×
541.63
632.24
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.63
632.24
6.61

Құрбандар мен күнәһарлар: Салтанат ісін кім фарсқа айналдырып отыр?

Бүгін, 11:00
Құрбандар мен күнәһарлар: Салтанат ісін кім фарсқа айналдырып отыр?
Ulysmedia.kz коллажы

Салтанат Нүкенованың оны азаматтық күйеуі – бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза табуы Қазақстандағы қоғамдық кеңістікте аяқталмайтын сериалға айналды. Бұл драма екі рет өз шегіне жеткендей еді: алдымен сот үкімі шыққанда, кейін «Салтанат заңы» қабылданғанда. Қоғам тыныстап, келесі тақырыпқа өткен сыңай танытқанымен, тыныштық ұзаққа созылмады. Қазір жұрт көз алдында осы оқиғаның жаңа, күзгі “маусымы” басталды. Осы халықаралық деңгейде танылған драмадағы жаңа бұрылыстарды Ulysmedia.kz тілшісі саралап көрді.

ҰЛТТЫҚ ПАНТЕОННАН ЖЕКЕ КОЛЛЕКЦИЯҒА ДЕЙІН

2025 жылдың қазан айының алғашқы күндерінің бірінде Салтанат Нүкенованың туған ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желідегі жазбасында салтанатты түрде “қасиетті жаңалықпен” бөлісті: оның қарындасының есімі енді Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалардың пантеонында қашалып жазылған. Ол жазбасына Павлодардың топырағы салынған капсула мен мемориал қабырғасының суреттерін қоса жариялап, бұл ұлттық деңгейдегі мойындау әсерін қалдырды.

Көпшілік мұны Салтанаттың құрбандақтан тарихи символға айналғанының белгісі ретінде қабылдады. Алайда қоғам екіге жарылды. Бір бөлігі “әділеттілік орнады” деп көз жасын сүртсе, екінші бөлігі таңданысын жасыра алмады. 

– Ал ауылдағы қарапайым әйел, күйеуінің қолынан қаза тапса, оның да аты осы пантеонға жазыла ма? Әлде бай отбасында тууы керек пе еді?

Бірақ бұл ұзаққа созылмады. Көп ұзамай Қостанай облысы әкімдігі ресми түсініктеме беріп, мәселенің мүлде басқаша екенін хабарлады. Амангелді ауданы әкімдігі бұл мемориалдың ресми «Ұлттық жады қабырғасына» еш қатысы жоқ екенін түсіндірді. Салтанат Нүкенованың есімі қашалған тақта — меценаттың жеке бастамасы болып шықты және ол «жеке жабық нысандардың» бірінде, яғни Майя пирамидасы, Эйфель мұнарасы, Бостандық мүсіні және «Бразилия» қонақүйі бар туристік кешеннің ішінде орналасқан.

Осылайша, “ұлттық мойындау” тақырыбы күтпеген жерден “жеке естелік пен жаһандық символдар арасындағы гибридке” айналды. Тағы бір қызығы — бұл жаңалық Айтбек Амангелдінің медиа кеңістікке қайта оралуымен дәл тұспа-тұс келді. Ол Талғардағы оқушы Шерзат Полаттың өліміне қатысты дау кезінде сынға ұшырағаннан кейін біраз уақыт үнсіз қалған еді.

ШЫНДЫҚҚА ДЕГЕН ҚҰҚЫҚ

“Тапсырыспен жазылған, өсек, хайп” деген айыптаулар мен “манипулятор”, “клоун” деген пікірлерден кейінгі үнсіздік Айтбек Амангелдіге пайдасын тигізгендей. Ол қайтадан өзін “тәжірибелі, шаршаған, бірақ сынбаған күрескер” бейнесінде көрсетті.

Жазбасында ол “бұрын істі болғандықтан жариялай алмаған барлық құжаттарды енді біртіндеп көрсететінін” айтып, толық түсініктеме беруге уәде етті.

