×
537.75
626.43
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
537.75
626.43
6.71

Қазақстанда жеке ұшақтар неге жиі апатқа ұшырай бастады

Бүгін, 10:32
Қазақстанда жеке ұшақтар неге жиі апатқа ұшырай бастады
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда адам өліміне әкелген әуеапаттар жиі болып жатыр. Бар болғаны үш айдың ішінде Ақмола облысындағы ұшақ апаттарынан төрт қазақстандық көз жұмды. Соңғы қайғылы жағдай 17 тамызда тіркелді: әуе апатынан ұшқыш Арман Мусин мен 43 жастағы жолаушы Диана Ахметова қаза тапты. Ulysmedia.kz бұл апаттардың себебі неде және шағын авиациядағы тәртіпке кім жауапты екенін анықтауға тырысты.

«Polety_astany» қайда жоғалды?

Қаза болған Диана Ахметованың жақындарының айтуынша, ол әуе серуеніне «Polety_astany» атты фирманың қызметін пайдаланған. Алайда оқиғадан кейін Instagram-дағы «Polety_astany» аккаунты жоғалып кеткен. Бірақ Google кэшінде өшірілген парақшаның соңғы белсенділігі сақталып қалыпты. Онда 8,4 мың жазылушысы бар екенін байқауға болады.

Табылған көшірмелерде «Polety_astany» фотосессия ұйымдастыру, әуе серуені және сыйлық сертификаттарын ұсынғаны жазылған. Ұшудың құны 20 минутқа – 40 мың теңге, 60 минутқа – 105 мың теңге деп көрсетілген. Айтпақшы, желіде 2022 жылы түсірілген кадрлар бар, онда апатқа ұшыраған UP-LA229 борт нөмірлі ұшақ бейнеленген.

Сонымен қатар, «Polety_astany» әуеде ұшуды үйрететін PPL (Private Pilot License) бағдарламасын да жарнамалаған. Бұл ұшуға қызығушылық танытқан азаматтарды әуесқой ұшқыш ретінде дайындайтын курс. Оны аяқтағандарға коммерциялық мақсатта ұшақ басқаруға құқығы жоқ әуесқой пилот лицензиясы беріледі. Курстың құны қанша болғаны белгісіз.

Ең қызығы, осы оқиғадан кейін Астанада ұқсас авиаклубтардың қызметі уақытша тоқтатылды. Ал Алматыда «Центр полётов Алматы» деген компания бар, оның аккаунты «polety_almaty» деп аталады. Алайда оның «Polety_astany»-мен байланысы бар-жоғы белгісіз.

UP-LA229 ұшағы кімге тиесілі болды?

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңға сәйкес, уәкілетті органдар азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуі тиіс. Көлік министрлігі Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) сайтында пайдаланушы сертификаты немесе авиациялық жұмыстар мен техникалық қызмет көрсетуге рұқсат куәлігі бар компаниялардың тізімі бар екенін айтты. Алайда сол әуе кемелеріне берілген ұшу жарамдылығы сертификаттары неге екені белгісіз, жарияланбайды.

Сонымен қатар, заңды тұлғалардың бірлестігі нысанындағы қауымдастық – «Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы» (ОЮЛ «КАМА») сайтында 2021 жылдан бері әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы туралы деректер жарияланып келеді. Еске сала кетейік, астаналық марқұм Диана Ахметова UP-LA229 борт нөмірлі ұшаққа отырған болатын.

Аталған тіркеу нөмірінде басқаруда сенімді саналатын поляк өндірісіндегі «Aero AT-3 R100» ұшағы тіркелген. Ол арнайы мақсаттағы әуе кемесі, зауыттық нөмірі AT3-027. Мемлекеттік тіркеу куәлігі №1041, 2018 жылғы 6 тамызда берілген. Иесі ретінде Д. Тейман көрсетілген. «Эксплуатант» деген бағанада АОН (жалпы авиация) деп жазылған, алайда мұндай құжаттарда әдетте ұшақты пайдаланатын компания көрсетіледі.

2022 жылы ұшақ иесі болып А. Сагындыкова тіркелген. Соңғы ұшу жарамдылығы актісі 2024 жылғы 14 ақпанда берілген және ол бір жылға жарамды болған. Алайда 2025 жылы осы ұшақтың техникалық байқаудан өткені жөнінде дерек жоқ.

Ulysmedia.kz түсініктеме алу үшін ОЮЛ «КАМА»-ға жүгінді. Ұйым төрағасы Өмірбек Кеңесбаев орнында болмаған. Ал инспектор Хасан Нұрғалиевтің айтуынша, олар жыл сайын әуе кемелерін сертификаттау деректерін жариялайды. Неліктен биыл UP-LA229 бойынша мәлімет жоқ деген сұраққа ол: ұшақ не техникалық байқаудан өтпеген, не деректер порталға салынбаған болуы мүмкін деп жауап берді. Айта кету керек, «КАМА» порталында басқа әуе кемелеріне қатысты 2025 жылғы ұшу жарамдылығы құжаттары бар.

Билік әуе апаттарының себептерін жасырып отыр ма?

UP-LA229 ұшағына қатысты соңғы 2024 жылғы жарамдылық актісін редакция журналисі Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің БАҚ-пен байланыс өкіліне жолдаған. Алайда баспасөз қызметі “шынымен де UP-LA229 ұшағы 17 тамызда Целиноград ауданы Жоламан әуежайынан техникалық сәйкестік құжаттарынсыз соңғы рейске көтерілді ме?” деген сұраққа түсініктеме бермеді. Оның орнына уәкілетті орган ресми сауалхат жіберуді сұрады.

Марқұмның қызы Жамиля Ахметова да оқиғаға қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Себебі белгілі. Анасының құрбысының айтуынша, жақында олар да, марқұмның қызы да полицияда құпияны жария етпеу туралы қолхат берген. Әйел тек әлеуметтік желіде бұрын жарияланған жайттарды, соның ішінде «Polety_astany»-мен болған хат алмасуды растады.

Айта кетейік, 22 маусымда болған өзге бір қайғылы оқиғадағы ұшақтың (TL-2000 маркалы) эксплуатанттары туралы әлі күнге дейін ешқандай дерек жоқ. Көлік министрлігінің мәліметінше, ол кезде әуе кемесі оқу-жаттығу ұшуын орындап жүрген. Апат салдарынан экипаждың екі мүшесі қаза тапты.

Астаналық көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі 22 маусым мен 17 тамызда Астана маңында болған екі әуеапат фактісі бойынша ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері анықталуда, ал өзге ақпарат ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Айта кетерлігі, өркениетті елдерде билік әуеапаттар бойынша тергеу барысын егжей-тегжейлі хабарлап отырады, әуе оқиғаларының алдын ала себептерін атайды. Өйткені бұл – адамдардың қауіпсіздігі мәселесі. Ал бізде коммуникация саласында үлкен проблема бар, сондықтан Қазақстандағы азаматтық авиацияда не дұрыс емес екеніне тек жорамал жасауға тура келеді.

Жақында жаңа көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкіметтегі баспасөз мәслихатында саланы қалай қайта құратынын айтты. Ол авиацияға, соның ішінде шағын авиацияға да назар аударады деп сенгіміз келеді. Министрдің оған күші мен саяси еркі жететініне үміт артамыз.

Серіктес жаңалықтары