Ulysmedia.kz өңірлердің әкімдері жоспарларымен және өз уәделерімен қалай жұмыс істеп жатқанын талдауды жалғастыруда. Құмар Ақсақаловты ең ашық әкімдердің бірі деуге болады, себебі оны Қостанай көшелерінде жаяу серуендеп жүрген жерінен кездестіру қиын емес.
БІР ӘКІМНІҢ ЕКІ БЕЙНЕСІ
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов – қарама-қайшылыққа толы тұлға. Бір жағынан, ол 2017 жылдан бері басқарып келген Солтүстік Қазақстан облысында бейресми түрде «халық» әкімі атанған. Бұл атақ оған Петропавл көшелерінде жаяу жүріп, тұрғындармен еркін сөйлескені үшін ғана берілген жоқ. Ол баспасөз турларына да қызметтік көлікпен емес, журналистермен бірге автобуспен қатысатын. Оның тұсында өңірде бірнеше ірі өндіріс ашылып, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылыс бумы басталды. Жалпы, аймақ пен облыс орталығы «жандана» бастағандай болды. Оның үстіне бес жыл ішінде бірде-бір ірі жанжал тіркелген жоқ. Ақсақалов ашық әкім бейнесін жаңа өңірге ауысқанда да сақтап қалды.
Алайда 2022 жылы тағайындалған Қостанай облысының басшысы ретіндегі беделі мүлде басқа қырынан танылды. 2024 жылғы су тасқыны кезінде Ақсақалов президенттен жеке ескерту алғандардың бірі болды. Сол кезде әкімнің халық арасындағы көрінуі қамқорлықтан гөрі, мемлекет басшысының сынынан кейінгі амалсыз әрекет ретінде қабылданды.
Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысын қамауға санкция берілді. Оның мән-жайы айтылмады, бірақ қамау мемлекеттік сатып алулармен байланысты деген болжам бар. Ақсақалов бұл ретте Данияр Жандаевтың жұмыстан бұзушылықтар мен кемшіліктер үшін босатылғанын айтты. Алайда бұл мәлімдеме әкімдіктің «Жандаев өз еркімен, тұрғылықты жерін ауыстыруына байланысты қызметінен кетті» деген хабарламасына сәйкес келмейді. Оның үстіне Жандаев облысқа Ақсақаловтан бар болғаны алты ай бұрын келген, яғни әкімге оның «бұзушылықтары мен кемшіліктерін» түсіну үшін үш жылға жуық уақыт қажет болған.
Сонымен қатар, аймақтағы БАҚ пен әлеуметтік желілер денсаулық сақтау саласындағы шешілмей жатқан проблемаларды жиі көтеріп отырған. Ақсақаловтың мұндай ақпаратқа көз жұма қарауы оның «халықтық әкім» деген атағына сәйкес келмей тұр.
СӘБИЛЕР ЖӘНЕ ҚАРЖЫ
Құмар Ақсақалов облысты 2022 жылдың желтоқсанынан басқарып келеді, яғни өңірді дамытуға арналған төрт жылдық жоспарды жүзеге асыру үшін оның үш жылы ғана қалды. Бірақ әкімнің оны орындауға тіпті теориялық тұрғыдан да мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені жоспар жасаушылар өңірде «жайлы өмір сүру ортасын құру және халықтың өмір сүру сапасын дамыған елдер деңгейіне жақындатуды» көздеген еді. Әрине, бұл стратегиялық мақсат екені нақты көрсетілген, әрі 2022–2025 жылдар табысқа жетудің алғашқы қадамы болуы ықтимал еді. Бірақ екінші қадам бірінші кезеңнің табысты аяқталуын білдіреді. Ал ол орындалмады, әрі алдағы төрт айда жағдайдың түбегейлі өзгеруі де екіталай.
Әкімдік есебіне қарағанда, 2024 жылы жоспарланған істердің басым бөлігі орындалған, мақсатты индикаторлар да орындалды. Дегенмен бұл негізінен акциялар мен іс-шараларды өткізуге қатысты. Сондай-ақ жеке бизнес те өз дамуына инвестиция құйды. Ал «орындалмаған» істерге нақты себептер көрсетілген. Мәселен, балалар өлімінің коэффициенті күтпеген жерден жоғары болып шықты, өйткені былтыр «туу көрсеткіші тым төмен» тіркелген. Яғни облыс тұрғындары демографияға көбірек көңіл бөлгенде, сәби өлімі де соншалық байқалмас еді. Бұдан бөлек, жоспардың орындалмауына немесе «жартылай орындалуына» қаржыландыру мәселелері мен жобалардың 2025 жылға шегерілуі себеп болды.
Айта кетейік, БАҚ-та сөйлеген сөздерінде Құмар Ақсақалов өңірді жаппай газдандыруды басты басымдық санайтынын бірнеше рет атап өткен. Бұл бағытта елеулі сын жоқ. Жаңа газ тарату станциялары салыстырмалы түрде жиі ашылуда. Қостанай облысы тұтынатын электр энергиясын өндіретіннен көбірек жұмсайтынын ескерсек, газдандыру бизнестің дамуына да аса маңызды. Өткен жылы да жаңа өндірістер іске қосылды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде.
Кешенді даму жоспарына сәйкес, экономиканың жыл сайынғы өсімі орта есеппен 3,5% болуы тиіс еді, ал іс жүзінде әкімдік бұл көрсеткішті артығымен орындады. Бірақ жалпы алғанда қарқынның баяулауы байқалады: егер 2023 жылы өңір өнеркәсібі 11,1%-ға өссе, 2024 жылы – 9%-ға ғана өсті. 2025 жылдың алты айында өсім небәрі 4,3% болды, қазіргі динамиканы ескерсек, 2024 жылғы көрсеткіштерге жете алмауы мүмкін.
АӨК өнімдерін терең өңдеу, яғни шикізат емес, дайын тауар өндіру бойынша да жағдай біркелкі емес. Экспорт көлемі жылына кем дегенде 10 мың тоннаға өсіп келеді. Бірақ 2024 жылы сүт пен етті өңдеу жоспарлары орындалмады. Бұған себеп ретінде «арзан өнім жеткізілімін ұлғайтқан» Ресей мен Беларусь аталды.
ТУҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ, АЛАЙДА ШАҒЫМ КӨБЕЙГЕН
Өңірді дамыту жоспарының стратегиялық мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін ескерсек, соңғы 4 жылда жағдай жақсармағанын айтуға болады. Біріншіден, халық саны азаюда: соңғы үш жылда өңірден 12 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Бұл оңтүстік өңірлерден қоныс аудару бағдарламасына қарамастан болып отыр.
Облыс тұрғындары бала туғысы да келмей отыр. Табиғи өсім 2022 жылдан бері күрт төмендеді. Егер 2023 жылы табиғи өсім шамамен 1,5 адам болса, 2024 жылы бар болғаны 713 адамды құрады. Ресми жұмыссыздық деңгейі үшінші жыл қатарынан 0,1%-ға төмендеп келеді, бірақ 4,7% деген көрсеткіш Қазақстанның көптеген өңірлерінде ортақ стандарт сияқты, сондықтан ол айтарлықтай сенім ұялатпайды.
Өңірдегі орташа жалақы шамамен 370 мың теңге. Алайда биыл облыстың жартысына жуығында нақты жалақы индексі өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Облыс әкімдігінің жұмысының тиімділігін көрсететін тағы бір көрсеткіш – азаматтардың өтініштері. 2023 жылдың үшінші тоқсанында жергілікті атқарушы органдарға шамамен 13 мың шағым түссе, 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 16 мыңға жеткен.
Әр тоқсан сайын шағымдардың басты екі тақырыбы өзгермейді, олар: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік қорғау мәселелері.