×
538.11
623.51
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.11
623.51
6.61

Қыздар олар үшін екінші сорт: ата-аналар Астанадағы элиталық мектеп жұмысына наразы

Бүгін, 11:11
Қыздар олар үшін екінші сорт: ата-аналар Астанадағы элиталық мектеп жұмысына наразы
Ulysmedia.kz коллажы

Оқу жылының басында «Нұр-Орда» жеке меншік элиталық мектебі жанжалға ілікті: ата-аналардың бірі бұл оқу орнында баласына буллинг пен әлімжеттік көрсетілгенін айтып, шағымданды. Ай сайынғы оқу ақысы қарапайым мектеп мұғалімінің табысынан да көп бұл мектеп қазір сотта әділдік іздеп жүр. Бірақ бұл — «элиталық» білімнен кейін балалар психологқа жүгінуге мәжбүр болған жалғыз жағдай емес. «Нұр-Ордада» не болып жатыр және мұнда Қайрат Сатыбалдының қандай қатысы бар? Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді. 

Буллинг пе, әлде түсініспеушілік пе?

Қысқаша еске салсақ: оқушылардың бірінің анасы — Альбина Атен әлеуметтік желіде жазба жариялап, элиталық мектепте ұлын өзге балалар қорлағанын, ал ересектер бұған ешқандай шара қолданбағанын мәлімдеген.

– Мектеп басшылығына, Бала құқықтары жөніндегі комитетке, кәмелетке толмағандар полициясына және басқа да органдарға бірнеше рет жүгіндім. Бірақ нәтиже болмады. Өзімді дәрменсіз сезіндім. Ұлымнан кешірім сұратудың орнына, керісінше, оны екі апта бойы мазақ еткен баладан кешірім сұратты, – дейді ашынған әйел.

Келесі күні мектеп бұл айыптауларды ресми түрде жоққа шығарды.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, олар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шыққан, бірақ ата-ананың айтқандарын растайтын дәлел таппаған.

– Бұл жағдайда сынып жетекшісі мен мектеп мамандары оқушылар арасындағы түсініспеушілікке уақытында араласып, ішкі тәртіп ережелеріне сай шаралар қабылдады және екі жақты татуластыру жұмыстарын ұйымдастырды, – делінген хабарламада.

Гимназия өкілдері құқық қорғау органдары «екі тараптың ата-аналарының өтініштері негізінде» баға беретінін айтып, өз беделін жоғары ұстайтынын және оған мұқият қарайтынын мәлімдеді.

Қыздар ешкімге керек емес

Ulysmedia жүргізген зерттеу нәтижесінде «Нұр-Ордада» кадр мен оқушылардың ауысуы өте жиі болатыны анықталды. Кейбір балалар оқу жылының алғашқы айларынан кейін-ақ басқа мектепке ауысады, кейбірі сәл ұзақ шыдайды.

– Қызым бұл мектепте бір жыл оқыды. Бірақ осы уақыттың бәрінде мен қыздарға екінші сортты адам сияқты қарайтынын байқадым. Оларды ешқашан мақтамады, ерекшелеуге тырыспады. Олар ешкімге керек емес сияқты әсер қалдырды, – дейді бұрынғы оқушының анасы.

Оның айтуынша, қызына ашық түрде қысым көрсетілмеген, бірақ психологиялық қысым мен жан дүниелік зорлық үнемі сезілген. Мұның бәрі, еске сала кетейік, қомақты қаржыға жүргізілетін оқу процесінде болған.

Бедел бар, ашықтық жоқ

Мектептің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, мұнда оқу ақысы жылына 4 230 000 теңгеден басталады, ал үш реттік тамақтану үшін 740 мың теңге төлеу қажет.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы деректерге сәйкес, Қазақстандағы мұғалімдердің орташа айлық жалақысы шамамен 374 мың теңгені құрайды. Демек, «Нұр-Орда» мектебінің бір ғана оқушысы ай сайын бір мұғалімді асырауға жетер қаражат төлейді. Сондықтан мектеп әкімшілігінің балалардың сабаққа келуін және ата-аналардың дер кезінде төлем жасауын қалауы түсінікті.

Алайда қазіргі заманда бедел тек әлеуметтік желілердегі пікірлермен ғана емес, ашық әрі есепті жұмыс істеумен де қалыптасады. Ал бұл жағынан мектепте проблема бар. Қазақстан азаматтарынан және елде тұратын шетелдіктерден үлкен қаражат қабылдайтын жеке меншік оқу орны ретінде «Нұр-Орда» қаржылық есептілік жүргізуге тиіс еді. Бірақ мектеп сайтында да, қаржылық есеп депозитарийінде де ондай ақпарат жоқ. Оқу жоспарлары мен стратегияларына көз жүгірту үшін де ата-ана болу керек, бұл құжаттарға тек тіркелген пайдаланушылар ғана қол жеткізе алады.

«Әкімшілік» бөлімі де ашық емес: оқу орнының директоры — Халил Ибрахим Акбулут. Сайтта оның еңбек өтілі, білімі жайлы мәлімет те, тіпті суреті де жоқ.

Яғни ата-аналар жыл сайын шамамен 5 млн теңге төлеп, баласын кімге сеніп тапсырып отырғаны жұмбақ іспетті.

Салықшыларға “рақмет”

Элиталық астаналық мектептің жағдайынан аздап хабардар жалғыз мемлекеттік орган — салық қызметі. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне қарағанда, соңғы бес жылда «Нұр-Орда» мектебі 645 млн теңгеден астам салық төлеген.

Қайрат Сатыбалдының мектебі ме?

«Нұр-Орда» 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Кей деректерге сүйенсек, мұнда кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлдары — Тауман мен Байкен оқыған. Сол уақытта әлеуметтік желілер мен астана кеңселерінің дәліздерінде бұл мектептің түпкі иесі — Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды деген әңгімелер тарай бастаған. Ресми түрде ешкім бұл ақпаратты растаған жоқ, бірақ сыныптардағы шенеуніктердің балаларының көптігі бұл қауесеттерге сенуге итермелеген.

Үнемшіл әрі құпия құрылтайшылар

Ашық деректерге қарағанда, мектепке қарасты қордың директорлары жиі ауысады. Қазір ұйымды Мұрат Сағатұлы басқарады. Құрылтайшылар қатарында — Мақсат Мұсабеков пен Әсет Дюсенбаев бар.

Бір жыл бұрын «Білім Орда – Астана» атты жаңа қор құрылған. Оны бұрынғы «Білім Орда» қорының директоры Ерік Біржікей басқарады, ал құрылтайшылар қатарында үш адам бар, олардың екеуі бұрынғы «Білім Орда» қорының құрамында болған.

Қаржылық есептілігі жоқ қорды бөлу не үшін қажет болғаны белгісіз. Бірақ, шамасы, салықты азайту үшін жасалған секілді. Өйткені «Білім Орда» қоры жұмыс істеп келе жатқан жылдары мемлекетке 800 млн теңгеден астам салық төлеген. Мұндай сомамен бөліскісі келмегені анық.

Сонымен қатар, БАҚ-та бұл қор Қазақстан мен өзге елдерден келетін қайырымдылық қаржысына да өмір сүретіні айтылған. Яғни жеке білім беру жүйесіне ақша тасқындап болмаса да, тұрақты ағып келеді. Ал мемлекет бұдан не ұтып отырғаны түсініксіз.

Серіктес жаңалықтары