×
539.54
637.09
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.54
637.09
6.52

ЭКСПО ісі: Ермегияевтің қорғаушылары неге Тоқаевқа жүгінбек?

Бүгін, 10:28
ЭКСПО ісі: Ермегияевтің қорғаушылары неге Тоқаевқа жүгінбек?
Ulysmedia.kz коллажы

Кеше Алматы облыстық сотында «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босауына қатысты апелляциялық отырыс өтті. Апелляциялық алқа Алатау аудандық сотының қаулысын күшінде қалдырып, Ермегияевті бостандыққа шығарудан тағы да бас тартты. Ulysmedia тілшісі сотта айтылған уәждер мен қорғау тарапының неге ең жоғарғы инстанция – президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінбек ниетте екенін баяндайды.

«Құрметті сот»

Бұрынғы топ-менеджердің мүддесін адвокат Анара Құсайынова қорғады. Отырыстың өзі оның жеке шағымы бойынша өткендіктен, Ермегияев залда болған жоқ. Залда оның үлкен ұлы Мәди, жиендері және бірнеше журналист отырды. Құсайынова Астанадан арнайы ұшып келіп, бір сағаттай тоқтаусыз сөз сөйлеп, қорғауындағы азаматтың үйіне оралуына барлық негіз барын дәлелдеуге тырысты.

Ол Ермегияев жазаның үштен екісінен астамын (14 жылдың 9 жылын) өтегенін, «QazExpoCongress» акционерлік қоғамына 935 млн теңге (яғни келтірілген залалдың алтыдан бірі) өтелгенін еске салды. Колонияда оған үшінші, ең жоғары деңгейдегі үлгілі тәртібі үшін баға берілген. Сонымен қатар, Ермегияев жазасын өтеу барысында кітапхана және екі тігін цехын ашқан.

– Біздің қорғауымыздағы азамат тек қана зиянды өтеуге талпыныс жасап қойған жоқ, ол оны отбасылық мүлікті сату есебінен ішінара өтеді. Сондықтан бірінші сатыдағы соттың Ермегияев ешқандай шара қолданбады деген тұжырымы объективті бола алмайды. Бұған қоса, ол тек өзін жұмыспен қамтуға тырысқан жоқ, басқа сотталғандарға да жұмыс орындарын ашты, – деді адвокат.

Депутаттардың кепілдігі

Құсайынованың айтуынша, шартты түрде босатуға жәбірленуші тарап та қарсы емес. «QazExpoCongress» өкілдері Ермегияев бостандыққа шықса, шығынды өтеу мүмкіндігі артады деп санайды. Одан бөлек, бұрынғы басшыны мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Ермұрат Бапи де қолдады. Олар соттың алғашқы шешімінен кейін адвокатқа өздері хабарласып, ресми кепілдік хат дайындаған. Бұл хаттар да істің материалдарына енгізілді.

– Мәжілісмендер өздері маған хабарласты. Өйткені олар Ермегияевке қатысты істің жарияланып жатқанын көрді. Өз көзқарастары бар екен, сондықтан кездесуге ниет білдірді. Осылайша, жеке кепілдемелер пайда болды. Онда олар Ермегияев шартты түрде босатылған жағдайда оның дұрыс тәртіп ұстануына кепіл беретінін, сондай-ақ сот белгілейтін шектеулерді орындауына жауапты болатынын жазған, – деді адвокат.

«Осындай тәжірибе қалыптасқан»

Мемлекеттік айыптаушы отырысқа онлайн қосылды. Прокурордың даусын көбіне планшет арқылы ғана естіді. Ол залал толық өтелмегенін айтып, шағымды қанағаттандырмауды сұрады. «Сот жүйесінде осындай тәжірибе қалыптасқан» деп түсіндірді ол.

Шағымды судья Уәлихан Рахматуллаев қарады. Резонанс пен көптеген уәжге қарамастан, ол 15 минут ішінде шешім шығарып, прокурордың пікірін қолдады.

– Залал толық өтелген жағдайда сот шартты түрде босатуға міндетті. Бірақ! Егер толық өтелмесе, ол соттың қарауына байланысты. Заң басқа жағдайларды ескере отырып, сотқа осындай шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді судья.

«Жоғарғы сот қайда қарап отыр?»

Отырыстан кейін Құсайынова Қазақстанда сот тәжірибесінің бірыңғай еместігін айтты. Мысал ретінде ол жуырдағы Жомарт Ертаевтың күтпеген жерден босатылуын келтірді.

– Осы облыстық сот жақында 144 миллиард теңге ұрлаған бұрынғы банкирді босатты. Ал менің қорғауымдағы азамат 5,9 миллиард теңгеге қатысты іс бойынша 10 жылға жуық қамауда отыр. Оның үстіне ол шамамен 1 миллиард теңгені өтеді. Ертаев болса небәрі 5 жыл отырды. Мұндай шешім қабылданды. Сонда сот тәжірибесінде бірыңғайлық қайда? Жоғарғы сот қайда қарап отыр? – деді адвокат.

Қорғаушы толық өтем тек жазаны жеңілдетуге байланысты талап етіледі деп түсіндіріп, прокурорды заң нормаларын білмеді деп айыптады. Ulysmedia сауалына жауап бергенде Құсайынова кассациялық соттарға шағымданбайтынын, оларға сенбейтінін айтты. Оның жоспары – президентке хат жазу.

– Біз Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде тікелей мемлекет басшысына жүгінбекпіз. Үмітсіз шайтан. Біз мұны жасырмаймыз. Президентке ашық түрде өтініш жолдаймыз, – деді ол.

Контекст

Талғат Ермегияев – Қазақстанның бұрынғы туризм және спорт министрі (2011–2012), сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы (2013–2015). Ол 1969 жылы 7 мамырда Алматыда дүниеге келген. 2015 жылы маусымда ЭКСПО басшылығынан босатылып, 2016 жылы маусымда аса ірі көлемде пара алу және мемлекеттік қаржыны жымқыру айыбымен кінәлі деп танылды. Сот оны 14 жылға қатаң режимдегі колонияға жіберіп, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды.

Қорғау тарапының айтуынша, бұл үкім күмәнді дәлелдерге негізделген. Атап айтқанда, психикалық ауытқуы бар негізгі куәгердің адвокатсыз және қысыммен берген жауабы пайдаланылған. Бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia-ға берген сұхбатында ЭКСПО құрылысына мердігерлерді кім және қалай таңдағанын, қылмыстық істе экс-бас прокурор Қожамжаровтың рөлі мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мүдделері болғанын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары