным жиі айтыла бастады. Геосаясатты бұрынғы тұрақты қалыпқа қайтару үшін, келіссөздерге тек Ресей, Украина және АҚШ ғана емес, Еуропа елдері де қатысып, бейбітшіліктің шарттарын бірлесіп келісуі тиіс, – дейді ол.

ТАРАПТАР ҚАНДАЙ КЕЛІСІМГЕ КЕЛУІ МҮМКІН?

Трамп пен Путин кездесу қарсаңында бірқатар кездесулер мен келіссөздер өткізді. Трамп видеобайланыс арқылы Еуропа елдері басшыларымен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесіп, ұстанымдарын нақтылады. Ал Путин болса Ресеймен достас бірқатар елдердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, министрлерімен арнайы жиын өткізді.

Саясаттанушы Замир Қаражанов Трамп пен Путин бұл кездесуде қандай да бір келісімге келеді деу қиын дейді. Оның сөзінше, кездесудің соңы Украинадағы соғысты уақытша уақытша тоқтатуға алып келуі мүмкін.

– Ең ықтимал нәтиже – қақтығыстың уақытша тоқтатылуы. Бұл бітімгершілік, тұтқындар алмасу немесе гуманитарлық келісімдер түрінде болуы мүмкін. Бірақ толыққанды бейбіт келісім қабылданады деп айтуға негіз жоқ, – дейді Қаражанов.

Замир Қаражанов, фото спикера

Подробнее на: https://ulysmedia.kz/analitika/57160-novyi-miunkhenskii-sgovor-kazakhstanskie-politologi-o-vstreche-trampa-i-putina-na-aliaske/

Досым Сәтпаев Трамп пен Путин кездесуінен кейін Украинаның қатысуымен үш жақты келіссөз жүргізу туралы келісім болса, оның өзі үлкен жетістік болар еді дейді.

– Егер осы келіссөздердің нәтижесінде Украина қатысатын кемінде үшжақты келіссөздер өтетіні жарияланса – бұл өте жақсы болар еді. Бірақ Трамптың бәрін «тез арада татуластыруға» деген шамадан тыс ұмтылысы қауіпті. Оның үстіне, Трамп бастапқыда бұл қақтығыс оның мүддесіне жатпайтынын, бұл Байден жол берген соғыс екенін, ал өзі оны мүмкіндігінше тезірек аяқтағысы келетінін ашық мәлімдеген. Бұған қоса, Украина қандай да бір ымыраға баруға мәжбүр болады деген көзқарасын да бірнеше рет айтқан, – дейді Сәтпаев.

Саясаттанушы егер осындай келісім болатын болса, онда бұл әлем үшін өте қауіпті дейді. Оның сөзінше, бұндай жағдайда халықаралық құқық жұмыс істеуден қалады. Кез келген ел күшке ғана сенетін болады.

– Кез келген ел үшін мұндай жағдай алаңдаушылық тудырады. Егер Путин Украина жерінің бір бөлігін осылай тартып ала алса, онда басқа мемлекеттерге де дәл осындай қауіп төнуі мүмкін. Бұл жағдайда бәріне айқын болады: халықаралық құқық пен мемлекеттің егемендігінен гөрі, күш маңыздырақ. Бұл дегеніміз, кез келген қуатты ойыншы өз еркімен басқа мемлекетке шабуыл жасап, оның жерінің бір бөлігін тартып ала алады, өйткенітарихи прецедент қалыптасып қойды, – дейді ол.

Досым Сәтпаев Трамптың бұндай қадамнан аяқ тартуына Қытай факторы әсер етуі мүмкін. Себебі Пекин ұзақ жылдан бері Тайваньды Қытайға қосу мәселесін айтып келеді. Ал АҚШ пен Еуропа елдері оған қарсы.

ПУТИННІҢ ҚАЛАУЫ ЖӘНЕ ТРАМПТЫҢ КӨЗІРІ

Сәтпаевтың айтуынша, қазіргі жағдайдан анық байқалатыны Путин тек өз шарттарымен бейбіт келісімге келуді көздеп отыр. Яғни, аймақтарды 1991 жылғы келісімдер бойынша емес, қазіргі шекаралар негізінде бекітіп, қақтығысты тоқтату. Аляскадағы келіссөздер туралы хабар тарағаннан кейін, Ресей армиясы жаңа шабуыл кезеңін бастады. Бұл оның осы позициясын айқындағандай көрініс болды.

Сонымен қатар, оның пікірінше, Трамп Путин бас тарта алмайтындай ұсыныс жасауы әбден мүмкін.

– Трамптың қолындағы басты «көзір» – Ресей серіктестеріне қарсы салынуы мүмкін санкциялар. Қазір Ресей мұнайды, үлкен жеңілдікпен болса да, Қытай мен Үндістанға сатып отыр. Алайда егер бұл елдерге ресейлік өнімдерді сатып алғаны үшін санкция салу қаупі төнсе, олар өздеріне жаңа мұнай жеткізуші іздей бастайды. Путиннің Аляска келіссөзі алдында серіктес елдердің басшыларымен жаппай телефон арқылы сөйлесуі кездейсоқ емес. Ол осы мәселелерді талқылаған болуы әбден мүмкін, – дейді ол.

Ресей серіктестері қатарында Қазақстан да бар. Сондықтан Аляскадағы келіссөздердің нәтижесі міндетті түрде Қазақстанға әсер етеді. Саясаттанушы Замир Қаражанов бұл жөнінде былай дейді:

– Қалай болғанда да, біз осы келіссөздердің нәтижесіне реакция білдіруге мәжбүр боламыз. Ресейден санкциялар бірден алынады деп ойламаймын. Бұл әдетте ұзақ уақыт алатын процесс. Мысалы, Қазақстан әлі күнге дейін қырғи қабақ соғысы кезіндегі санкциялардың астында.Ол бойынша әлі күнге дейін келісімге келе алмай келеміз. Сонымен қатар, біздің экономика Ресеймен тығыз байланысты. Қазір Қазақстанда ресейлік бизнес белсенді жұмыс істеп жатыр, бірақ соғыс аяқталған соң, олардың елімізде қалатыны-қалмайтыны белгісіз. Бұдан бөлек, орта дәліздің болашағы да үлкен сұрақ туындатады. Бұл келіссөздер қандай да бір оң нәтижемен аяқталса, алдымыздан шығатын бірнеше ғана мәселе. Ал егер бәрі теріс сценарий бойынша өрбіп, жағдай нашарлап кетсе, онда қаралатын мәселелер саны мүлде көбейеді және сипаты да өзгереді, – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары