Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары басталады. 2022 жылдан бері бұл екі ел көшбасшыларының үшінші кездесуі болмақ. Мұндай жиіліктегі байланыс көрші республикалардың тығыз қарым-қатынасы мен ортақ мүдделерін аңғартады. Ол қандай мүдделер екенін Ulysmedia.kz саралап көрді.
Жетістікке бағытталған қатынас
Әдетте «душар болған» сөзі жағымсыз реңкте қолданылады. Алайда Қазақстан мен Қырғызстан қарым-қатынасының табиғатына келсек, керісінше оң құбылысты сипаттайды. Тек бір рет, 2017 жылы екі ел шекарасында ахуал ушығып, дау шыққан еді: сол тұста президент Атамбаев көршілес Қазақстанды сынға алып, ал президент Назарбаев мұндай сөздің жауапсыз қалмайтынын көрсеткен болатын.
Сол кездегі Қырғызстан басшысының өктем сөздерінің салдары ең әуелі жүк көлігінің жүргізушілеріне тиді – олар шекарада бір аптадан астам уақыт аш қалды. Тіпті шекара маңындағы ауыл тұрғындары оларды тамақтандыру үшін арнайы ас жеткізіп тұрды. Ренжіген Нұрсұлтан Назарбаевтың күндерге созылған шекаралық бөгеті жұртты есеңгіретіп, мұндай текетірестен ешкім ұтпайтынын айқын көрсетті. Бүгінде олтұтқан бұлттар әлдеқашан сейіліп, ашылған күн Қазақстан мен Қырғызстанға ортақ жолдарды бірге жүріп өткені дұрыс екенін көрсетіп отыр.
Су – ең қымбат байлық
Су – стратегиялық ресурс, ең алдымен Қазақстан үшін аса маңызды. Өйткені елдің оңтүстік аймақтары Қырғызстаннан Шу мен Талас өзендері арқылы келетін суға тәуелді.
Екі жыл бұрын қуаңшылықтан қазақстандық диқандар қатты зардап шеккенде, екі ел басшылығы вегетациялық кезеңде судың тоқтаусыз жеткізілуі үшін бірнеше рет кеңес өткізді. Бұл келіссөздердің нәтижелі болғанын 2024 жылдың желтоқсанында өткен үкіметаралық кеңесте қазақстандық шенеуніктер қырғыз тарапына барлық су жеткізу міндеттемелерін толық орындағаны үшін алғыс айтқаны дәлелдейді. Шекарааралық су ресурстарын әділ бөлу қағидасы қазір бұрынғыдан да өзекті, әрі алдағы жылдары да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болатыны анық.
Ортақ жобалар
Екі елдің ең ірі әрі ұзақ уақыттан бері талқыланып келе жатқан бастамаларының бірі – шекарада индустриялық сауда-логистикалық орталық салу жобасы. Оның мәртебесі еркін экономикалық аймақ ретінде айқындалмақ. Жоба Қазақстанның Жамбыл облысындағы Қордай ауданы мен Қырғызстанның Шу облысы шекарасында жүзеге асады.
ИТЛО аумағында өндірістік нысандар, индустриялық парк, сауда павильондары мен кедендік қоймалар салынады. Негізгі мақсат – өнеркәсіптік тауарларды ұзақ мерзімге сақтап, кейін тарату. Жоба таныстырылымында айтылғандай, бұл орталық тек екі ел арасындағы тауар айналымына емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жеткізу тізбегіне қосылатын ірі жүйенің бөлігіне айналмақ. Еркін экономикалық аймақ аумағында электр жабдықтары, тоқыма бұйымдары және азық-түлік өнімдері өндірілетіні жоспарланған.
Шекарадағы кептелістер
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жаңа «Камышановка-Ак-Суу» бақылау-өткізу бекеті ашылмақ. Дәлірек айтқанда, бұрынғы бекет қайта іске қосылады. Алайда ол толықтай қайта салынатындықтан, іс жүзінде жаңа нысан болмақ.