Ол аудиториямен жұмыс істеу тәсілін өзгертпеген: “Сұрақтарыңыз бен пікірлеріңізді жазыңыздар” деген үндеумен қатар, “жеке ренішін шығару” үшін “дәретханаға барып келген жөн” деген “әкелік кеңес” те қалдырды. Бұл риторика әділет үшін күрес пен тұрмыстық дөрекілік арасындағы шекараны шебер ұстай отырып, оның мақсаты мен аудиториясына қатысты сұрақтар туғызды.

Көпшілік мұны күмәнмен қабылдады:

– Айтым, өзіңізді тым жоғары қойдыңыз, сіз кім едіңіз өзі? Адамның қасіретімен хайп жасауды қойыңыз, – деп жазды бір қолданушы.

Осылайша, қарындасының есімін қорғаушы бейнесі қоғам назарында тұрақтап қалған Айтбек жаңа ақпараттық себептер іздеуді жалғастырып келеді. Пантеон төңірегіндегі дау соның бір дәлелі іспетті.

НАМАЗ, КІТАП ЖӘНЕ ДАҒДАРЫС

Бұл уақытта драманың басқа кейіпкерлері көзге көрінбейтін, бірақ күрделі күресін басқа майданда — түрме қабырғасында жалғастырып жатыр. Соның бірі – Бақытжан Байжановтың жары Айнұрдың жазбасы.

Ол жұбайын “істеген ісіне шын өкініп, түзелуге ұмтылған” адам ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, күйеуі тәртіпті сақтап, еңбекке және тәрбие жұмысына белсене қатысып, бірнеше рет марапатталған.

Алайда ары қарай жағдай Кафка туындысындай сипат алады:

- 23 қыркүйекте күйеуім намаз оқығаны үшін екі рет ескерту алды, ал 26 қыркүйекте кітап оқығаны үшін тәртіптік жаза қолданылды. Барлығы да жеке бос уақытында болған, – деп жазады Айнұр.

Оның пікірінше, бұл жазалар күйеуінің жазаны жеңілдету туралы өтініш беруімен байланысты, яғни оны әдейі босатпау үшін “жасанды кедергілер” жасалып отыр. Бұдан бөлек, “мекеме басшылығымен ымыраға келу туралы жалған ақпарат” шыққан соң, жұбайына “теріс баға беру” басталғанын да айтады.

Діндарлық пен кітап оқуға талпыныстың жазалануы түзеу жүйесінің өз ішіндегі қайшылықтарды айқын көрсетеді. Енді “сотталған адамның түзелуіне не көбірек әсер етеді — адал еңбек пе, әлде рухани ізденіс үшін әкімшілікпен күрес пе?” деген сұрақ туындайды.

ҒАЛАМДАНУ АЯСЫНДАҒЫ ШЕКСІЗ ТАРИХ

Қайғылы оқиғадан екі жыл өтсе де, оның жаңғырығы қоғам өмірінің күрделі, көпқырлы және кейде абсурд көріністерін қалыптастыруда.

Салтанат Нүкенованың есімі бүгінде бірнеше деңгейде өмір сүреді:
— мемлекеттік деңгейде – оның атымен заң қабылданған ресми символ ретінде;
— жеке деңгейде – эклектикалық туристік кешендегі жеке мемориал түрінде;
— және қоғамдық кеңістікте – оның ағасы Айтбек Амангелдінің үздіксіз ақпараттық белсенділігі арқылы.

Салтанат қоры өз жұмысын жалғастырып жатыр, ал оның негізін қалаушы құқық қорғау, медиа және қоғам пікірін басқару шекарасында өз беделін қалыптастыруда.

Ал олардың қарсыластары түрме ішінде өз сынақтарынан өтуде, бұл да өз кезегінде бұрынғы моральдық дилеммаларын еске салады: қай кезде араласу керек, ал қашан – үнсіз қалу керек?

Бұл оқиға енді жай ғана қылмыстық іс емес. Ол - қоғамның айнасы. Мұнда адамдық қайғы, саясат, пиар мен жеке амбиция бір түйінге айналып кеткен.

Жаңа “сериялар” шығып жатқанда, бір сұрақ ашық күйінде қалып отыр: не басым түседі - тыныш, шынайы естелік пе, әлде трагедиядан шоу жасаудың шексіз әдеті ме? Әзірге бұл сұраққа жауап жоқ…

Серіктес жаңалықтары