×
539.56
627.35
6.84
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.56
627.35
6.84

Салық реформасы: шағын бизнесті тұншықтырғаннан билікке мүйіз шыға ма?

Бүгін, 10:49
Салық реформасы: шағын бизнесті тұншықтырғаннан билікке мүйіз шыға ма?

Кәсіпкерлер Қазақстандағы салық реформасы шағын және орта бизнеске үлкен қауіп төндіретінін айтуда.Олардың айтуынша, көптеген кәсіп иелері бизнесінжапқалы отыр, себебі жеткізушілер бағаны 30 пайызға көтерсе, ал жалдау ақысы екі есеге өскен. Шенеуніктер «қолайлы жағдай жасалды» деп мәлімдегенімен, өздері де шамамен 300 мың компанияның нарықтан кететінін мойындайды. Ulysmedia.kz тілшісі тараптардың айтар уәжін таразылап көрді.

«Бізді құрбан етіп отыр»

Материал кейіпкері, есімін жарияламауды сұраған кәсіпкер әйел дүкенін жабуға мәжбүр. Ол «Біз шыдай алмадық» деп қысқасынан қайырды. Оның пікірінше, шағын және орта бизнес биліктің құрбандығына айналған, яғни ең оңай құрбан етуге болатын сала. Әйелдің айтуынша, мемлекет өз дегенін жасамай қоймайды.

– Олигополиялардың мүддесі, банк және құрылыс секторларындағы шектен тыс қаржы құю үрдісі басым түсті, «көпіршік экономикасы» жалғасты. Халық туралы ешкім ойлаған жоқ, – дейді ол. Оның пікірінше, билік,алдымен, өз шығынын оңтайландыруы керек еді.

Кәсіпкер әйел билік пен бизнес арасындағы шынайы диалогтың жоқтығын ерекше атап өтеді.

– Бізде толыққанды бизнес-омбудсмен жоқ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүлде басқа деңгейдегі бизнес өкілдерінің мүддесін қорғайды, – дейді ол. Айтуынша, Ұлттық палатадағы жиындар көзбояу, өйткені бәрі әлдеқашан жоғары жақта шешіліп қойған.

Сәтсіз реформа

Кәсіпкердің айтуынша, ҚҚС енгізу ресми басталмай жатып-ақ көптеген жеткізушілер бағаны 30 пайызға көтеріп жіберген.

– 30 пайыз дегенің тым көп. Мысалы, емдеймін деп тұмаутиген адамның аяғын кесіп тастаса не болады? Бюджетті тек салықты көтеру арқылы толтырамын деу – мүлдем абсурд, – дейді ол.

Кәсіпкердің пайымынша, бұл реформа бюджетке уақытша көмек берсе де, алдағы уақытта кедей мен бай арасындағы алшақтықты, әлеуметтік қайшылықтар мен шиеленісті тек тереңдете түседі. 

– Біз шексіз тексерістерден, баға саясатының тұрақсыздығынан, күрделі есеп жүргізуден қажыдық. Болып жатқанның бәрі бізді шаршатты, – дейді ол.

300 мың компания

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдері журналистерді сабырға шақырып, «жабылатындар табысын әдейі бөлшектегендер ғана» деп мәлімдеді. Олардың есебі бойынша, арнайы салық режимінде жұмыс істейтіндердің тек 2 пайызы ғана ҚҚС төлемейді.

– Алдын ала есеп бойынша, шамамен 300 мың компания жабылады, өйткені қазіргідей жағдайда жұмыс істеудің еш мәні жоқ. Біз қолайлы жағдай жасадық, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.

Билік көлеңкелі экономикамен күресті желеу етіп, заңды бизнеске де соққы беріп отыр. Мұны Экономикалық қызмет түрлерінің тыйым салынған тізімі де дәлелдейді.

Көшу қаупі

Реформа, ең алдымен, жоғары технологиялық бизнеске соққы болды. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (классификация) 62011 (бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу) тыйым салынған тізімге еніп, жалпы салық режиміне көшу салық жүктемесін күрт арттырды. IT-кәсіпкер Әнуар Ағабековтың есебінше, тиімді салық жүктемесі бұрынғы 3 пайыздан 10-26 пайызға дейін өседі (ЖТС, әлеуметтік салық және ҚҚС).

– Қазақстанның басты артықшылығы қарапайым әрі төмен салық жүйесі еді. Қазір бұл жүйе елді Украинамен (5%), Шығыс Еуропамен (5-10%) және тіпті БАӘ-мен (0%) салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз етеді, – дейді Ағабеков.

Ол прогрессивті шкаланы енгізіп, ҚҚС-ты тек табыс шегінен асқан бөлікке ғана салуды ұсынады.

– Бұл шешім жүйені әділ етіп, әкімшілендіруді жеңілдетіп, қазақстандық IT-мамандардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді, – деген еді кәсіпкер. Алайда, көріп отырғанымыздай, оның ұсынысы ескерілмеді.

Дауға айналған дауыс беру

Тыйым салынған қызмет түрлері тізімі бойынша қоғамдық талқылау 16 қазанда аяқталады, бірақ ол да фарсқа айналды. Құжат НҚА порталында орналастырылған, алайда дауыс беру нағыз «квестке» ұқсайды.

– Цифрландыру дәуірінде және Жасанды интеллект министрлігі бар кезде мен порталға тіркеліп, дауыс беруге он рет әрекет жасап әрең өттім, – деп жазады кәсіпкер әйел әлеуметтік желіде.

Жанар Қожаниязова пікір қалдырып, тараптарға бірдей тиімді болатын ұсыныс білдірген:

«Егер арнайы салық режиміндегі мәмілелерді шегерімге жатқызуға болмайтын норманы қабылдасаңыздар, ең болмаса салық режимін өзіміз таңдауға мүмкіндік беріңіздер», – деп жазды ол.

– Таңдауға еркіндік беріңіздер, шағын және микробизнесті тұншықтырмаңыздар, – деп қосты ол.

«Зиянкестік пе?»

Тыйым салынған тізімге жүздеген қызмет түрі енгізілген. Солардың бірі – Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші 13920 (тоқыма бұйымдарын өндіру).

– Құрметті әзірлеушілер! Неліктен Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші 13920 тізімге енгізілді? Мұны басқаша түсіндіру мүмкін емес, бұл зиянкестік! – деп жазады Ирина Васильева порталдағы пікірінде.

Оның айтуынша, бұл код бойынша негізінен шағын ательелер мен перде салондары жұмыс істейді, олардың өндірістік қуаты жоқ әрі табысы мардымсыз.

– Мұндай ательелердің негізгі клиенттері – қарапайым халық. Арнайы салық режимін алып тастау және ҚҚС енгізу көптеген кәсіпкерлерді бизнесті жабуға мәжбүр етеді, өйткені бухгалтер жалдауға қаржысы жетпейді, – дейді Васильева.

Оның сөзінше, аман қалған кәсіпкерлер қызмет құнын арттыруға мәжбүр болады, бұл халықтың қалтасына соғып, шетелдік өндірушілерге тиімді болмақ.

– Бұл шешім кімнің мүддесіне жұмыс істейді? Қытай мен Қырғызстанның, өйткені ол жақта дұрыс салық саясаты мен мемлекеттік субсидияның арқасында мұндай тауарлар мен қызметтердің бағасы әлдеқайда төмен, - дейді кәсіпкер.

Контекст

Елді елеңдетіп отырған жайт – арнайы салық режимі бойынша жұмыс істеу шарттарын қатаңдату жоспары. Өзгерістердің мәні айқын әрі қатаң: 2026 жылдан бастап жалпыға бірдей салық режиміндегі серіктестіктер арнайы салық режиміндегі компаниялармен мәмілелерді шегерімге жатқыза алмайды.

Бұл – шағын жеткізушілермен ынтымақтастыққа жасалып отырған тыйым. Көптеген ірі компаниялар серіктестеріне жұмысты тоқтату немесе ҚҚС-пен жалпы режимге көшу туралы хабарламалар жіберіп үлгерген.

Өз кезегінде билік бизнеске «адал жұмыс істеуге қолайлы жағдай» жасауды уәде етіп, ҚҚС төлемеудің шегін 2,35 млрд теңгеге дейін көтерді. Осылайша, олардың логикасы бойынша, «табысты бөлшектеудің» жолы кесіледі.

Бұған дейін кәсіпкерлер билікке жанайқайын жеткізіп, өздерінің ұсыныстарын ескерсе деген талап-тілектерін айтқан. Алайда мыңқ еткен үкімет болмады, тек жауап ретінде тыйым салынған тізім мен техникалық ақаулары бар дауыс беру порталын алға тартты.

Бюджет, бәлкім, салық қысымының есебінен уақытша толар. Бірақ шағын бизнестің күйреуі, мыңдаған жұмыс орнын жоғалту және сарапшылар болжаған әлеуметтік шиеленіс үшін кім жауап береді?

Серіктес жаңалықтары