Кейінгі уақыттары Қазақстанда әлеуметтік желіде әділдік іздеу тенденциясы байқалады. Президенттен, халықтан, журналистерден көмек сұрап, үндеу жасайтын адамдар көбейді. Бұл ненің көрінісі? Халық заң мен мемлекеттік органдардың жұмысына сенбей ме? Әлеуметтік желіде үндеу жасаудың себебі не? Бұл материалда осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейміз.
Әлеуметтік желіден әділдік іздеу
Былтыр қазанда Талғардағы төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың өлімі әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін қоғамды дүр сілкіндірді. Қоғамдық резонанстан соң іс сотқа дейін жетіп, 9 адам сотталды. 2024 жылы жұмбақ жағдайда Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған Ақнәр Гүлстанның ісі де марқұмның отбасы мен қорғаушылары әлеуметтік желіге шығып, журналистер мен құзырлы органдардан көмек сұрағаннан кейін қайта жанданды.
Дәл осы сияқты әскерге барып, жұмбақ жағдайда комаға түскен Ербаян Мұхтар, Нұржігіт Әбділпатта сияқты сарбаздардың да оқиғалары әлеуметтік желі мен БАҚ-та тараған ақпараттан кейін қоғамдық резонанс тудырды. Бұдан өзге Қазақстанның батыс өңірлерінде мұнайшылар да еңбек дауын жоғары билікке әлеуметтік желіде үндеу жасау арқылы жеткізіп келеді.
«Ең соңғы үміт – әлеуметтік желі»
Құқық қорғаушы Ринат Рафқат азаматтардың әлеуметтік желіден әділдік іздеуі қалыпты жағдайға айналып барады дейді. Сөзінше, азаматтар мәселесін жергілікті билік пен заң органдары шешіп бермеген соң, еркісіз әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауға мәжбүр.
«Адам енді қазір мына технология дамыған заманда болғандықтан әлеуметтік желіге сүйенеді. Не үшін? Себебі мәселе сол бойда шешілмегендіктен, назар аударылмағандықтан, есік-терезе соғып, табалдырық тоздырып сөйтіп жүреді. Мәселеге көз жұма қарайтындары бар атқарушы биліктің де, орындаушы биліктің де, күштік құрылым тарапынан да, сот жүйесінен де. Сондықтан ең соңғы амал – адам әлеуметтік желіге шығады. Онда да ол іс, ол мәселе резонанс болуы керек. Әлеуметтік желіге шыққанмен де, ол көп жағдайда олар игнорда қалып қояды. Көп мәселелер айтылғанмен, жетпей жатады тиісті орындарға. Одан кейін бот дейміз бе, олардың шабуылына ұшырайды. Сөйтіп ол көбіне назардан да тыс қалып қоятын жағдайлар бар», – дейді құқық қорғаушы.
Құқық қорғаушы, Ринат Рафқат. Фото: Ашық дереккөзден
«Factcheck» сайтының бас редакторы, медиа сарапшы Думан Смақов та құқық қорғаушының пікірімен келіседі. Ол кез келген өзекті мәселеге жоғары биліктегі адамдардың назарын аударту үшін әлеуметтік желі үлкен құралға айналды дейді.
«Өзіңіз жақсы білесіз, әлеуметтік желіге пост салған кезде министрліктің парақшасы тегтеледі, министрдің өзі болса тегтеледі, депутаттар тегтеледі, басқа да ресми органдар тегтеліп, ол барынша резонанс тудыруға, барынша осы жағдайды көбірек айтуға мұрсат береді. Егер қандай да бір проблема көбірек айтыла бастаса, мемлекет орган бұған амалсыздан назар аударуына тура келеді. Сол себепті де бәлкім әлеуметтік желіні осы жағдайдың катализаторы ретінде қолданатын шығар. Яғни, жылдамдатушы, осы жағдайды, әрекетті мейілінше үдетуші платформа, алаң ретінде пайдаланатын шығар деп ойлаймын. Сол себепті де әлеуметтік желі осы жағдайлардың негізгі катализаторы деп санаймын», – дейді ол.
Медиа сарапшы, Думан Смақов. Фото: Ашық дереккөзден.
«Жүйе өзінің айтқанын жасайды»
Бірақ Думан Смақов саяси оқиғалар мен істерге келгенде әлеуметтік желідегі резонанстың өзі әсер етпейді дейді. Сөзінше, оған журналист Думан Мұхаммедкәрім мен марафоншы Марат Жыланбаевтың істері дәлел.
«Егер саяси іс болса, егер биліктегі қандай да бір топтарға немесе сонда отырған басшыларға, менеджерлерге ұнамаған жағдай болса, меніңше, оған қанша тырысса да, әлеуметтік желіде қаншама рет айтылса да, дүрілдесе де былайша айтқан кезде, ешқандай пайдасын тигізбейді деп ойлаймын. Ол өзіңіз айтып отырған Думан Мұхаммедкәрімнің ісінде де, өзіңіз айтып отырған кешегі Бақытжан Төреғожианының ісінде де «жалған ақпарат тарату бойынша». Не болмаса, Марат Жыланбаевта да, тіпті мына Азаттық радиосының айналасындағы дауды да алатын болсақ, бұның барлығы тек қана әлеуметтік желі ғана емес, тіпті халықаралық аренаға шығып кеткеннің өзінде де саяси шешім болғандықтан, саяси шешім қабылданып қойған кезде меніңше, жүйе бульдозер сияқты алдындағының барлығын таптап-жаншып, өзінің айтқанын жасайды», – дейді Думан Смақов.
Желідегі резонанс және айыппұл
Қазақстанда саяси істер әлеуметтік желі мен тәуелсіз БАҚ-та жиі айтылады. Жақында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желіде сот шешімімен жеті жылға сотталған марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағаны туралы жазба жариялап, оның арты үлкен қоғамдық резонансқа ұласқан. Бірақ осыған қарамастан, Төреғожинаның өзінің үстінен «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, айппұл салынған.
Құқық қорғаушы, Бақытжан Төреғожина сотта сөйлеп тұр. Фото: Ulysmedia
«Адамның мәселесін шешудің орнына, оның өзін тұқыртады»
Құқық қорғаушы Ринат Рафқат әлеуметтік желіде көтеріліп, резонанс тудырған саяси істер нәтиже бермейді дегенмен келіспейді. Ол қалай болғанда да қоғамдық резонанс билік пен халықаралық ұйымдардың назарын аударуға әсер етеді деп есептейді.
«Біз ашықтық дейміз де, ашықтықтан қорқамыз. Ол адамның мәселесін шешудің орнына кей жағдайларда, ол адамның өзін тұқыртып, «жалған ақпарат тараттың» деп, сотқа тарту жағдайлары да орын алып жатыр. Мысалы, алдындағы Марат Жыланбаевтың кейсін айтайықшы, «Салмағы түсіп кеткен. Азып-тозған. Құлауға жақын қалды» дегені үшін білдей бір құқық қорғаушыны [Бақытжан Төреғожинаны] сотқа сүйреді. Оны ол кісі жазбағанда Марат Жыланбаев туралы қоғам білмес еді. Ол аштық ұстаған күйі қараусыз қалуы мүмкін еді. Құқық қорғаушы байланыстары арқылы бұл кісіден ақпарат білді. Қазақстан қоғамы дүр сілкінді. Айналып келгенде бұл кісіні әкімшілік жауапқа тартты. Бірақ оның жетістігі Марат Жыланбаевтың жағдайы жақсарды. Көңіл бөле бастады. Қоғаммен санаса бастады. Түрме әкімшілігі болсын, адам құқықтары жөніндегі уәкіл болсын қайта-қайта жауап беріп, назар аударды», – дейді Ринат Рафқат.
Мәжіліс депутаты, Абзал Құспан. Фото: Ашық дереккөзден
«Таяқтың екі ұшы бар»
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде үндеу жасап, қоғамдық резонанс тудыру тенденциясын жақсы үрдіске балайды. Оның сөзінше, азаматтар осындай жол арқылы өз құқығын қорғау мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Бірақ ол «Еститін үкімет» концепциясының әлі де болса толыққанды жұмыс істемей жатқанын да жоққа шығармайды.
«Мен енді өзімнің көп жылдық адвокаттық тәжірибемде бұл құралды қолданған адаммын. Оны жоққа шығармаймын. Бұл негізінен бұрынғы жүйе кезінде де айтылған «Естуші үкімет» концепциясының толыққанды жұмыс жасамай жатқанын көрсетеді. Екінші бір жағынан осындай жолмен болса да, азаматтарға өзінің құқығын қорғауға деген мүмкіндік бар екенін көрсететін дүние. Мен бұған екі тұрғыдан қарар едім, жақсы жағынан және жағымсыз тұрғысынан. Жақсы жағынан бұл «Естуші үкіметті» қозғаушы құрал ретінде бағалаған болар едім, өз басым. Әрине, заң қалай болмасын шартсыз жұмыс жасауы керек. Ол үшін құқық қолдану практикасы біркелкі болуы керек. Осы тұрғыда мәселе бар екенінің бұл айқын әрі анық көрінісі. Бұл осы жылдар бойы қалыптасып қалған жоғарыдан төмен қарай басқару жүйесі. Яғни, иерархиялық сатының көлеңкелі жағын көрсетеді. Бізде міндетті түрде жоғарғы жаққа үнің жеткен жағдайда ғана заңды шешім қабылдануы мүмкін ау деген азаматтарда сондай бір сенім пайда болды. Ол кейбір жағдайда негізсіз емес екенін көрсетеді», – дейді депутат.
Сарапшылар азаматтардың әлеуметтік желіде әділдік іздеуін биліктің қоғам алдындағы сенім дағдарысының көрінісі дейді. Қазақстанда 2021 жылдан бері азаматтардың арыз-шағымын қабылдайтын «е – Өтініш» жүйесі жұмыс істейді. Билік мұны «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бір тетігі деп бағалаған. Алайда осыған қарамастан қоғамда мемлекеттік органдардың жұмысына сын көп айтылады.