Астанада өткен оқу-ағарту министрлігінің кеңесінде заң департаментінің директоры Гүлден Ақитаева «Педагог мәртебесі туралы» заңның алтыншы бабына тоқталды. Ол бап мұғалімдерді заңсыз талаптардан қорғауды кепілдік береді. Яғни оларға өз міндетіне қатысы жоқ жұмыстарды жүктеуге тыйым салынған. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне сәйкес, мұғалімді сыйламау немесе оны қорлау, соның ішінде әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер үшін 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе бес тәулікке дейін қамау қарастырылған. Ал егер педагогқа қоқан-лоқы жасалса немесе жалған ақпарат таратылса, қылмыстық жауапкершілік те туындайды.
Сонымен бірге, оқушылар мен ата-аналарға да ескерту жасалды: мұғалімдерді қорлап, ар-намысына тию қылмыстық жауапкершілікке дейін апаруы мүмкін.
– Мұғалім ешқашан қорлықтың, қысымның немесе жұмысына орынсыз араласудың нысанына айналмауы тиіс. Ата-ана немесе оқушы мұндай әрекетке барса, ол заңды бұзу ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің негізін шайқау болып саналады. Бұл мұғалімнің өз міндетін атқаруына кедергі келтіріп, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін таптайды, – деді Ақитаева.
Алайда мұндай ескертулердің әкімдіктерге қарата айтылмайтыны да назар ауды. Өңірлерде мұғалімдерді әлі күнге дейін өзге біреудің қайғысы үшін жазалау, су қоймаларын күзетке қою, қалалық шыршаны орнату, тіпті «емші» рәсімдеріне қатыстыру сияқты кәсібіне қатысы жоқ жұмыстарға міндеттеп келеді.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтар арасында жасырын сауалнама жүргізді. Мұғалімдер өз құқықтарының жиі бұзылатынын растады. Мұндай жағдайлар әсіресе Алматы қаласында, Қостанай және Алматы облыстарында көп тіркелген. Ведомство сауалнама нәтижелері мұғалім мәртебесін қорғауға жүйелі шаралардың қажеттігін айқын көрсеткенін атап өтті.
Астанадағы жиында да бірқатар мысалдар келтірілді. Мәселен, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында былтыр тамыз айында мұғалімдерді «Томирис» есімді емшіні ұлықтау рәсіміне қатысуға мәжбүрлеген. Шара тіпті мектеп ішінде өткен, бірақ оның оқу процесіне еш қатысы болмаған. Бастамашы – аудан әкімдігі. Ақыры аудан әкімінің орынбасары мен мектеп директоры қызметінен босатылып, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы мен Тереңөзек ауылының әкімі қатаң тәртіптік жазаға тартылды.
Семейде өткен жылы мұғалімдерді қалалық жаңа жылдық шыршаны орнатуға жіберген. Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Ашировтың айтуынша, бастама тағы да әкімдіктен шыққан. Қала орталығында шырша орнату кезінде №49 мектептің мұғалімі биіктен құлап, ауыр жарақат алған және бірнеше ота жасатуға мәжбүр болған. Қызметтік тергеуден кейін Семей әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жарияланып, білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.
Аширов сондай-ақ Қостанайдағы мысалды келтірді. Биыл маусым айында әкім мұғалімдерді жазғы шомылу маусымында су айдындарында кезекшілікке тартуды тапсырған. Бұл бастама қоғамда үлкен резонанс туғызып, педагогтардың құқығын бұзу ретінде бағаланды.
Ал мамыр айында Қаскелеңдегі «Келешек» мектебінің мұғалімдері әкімнің тапсырмасымен сенбілікке шығарылған. Осы үшін Алматы облыстық білім басқармасы әкімдікке шара қолданған. Сол айда мектепте жасөспірімдер арасында қайғылы жағдай тіркеліп, артынша директор мен бірнеше мұғалім қызметінен босатылды.
Тағы бір оқиға – Павлодар облысының Шарбақты ауданында болды. 2023 жылдың сәуірінде үйінде зорлық-зомбылыққа ұшырап, жүкті болған 12 жастағы оқушы қыздың жағдайынан кейін мектеп директоры қызметінен босатылған. Ашировтың сөзінше, мұғалімдер мұндай оқиғаларға жауапты болмауы тиіс, сондықтан министрлік оларды қызметіне қайта орналастыруға қол жеткізген.
– Бұл деректер жергілікті атқарушы органдардың заң нормаларын әрдайым сақтай бермейтінін көрсетеді, – деп атап өтті Аширов.
Білім министрі Ғани Бейсембаев педагогтарға заң нормалары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, ал өңір әкімдіктеріне мұғалімдердің кәсіби құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды.
– «Педагог мәртебесі туралы» заңның жаңартылған нұсқасын барлық әкімдіктерге, облыстық басқармалар мен білім департаменттеріне жолдауды тапсырамын. Әріптестеріміздің қолында толық құжат барлық өзгерістерімен бірге болуы керек. Бұл – дұрыс шешім, – деді министр.
Осы айда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Ол балаларға қатысты кез келген қайғылы оқиға үшін педагогтарды бірден жазалау дұрыс еместігін айтты. Сондай-ақ мұғалімдер кәсібіне жат тапсырмалардан босатылуы тиіс екені, мектептен тыс немесе ата-аналардың кінәсінен болған оқиғаларға жауап бермеуі қажет екені атап өтілді.
«Педагог мәртебесі туралы» заң 2019 жылы қабылданған. Ол мұғалімдердің жүктемесін азайтып, құқықтарын қорғауға бағытталған. Бірақ қазіргі жағдай жергілікті деңгейде заң әлі де жиі бұзылып отырғанын көрсетіп отыр.