Бұл өткізу бекеті шамамен 15 жыл бұрын жабылған еді. Шу облысында орналасқан нысан екі ел арасында азаматтар мен жүк тасымалын едәуір жеңілдете алады. Қазіргі таңда жолаушылар ағынының негізгі бөлігі Қордай ауылындағы жалғыз жаяу жүргінші бекетіне түседі, ал көлік тасымалдары Қара-Суу–Ақ-Тілек және Кен-Булун автожол бекеттері арқылы жүргізілуде. Жаңа бекет іске қосылған соң жүктің 70 пайызы сол бағытқа ауыстырылмақ. Қырғызстан шекара қызметінің дерегінше, 2024 жылы қырғыз-қазақ шекарасын 2,5 миллион қазақстандық кесіп өткен. Сонымен бірге жүк тасымалы 16 пайызға өсіп, жалпы көлемі 1,7 миллион тоннаға жеткен.
Өңірдің энергиясы
Энергетика саласында Қазақстан мен Қырғызстан екі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр: бірі – ауқымды Камбаратин ГЭС-1 құрылысы, екіншісі – Ыстықкөл облысында күн электр станциясын салу.
Жаңартылатын энергия көздері көп талас тудырмаса, ал Орталық Азиядағы ең ірі су электр станциясын салу айрықша пікірталасқа себеп болып отыр. Қазіргі таңда ең жоғарғы деңгейдегі құжат – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетика министрліктері қол қойған меморандум ғана. Бұл әзірге нақты іске асырылатын мерзімді көрсетпейтін, жақсылыққа бағытталған ниет пен көршілік қарым-қатынастың белгісі. Егер Камбарата–1 салынса, Қырғызстан Тоқтоғұл су қоймасында суды жинап, көктемде оны Қазақстан мен Өзбекстанға беруге мүмкіндік алады. Ал электр энергиясына деген сұранысты Камбаратин ГЭС толық қамтамасыз ете алады. Қағаз жүзінде бәрі ұтымды көрінгенімен, егер нысанды үш ел бірлесе салса, онда құрылыс үлесі қалай бөлінетіні және судан бөлек тағы қандай пайда кімге тиетіні секілді сауалдар әлі ашық тұр.
Тауларды тікелей кесіп өтетін жол
Мемлекет басшылары түпкілікті қолдау білдірген жобалардың бірі – Алматы–Ыстықкөл автожолын салу. Мегаполистен курорттық аймаққа жолды қысқарту идеясы көптен бері айтылып келе жатқанымен, жүзеге асуы бірнеше жылға созылып келеді.
Қазіргі таңда алматылықтар Ыстықкөлге жету үшін тауды айналып, Қордай арқылы 500 шақырымға жуық жол жүреді. Жаңа бағыт Ұзынағаш пен Кіші-Кемін арқылы өтіп, шамамен 70–80 шақырым болуы тиіс. Соның 6 шақырымы Қырғызстан аумағынан өтеді. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Бұл жұмысты Азия даму банкі грант бөліп жүзеге асыруда. Сарапшылар жолдың нақты қай жерден өтетінін, құнын, көлік ағынын және жұмсалған қаржыны қалай қайтаруға болатынын есептеп жатыр. Мүмкін, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың алдағы кездесуінде осы жобаның шын мәнінде болашағы бар-жоғы белгілі болар.
Ресми бағдарлама
Сапар аясында мемлекет басшылары тар форматтағы екіжақты келіссөздер өткізіп, Жоғары Мемлекетаралық кеңестің кезекті, жетінші отырысына қатысады.
Тараптар өзара мүдде аясындағы барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және қырғыз-қазақ қатынастарының даму перспективаларын талқылайды. Екі ел көшбасшыларының қатысуымен «Ынтымак» саябағында «Достықтың алтын көпірі» монументінің ресми ашылуы жоспарланған.
Сапарға орай бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ош қаласындағы Бас консулдығының ресми ашылу рәсімі, Еуразия ұлттық университетінің филиалының оңтүстік астанада жұмысын бастауы, Қырғызстанда Қазақ киносының күндерін өткізу, сондай-ақ Бішкекте үшінші Қырғыз-қазақ жастар форумын ұйымдастыру көзделіп отыр.
Авторы: Бақыт Мұхтаралы