×
539.06
623.75
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.06
623.75
6.63

Сарбаз өлімі: Отан қорғауға шабытпен барып, табытпен қайтқандардың қаны кімнің мойнында?

Бүгін, 11:20
Сарбаз өлімі: Отан қорғауға шабытпен барып, табытпен қайтқандардың қаны кімнің мойнында?
Коллаж: Ұлысмедиа

20 жастағы Еркебұлан Сағындықов қайтыс болардан бірнеше сағат бұрын үйіне қоңырау шалыпты. Үнінен діріл мен шаршаңқылық сезілген. «Маған өте қиын…» деп барып телефон тұтқасын қойыпты. Сөйткен сарбаз келер күннің шапағын көрместен, мына фәни жалған дүниемен қоштасып кете барған. Оның өлімін естірткен ресми хабарлама мазмұны үш-ақ ауыз сөзбен түйінделген: «Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз өліміне техникалық жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болған. Полиция қылмыстық іс қозғады. Қызметтік тексеріс жүргізілуде». Әдетке айналған сарбаз өлімі, әдепкі сөз. Ал осынау құрғақ ресми жауаптың ар жағында шайқалған шаңырақ, тәлкек болған тағдыр, сүйіктісін әскерден күткен аяулы қалыңдық пен әскери прокуратураның тас қамал есігі алдында шындық күткен ана тұр. Неліктен ондаған жыл бойы осынау көрініс қайталана береді, неліктен ондаған жыл бойы осынау ресми жауап қана айтылып келеді? Елдің тыныштығын күзететін айбынды Армия қолбасшылығы неліктен шындықты мойындаудан айбынады? Неге жүндей түтілген жүйе түзелмейді? Біз сарбаздармен қоса шындықты жерлеп жатқанымызды неге айтпаймыз, неге мойындамаймыз? Толығырақ Ulysmedia.kz тілшісі дайындаған материалда.

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Тыныштық. Басынан өткенген жанға тыныштықтың да өз үні, әуезі, ырғағы бар екен. Дәл осы тыныштықты енді Гүлназ Жұмабаева телефонды қолға алған сайын естиді. Бар болғаны бір ай бұрын ғана тұтқадан ұлының даусы естілетін. 20 жастағы Еркебұлан Үстіртте әскери борышын өтеп жүрген.

– Анашым, мені басқа бөлімге ауыстыруға бола ма? Маған мұнда өте қиын, – деді ол, дауысынан шаршағаны байқалып тұрды.

Туыстарының айтуынша, ол мықты жігіт еді – спортпен айналысқан, үйленемін деп жүрген. Қалыңдығы Ақниет әлі күнге дейін жазысқан хаттарын сақтап отыр.

– Моторды жөндеу керек, ақша таптыңдар ма? – деп жазған ол алыс гарнизоннан.

7 қазанда ол өмірден өтті. Ресми нұсқа: жанармай иісінен уланған. Ал жігіттің ата-анасы бұған сенбейді, көкейде жауапсыз сұрақтар қалған.

– Қалай? Неліктен тек ол ғана уланды? Неліктен бұл дәл қазір болды, бірнеше ай бойы шағымданып, ауыстыруды сұрап жүрді ғой?

Әскери бөлім басшылығы қайғыдан қан жұтқан отбасыға түсіндірудің орнына үнсіз қалғанды жөн санаған. Түсініктемелердің орнына ауыр табыт, үш ауыз сөз сыйған ресми хабарлама және сөзден де ауыр үнсіздік. Бұл оқиға, өкінішке қарай, ондаған қазақстандық отбасыға таныс. Ол жыл сайын жаман түстей қайталанады. Тек есімдер ғана өзгереді, ал басқасы бәз-баяғы қалпы.

ҮНДЕМЕСТІК ХРОНОЛОГИЯСЫ

Сарбаздардың өлімі туралы барлық ресми хабарламаларды жинасаңыз, соңғы 13 жылдағы оқиғалардың өзімен-ақ қалың оқулық құрастыруға болады. «Кездейсоқ жағдай», «суицид», «қауіпсіздік шараларын бұзу». Аталған оқулықтың тарауларын осылай атаса болады. Бұл тіркестер бір баспасөз хабарламасынан екіншісіне көшіп, шындықтың кебініндей болып келеді. Қазақстан армиясындағы барлық төтенше оқиғаны жариялау мүмкін емес, оған сервердің қуаты жетпейді. Бірақ ең резонансты жағдайлардың өздері шындықты жасырудың қайғылы үрдісін көрсетеді…

2012 жыл. Аягөз. Оқ-дәрі жарылып, сарбаз қаза тапты. Сол жылы Астанада 19 жастағы Нұр Хайранбаев екі оқ жарақатымен өлі күйінде табылды. Ресми нұсқа: суицид, бірақ тәжірибелі тергеушілер оқ дененің екі түрлі жеріне тигенін, бұл өзін-өзі өлтіру емес екенін айтты.

2013 жыл. «Шаған-Обо» шекара бекеті. 18 жастағы Дәурен Хасанов басынан атылған оқтан қаза тапты. Офицердің тапаншасынан. Үкім: екі жыл шартты жаза. Жас жігіттің өмірі түрмедегі бір жылдан да арзан сияқты.

2015 жыл. Ақтау. Оқу-жаттығу кезінде төрт БТР-80 су түбіне кетті. Төрт сарбаз мұздай суда тұншығып өлді.

2016 жыл. Отар. 22 жастағы Саян Сатыбаев асылып тұрған күйінде табылды. Туыстары оның денесінен соққы іздерін тапты. Ресми нұсқа: суицид. Даниил Сайфуллин – ант қабылдағаннан кейін екі апта өткен соң өлімші етіп соққыға жығылған.

2018 жыл. Алматы облысы. Үшарал қаласында, «Жоңғар» шекара бекеті аумағында, мерзімді қызметтегі сарбаз асылып тұрған күйінде табылды. Қызметке дейін 22 жастағы Абай Хамзин Екібастұзда тұрып, жергілікті теледидарда журналист болып жұмыс істеген. Ол үйіне бес айдан кейін оралуы керек еді.

Сол жылдың тамызында 1997 жылы туған сарбаз Степногорск қаласындағы түзеу мекемесін күзету кезінде өз-өзіне қол жұмсады. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бастығы, подполковник Дос Қанаттың айтуынша, сарбазды мұндай қадамға не итермелегені белгісіз, қоштасу хаты табылмаған. Сол жылдың қазан айында осындай оқиға Ақтауда да болды: келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған.

Қараша айында ШҚО-да 19 жастағы сарбаз шекара бекетіне қайтып келе жатып өзін-өзі атып өлтірді. «Бекітілген автоматтан кеудесінің оң жағына оқ атқан. Зайсан қаласының орталық аудандық ауруханасына шұғыл жеткізілген. Сағат 14:00-де жолда жедел жәрдем дәрігерлері оның қайтыс болғанын растады, диагноз: кеуденің оң жағындағы оқ жарақаты», – деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметі.

2019 жыл. Тараз. 20 жастағы әскери қызметші Батырхан Болат белбеуге асылып өлді. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың суицидінің себебі әлімжеттік болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығарды. Олардың айтуынша, Батырхан бөлімдегі ең үздік сарбаздардың бірі болған, барлық шараға қатысқан. Бар болғаны екі айдан кейін, желтоқсанда, Батырхан Болат қызметін аяқтап, үйіне оралуы керек еді.

2020 жыл. Қапшағай. 19 жастағы Дмитрий Ганчлевский 26 метрлік мұнараның құзар басынан құлады. Оған дейін сержант оны кранды жаппағаны үшін беттен ұрған. «Анашым, сенің ұлың қызмет етуден шаршады» деген сөйлем кейін оның дәптерінен табылады.

2022 жыл. Жамбыл облысы. 18 жастағы Әлібек Қалбай таңертеңгі сап кезінде қайтыс болды. Алғашқы нұсқа: ботқадан уланды. Кейін сараптама оның денесінде гематомалар барын көрсетті. Оны «әзілдеп» тұншықтырғаны белгілі болды.

2023 жыл. Маңғыстау. Нұрлан Асқарұлы үйіне мүгедек болып оралды. Оған жарылғыш затты жалаң қолмен жинауға бұйрық берілген. Снаряд жарылды. Саусақтары полигонда қалды, ал денесінде – 80 жарықшақ. Ол тірі қалды, бірақ оның жастық ғұмыры сол күні аяқталды.

2024 жыл. Алматы. 22 жастағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар ауыр бас-ми жарақатының салдарынан ұзақ комаға түсті. Ол қызмет еткен Ұлттық ұлан бөлімінде туыстарына оның «дәретханада тайып құлап, басымен кафельге соғылғанын» айтқан. Олар бұл нұсқаға сенбеді және әділ тергеу жүргізуді талап етіп, қоғамдық резонанс туғызды.

Бұл тізбектің шегі жоқ. Ол тек көбейіп келеді. Әр күні жаңа есімдер айтылады. Ал ресми хабарламалардағы сол баяғы ресми сөздер қайталана береді.

ЖАЛҒАНДЫҚ «ЗАУЫТЫ»

Жылдар бойы бұл жүйеде жасырудың мінсіз механизмі қалыптасты. Ол сағат механизміндей қалтқысыз жұмыс істейді, егжей-тегжейіне дейін реттелген.

Бірінші қадам: дереу әмбебап нұсқа ұсыну. «Суицид», «кездейсоқ жағдай», «қауіпсіздік техникасын бұзу». Бұл сөздер қоғамды тыныштандыруға арналған сиқырлы таяққа айналады.

