×
535.13
627.44
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
535.13
627.44
6.52

Жеңіс Қасымбектің берген уәдесі мен шындығы қандай?

Бүгін, 09:40
Жеңіс Қасымбектің берген уәдесі мен шындығы қандай?
Ulysmedia.kz коллажы

Астана резеңке емес, дегенмен де елдің түкпір-түкпірінен жақсы өмір іздеп келген қазақстандықтардың басты мекеніне айналды. Халық тығыздығына президент Тоқаев та назар аударды: Қазақстан халқына жолдауында ол қалада ресми көрсетілгеннен әлдеқайда көп адамға қызмет көрсетіліп жатқанын жасырмай, наразылығын білдірді. Мемлекет басшысы бұған облыстардағы әкімдердің әрекетсіздігі себеп болып отырғанын өзі түсіндірді.

Нәтижесінде әлеуметтік қолдауға кететін шығындар бюджет кірістерінен жылдам өсіп, әлеуметтік міндеттемелердің үлесі сындарлы деңгейге жақындап келеді. Президенттің мұндай хабардарлығын жуырдағы Астана әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесумен байланыстыруға болады. Ақорда онда да Қазақстан астанасының әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болғанын хабарлады.

Әдетте, әкімдердің президент алдында жасаған есептерінде тек жақсы көрсеткіштердің өскені, жаман көрсеткіштердің азайғаны айтылады да, жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмысына нақты баға берілмейді. Алайда бұл жолғы әңгіме ашық өтті. Ulysmedia.kz Астана әкімі Қасымбектің өз жоспары мен уәделерін қалай орындап жатқанын қарастырып көруді ұйғарды.

ӘКІМ КІНӘЛІ ЕМЕС

Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке 2022 жылдың желтоқсанында елорданың тізгінін тапсырған Алтай Көлгіновтен мінсіз шаруашылық қалған жоқ. Тағайындалған сәтте Қасымбек алдындағы әкімнің жұмысына баға беруден бас тартты, бірақ бес айдан соң кең көлемді сұқбат берді. Ол ең алдымен көші-қонды реттеу, тұрғындарды тұрақты әрі жақсы жалақылы жұмыс орындарымен қамту, әлеуметтік, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту керегін айтты.

Соңғы екі жарым жылда Жеңіс Қасымбек бірнеше мәрте ел президентіне елордадағы ахуал жөнінде есеп беріп, «нақты тапсырмалар» алды. Дегенмен, сол кездесулерге арналған баспасөз хабарламаларында нақтылық болмай, тек әдепкі «қаланың ең өткір проблемаларын шешуге бағытталған бірқатар тапсырмалар» деген жалпылама сөздермен шектелді. Мұндай контекст ондаған жылдар бойы өзгерген жоқ: абаттандыру мен әлеуметтік, инженерлік, жол инфрақұрылымын дамыту қажеттігі бұрынғысынша сақталуда.

Соған қарамастан Қасымбек әкімдік жұмысына қатысты сынның алдын алу үшін бастапқы кезеңде-ақ ешкім Астанада халық санының бұлайша жедел қарқынмен өсуін күтпегенін айтып, мәлімдеме жасады. Демек, әкімдік елордаға ағылып жатқан қазақстандықтардың барлығын жайлы ортамен қамтамасыз етіп үлгермей жатыр. Егер 2022 жылдың басында елорданың ресми халқы 1,3 млн болса, 2025 жылдың 1 маусымында 1,5 млн-ға жетті. Бұған қоса, ресми статистика уақытша келіп-кететін, табыс табуға келгендерді есепке алмайды. Бұл тағы жүз мыңнан астам адам деген сөз.

Жалпы алғанда, елордадағы халық санының бақылаусыз өсуіне кез келген мәселені жабуға болады. Бірақ, бұл жағдай Қасымбектің пассивіне жазылуы мүмкін, себебі оң миграциялық сальдо табиғи өсімнен үш-төрт есе асып түсті. Демек, әкімнің көші-қонды реттеу жоспары толық іске аспаған.

“ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР” САЛЫНҒАН КЕҢСЕЛЕР

Ең қызығы халық санының жедел артуына қарамастан, елордадағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты қалыпта қалды. 2022 жылы ол 4,6% болса, 2025 жылғы маусымда – 4,4%. Бұл тұрғыдан алғанда, қала еңбекпен қамту мәселесін шамамен еңсере алған деуге болады. Мұны жұмыспен қамтылғандардың үлесі де айғақтайды: үш жыл бұрын ол жалпы халықтың 48%-ын құраса, қазір 49%-ға жетті.

Алайда әкімнің уәделерінде қиындықтар бар. Мәселен, 2023 жылдың ортасында Жеңіс Қасымбек жыл соңына дейін кемі 60 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлағанын айтқан. Ал сол жылдың қыркүйегінде қалалық мәслихат небәрі 16,5 мың жұмыс орны құрылғанын, жыл соңына дейін тағы 4–5 мың орын ашылатынын хабарлады.

Жаңа жұмыс орындары жаңа кәсіпорындардың ашылуымен тікелей байланысты. Бір жағынан, 2022 жылмен салыстырғанда қаладағы заңды тұлғалардың саны 5,5 мыңға артқан. Бірақ негізгі өсім шағын кәсіпорындар үлесіне тиіп, олардың 90%-ы сауда, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласында шоғырланған. Ал ірі кәсіпорындардың саны бар болғаны біреуге көбейді.

