Қазақстанның түрлі әлемдік рейтингтердің ТОП-ына енуді көздеуі елде сан алуан квазимемлекеттік компаниялардың пайда болуына сеп болды. Соның бірі – «жасыл» энергетиканы дамыту идеясы. Бұл тақырыпқа қызығушылық толқыны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында күшейді. Қазір бұл идеялар дерлік ұмытылып барады: баламалы энергия көздерінен бас тартпаймыз десек те, миллиардтаған теңгені көмір жағатын ЖЭО-ларға салуға ниеттіміз. Ал «жасылдандыруға» құрылған конторлар әлі күнге дейін бар болып, ондағы қызметкерлерге жайлы жағдай жасауда. Ulysmedia.kz осының бәрінің қалай жұмыс істейтінін «Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ мысалында түсіндіреді.
Тағы да «әулеттің» ықпалы
Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы салтанатты түрде ашылды. 2018 жылы бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев оның құрылуы туралы қаулыға қол қойған. Құжатта Орталық Қазақстанның «жасыл экономикаға» жедел өтуі үшін, яғни технологиялар мен үздік тәжірибелерді ілгерілету, бизнесті және инвестицияны дамыту, сонымен қатар 2012 жылы БҰҰ тұрақты даму жөніндегі конференциясында қабылданған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажет делінген.
Сол қаулымен бірге Орталыққа берілетін мемлекеттік мүліктің тізімі бекітілді. Қарап отырсаңыз, экономиканы «жасылдандыруға» үстелдер, орындықтар, бірнеше проектор мен теледидар жеткілікті сияқты. Әрине, компьютер мен кеңсе техникасы да қажет болды. Салмақты көрсету үшін, «ЭКСПО-2017» көрмесінен босаған павильондардың бірін де берді. Ал стратегиялық міндеті бар мекемеге жетекші етіп халықаралық көрменің бұрынғы комиссары әрі кәсіби дипломат Рапиль Жошыбаев тағайындалды.
Рапиль Сетханұлы Қазақстан экономикасын «жасылдандыруға» қанша инвестор тартқаны белгісіз. Бірақ үкімет бұған онша қызықпады: Орталық құрылғаннан көп ұзамай, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының иелігіне өтті. Еске салайық, бұл қауымдастықты 2017 жылдан 2022 жылға дейін Әлия Назарбаева басқарды. Ол әкесінің (сол кезде Елбасы атанған) қасында жүріп, Орталыққа бірнеше рет барған. Қаңтар оқиғасынан кейін Әлия Нұрсұлтанқызы қазақстандық экологияға еңбек етуден «шаршағанын» айтып, АЭҚО-дан «өз еркімен» кету туралы арыз жазды.
– Әлия Нұрсұлтанқызы кеткеннен кейін бізде ештеңе өзгерген жоқ. Сол бұрынғыдай жұмыс істеп жатырмыз. Экологиялық қызметпен де бұрынғыдай айналысып келеміз, – деп түсініктеме берді Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Илья Сухоносенко.
Дегенмен ол артық айтып қойды. Мысалы, Қазақстан үкіметі Орталықты қайта еске алып, оны экология және табиғи ресурстар министрлігінің балансына қайтарды.
Бірақ меншік иесінің ауысуы инвесторлардың санына көп әсер етпеді. Есесіне «жасыл технологиялардың» есебінен байып кетуге болатынын көрсетті. 2022 жылы «Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының» басқарма төрағасы болып тағайындалған Олжас Ағабеков 2024 жылы 120 млн теңге демеушілік қаражатты жымқырғаны, 35 млн теңге пара алғаны және басшылыққа заңсыз 8,2 млн теңге сыйақы жазып бергені үшін 9 жылға сотталды.
Одан бері Орталықта бірнеше басшы ауысты. Қазір қазақстандық экономиканы «жасылдандыруға» инвестор тарту міндеті – бұрын журналист болған, кейін «ҚазАгро» холдингінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінде баспасөз хатшысы, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі әрі орынбасары қызметін атқарған Сәкен Қалқамановқа жүктелді. Өмірзақ Шөкеев қызметінен кеткеннен кейін ол Астанаға оралып, Орталықтың директоры болды. 2018 жылғы қаулыға сәйкес, Қазақстандағы бүкіл «жасыл экономиканың» тағдыры осы мекемеге байланысты. Экология мен журналистика арасындағы байланыс белгісіз. Мүмкін, қазіргі экология министрі Ерлан Нысанбаев кезінде АШМ-ға қарасты орман шаруашылығы комитетін басқарғанымен байланысты шығар.
Әйтеуір, Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының сайты Сәкен Қалқамановтың экология саласындағы кәсіпкерлермен кездесулері туралы жаңалықтарды жиі жариялайды. Осыдан мекеме шынымен жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Министрлікте де Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы Қазақстан үшін аса қажетті ұйым деп есептейді.
– Қазіргі уақытта Орталық – экологияландыру және ең үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) енгізу саласындағы мемлекеттік міндеттер мен басымдықтарды қолдауға бағытталған жалғыз ұлттық деңгейдегі ұйым. Ол ірі өнеркәсіп салаларын жаңғырту және көміртекті азайту реформаларын іске асыруда негізгі рөл атқарады. Қазіргі кезде Орталық ОЭСР елдері тарапынан ҮҚТ-ға көшуге қолдау көрсететін институт ретінде мойындалды. Орталықтың әлеуетін ескере отырып, оның базасында ҮҚТ бойынша аймақтық бюро және Орталық Азия елдеріне арналған акселерациялық орталық құрылмақ. Бұдан бөлек, Тәжікстан мен Өзбекстан да Қазақстанның тәжірибесін белсенді қабылдап, кеңестерге қатысып жүр, – делінген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаевтың Ulysmedia.kz-ке берген жауабында.
Министрлік үшін бұл мекеме соншалықты маңызды болғандықтан, 2022 жылдан бері оған шамамен 2,8 млрд теңге құйылды.
Ulysmedia «Бұл қаражат қайда кетіп жатыр?» деген сауалға жауап іздеді. Басшылыққа берілген сыйақылардан бөлек, ресми дерек бойынша, Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталықтың соңғы қаржылық есебі 2023 жылға тиесілі. Онда орталықтың кірісі – 1,44 млрд теңге, шығысы – 1,36 млрд теңге, таза пайдасы – 66,4 млн теңге деп көрсетілген. Экология министрлігінен бөлінген қаржыдан бөлек, орталық инновациялық экожүйе құру үшін халықаралық ұйымнан 1,4 млн доллар грант алған. Бұл экожүйе технологиялық шешімдерді коммерцияландыру арқылы қоршаған ортаға зиянды азайтуға бағытталған. 2023 жылы орталықта небәрі 58 адам жұмыс істеген.
2024 немесе 2025 жылдарға арналған есеп сайтта жоқ. Бірақ мемлекеттік сатып алулар порталынан қарасақ, ұйымның негізгі шығындары іссапарлар мен негізгі функцияларды аутсорсингке беруге жұмсалған. Мәселен, соңғы үш айда «жасыл» күн тәртібін насихаттау үшін бейнероликтер, подкасттар жасауға және әлеуметтік желілерді жүргізуге 35 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Салыстыру үшін: екі әлеуметтік бейнеролик түсіруге 3,5 млн теңгеден артық қаражат жұмсалған. Әрқайсысы 5 минуттан кем болмауы тиіс. Бұл ақшаға түсірілім, монтаж, дыбыстау және қажет болса, іссапарлар да кіреді. Журналистикада тәжірибесі бар Сәкен Қалқаманов мұндай сомамен Қазақстанда шағын телехикая түсіруге болатынын білуі тиіс еді, бірақ бұл сатып алуды мақұлдаған.
Орталық іссапар шығындарынан да аянбайды. Соңғы айларда 2,5 млн теңгеге жуық теміржол және әуе билеттерін брондау қызметіне, кейін тағы да 10 млн теңгеге жуық сомада жаңа лотқа тапсырыс берген.
Бұдан бөлек, орталық қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне 16,5 млн теңгеге медициналық сақтандыру жасалған. Бұл сақтандыруға стоматолог пен ақылы стационар қызметтері де кіреді.
Ең қызығы, орталықтың өз жұмысының басым бөлігін аутсорсингке бергені байқалады. Аймақтарда семинар өткізу, агитациялық материалдар әзірлеу және тағы басқа функциялардың көбі сыртқы мердігерлерге жүктелген. Тіпті 2025 жылдың соңында орталық 300 млн теңгеге жуық сомада жаңа сатып алу жариялады: экология және «жасыл» технологиялар саласында жоғары білікті кадрларды іріктеп, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ олардың еңбекақысын, әлеуметтік төлемдерін жүргізу.
Бұл сатып алуға сәйкес, үш жоғары дәрежелі эколог айына қолына 1,1 млн теңге алуы тиіс. Одан бөлек, 8 экологқа 750 мың теңгеден, ал PR-менеджерлер, заңгерлер, экономистер және тағы басқа мамандарға 500 мың теңгеден астам еңбекақы белгіленген.
Ал Ulysmedia.kz байқағандай, Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының сатып алулары арасында энергия тұтынуды азайту, жаңартылатын энергия көздерін енгізу немесе нақты шығарындыларды қысқартуға бағытталған жобалар жоқ.