Екінші қадам: отбасымен жұмыс. Алмас Шахимовтың жағдайында осылай болды. Алдымен, дауыл кезінде қаза тапқан қаһарман, қайтыс болғаннан кейін берілген марапат. Бірақ оның анасы Индира Туғанбаева бір шикілік барын сезді. Ол эксгумация жасауды талап етті. «Эксгумация нәтижесінде оның пышақ жарақаттарын алғаны анықталды», – деді әйел. Менің ұлым 19:00-де қаза тапқан, ал дауыл 21:00-де басталған. Отбасына пәтер мен 5 миллион теңге ұсынған. Олар менің өз баспанам жоқ екенін, жалдап тұратынымды білді. Біз марапаттан да бас тарттық. Үшінші қадам: «кінәліні» табу. Бұл рөлге қатардағы орындаушы тағайындалады. Ал қайғылы жағдайға жол берген басшылық, әдетте, көлеңкеде қалады. Дмитрий Ганчлевскийдің оқиғасында солай болған еді, сержант сотталды, ал бөлімдегі әлімжеттікке жол берген офицерлер жаңа шен алды.

Төртінші қадам: тергеуді созу. Іс жылдап созылады. Дәлелдер «жоғалып кетеді», куәлер «кенеттен» жауаптарын өзгертеді. Сарбаздардың отбасы күресуден шаршайды, қоғамның назары басқа мәселеге ауады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалады.

БЕЙҚАМДЫҚ АРИФМЕТИКАСЫ

Қорғаныс министрлігі құрғақ сандармен сөйлегенді ұнатады. 2021 жыл бес мерзімді сарбаз қаза тапты. 2022 жылы – бір сарбаз, 2023 жыл – сегіз сарбаз ажал құшты. Статистикаға салсақ, өлім көрсеткіші 19%-ға төмендеген. Жақсы нәтиже ме?

Әскери прокуратура қызметкерлері бірде байқамай айтып қалған басқа арифметика да бар.  2020 жылдан 2023 жылға дейін армияда 270 әскери қызметші қаза тапқан. 86 өлім –  ресми түрде «өз-өзіне қол жұмсау». 20-сы – суицид әрекеті. Журналистер егжей-тегжейлі статистика сұрағанда, ведомство «Бұл ақпарат әскерге шақыруға кері әсер етеді» деп жауап береді.

Бәрін қойшы, әркімнің есебі өзінде. Бірақ шаңырағының шаттығы – ұлынан айрылған отбасының қайғысын қандай арифметика толтыра алсын...

ҮНСІЗДІКТІҢ ДЕ ДАУЫСЫ БАР

– Кешіріңіз, бірақ оның үйінде жіп болмаған ба? Әлде тамырын кесуге пышақ жоқ па еді? Неліктен олар дәл әскери бөлімдерде өз-өзіне қол жұмсайды? Алматыдағы «Сарбаз аналар комитетінің» жетекшісі Зинаида Чивилеваның бұл сұрағы талай жылдан бері жауапсыз қалуда.

Қаза тапқан Досымжан Сәлімжанның анасы әлеуметтік желілерде: – Мен президент Тоқаевқа, премьер-министр Бектеновке, әскери прокуратураға шара қолдануды, армиядағы заңсыздыққа назар аударуды сұрадым, - дейді. 

Журналист әрі әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы: – Бейнебақылау камералары психологиялық қысымды жазбайды. Сарбаз бір аяғымен секіріп, камераға күліп тұруы мүмкін, ал кешке қоштасу хатын жазып отыруы ғажап емес, - дейді.

Бұл дауыстар естіледі. Оларды естуге болады. Бірақ Қорғаныс министрлігінің кабинеттерінің қабырғалары, сірә, дыбыс өткізбейтін секілді.

ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШ

Жоғары қабаттардағы кабинеттерде «қабылданған шаралар» мен «статистиканың төмендеуі» туралы есептер жазылып жатқанда, әскери бөлімдерде жас жігіттер әлі де қаза табуда. 2025 жылдың қазан айында Маңғыстауда болған сарбаз өлімі алғашқы өлім емес, өкініштісі, соңғысы да болмауы мүмкін.

Жүйе бұзылған жоқ. Ол бұрын қалай жұмыс істесе, қазір де солай жұмыс істеп тұр. Ол өмірді сақтап қалу үшін емес, оларды құрту үшін жұмыс істеп тұр. Отанын қорғайтын сарбазды шыңдау үшін емес, қыршын өмірін қию үшін жұмыс істеп тұр. 

Олар қасиетті жерімізді қорғауға шабытпен кетіп, табытпен оралады.

Ең қорқыныштысы, бәрі бұған бой үйреткендей. Бұл қалыпты жағдай сияқты. Бейбіт уақытта сарбаздың өлімі жай ғана «қалыпты оқиғаға» айналған.

Бірақ аналардың бойы бұған үйренісе алмайды. Себебі олар күтеді. Телефондағы үнсіздікті тыңдайды. Ескі хабарламаларды қайта оқиды. Және бір күні ақиқаты айтылады деп үміттенеді. Жүйе бұзылады. Олардың ұлдары бекер өлмегені дәлелденеді деп сенеді. Әзірге үнсіздіктің үні күшейіп барады. Ал сол үнсіздіктен: «Анашым, қиналып кеттім…» деген дауыс қана естіледі.

Серіктес жаңалықтары