Әкім әлеуметтік желілерде белсенді, болашақ жоспарларын жиі бөлісіп отырады. Бір жазбасында 2024 жылы елордада 49 инвестициялық жобаның іске қосылғанын хабарлады. Бұл 301 млрд теңге жеке инвестиция тартуға және 4 100 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ал биыл тағы 55 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл, әрине, жағымды көрсеткіш әрі Қасымбектің еншісіне жазылады.

Бірақ жобаның да жобасы бар. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, Астанада биыл жылдың бірінші тоқсанында 174 коммерциялық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде: бір нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндіретін кәсіпорын, бір каустикалық сода зауыты, бір монша, үш сауда-ойын-сауық орталығы, төрт көтерме қойма және… 68 фирма мен компанияның кеңсесі бар. Бұл да «инвестициялық жоба» болып есептеледі.

УӘДЕ МЕН ШЫНДЫҚ

Әрине, Жеңіс Қасымбектің елорда әкімі ретіндегі басты жетістіктерінің бірі – көп азап көрген LRT жобасын мәрелік сызыққа шығару деуге болады. Дегенмен ол бастапқыда LRT толыққанды 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады деп мәлімдесе, кейін бұл маңызды оқиға 2026 жылға шегерілді.

Сумен қамту мәселесі де біршама шешілді. Кемінде, сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталғаннан кейін бұл мәселе аса өзекті болмай қалды. Жылумен қамтуда да белгілі бір жетістік бар: ең кемі 2022 жылғы жағдай қайталанған жоқ. Ол кезде әкімдік жылу энергиясы жетіспеушілігіне байланысты жаңа көпқабатты үйлерді пайдалануға беруді тоқтатқан болатын. Ал осы жылы 15 жыл бұрын құрылысы басталған ЖЭО-3 толық іске қосылмақ. Рас, Қасымбектің өзі бұл нысанды 2026 жылы пайдалануға беру туралы айтқан еді, бірақ президенттің жақында нысанға жасаған сапарынан кейін мерзім өзгерді.

Алайда әкім шеше алмаған проблемалар да бар. Соның ішінде – көлік кептелісі. Жеңіс Қасымбек бұл түйткілді түбегейлі шешкен әкім ретінде тарихта қалуы екіталай. Президенттің тапсырмасынан кейін ол кептеліс тақырыбына қатысты бар-жоғы бір рет пікір білдірді:

- Әлемдегі барлық ірі қалалардағы жалғыз шешім – қоғамдық көлікті барынша жүктеу және жеке көлікті пайдаланбау. Басқа жол жоқ, – деді Қасымбек.

Яғни әкім негізгі үмітті қоғамдық көлікті дамытуға артып отыр. Бірақ мұнда да айтарлықтай шешімдер жоқ. LRT келесі жылы іске қосылған күннің өзінде, оған қала тұрғындарының жеткілікті көлемде ауысып отыруы екіталай. Әсіресе, таңғы және кешкі қарбалас сағаттарда кептелісті азайта қою мүмкін емес.

Жолдардың жиі жөнделуіне байланысты автобустардың бағыты үнемі өзгеріп, бұл көлік түрінің танымалдығына кері әсерін тигізуде. Бұған қоса, автобус паркіндегі мәселелер де жетіп артылады. Қала тұрғындарын велосипедке отырғызу климатқа байланысты мүмкін емес, ал сырттан келетін көліктерді қалаға кіргізбеу де тек алыс болашақтың жоспары ғана.

Жалпы алғанда, Астана бастапқыда кең жолдар мен тиімді жолайрықтар ескерілмей салынғандықтан, өсіп келе жатқан қала үшін нақты шешімдер жоқ болып тұр.

Нөсерлік кәріз жүйесінің мәселесі де шешілмеген. 2023 жылдың жазында Астана су астында қалғаннан кейін әкімдік шұғыл түрде 2,5 км нөсер кәрізін салатынын мәлімдеген. Әрине, біршама шара қабылданған болар, бірақ жеткіліксіз. Биыл шілденің басында қала тағы да «теңізге айналды» деп әлеуметтік желілерде түрлі әңгіме жазылды.

Қасымбектің атына мақтау әкелуі мүмкін тағы бір тақырып Кіші Талдыкөл болар еді. Ол көлдердің қалған бөлігін сақтап қалуға уәде еткен болатын. Бұл аумақ Көлгінов әкімдігі кезінде тұрғын үй кешендерінің құрылысы үшін құрғатылған еді. Әкімдік ресми түрде әлі де экопарк салынатынын айтып келеді. Бұл парк көлдер жүйесін қамтуы тиіс. Құрылыстың басталуы 2025 жылдың екінші жартысына шегерілген. Қасымбектің өзі айтқандай, «бәрі бюджет мүмкіндіктеріне байланысты». Бірақ әзірге бұл бағытта нақты жұмыстардың белгісі жоқ.

Керісінше, жуырдағы елорданың бас жоспарына түзетулерді қоғамдық талқылау кезінде көлдердің орнында биік ғимараттар салу жоспары әлі күнге бар екені анықталды. Бұған қоса, бұған дейін саябақтар мен скверлер ретінде көрсетілген жерлерге де құрылыс жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары